Ақсу – жер жаннаты
Қ.Ысқақов
60-80-інші жылдардағы қазақ әдебиетінің талантты өкілдерінің бірі – Қалихан Ысқақов. Жазушының қаламынан туған “Ақсу – жер жаннаты” (“Қара орманның” жаңа нұсқасы) романы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі туындылар болып табылады.
“Ақсу – жер жаннатының” жазушы өмірден таңдап алған құбылысы – тақырыптан, алдына қойған мақсаты, айтпақ ойы – идеядан туындаған сюжеттік-композициялық құрылымы аса мықты характерлерді ашуға қызмет етіп тұр.
Жазушы Қ.Ысқақовтың “Ақсу – жер жаннаты” романындағы Бекет дүниені, өмірді, адамды танып-білсем екен деп талпынған азамат. Алуан түрлі кейіпкерлер, олардың тіршілігі, қым-қуыт тағдырлары және романның проблема етіп көтеріп тұрған мәселесінің маңыздылығы – бәрі-бәрі шығармаға кең тыныстылық қана беріп тұрған жоқ, сонымен қатар әлі де жалғасын табар, әлі де жазылар сұлбасын танытқандай. Оқырманның жазушы шеберлігіне тәнті болып, одан әлі де болса туынды күтері сөзсіз. Бұл жайды сыншы Т.Тоқбергенов өте ұтымды жеткізген. “Романның соңғы нұсқасы жазылып бітті, көптен ойда жүрген үлкен тірлік талай толқыманы өткеріп, әу баста діттеген жеріне жетті дер болса, онда роман осымен тәмам. Алайда, шығарма, біздіңше, тағы жалғасатын тәрізді. Неге екенін қайдам, Сиғаттың орнын басқан Бекет тағдыры енді ашылатындай. Соған байланысты кейіпкерлер әулиетінің сексенінші жылдардағы ұрпағы өз-өзінен жаңа романға сұранып тұрған сыңайы бар. Бекетпен басталып, Бекетпен аяқталған романның ендігі жалғасы да сол Бекет болатын нобайы көрініп тұрғандай” деп жазады сыншы Т.Тоқбергенов.
Бекет өзін-өзі танып бітті ме? Өзгелерді ше? Әлі ешкім де толықтай танып, біліп, түбіне жетпеген әлемді, дүниені, ондағы адамдарды, сол адамдардың өмір сүрудегі мақсатын, мүддесін таным зердесінен өткізе алды ма?
60-80-інші жылдары дүниеге келген қазақ романдары осынау проблемаларға тереңірек үңілді, соның нәтижесінде шығармаларында философиялық сипат пайда болды, ал бұның өзі сол кезеңдегі ерекше бір әдеби ағымды аңғартады дегенді жоғарыда айтып өткенбіз. Сондықтан да “Ақсу – жер жаннаты” романы, мәселеге осы тұрғыдан келсек, әлі де айтары бар, мейлі Бекет болар, мейлі Бекеттің қазіргі кезеңдегі ізбасары болар, әйтеуір жалғасы бар шығарма болып көрінеді де тұрады. Мына бір пікірді келтіре кеткеніміз орынды.
Адам өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс тұра алмайды. Мәселе адамның сол қоғамның заңдылығын үнсіз мақұлдап, ессіз орындауында немесе қоғамдағы қарама-қайшылықтарды терең түсініп, оның өміріне үнсіз бас шұлғудың орнына, өз пікірін, өз ойын іркілмей айтып, қайыспай қарсы тұруында болса керек. Тереңірек үңілсек, Қ.Ысқақов романының мазмұны – сұлу Алтайдың әсем табиғатын қалайда болашақ ұрпаққа бүлдірмей, мұра-мирас етіп қалдырамыз деген ниеттен туындап, пішініне адамның түрлі драмалық жағдайлары, тебіреніс, толғанысын бейнелейтін психологиялық, философиялық сипаттар арқау болған.
Романда бірінші бөлімнің бірінші тарауындағы мына сурет жазушының өзіндік жазу машығын ғана әйгілеп тұрған жоқ, сонымен бірге Бекеттің болсын, басқа да қаһармандардың болсын, күрделі өмір жолын көрсетеді, сол арқылы жер басып жүрген барша адамзаттың ғұмырын, тағдыр-талайындағы күнгейі мен көлеңкесі, күндізі мен түні, ақ-қарасы, қуанышы мен реніші толы сапарын да байқатады.
“Мұз астында тып-тыныш қыстап шыққан Күлмес өзені әр жерінен үзік-үзік тесіле бастаған екен, жар жағасындағы жалғыз көшенің біркелкі ағаш үйлері бір түннің ішінде шатыры мыжырайып, ескіріп қалыпты. Қыштан соққан екі қабат қос орда қоймен бірге жайылған бозқасқа есектей одырайып көрінген, олардың ауданның ақсүйек мекемелері екенін Бекет штукатурлы кәрі келіншектей сәңқой сырт пошымынан-ақ танып отыр. Ел-жұрттан екі-үш шақырым қашып шығып, ұлтарақтай жазықтың дәл ортасына жалпая кеп қонған аэропорттың қортық тамы да жым-жырт жусап тұр. Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр. Өзек талдырып, өмір өксіткен уәйімшіл бір тыныштық бар қуатыңды құмарлығымен қоса қақтай сауып тауысқан нәумез шақ. Сен жұртқа, жұрт саған жексұрын көрінетін сияқты”.
Шығармада Бекет араласқан, Бекет қарым-қатынас жасаған барша кейіпкерлердің әрқайсысы бас қаһарман үшін өмірді танытқыш мектеп десе болғандай. Романдағы барлық сюжеттік желі осынау адамдардың мінездерінен, бір қарағанда оғаш, ожар сөздері мен іс- әрекет, пиғыл-пейілдерінен бастау алған. Жанжігіт қарт, Асхат, Сиғат, Жақып, Мешел, Бескемпір т.б. романдағы тұлғалар жеке, дара, дербес сюжеттік желілерге арқау болғандай әсер қалдырады.
Роман сюжетіндегі барлық образдар бет пердесін сыпырып тастап, шынайы пиғылымен көрініп тұрғандай. Боқтау сөз айтсын, ожар қылық көрсетсін, бір қарағанда, оспадар жандардай әсер қалдыратын осынау қаһармандар сюжеттік-композициялық құрылымға ширақтық, өткірлік берген. Көптеген қаһармандардың өткен ғұмырын, әсіресе, жастық шағын елжірей еске алуы, сол бір балауса, кіршіксіз таза кезіндегі сырлы сезіміне бүгінгі уақыттың биігінен көз салуы композицияға айрықша үйлесімділік дарытқан.
Балалық балғын шақ, бәрінен бұрын, адамның табиғат – анамен байланысының ең бір берік кезеңі, ол кезең шындық пен қиял арасына қойылатын шекараның бәлендей байқалмайтын сәтімен ерекшеленеді. Сондықтан да сюжеттік желідегі әр қаһарманның сонау алыста қалған сол бір қимас кезеңіне үн қатуы, сонымен жүздесуі, қиял дүниесіне енуі лирикалық шегіністермен ұтымды берілген. Ал мұның өзі романның пішініне лирикалық сарын енгізген.
Ожар, оспадар, дөрекі көрінетін қаһармандар роман сюжетінде біртін-біртін бар болмысымен көрініп, характерлері ашыла түседі. Сюжетке қатысты нәрсе – тартыс десек, сол тартыс адам-табиғат- қоғам деген ұғымдардың төңірегінен табылады екен. Сондықтан да көп кейіпкердің өмірдегі өз орнын табуға талпынуын оқиға желілерінен қапысыз аңғарасыз.
“Ақсу – жер жаннатындағы” қаһармандарды да бірін Алтай табиғатының жанашырлары деп, бірін табиғатты таптап, ақшаның, табыстың көзіне айналдырғысы келгендер деп қарау керек. Осы жайттан бастау алған тартыс сюжеттік желіге арқау болған.
Қ.Ысқақов романындағы “Бекеттің құлағында: “тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды” деген жалғыз сөз ғана. Қадап айтқан жалғыз сөз миына мірдің оғындай қадалып, жар басындағы көгендеулі көп шамнан жаны түршікті де, Жанжігіттен көзін жасырар кең дүниеден алданыш таппады. Қасына жақындай баруға қаймыққан. Он тоғызыншы ғасырдың мұрасынан қалған тірі экспонаттың жалғыз нұсқасының жүзіне қарауға тіксініп еді”, — деген жолдар бүкіл сюжеттік желіге арқау болып тұр. Өзгені білсем екен, өзімді-өзім танысам екен деген жігіт алдымен өзі дүниеге келген жылы ұясын, жақындарын танып білді ме? Осы жайттар үлкен мақсат жолында жүрген бас қаһарманның тартыс сахнасына, күрес жолына шығуына себепкер болып, роман сюжеті барынша өткірлене түскен.
Романның соңындағы “…Төркіндеп келген кәрі кемпірдей ырғалып-жырғалып ақсирақ қоян жылы Алтай өңірінен әлі де қайтқан жоқ еді…” деген сөйлем шығарманың соңғы түйіні, эпилогы сияқты әсер қалдырғанымен, өмірдің ешуақытта тоқтауды білмейтінін, уақыттың кідіруді көтермейтінін, адам бар жерде тіршілік бар, тіршілік бар жерде адамдардың көші бар, күрес бар, тартыс бар деген өмірдің ұлы заңын, ұлы философиясын алға тартқандай болып көрінеді.