Абайдан соң К.Оразалинов

Абайдан соң
К.Оразалинов

Камен Оразалыұлы 16 маусым 1920 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндыз ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. Каменнің аталары Тайсеміз бен Төрегелді Абай Қоңыр Көкшеге болыс болған кезінде өте сыйлас адамдарынан саналған. Сол себептен Оразалының өзі де жас күнінен Абайды көріп, біле жүріп, беріректе оның ақыл кеңесінен көпті үйренген.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 17 қазан 1943 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған “Абай ауылында” деген очеркінде былай дейді:
“Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бой күйезін айтам десе, онда да Абай тап басып, таңба соғып, айтып кеткен болады. “Жүрек адырдағы” қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Камен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы. Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады…”
Камен алғашқы сауатын Құндызды аылындағы Ақтас бастауыш мектебінде ашып, кейіннен осы күнгі Абай атындағы орта мектепте оқыған. Содан Семейдегі № 11 орта мектепке түсіп, оны 1939 жылы бітіріп шығады. 1938 жылы Семейдің облыстық “Екпінді” газетінде “Күзетте” деген алғашқы өлеңі жарияланады. 1939 жылы орта мектепті бітірісімен Қызыл армия қатарына алынып, кіші командирлер мектебін бітіреді.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап, қиян-кескі ұрыстарға қатысып үш рет ауыр жараланады.
Камен Оразалы Семейдің педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне 1944 жылы түсіп, оны 1947 жылы бітіріп шығады. 1948 жылдан 1987 жылға дейін Абай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, содан зейнеткерлік демалысына шығады. Абай атындағы орта мектеп жанынан жылына үзбей шығып келген “Абай ұрпақтары” қолжазба журналының 40 жыл бойы редакторы болып, ауданның өнерлі жастарын тәрбиелеуге еңбек етті.
Камен Оразалының қаламынан ондаған көркем очерктер, мақалалар, “Жексен”, “Ақ жазық”, “Көктем салқыны”, “Абай ауылына саяхат”, “Абайдан соң” (4 кітап), “Абайдан соңғы арыстар” (3 кітап) атты романдар туған.
Ол “Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі” (1965 ж.), “Абай ауданының құрметті азаматы”, “Қарауыл ауылының құрметті тұрғыны” атты құрметті атақтармен қоса “Октябрь Революциясы” (1978 ж.), “І дәрежелі Отан соғысы” (1941 ж.), “3 дәрежелі Даңқ ордені” (1941 ж.), “Парасат” (2000 ж.) ордендерімен және 13 медаль, Қазақ ССР-ы Жоғары Кеңесінің 4 Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Оның халыққа таралған ең сүбелі туындысы Мұхтар Әуезовтің жастық шағын бейнелеген төрт кітаптан тұратын “Абайдан соң” атты романдары.
Роман Абайдың бұл дүниеден өтуімен басталады. Мұхтар жеті жасар болғанымен ақылды. Зерек бала өз ауылымен қатар жайлаудағы басқа көршілерінің де қарбалас, абың-күбің көріністері жалпақ елді дүрліктіргенін көреді. Бір ауыл көшіп жатса, екіншілері қонып жатыр. Қалың-қалың көштер мен айдалып келіп, жаңа қонысқа тоқтамай шұбыра шапқыласқан жылқыларда есеп жоқ. Шаңырақтары көтеріліп жатқан ауылдардың маңында семіз жылқыларды бұғалықтап тақымға басқан азаматтар да бірлі-жарым емес, қазылып жатқан жер ошақтардан ұшқан түтіндер. Бала-шақбақ өңірін тұншықтыра басып, тақырлау төбелердің басына үйездеген жылқылар құйрықтарымен аңызақ шақырады. Жайлаудың осы көрінісін қақ жарып “ой, бауырым!” салған аянышты жылаулар, адамдардың дауыстары бір сәтке де толастамай қазақ даласын күңірентіп жатты.
Абай қазасы кезінде ұлы жанның ата дұшпаны Аташбайдың (Оразбайдың) өз адамдарын алты жүз боз аттарға мінгізіп және киімдерін де ақшыл түстен жарақтауы жалпақ елге аңыз боп тарайды. Абай дүниеден өткенмен ескі өшпенділік басылып қалмайды. Шыңғыс болысы Шөпішті Омархан мен Нұрмағанбеттің өз үйінен байлап әкетуі бұрын естілмеген сұмдық боп, ел арасын ушықтырады.
Дәл осы бір уақытта Абайдың балалары әкелерінің кітабын Петербордан басқыздырып, қазақ даласына ұлы оқиғаның жарық дүниеге келе жатқанын паш етеді. Қарақшылар бұл кезде де қарап жатпай, кітап басқызуға апара жатқан малдарды базарға сатқыздыртпай жолдан талап әкетуі де баяндалады. Шөпіш өзінің туған інісі Ұлықпанға оязға арыз жазғызу арқылы оны өлімге ұрындырады да Әзімбай мен Абай балаларының арасындағы өшпенділік ұлғая түседі.
Әуез баласы Қасымбек Камелетдин медресесінен өзі де шығып кетіп атасының дегеніне көнбей інісі Мұхтарды да 5 кластық қалалық училищеге түсіреді. Абайдың өлеңдерінің баспа бетін көруі, Абай ауылы жастарының түн қараңғылығын жамылып кеп ояз кеңсесіне шабуыл жасауы Семейдегі қазақ оқыған жастарының алғашқы бас көтеруі болып табылады.
Абайдың тірі кезінде достасқан орыс достары енді ақынның балаларымен бір тілекте болады. Ақынның Петербордан алғашқы кітабының жарық көру де еліміздің тарихындағы ұлы құбылыс екендігі жан-жақты суреттелінеді. Романның бұл кітабында Мүрсейіттің Мұхтарға алғашқы сабақ беруі, әжесі Дінасыл мен анасы Нұржамал, әкесі Омарханның да оқиғаға араласуы заңды шешімін тауып отырады. Осы алғашқы кітаптағы оқиғалар желісін үзбей дамытып, Абай өскен ортаның тарихи шындықтарын ұрпақ алдына кеңінен суреттеп жеткізеді. Бұл кітапта ел арасының бірлігін бұзбау мақсатында Әйгерімнің төркін жұрты Матайлармен қайтадан құда болысып,
Наймантай баласы Әйкежанды Мұхтарға айттырады.
Абай бұл дүниеден өткеннен кейін, ел арасындағы ру жігінің бұрынғы тартысы басылудың орнына ерекше дәуірлеп, топ жинаудың жаңа түріне көшіп, адалдықтан қаныпезерлікті іздеп, өртті өшіруге бой бермейді.
Отарлық саясатын нық ұстаған патшаның ченеуніктері ел ішіндегі бұл тартысты ушықтыра түсуге әрекеттенеді.
Шыңғыс болысы – Шөпіш, Матай руының атақты байы және сотқар болысы Мұсабай, Мәмбетей руының болысы әрі Семейдің атақты байы, Қаражанның құдасы Ике Әділ балаларының ұйымдасқан, қолкүші мығым тобы жаңалыққа ұмтылған Абайдың кейінгі ұрпағына жаулықтың барлық түрін жасайды. Семей ұлықтарымен достасқан олар Жидебайдан келімсектерге қалашық салдырады. Бұл Абайдың балалары мен туыстарына жасаған қастандығы еді.
Жидебайдың орыс переселендері орналаспаған жерлерінің бәріне Шөпіш Бәйтікке өрт қойғызады. Ушыққан осындай қастандықтан келіп, Шөпіш болысты Омархан мен Нұрмағанбет ат артына өңгеріп, Әуез ауылына әкеледі.
Қасымбек сырқат. Оның дертін асқындыру үшін, Ағзамды старшын сайлатып, Абай ауылдарымен жауластыруға әрекеттенеді. Переселен Соколов Абай балалары жаққа шығып ірі тартыстар басталады. Бұрын Ике мен болыстар итжеккенге айдатқан Тәуке батыр айдаудан оралады. Досы Жекебай оны қорғаушы. Абайдың жары Күнжан Абай елінің оқып жүрген Семейдегі жастарына Абай өсиетін насихаттайды. Мұхтар осында “Біржан мен Сара” ойынын ұйымдастырып, театр ұғымын жастарға көрсетеді. Қасымбек пен Мұхтарлар Нұрмағанбет пен Боранбайдың еліне қонаққа барып, сарымсақты өңірде қырғыз Бақтыбай батырмен табысады, оған Мұса Шортанұлы деп қайтадан ат қояды. Бұл өзінің бүкіл өмірінде Абай елінің бір баласы боп кетеді.
Ел арасының өшпенділік тартысы бір сәтке де толастамай, қала мен даланы бірдей шарпыған зұлымдық күннен күнге өрши түседі.
Матай руындағы Наймантайдың қызы (Әйгерімнің сіңлісі) Әйкежанды Мұхтарға айттырған еді.
Мұсабай болыс Наймантай мен оның әйелі Тотиды өзіне қаратып алады да итжеккеннен қашып кеп, тауда тығылып жүрген Серікқұл дейтін қашқынға қызды ұрып жығып, өңгертіп жібереді.
Алуан түрлі қастандықтар өрби түсіп, жас Мұхтардың дүние танымын өсіріп, қиянкескі оқиғалардың куәсі етеді.
Болыс Мұсабайдың қолынан Ағзамды құтқарған Соколов, Нұрмағанбет, Мұхтар, Боранбайлардың әрекетін “поштаны тонаушылар” деп солдат шығартады. Абайдың шығармаларын Петербордан басқызып шығаруға базарға сатбақ жылқыларды Күшікбайда қаланың ұры-қарыларына тонаттырып, ел арасының жаулықтарын Уақтың қаладағы беделді болысы Ертемен ұштастырады. Қала чиновниктерін де жан-жақтан әкеліп, осы шайқастарға қатыстырады. Абайдың іні-балалары Кәрім мен Кәкітай, Мекайлдер оқиғалардың негізгі діңгегі боп отырады.
Бұл романдағы ірі оқиғаның бірі Қаражанның ағасы Аймағанбеттің Жүзтайлаққа құда түсуі. Көксеңгір мен Зайсанда жасалған байлардың тойындағы іс-әрекеттер, Мұхтарды сүйсіндірген өнерлі жастар да оқиғаларды қызғылықты ете түседі.
Мұхтар үш жыл бойы жазғы демалыстың кезінде де елге қайтпай қала кітапханаларында білім іздеумен болады. Елге оралғаннан кейін, күніне бір мезет жайлау өңірін аралап серуендеуді әдетіне айналдырады.
Бүгін ұзаңқырап кетіп қайта оралған еді, ағасы Қасымбектің іздеп жатқанын естіп, ағаш ішінен оның өзіне жасап берген саяжайына келді. Семинарияны бітірген Қасымбек енді Ресей қаласының бірінен жоғарғы білім алуға ұмтылады. Бірақ оның денсаулығы күн санап төмендеп, ол еркіне жібермейтін сияқты. Сондықтан да ол үміт етіп жүрген інісі Мұхтардың ілгерілеп білім алуын қадағалайды. Бұлардың әңгімесінде орыс халқы мен Еуропа жазушыларының ұлы классиктерінің еңбектері туралы әңгіме қозғалады.
Абайға жаулық жасалған Көшбике де Мұхтарға үлкен әсер етеді. Тәуке мен Жекебайдың оқиғаға араласуы романды ширықтыра түседі. Мұхтарға айттырылған қалыңдық Әйкежанды қашқын Серікқұлға өңгертіп жіберген Мұсабайдың қастандығы әшкереленеді.
Көксеңгірде Жүзтайлаққа Қаражанның той жасауы жалпақ елді дүбірлетеді. Тойда Тәуке, Ағашаяқтар ерекше көзге түседі. Мұсаның ерлік көріністері де осы тойда бой көрсетеді.
Оқыған жастарды жинап алып, Сәлкен төренің Тәшеннің қызы Жамалға Мұхтарды үйлендіргісі келуі де осында сөз болады. Тойдың соңы Қоянды жәрмеңкесін қазақ байларының бірлесіп, орыс капиталистерінен тартып алуы әңгіме етіледі. Осы кезде Абайдың өлең кітабын шығару мәселесі де қолға алынады.
Мұнымен бірге “Еңлік-Кебек” пьесасын Мұхтардың өзі жазып, Ойқұдықта қоюы да суреттеледі. Пьеса Абайдың өз үйінде қойылады. Бүкіл сахара елін ұйқысынан оятқандай болған “Еңлік-Кебек” оқиғасының атақ-абыройы елге тез тарайды. Абай ауылынан басталған бұл жаңалық бірден бірге тез тарап, үлгі-өнегесін шаша бастайды.
Романда Мұхтардың 1916 жылы Шаған елінде мектеп ашуы да кеңінен суреттелген.
Мұхтардың Мағауия қызы Кәмешпен көңілдестік, достығы да осында суреттеледі. Мұсабай өзінің кегін қайыру мақсатында Мұхтар мен Кәмешті айырып, Кәмешке құда түседі. Абай ауылының құда болуға наразылығы болғанмен қарсы тұра алмайды. Осыдан келіп, Әуез ақсақал Мұхтарды Торғай руының Кәкен деген адамының Райхан деген қызына үйлендіреді. Зорлықпен үйленген Мұхтар мен Райханның арасында келіспеушілік ұлғая бастайды. Кәкеннің ойы Мұхтар болыс боп, ел билесе, оқымай-ақ болыс болса деп ойлайды. Осы үшін Кәкеннің ағайындары да кісілік тізгінін қолдарына алуларын армандайды. Сәлкен төре “Алаш орда” туралы тиіп-қашып сөз етеді. Оның негізгі мақсаты оқыған жастарды тек өз маңында ғана арқандап ұстауды көздейді. Сәлкен төре алашшыларды сөз еткен боп, өзінің үстемдігін орнатып, әкім болуды армандайды. Мұхтардың білімдарлығына қызыққан ол оны өзінің көмекшісі етіп алуға жанталасады.
Бақанас жайлауындағы Көкбай үйінде Меккайіл мен Мұхтар бар. Абайдың ақын шәкірті Ойқұдықта қойылған “Еңлік-Кебек” пьесасы туралы көсіле сөйлеп, өз пікірін жария етеді.
Абай ауылынан басталған жаңалық Абайдың көзі тірі кезінде басталған ру тартысын өршіте түседі. Оған басты себеп, пьесада ел аруағына сиынатын Кеңгірбай биді Еңлік пен Кебекті өлтіруші етіп көрсетті деп кінә артады. Бөкенші мен Жігітек руларының ішінен ұрлық жасағандары үшін Сібірге айдалған адамдарының кегін алуды көздеушілер көп болатын. Олар ел арасы жақын келгендіктен, бүкіл найман елін кісі өлтіруші етіп көрсетті деп жазғырады. Осылайша қалың ел арасында наразылықтар өршиді. Ел арасының осы наразылық тартысын басу мақсатында Тастүлекте пьеса қайта қойылды, Көкбай жаңалық дүниесін көру үшін, ел арасындағы өнерлі жігіттеріне тегіс хабар тараттырады. Ағашаяқ, Қалибек, Әмірелер ел алдына шығады. Осы кезде Шаған болысының ел билеушілері ұры атандырып, айдатып жіберген Тәуке оралады. Тәуке Қарақұмнан қашып шығып, Абай еліне керейдің Жекебай батырын ерте келеді. Аз уақыт өтпей жатып жетісулық Жүрсінбек байдың Айсұлу атты қызын Тәуке елсізде ұстап алып, қолында сақтағандығы көптеген пәлелерді Тәукеге жауып, Тоқбықтылар Тәукедей ұрыны ұстап отыр, оны заңға ұстап бермейді деп ақыры сотты Ташкенттен алады. Тобықты елінің Шәкәрім, Көкбай, Меккайіл бастаған алпыс адамын ұстатып Сергиополь түрмесіне жабуға алдырады. Бұл жағдайды естіген Тәуке 60 кісіні абақтының жауабынан босаттырып, өзі кеп абақтыға жатады. Кейіннен қыз бенен Тәуке беттескенде Айсұлу батырды түрмеден шығарып жібереді. Ел арасының наразылығы ұлғайып Ойқұдықта 4 арыстың басшылары жиналып, Мұхтарды жазалауды тілейді. Бірақ Абай ауылы ақсақалдық биліктің бұл шешіміне көнбейді.
Бұл кезде Орынборда қазақтардың алғашқы съезі өтіп, ол жедел ІІ съезді өткізуге қаулы алады.
Өз билігін ғана ойлап жүрген Сәлкен төренің ол туралы да түсінігі шамалы еді. Абай ауылының басшылары Алашшылардың ұйымына мүше болмайды. Осы тұста Мұхтардың “Адамшылықтың негізі — әйел” атты алғашқы мақаласы “Арқа” газетінде басылады. “Абай” журналын шығару туралы келісімге қол жеткізіледі.
Шәкәрімнің Саят қорысындағы кездесуі, тарауында елмен Шәкәрімнің жан-жақты байланысы сөз болады. Ол Әзімхан, Мұсабай. Шөпіштердің Абай ауылдарына біріккен шабуылынан басталады. Бұл жанжалға темір жолда жұмыс істеп жүрген орыстар да араласады.
1916-жылғы әскерге шақырылуға Ағзам да ілігеді. Ең ауыр жағдай — Қасымбектің дүниеден кетуі. Райханнан дүниеге келген Мұғамиланың шілдеханасында Мұхтар – Сұлтанмахмұт, Иса, Жүсіпбек, Жұмат, Жанбикелермен кездеседі. Бұлар Қамбар мен Назымды сахналайды. Кітапта Мұхтардың Алашшыларға көзқарасы және жаңа дүние жаршыларымен оның байланысы кеңінен суреттелінеді. Әуез ақсақалдың дүниеден қайтуы, Мұхтардың Семей коммунистері Шугаев, Никитиндермен пікірлес болуы, жаңа дүние жаршысы бола бастаған Мұхтардың Алашшылардың Семейге қоныс аударуына да пікірлестігі көрініс береді. Бірақ, ол атаған партияға мүше болмайды.
Мұхтардың туған халқы үшін бар білімін жұмсауға, тартынбай жаңалық атаулыға ұмтылысы айшықты тілмен таратыла суреттелінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *