Ақан сері
С.Жүнісов
“Ақан сері” романында Ақан Абай сияқты өмірге көзқарасы жаңа қалыптаса бастаған кезден емес, аз да болса, өмірдегі теңсіздік мәселесін аңғарып қалған күйде жүздеседі оқырманға. Әрине, екінші кітаптағыдай басына түскен ауыртпалықтан қысым көрген Ақан есейіп, өмірге көзқарасы байып, үлкен күреске әлі шыға қойған жоқ. Патша мұрагері – Цариевичке қазақ халқы атынан үлкен шағым айтатын дәрежеге ол әлі жеткен жоқ. Ақан — әдемілікке, әсемдікке ғашық, өмірдегі сұлулыққа, өнердегі пәк тазалыққа ғашық. Халқы оны сері атандырған.
Жалпы алғанда, шығармашылық адамдарында өзгеше бір ерекшелік бар: олар да өзге пенде сияқты кәдімгідей өмір сүреді, ал қиялдарында олар бейне екінші, басқа бір әлемнің адамдары сияқты күн кешеді. Ақын — өнер адамы. Ол өзін күнделікті күйкі тұрмыс- тіршіліктен аулақ, кербез, сырдаң ұстайды, өмірден сұлулық іздейді, әдемі өрнек, сымбаттылық көрсе, өмірдегі жоғалтқан жоғын тапқандай, балаша қуанады.
“Ақан сері” романында да демократтық көзқарастағы, жаны сұлулыққа ғашық, ізгі жүректі орыс әйелі Анна Ивановна – уезд начальнигі Измайловтың әйелі. Орыс жұртынан ең алғашқы боп, Ақандай ардагер ақынның өнеріне табынып, жалпы, қазақ өнеріне (әншілік өнеріне) тәнті болған да осы Анна Ивановна. Осынау орыс әйелінің мына бір сөзінен Ақанның жан дүниесіне үңіліп, оның қандай адам екенін болжауға болады. Анна Ивановнаның Ақанмен Сағынай асы кезіндегі серуен тұсында әңгімелесуі бас қаһарманның образын айқын ашып тұр.
“Өз басым композитор, ақын атаулы мұңсыз болады деп ойлаймын. Жаны нәзік жанның сезімі өрмекшінің өрмегіндей болмашы желдің өзін тез аңғарғыш қой. Мен де сіздің жаныңызды тереңірек түсінсем бе деймін” (“Ақан сері”, 313-б.).
Тарихтан білеміз, халық сөзін сөйлеген, халыққа бір табан жақын тұратын Ақан, Жаяу Мұса, Мәди сияқты өнер адамдары зұлмат заманда өктем күш иелерінен озбырлық көрді. Олай болуы заңды да еді. “Имеген иттерге бас сері, дархан” деп ақын жырлағандай, олар болыс-би, атқамінер байлардың шашбауын көтеріп өлең айтқан жоқ. Керісінше, сол озбырлардың халыққа істеп отырған қылығын аяусыз беттеріне басты.
Ақанда сұлу сөз, сырлы да әсем ән көп. “От тілді, орақ ауызды” ақын зұлмат заманның шүйделі мықтыларына өткір сөзі, удай ащы тілімен тойтарыс беріп, бүкіл жұртты аузына қаратады. Ал Мәдиде сөзден гөрі іс басым, әрекет басым. Туған өлкесінің халқы аштыққа ұшырап, қырылу қаупі туғанда Мәди еш ойланбастан халқын аштықтан құтқару қамына кірісіп кетеді. Жас кезінде сүйгенінен айырып, жас жүрегіне жазылмас қаяу салған Түнекбай, Төкеш шонжарлардың жылқысын шауып алып, Шомбал сияқты алпауыттан кек алады. Сонау жас кезінде жүрегіне түскен әділетсіздік жарасы Мәдиді үлкен күрестерге аттандырады.
“Ақан серінің” бірінші кітабында айтылғандай, Сырымбет саласындағы, Қаратал қойнауындағы, Ереймен баурайындағы сері басына түскен үш соққы жеңіл теперіш емес. Жаны нәзік, табиғатынан сезімтал, кірпияз, сұлу жанды Ақанға тағдыр Сырымбет саласында аяулы да адал махаббаты Ақтоқтыдан айырылу сыйын әзірледі. Әлібектің Қарабедеуімен Ақтоқтысын алып қашқан Ақан қолға түскен. Кеше ғана атын сырттай естіп, жүзін бір көруге іңкәр болған жастар енді Жалмұқанның атшабарлары болып, аяулы серіні қолға түсіріп, үнсіз қоршап тұр. Осы тұста Ақтоқты характері бар болмыс-бітімімен дараланып, оқырман алдында анық айқындала түседі. Ол қапылыста қаза табар Ақанның тағдырын ойлап, мына қара нөпірдің, қара күштің алдында амалсыз жуасып, бас иді. Жалмұқан соңына ергендер – “ертең өкіне білсе де, бүгінін ойлай білмейтін шел көздер тарпа бас салып, өз әнін, өз сәнін, қасқырша таламаққа даяр. Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысын лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. Бөлтірікше баулынған жау жүректер қазір қыл арқанды жазықсыз жандардың мойнына бұғалық етіп тастап, қарауыл қотанында әулекіленіп, дырылдата сүйретуі де ықтимал” (“Ақан сері”, 136-б.).
Ақтоқты:
“- Ақан аға, кездігіңді маған беріңізші, — деді…
— Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен.
Мен үшін жүдеп, ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп. Ақан сері біреу қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге болу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойын ұсынар көп жасық қыздардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Тоқты емеспін, көгендегі басы байлы қара тоқтымын” (“Ақан сері”, 136-б.). Ақтоқты бұл жерде әйел теңсіздігі сияқты шынжыр-бұғаудан құтыла алмай, басқа түскеніне көніп, шерменде болғанның көз жасын көлдете мойындап та тұр. Ескі заманда қазақ қыздары мен әйелдерінің бәрі бірдей ескі салтқа мойын ұсына бермейді. Сондай-ақ ескі салт- дәстүрге еш қарсылықсыз мойын ұсынып кете бергендердің қатарына “Абай жолындағы” Тоғжан, Ділдә т.б. жатқызсақ, эпопеядағы Керімбала, Салтанат, Нұрғанымдар аз да болса бостандық, махаббат еркіндігі үшін қарсылық жасайды. Ал Үмітай мен Салихалар батыл күреске түседі. Әуезов романда әйелдердің әрекетсіздіктен қарсылық, наразылық білдіруге дейін барып және жай наразылықтан әрекет, қимылға көшкенін, сөйтіп, бостандық, еркіндік үшін күрестің эволюциялық дамуын көрсеткен, әйелдердің ертеңгі күні бостандық алатынына оқушының сенімін тудырған. Ақтоқты да Тоғжан мен Ділді сияқты ескі заңға мойын ұсынған, бағынған көп қазақ қызының бірі. Дәл осы тұста бір айтар жайт, осынау Жалмұқан тобының алдында Ақан неге үнсіз? Басынан сөз асырмайтын адуынды Ақан көп шәуілдектің ортасында неге үнсіз қалды? Ақан сынды ақынның болмыс-бітімін даралайтын тартыс осы жерде өзінен-өзі туып тұрған жоқ па? Автор өз кейіпкерін бұл жерде лайықты көрсете алмаған. Өнер адамының басынан өткен кез келген кездейсоқ биографиялық ұсақ-түйектерді жиып-теріп көрсетудің керегі аз.
Жүнісов те өз кейіпкерін әр оқиға сайын өсіріп, әр қырынан көрсете білуге ұмтылып, оның патша мұрагері атаман Николай Алексеевич алдында бүкіл қазақ халқы атынан халық мұңын, ел тілегін айтуы – жазушының ғана тамаша шеберлігі емес, роман қаһарманы Ақан тартысының ең шырқау биігі, ең шырқау шыңы. Ылғи шен-шекпен киген ел жуандары мен патша ұлықтары қоршаған мұрагер. Өріп жүрген әкімдер… Осындай тұста патша ұлына қарсы сөз сөйлеу үшін қандай жүрек, қандай батылдық керек десеңізші! Тек жүректілік қана емес, елім деп, халқым деп соғар ұлы жүрек керек қой ақын кеудесіне.
Ақан осынау қатерлі іске неліктен барды? Автор өз қаһарманын үнемі даму үстінде көрсетіп, ақыры, осынау үлкен күреске қосып тұр, және нақты дәлелдеме, психологиялық мотивировка арқылы. Халқының көзіндегі жасты, көкірегіндегі мұңды сезімтал ақын жан жүрегімен көре білді. Хадиша, Ақтоқтылар трагедиясы, серінің өз басына түскен Сырымбет саласы, Қаратал қойнауы мен Ереймен тауларындағы үш ауыр тағдыр соққысы, жылқысы барымталанған керей жуандарының момын елден жалғыз қарасын сыпырып алғандағы халық көзіндегі шерлі жас, Нұртаза, Науан, Нұрмағамбет, ояздардың қалың бұқараға жасап отырған әділетсіздігі, үстемдік қанауы – осының бәрі-бәрі Ақанды үлкен күреске шығарды. Осынау оқиғалар әділетсіздік атаулыға қарсы күреске Ақан бейнесін тұлғаландырып қана тұрған жоқ, сонымен қатар сол замандағы дәуір тынысын, заман лебін бар болмыс-бітімімен көрсетіп тұр десек – артық айтпағанымыз. Беу, дүние-ай десеңізші! Кешегі серілік құрып, халқына ардақты боп, елінің айызын сұлу әнімен қандыратын тамаша күндер қайда? Серісін ортаға алып, жүздері бал-бұл жанған думанды серіктері қайда? Қиыла, ұяла қараған бойжеткендер, әннің жетегінде түн ұйқысын қиып таң атқанын білмей қалатын қалың бұқара, еңбекші халқы қайда? Оралмасқа кеткені ме, шынымен? Ақан осылай мұңайып, осылай толғанды ғой, әрине, дау жоқ. Нұртазаның зымияндығына алданған көзсіз ер жігіттердің ісін қумақ болып Ақмолаға барғанында Жайынбек үйіндегі советник Тұрлыбек Күшенұлына ақын ашынған жүрекпен соқтыққанда дүниедегі әділеттік атаулының жоқтығына қынжылып, бар болмысымен қиналып, ашына сөйлейді ғой. Сол үйдегі отырған қауым алдына күрес құралы – ақындық өнерімен Күлнәзиядай қаріп жанның трагедиясын, үстері алым-жұлым, он екі мүшесінде сау-тамтық жоқ, дала бөрісіне де, ауыл төбеттеріне де таланған мүсәпірлер жайын айта келіп, олардың Тұрлыбекті іздеп жүргенін, ертеңгі ұрпақтың алдында осы Тұрлыбек, Жайынбектердің жауапты екенін қалай ғана тамылжытып айтып берді десеңізші!
Романда Құлагер қазасына байланысты Саққұлақ бидің айтқанымен Мәмбетәлі пікірінің өте ұқсас шығуы – “Құлагер” жырын бүгінгі ұрпаққа жеткізер жаңа буын қалыптасқанын дәлелдейтін ұтымды штрихтар. Сондай-ақ соңғы уақыттарда саяси тұтқындардың аузынан шығатын сөз бен Ақан сөзінің ұқсас шығуы да – автордың әр оқиға сайын өз кейіпкерін өсіріп, жаңа қырынан көрсетудің ұтымды тәсілі.
“- Е, оны өлтіргеннен тағы бір Ковзолов, тағы бір зұлым бас көтермей ме?.. Біреуінің басын құртқанмен жылан ордасы бұзылмайды ғой!..” (“Ақан сері”, 242-б.).
Патша мұрагерінің алдында сөйлеген сөзі – Ақан күресінің ең шырқау шыңы десек, елді сорып, өлшеусіз қиянат жасап отырған Нұртазаға қарсы күресі – қалың елді соңынан ертіп, Нұртазадан кек алмақ болып ұмтылуы – романның үлкен жетістігі. Ақанның Цесаревич алдындағы күресіндей болмаса да, ірі күрескерлік рухын танытып тұр. Абай да оязға өшігіп, қалың бұқараға жұртты соңынан ертіп, ояз үйін сойыл астына алып, Базаралыны босатып алуы бар еді ғой. Серінің қалың жұрт алдында халықты Нұртаза сияқтыларға қарсы бастап, сөз сөйлеуі өте ұтымды шебер шыққан.
Ақандай ел еркесінің күшті топ өкілдеріне отты тілін қару етіп, генерал Лосевскиймен көл жағалап жүргенде патша урядниктерін ителгіге, болыстарды көл үстінен күн көрер тұйғынға, билерді тышқаншылаған күйкентайға, ояз, генералдың өзін былапыт құладынға, ал ақ патшаны екі басты, бүкіл құстың, аң атаулының көз жасынан жиналған нөсермен ойнайтын жыртқыш – Самұрық құсқа теңеуі – бас кейіпкердің тұлғасын күрес үстінде даралап тұр.
Асылы, тарихи адамдар жайлы жазылған туындыларды сөз қылғанда: сол тарихи адам өмірде қандай, әдебиетте қандай боп шыққан, көркем шындық тарихи дәлдіктен ауытқымаған ба? – деген проблемаларға баса назар аудару орынды нәрсе. Және осы романдарды сөз ете отырып, дәстүр мен жаңашылдық проблемасын да естен шығармаған жөн. Прозаик Жүнісов өмірдегі Ақанның жүрген жолын, өмір сүрген ортасын ол туралы материал тапшы болса да, ерінбей ізденіп, қыруар нақты материал тауып, өмірдегі Ақанның әдебиеттегі Ақандай тамаша образын жасап шығарды. Тарихи дәлдіктен ауытқымай, әрбір оқиға, Ақан басындағы жәйтті өз мақсатына – серінің күрескерлік рухын танытуға жұмсаған.