Бақытсыз Жамал М.Дулатов

Бақытсыз Жамал
М.Дулатов

Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық анықтама қойылып, жарияланған прозалық көлемді туынды – “Бақытсыз Жамал”. Кітап басында ескертпе ретінде берілген:

Қазақтан шыққан талапкер,
Бұл кітапты қарап көр.
Таратуға халыққа оқып,
Боларсыздар себепкер,

— деген жолдардың жалғасы 14 шумақтан тұратын “Сөз басында” таратылып айтылады. Салған жерден автор қазақ халқының құрылымы, тұрмыс-салты, мінез ерекшеліктері, кемшілік, олқылықтары туралы толғана келіп, роман жазудағы өз мақсатын баяндайды.

Міржақып – төмендердің аласасы,
Сезімнің бар ма, жоқ па тамашасы.
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы,

— деген авторлық әзіл халық арасына кең тарап кеткен.
Шығармаға арқау болған уақиғалар ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуге мүмкін, әркімге таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жәйттер.
Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген.
Абайдың қарасөздері, Ыбырайдың шағын новеллалары “Дала уалаяты”, “Айқап” беттерінде жарияланған бірен-саран әңгіме үлгілері қазақ топырағында кең көлемді проза дәстүрлерін жасай алмағанын ескерсек, Міржақып – жаңа жанрдың төлбасы.
“Бақытсыз Жамал” романы туралы алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынов:
“Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның “Бақытсыз Жамал” деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты”, — деді.
Негізгі сюжет желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Шығарма оның туғанынан өлгеніне дейінгі аралықтағы негізгі белестерін қамтиды. Әкесі Сәрсенбайдың мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы. Шешесі Шолпан әкесінің бір перзентке зар болып жүріп үйленген екінші әйелі. Қиын- қыстау кезеңде қызы үшін шырылдап отқа түсетін осы байғұс ана.
Заман өзгерістері қазақ ауылына да жаңалық әкелген. Соның бірі қолға молда ұстап, балаларға хат таныту, кітап оқыту. Осындай әрекетке кіріскен адамның бірі – Сәрсенбай. Алақанға салып еркелетіп, тіпті ұл балаша киіндіріп қойған Жамал молдадан бес-ақ ай оқыса да, тез сауаттанып, қара тану үстіне, қисса-жырларды заулатып оқып, ауыл-аймақты аузына қаратады. “Сал-сал”, “Қыз Жібек”, “Зарқұм”, “Қисса уақиға Кербала”, “Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны”, “Ноғай мен қазақтың айтысқаны”, “Ақсұлу”, “Айман-Шолпан”, “Бозжігіт”, “Шәкір-Шәкірат”, Ақмолда, Нұржан, Әбубәкір өлеңдері – бұларды оқу, жаттап алу, жұрт алдында айтып беру арқылы Жамал өзінше бір әдемі, сұлулық, көркемдік мектебінен өтеді. Ата-ана, ауыл- аймақ, дәстүрлі салт-сана әсеріне қоса, кітаби тәрбие жаңа буынның өкілі болып жетіле бастайды. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарынды бойжеткен болып көзге түседі, зеректігімен, ақыл-көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді.
Сөйткен Жамалдың мойнына қыл тұзақтай болып, әкесі Сәрсенбаймен Байжан арасындағы құдалық келісімі оралсын. Бұрынғы жақсы күндер көрген түстей ғайып болды. Қайғылы, азалы, мұңлы шақ. Сорлы анасы Шолпаннан өзге қол ұшын берер ешкім жоқ. Билік арманы ес ақылын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ сияқты. Сөйтіп, жұтып, запыран құсып, дерттеніп:

Мен қайран атам малға сатқанына,
Бір тазды жалпақ елден тапқанына.
Аты өшіп, тумай кеткір Жұман деген
Мал беріп мені өзімсіп жатқанына,

— деп көздің жасын көлдетіп жүргенінде, бір тойда жас, оқыған, сыпайы, сұлу жігіт Ғалимен танысады.
Бұл көріністе жазушы өлең текстерін еркін пайдаланады. Дәстүрлі үлгідегі қыз бен жігіт айтысының формасын қолдана отырып, жастың сырын ақтарады. Әуелі сөз алған Ғали алыстан орағыта отырып, өзінің шетте өскенін айта келіп, көпшілік өтінген соң, ұзақ толғауға ойысады.

Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,
Он алты, он жетіге жеткенде жас.
Жанаттың пісіп тұрған алмасындай,
Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас, —

деп бастап қазақы ұғымдардағы сұлу қыздың портретін жасауға тізілген меруеттей отыз тіс, нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас, кәмшат бөрік, алтын шолпы, шәрбат, ғашықтық, ақ білек, ақ тамақ, тоты құс тәріздес сөз, ұғымдарды еркін қолданады.
Келесі кезекті алған Жамал:

Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,
Құрбыларымен бір жерге қосылғанда.
Отырмассың үнемі төрде бүйтіп,
Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда, —

деп бірден өз жағдайынан хабар беруден бастап, қолға түскен сандуғаштай торға түсетін, малға сатылып, теңіне бара алмай, күң болатын қыз тағдырын тебірене жыр етеді.
Осылай бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысып, араға көп уақыт салмай, алма-кезек хат жазысып:

Бір сенсің ғашық отын сөндіретін,
Кім бізді ықтиярсыз көндіретін.
Өлсек шұқыр бір болсын, шықсақ төбе,
Айырмалық болса да өлтіретін.
Бір алла жалғыз өзі болсын айғақ,
Тұралық уағданы бекем байлап,
Сен үшін бір басымды еттім құрбан,
Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, —

деген Жамал сөздері келіскен тұжырымдай болады.
Сөйтіп, Жүніс, Нұрмаш екі досы көмек етіп, Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудалас, ниеттес досы татар байы Фатихолланың үйін паналайды. Азды күнгі рахат, бақыт, ләззат дәмін татқан екі жастың қызықты ғұмыры ұзаққа созылмайды. Байжанның қоқан- лоққы, тепкі дүмпуі бұлардың жатқан ұясын шайқар болған соң, жылжып Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салды. Әрине, бұл кейіпкер күрес үстінде, әділет үшін, махаббат үшін шайқаста жауларының қолынан мерт болғанда, көркемдік шешім салмақтырақ шығатын еді.
Жамалдың жалғыз қалуы, еріксіз Байжан босағасына барып, Жұманнан зорлық көруі, қайғылы махаббат уын ішуі – оны боранды түнде адасып өлуге заңды түрде алып барған себептер ретінде сенімді суреттеледі:

Тоты құс едім бақшада,
Қарақұсқа жем еттің.
Хан қызындай басымды,
Бір жаманға тең еттің.
Ботасыз нардай боздатып,
Мінеки, мені еңіреттің.
Қаһарыңды жіберіп,
Тең құрбымнан кем еттің.
Мұндай зарлы қылғандай,
Мен бейшара не еттім?
Жыладым зарлап, Ғали жоқ,
Ісіне көндім құдіреттің.

Шығармада әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда да характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, әдебиетіміздегі алғашқы күрделі прозалық үлгіде бірталай көркемдік ізденістер, тұлғалар жасауға ұмтылу талабы барлығын көрсету дұрыс болмақ.
Алдында 100 жылқы, 200-300 қойы бар дөңгелек дәулет иесі Жамалдың әкесі – Сәрсенбай туысында жыртқыш, озбыр емес, негізгі жұмсақ, момын адам, Жамалды бетінен қақпай өсіруі, тіпті еркек балаша киіндіріп тәрбиелеуі, Уфадан келген Ғазиз мұғалімнен жаңа жолмен оқытуы айналасына кеңдігі – оны жақсы жағынан сипаттайды.
Байлықтың буы Сәрсенбайдың басын айналдырып және қыздырманың тіліне еріп, шарға түсіп, билікке таласады, көп шығын рәсуа болады, 300 теңгесі босқа кетеді; бәрібір сайланбай қалады. Осыдан опық жеп, намысы күйген, жұрт көзінде жерленгендей күйге түскен Сәрсенбай қайтсе де, есе қайтармақ, қанша байлық шашса да, бәрібір тағы да шарға түспек. Осы сапарда өзіне тілектес іздейді, осы сапарда қандай құрбандыққа да бармақ. Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақсоқпен шаруасы жоқ қоңыртөбел жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буады және жаңа әрекетке де.
Жазушы Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы – сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар – Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іш есеп қылады. Сондықтан Байжанның өзі таза, өзі ақылсыз Жұман деген баласына Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразы. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені – келіскен.
“Бақытсыз Жамал” стилінде таза реалистік проза тіліне лайық салмақты, орнықтылық бар. Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектеген бойын мүлде аулақ салған. Тіпті кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің табиғи орын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды. Лексикалық тұрғыдан таза қазақ тілінің байлығы еркін қолданылған, Міржақыптың поэзиялық шығармаларда жиі кездесетін араб, парсы, татар сөздері “Бақытсыз Жамалда” өте сирек, жоққа тән, оның есесіне (съезд, минут, фальш, план, учитель, расход, выборной тәрізді) кейбір орыс сөздерін өз қалпында алып жібереді. Жамал мен Ғали арасындағы ғашықтық сырларды көрсету үшін алынған өлең текстері айтыс үлгісінде, хат формасында берілген.
Шығарма сюжеті Сәрсенбайдың балаға зар болуы, Шолпанға үйленуі, одан Жамалдың тууы, Жамалдың молдадан оқып тәрбиеленеуі, әдемі бойжетуі, Сәрсенбайдың билік үшін көмектеседі деген іш есеппен Байжанмен құда болуы, бұған Шолпанның қарсылығы, Ғали мен Шолпанның танысуы, ғашық болуы, өзара тіл табысып, қашып кетуі, Байжанның келінінің кетіп қалуына орай жасаған аярлық әрекеттері, өтірік қағаз жасатуы, Ғалидың аяқ астынан ауырып дүние салуы, Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келуі, Жұманнан көрген қорлық-зорлық, ақыры боранда адасып өлуімен аяқталған оқиғалардың бір-бірімен байланысқан, желісі үзілмейтін тізбегінен құралған.
Сөйтіп, өз мезгілінің күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселесін көтерген, махаббат бостандығын жыр еткен, жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиеті үшін жаңалық болған “Бақытсыз Жамал” прозалық туындысы жиырма бес жастағы Міржақып Дулатов ұлттық рухани тарихында терең із қалдырды, бірінші романшы атанды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *