БАТА (Луиджи П.)

БАТА

— Бұл не қылған адамдар өзі?! Түсінбеймін!
Дон Мартино иығын бір қиқаң еткізіп, қолын жан-жағына созып осынау бір сөзді күніне ең жоқ дегенде жиырма рет қайталайтын. Осыны айтса болды бет-әлпеті де бұзылатын.
— Бұл не қылған адамдар өзі?! Түсінбеймін!
Гәп мынада еді. Көп жағдайда ол адамдар оның жасағанын жасамайтын. Керісінше, мұның өзі дұрыс деп қабылдайтын нәрсені өсек қылып сөгіп жатататын.
Құдай куә, себебін өзі де білмейді. Стравиньяноға келушілер алғашқы күннен бастап бұған оң қабақ танытпады. Адамдар оның ғибадатхана сыртындағы еменді тоғайды отап тастағанын кешіре алмады. Әлбетте, ол да шіркеу басшылығыны пәрменімен болған оқиға. Сондай-ақ олар жаңағы ағаштар саудасынан түскен ақшаға салынған оның төрт бөлмелі үйін, сондай-ақ усадьбасын да ұнатпайтын. Үйдің бір қабырғасы шіркеумен ортақ еді. Ал,шіркеудің келесі бетіндегі бір қабатты үйде қарындасы Марияннамен бірге дон Мартиноның өзі тұратын-ды. Сонда түскен ақшаның бір бөлігі ғибадатхана күтіміне жұмсалмағаны ма? Егер әр жаз сайын оның осынау үйді жылдың ыстық кезеңін Стравиньянода өткізу үшін келген әлдебір отбасына жалға беретіні рас болса оның несі айып?
Стравиньяно тұрғындарына салса, өздерінің приход священигінің Иов әулиенің өзіндей кедей болуы керек екені белгілі. Тұрғындар оны тек қана шіркеу қызметкері есебінде көргісі келетін. Қолына жұмыс құралын ұстап, далада жұмыс істеп жүргенін қаламайтын. Шамасы, олар дін қызметкері шіркеу киімін бүлдіріп алады немесе шіркеу заттарын ұстау үшін жаратылған мүбәрәк саусақтарын сүйел басады деп қорқатын сияқты. Алайда алақанға түскен сүйелден қорқатын түк те жоқ. Бұл жұрт қорықса арсыздықтан қорықсын!
Дон Мартиноның бұл ойы дұрыс та болуы мүмкін. Тек… өзін сырттай бақылап көре алатын құдіреті болса ғой оның! Алда-жалда ондай мүмкіндігі болса, ол өзінің де, қарындасы Марияннаның да қазша мамырлап жүретінін байқар еді. Екеуі де жүрген кездерінде қазша мамырлап жан-жағына теңселіп жүрер еді. Мойын атаулыдан жұрдай ағалы-қарындасты екеуінің бойы бірдей-тұғын, әрі толық адамдар еді. Дон Мартиноның өз даусының қалай естілетінін де көңіл бөлмегені рас сияқты. Ақиқатында оның ұдайы қарлығыңқы, құмығыңқы даусы мысықтың мияулағанына ұқсайтын. Қалай десек те шіркеуге келушілердің оған деген жек көрініші өзі мүлдем көңіл бөлмейтін дене бітіміне, даусына, сондай-ақ сөйлеу мәнеріне байланысты еді.
Мәселен, түн ортасында Ночерадан дәрігер әкелу үшін әлдекім дон Мартинодан есегі мен арбасын сұрады делік. Ондайда Мартино бірден былай дер еді:
— Менің есегіммен онда жете алмайсың. Қымбаттым, басыңды қатерге тігіп қайтесің, мойныңды үзіп аларсың. Есегім сені жолай ең кемі екі-үш рет жерге аунатады. Қатерге бас тікпе…
Осыны айтып тұрып ол ара-тұра тұздығы басым тұрпайылау сөздерді де қосып қоятын-ды. Жаңағы уәжінің айбарын асыру үшін әрі сол сөздерді орынды да орынсыз да тықпалай беретін. Есегіне келсек, оның өзі де нағыз бір құдай атқан тентек еді. Дон Мартиноның оны сұраған адамға бергеннің өзінде де сақтық жайын ескертуі парызы болатын. Құдай куә, талай рет дон Мартиноға жолай кездескен жолаушыларды арабасына отырғызбағаны да рас. Арбаға жегіп немесе ерттеп жатқанда тістеп алмауы немесе теппеуі үшін түрлі айла-шарғы қолданып, оны есекке жараспайтын небір әдемі есімдермен атап, аузына небір дәмді тағамдар тықпалауға да тура келген. Өйткені, оның атышулы есегінен шынында да небір оқиғаларды күтуге болатын
— Оған таң қалуға болмайды, — дейтін Стравьинянодағылар.
Қысқасы, бұл атақты есек дон Мартиноның өзінен басқа адамды мойындамайтын-ды. Оның қарындасы Марианна бағып— күтетін тауықтар мен үш шошқа, жалаңаяқ қызметші Роза бағатын екі сиыр жүрістері мамырлаған қаздан аумайтын екі қожайынын көргенде де өздеріне жақын һәм туыс тіршілік иелерін көргендей бей-жәй күйге түсетіні рас-ты. Соған қарағанда олардың қорасындағы жануарлардың басқа адамдарды мойында— мағандарына таң қалуға болмайтын да сияқты. Барлық тұрғындар приход священигі мен оның қарындасының осынау жануарларды жәй тіршілік иесі деп санайтынын жақсы білетін. Ал үш бірдей аппақ семіз шошқаның Марианнаға сүйіспеншілікпен қарауында, ақиқатында, ешқандай теріс ниет жоқ-тұғын. Шаруаға мығым Марианна әр таң сайын тауықтарының өзінен жасырып әр қалтарысқа тапқан жұмыртқаларын ыждаһаттылықпен жинап жүрер еді. Басқа үйдің тауықтармен ауысып кетпеу үшін Марианна олардың аяғына арнайы шүберек те байлап қойған.
— Донна Марианна, торайларыңыздың да құйрығына көгілдір бантик неге байлап қоймайсыз?
Өздеріңіз ойлап көріңіз, байқұс приход священигінің ешкімге залалы жоқ бақытсыз қарындасына осындай сөздер арнауы әділдікке жата қояр ма екен өзі? Ех! Сөйтіп дон Мартино иығын бір қиқаң еткізіп, қолын жан-жағына жайып бұл жолы да:
— Бұл не қылған адамдар өзі?! Түсінбеймін! — дер еді.
Ол өзіне дағды болып кеткен осынау сөзді Ночерадағы базарға аттанған сол күні бірнеше мәрте қайталауға мәжбүр болды.
Дон Мартино базарға барды деген аты болмаса, ештеңе сатпайтын да, сатып та алмайтын. Базарға барғандағы бар мақсаты— әңгіме тыңдау еді. Биыл шіркеуге тиесілі жерлерді өңдейтін шаруалармен келісім шарт аяқталатын. Дон Мартино келесі жылы басқа адамдар жалдайтынын ескертіп те қойған. Соның уақыты жақындап қалған кез-тұғын. Барлық округтен жиналатын жәрмеңкеге қатысушылардын не сататынын, не сатып алатынын, нендей әңгіме айтатынын білу де түк қиын емес еді.
Ең айтулы мерекелердің өзінде шіркеуге бас сұқпайтындардың өзі мұндайда дон Мартиноның шіркеудегі жұмысын тастап, кешке дейін базар кезіп жүргенін пыш-пыш өсекке айналдыратын. Мейлі айта берсін! Стравьиняноға оралмақ

болып ол арбасына отыра бергенде қатты жел көтерілген. Жел басылар тұста соңынан ерткен сегіз жасар баласы, жетегінде арық ешкісі бар Нунцията кездесіп, священиктен құдайды алға тарта отырып, көмектесуін сұраған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жас қыз дон Мартинидің үйінде қызметші болды. Священиктің көз алдында бой жетіп, Стравьинянодағы ең сұлу қызға айналды. Дон Мартиноның оны өз қызметкерінің ұлына қоспақ ниеті бар-тұғын. Алайда Нунцията әлгі жігітке пысқырып та қарамай, ештеме ескертпестен Сорифа приходына қарасты көрші қыстақтың бір шаруасына тиген де кеткен. Одан бері де тоғыз жыл өтіпті. Сол екі ортада төрт қызметкерін алмастырған Мартиноның бесіншісіне де көңілі толмай жүрген-ді. Басқа приходта өмір сүретін Нунцията екібастан есінен шыққан-ды. Әуелде Стравьинянодағылар келіншектің Сорифада жақсы өмір сүріп жатқанын, күйеуінің еңбекқор екенін айтып жүрді. Іле-шала өзі кесіп жатқан ағаштың астында қалған күйеуінің бүйрегі ауыратыны, Нунциятаның қазіргі жағдайы қиын екені туралы өсек шықты. Шамасы, жігіттің сырқаты ішінде болса керек, соңынан сыртқа шығып, байқұстың аяғы ісіп кеткен. Соған орай дәрігер оған жұмыс істемеуге, тіпті төсектен тұрмауға кеңес берген-мыс. Науқасқа жақсы күтім керек еді. Тек қана сүт өнімдерін ішуге тиіс болатын. Әлбетте бұл екі қолға қарап отырған отбасы үшін оңайға түсетін кеңес емес!
Мерекелік көйлек кисе де, жалаңаяқ, кедейлігі сыртына шығып тұрған Нунциятаны дон Мартино әзер таныды. Оның үстіне айналасындағы абыр-дабырмен осы қазір ғана көтерілген өкпек желден, жауын алдында малдарын қорасына енгізуге асыққан шаруалардың айғайынан елірген есегі де орнында тұра алмай тыпыршып кеткен-ді. Нунцията болса, дон Мартиноға дәл осы кезде келіп, әбден шаршаған ұлын Стравьиняноға ала кетуді өтінді. Байғұс баланың сырқаты әкесінен де ауыр болатын. Нунцията Сорифаға қайтар жолда балаға соғып ала кететінін де ескерткен. Тыпыршып тұрған есегін әзер тежеген священиктің көзі алайып гүр еткені:
— Есің дұрыс па өзі, қызым менің?!
Священиктің ашу-ызасы сол төңіректе осы қазір ғана есінеп жәй тұрған әлдекімдердің бақытсыз әйел дон Мартиноға өтінішін айтып болғанша тоқтата тұру үшін тыпыршыған есегінің жүгенін ұстап кідірткені онан әрі қоздыра түсті. Дон Мартино әдеттегісіндей бұл жолы да есегінің тентек мінезін сылтаурата бастауы мұң екен, әлгі есінегіштер мұның байқұс адамдарға көмектесуге тиіс дін адамы екенін алға тартып шулағаны. Мұндайда есек те сөз болып па?! Сауырынан оңдыртпай қамшымен екі тартса-кез келген есек тәубесіне түспек! Сосын тізгінді тартса жетіп жатыр! Байқұс әйел… байқұс балақан… Қараңдаршы, бейшараның жүзі лимондай сап-сары. Ал ешкісі… Құдай сақтасын, арықтығы соншалықты, қабырғаларын санауға болатындай. Бұл байқұстар Сорифаға қайтіп жетті екен. Байқұс әйел жаяу жеткенімен қоса ешкісін де жетектей келген бе? Сатпақ болған-ау сонда? Қаншаға сонда? Тоғыз скудоға ма? Ал қазір мына ешкісі бір скудоға да өтпейді…
Дон Мартиноның:
— Бұл не қылған адамдар өзі?! Түсінбеймін!-дегенінің мәртебесі дәл осындай тұста асатындай.
Өз шіркеулеріне түк қатысы жоқ бұл әйелдің алдында оның қандай жауапкершлігі болуы керек? Христианға тән мейірбандық па? Бұл дегенің нағыз бетімен кеткендік қой! Жоқ, болмайды, қайталап айтамын, болмайды! Бұл-салауатты санаға қарама— қайшы қылық! Қайдағы мейірбандық? Қайдағы аяушылық? Бала ауру болса шешесі оның жәйін ертерек ойлауы керек еді. Науқас баланы ит арқасы қиянға сүйреп несі бар?! Шамасы, аямайтын болған ғой. Болмайды, синьорлар!Ал сендер онсызда қиындығы бастан асатын мүлдем бөтен адамнан мейірбандық жасауды талап етесіңдер! Ия, әлбетте, мұның өзінің де түрлі себептен туындаған қиындықтары жетіп-артылады. Аяғынан әзер тұрған баланы жеткізуді оңай деп кім айтыпты сендерге?! Оның үстіне есегінің түрі-мынау… Иә, иә! Есектің жайын мұның тіке айтуы керек. Жалпы алғанда бұның есегі ырыққа көне беретін есек емес. Оның үстіне мынандай желде тауға қарсы өрлеуге тура келеді. Жоқ, жоқ! Жолдан былай тұр! Жолдан былай тұрыңдар!
Қамшысын оңды-солды сермеген дон Мартино айғай-шулы жаңағы топты зордың күшімен жарып шықты.
Жон арқасынан соққан желдің қаттылығы соншалықты — дон Мартиноны есегімен һәм арбасымен қоса аспанға көтеріп кеткендей еді. Оның үстіне бұрқыраған шаң мен құрғақ жапырақтар да жүргізер емес.
Іңір қараңғысы түсе приход шіркеуіне жетіп арбасынан түсе берген священик қолының салдырап ауырғанын сезінді. Дәл қазір де екпінінен таймай, шіркеуге жақын маңдағы жол жиегінде өскен ағаштардың жапырағын жұлқылай еліріп тұрған жынды жел ұшырып әкетпес үшін, жолшыбай плющтен тігілген қымбат телпегін бір қолымен ұстап отыруға мәжбүр болған-ды. Марианнаның есектің мойнына тағылған қоңыраудың сыңғырын естімей қалуы да осы жынды желдің кесірі еді. Сондықтан әдеттегісіндей ағасын есік алдынан күтіп алмаған.
Дон Мартиноның қақпаны қамшысымен тарсылдатып айғайлап шақыруына тура келді. Оның мына әрекетіне қарағанда не қамшы, не қақпа құруға тиіс еді.
Ақыры қолына шам ұстаған Марианна далаға шықты. Сақтан,ана қаздай мамырлаған бикеш! Жынды жел оның етегін басына дейін көтерген. Шам болса жарқырап жанып тұр. Мұндайда өрт шығуы да мүмкін ғой…
-Үйге кір! Үйге кір!
Қаны басына тепкен дон Мартино асығып-үсігіп есігін доғара бастады. Сол жерде қарындасына да үйреншікті сөзін бағыштаған:
— Бұл не қылған адамдар өзі?! Түсінбеймін!
Есегін шіркеу алдындағы дөңдегі қораға қамап, арбасын қалқаның астына енгізген дон Мартино үйге енбес бұрын қарындасына бүкіл бөшкелер мен ыдыстарды көшеге қоюға пәрмен берді. Өйткені түнде сөзсіз жауын жаумақ. Міне, қазір жел де тиылды. Ночерде жүргенде алыстан күркіреген найзағай дауысын да естіген.
— Нөсер әзірге алыста. Бірақ жақындап келеді. Түнде осы аймақта құюға тиіс.
Сәл кейінірек Роза пісірген сұйықтау тағамның үстінде ол қарындасына Ночерде болған оқиғаны, ана Нунциятаның бейбастығын, өзіне күш көрсету әрекеті жасалғанын айтып берді. Алайда кешкі астан соң тәп-тәуір жүзім шарабын рақаттана жұта отырып, оның көңілі жайланған. Сонау бір көңілсіз кездесуді де есінен шығарды. Тамаққа тойған дон Мартино жәрмеңкеде көрген-білгенін темекісін асықпай шеге отырып, өзінің жылы да жайлы асханасына рахаттанан көз сала отырып айтып шықты. Мейірбандығы өз алдына, Марианна ол кезде қызметші әйел тәңертең малды жайылымға шығарудан бас тартпас үшін Розаның аяғын емдеп жатты. Ара-тұра оның да аяғының ауыратынын сылтауратып тиісті міндетін атқарудан бас тартатын кездері болушы еді.
Сырттағы жел сәт сайын күшейе түсті.
Бұл не өзі, жел ме? Жоқ, біреу қақпаны тарсылдатып тұрған сияқты.
— Кештетіп жүрген кім өзі?-деген дон Мартино қарындасы мен қызметшіге қарап.
Роза білу үшін далаға шықты. Ағасы мен қарындасы тың тыңдаған. Біршама уақыт өтті. Әлдебір адамдардың дауысы естілген. Алайда олардың кім екенін священниктің өзі де, қарындасы да білмеді.
Аяқ астынан желдің екпінімен әлдекімнің жалынышты дауысы естілген.
Қаны басына тепкен дон Мартино жуан жұдырығымен үстелді сарт еткізді:
— Бұл тағы да сол әйел! — деп айғай салған ол— Бұл сорлы әйелге менен не керек өзі? Ол үшін мен не жасай аламын?
Ізінше сол сәтте кіріп келген Розадан:
— Сонда оған керегі не өзі, есек пе, түнеп шығу ма? — деп сұраған.
Роза жоқ дегенді аңғартып басын шайқады.
— Ол сізді батасын бермес пе екен деп сұрайды.
Дон Мартиноның әбден есі шыққан.
— Бата ма? Кімге? Өзіне ме? Саған бата керек деді ме? Қайдағы бата? Бар да айт, жөнін тапсын! Масқара қылып әйтпесе мында баласы мен ешкісін жетектеп келер. Осындай кезде де бата сұрай ма екен?
Желден шашы үрпиген Нуцията жалаңаяқ кіріп келді. Өзіне бала күнен таныс жып-жылы бөлмеге енген келіншек бетін қос қолымен жауып жылап жіберді. Марианна одан күйеуінің ауру екені рас па деп сұраған. Нуция да басын изеді.
— Сонда өлуі мүмкін бе?
— Әзірге ондай жағдайға жеткен жоқ,-деп жауап берді шаруа әйел.-Бірақ…
Сөйтіп ол басын шайқаған. Аяқ астынан оның жасаураған көздері от шашып шыға келді.
— Осының бәрінің неден болғанын білемін, — деп айғай салған ол — Маған дәл осы үйде көз тиген. Менің бақытты да тыныш өмір сүргенім белгілі еді. Күйеуімді былай қойғанда, ұлыма да, тіпті көздің қарашығындай сақтап жүрген жалғыз ешкіме де дуа жасалды. Өйткені ол менің ауру күйеуіме сүт беретін. Аһ! Оңбағандар-ай!
Осы таяуда ғана өздері тоғыз скудоға сатып алған ешкінің біреулердің қызғанышын тудырғанын да айтқан. Бірде ешкі бағып жүрген баласын әлдекімдер қорқытыпты. Сол күні баласы да, ешкісі де үйлеріне әлденеден үрейленеіп оралған-мыс. Содан бері оңалмай келе жатқан көрінеді. Баласына қараған адам оның нендей жағдайға ұшырағанын бірден түсінбек. Ал ешкісінің жағдайы одан да жаман. Жәрмеңкеге салғанда оны тіпті екі скудоға да алмапты. Сондықтан дон Мартиноның дәл осы кеште олардың екеуіне де батасын беруі керек!Құдай үшін! Рақым етіңіз!
— Қазір Сорифада өз пасторларың бар ғой!-деп қысқа қайырды Мартино.
— Жоқ,жоқ менің пасторым сізсіз! — деп жалынған Нуцията. — Маған оларға сіздің бата бергеніңіз керек. Білем, білем, өйткені оларға дуа осы төңіректен жасалған…
Дон Мартино барын салып ондай нәрсеге сенудің өзі дұрыс емесіне сендіріп баққан. Ал мәселе ана өзі тимей кеткен жігітке тірелсе, ол кезде Нуцията жас қыз болатын. Демек, ондай адамды ойынан шығарып тастағаны абзал.
Алайда онан да қайран болмады. Нуцията кімді айтатынын кесіп айтпаған. Бар-жоғы батасын беруін жалбарынып сұрай берді.
— Кешкі уақытта қайтіп бата берем,— деп қырсыққан дон Мартино.
Жел екпінімен ешкінің маңыраған аянышты дауысы естілді.
— Естіп тұрсыз ба,-деген Нуцията, — құдай үшін, өтінем сізден..
— Олай болса екеуіне бірдей бата бере алмаймын.-деген Мартино.-Көп уақыт алады. Уақыт та кеш болды. Ұйқтағалы жатқам. Түсініп тұрсың ба, таңдауын өзің айт! Батаны не балаға не ешкіге беремін. Қайсысы керек өзіңе?
— Бала! — деген Нуцията ойланбастан. — Ол шіркеуге кірер тұстағы орындықта кірпігін әзер қағып жатыр. Қайран дон Мартино, жарылқаушым менің, оларды осында әкелу үшін қаншалықты бейнет көргенімді білсеңіз ғой! Біраз жер көтеріп әкелуге тура келген. Қолым да әбден талды.
Дон Мартино онан сайын ашуланды:
— Айтып ем ғой мен! Айтып ем ғой мен! Ауру баланы Ночераға неге апардың?
— Дон Мартино, ешкім балам бармаса онсыз жүрмейтін еді. Екеуінің бір сырқаттан зардап шегетінін жануар да біледі. Ұдайы баланы іздейді, одан айырлығысы да жоқ.
— Жетті! Сонымен бала ғой!?-деп сұраған дон Мартино.
Нуцията бұл жолы бастапқы райынан қайтқандай болып:
— Енді екеуіне бірдей… батаңызды бермесеңіз… — деді.
— Жоқ. Не балаға, не ешкіге беремін! Айттым ғой!
— Енді, олай болса… Ешкіге бергеніңіз дұрыс болар, жаманды— жақсылы менің Джиджиіме сүт беріп отыр ғой…
Сыртта, түн қараңғылығында қатты жел соғып тұр. Нуцията бірден суықтан бүк түсіп жатқан балаға қараған.
— Джеральдино, — деген ол.
Бала жауап қатпады. Қатты жел қалтыратқан Нуциятаның зәресі ұшып кетті. Тас түнек түнгі жел де күшейе түскен. Аспанда жөңкілген бұлттар да айды бірге домалатып ала кеткендей еді. Ағаш екеш ағаштар да жерден тамырымен қоса жұлынардай теңселеді. Нуцията ағашқа байланған ешкісін шешіп алып, шіркеудің кіре берісінде күтіп тұр. Өйткені дон Мартиноның асықпай шарабын ішіп, асықпай саспай сутанасын киетінін, діни кітабы мен кадилосын іздейтінін біледі.
Ешкіні шіркеуге кіргізуге болмайтын. Оны босағада тұрған жерінде дұғалауға тура келді. Дон Мартино есіктің бір қапталын ашып, жел сөндіріп тастамас үшін шырақты ішкі жаққа қойған. Шаруа әйел ешкісін мойнынан құшақтап, тізерлеп тұрды.
— Міне, осылайша амалдауға тура келеді енді, — деп күңкілдеген священик.
— Өтінем сізден, дон Мартино. Құдай үшін бәрінен бұрын ешкіге дұрыстап бата бергеніңіз дұрыс…
— О қасиетті құдай! Жаманда бата болады ма екен? Мен бәрін де кітапта жазылғандай етіп жасаймын.
Сөйтті де ол көзәйнегін киіп, ғибадатын оқи бастады. Ешкі болса аянышты маңырап, басын қайта-қайта бала жатқан жаққа созады. Дон Мартино аяқ астынан тоқтап:
— Естідің бе Нуцията? Латыншадан аударғанда бұл сөз “көздің сұғынан сақта!” дегенді білдіреді.
Есік көзінде тізерлеп отырған шаруа әйел священиктің аузынан шыққан өзі түсінбейтін сөздерді тынымсыз қайталайды. Оның соңғы айтқан сөзін де түсіндім деген райда басын изеп, мақұлдаған.
— Иә, иә, көздің сұғынан сақтасын, көздің сұғынан сақтасын! — деп қайталайды дон Мартино.
Дұғасын аяқтаған ол желдің шырақты өшіретінін сылтауратып, шіркеу есігін жабуға асықты.Нунцията әлі де болса тізерлеп тұрған. Алайда, шіркеуді өз үйімен жалғайтын дәлізге шыға бергені сол еді, дон Мартиноның құлағына жануардың аянышты дауысы естілді. Священикке қарсы зәресі ұшқан қарындасы мен қызметші жүгіріп келе жатты.
— Не боп қалды? — деген дон Мартино абыржып. — Ант етейін, енді өзімді мезгілсіз уақытта мазалауға жол бермеймін.
Алайда оның бұл уәдесінен айнуына итура келген. Өйткені сол сәтте орындықта өліп жатқан баласын көріп шар еткен Нуцията дауысынан Стравьиняно жұртшылығы да жиналып қалған-ды. Сөйтіп бұл жолғы дон Мартиноның өлген баланы Сорифоға апарып тастауға тиісті шаруаға есегін беруге тура келген. Қатты соққан желдің әсерімен аяғынан әзер тұрған ол жиналып қалған шаруаларға:
— Ғажап! Ол менің батамды баласына емес ешкісіне бергенді қалады! — деген.
Алайда, наразы жұрт оның қасынан жылыстай бастаған-ды. Дон Мартиноның баяғы ғадетімен иығын бір қиқаң еткізіп, қолын жан жағына жайып:
— Бұл не қылған адамдар өзі?! Түсінбеймін!-дегеннен басқа лажы да қалмаған…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *