Өсекшілдік – кесапат
Өсекшілік, яғни сөз тасымақ. Алла оның сұмдығы жөнінде көптеген хабар берген. Пайғамбарымыз «Өсекші жұмаққа жуый алмас және сендердің араларыңдағы жаман адам – сөз таситындар» депті, Біреу бір әкімнен былай деп сұрапты: «Аспаннан кең не? Оттан ыстық не? Темірден қатты не? Жетімнен қор не?». Сонда әкім: «Ақ іс – аспаннан да кең, күнәсізді балағаттау – жерден ауыр, ұрық-аймағында кек сақтап, өшпенділікпен қарау – мұздан суығырақ, қаскөйлік – оттан да қызулы, кәпірдің көңілі – темірден де қаттырақ және өсекші, сөз тасушылар – жетімнен де қор» деп жауап беріпті. Білген жөн, өсекшілік – екі кісі арасында сөз тасу ғана емес, ол – кісінің сөзі мен пейіл-құнын әшкерелеп, ренжіту. Біреу әкімнің алдына келіп «Пәлен кісі сізді жамандады» дегенде,
әкім: «Маған бұл хабарды айтып үш қиянат жасадың: бірі – көңілсіздендірдің, ашық көңілімді уайымға қалдырдың және өзіңнің жылпостығыңды көрсеттің» депті. Хасан Басри айтқан екен: «Егер саған біреу сөз жеткізсе, ол сенің сөзіңді де біреуге жеткізер» деп. Сондықтан да өсекшіден өзіңді аулақ ұстап, оны дұшпаным деп есептеу қажет. Оның құны-пейілі – қиянат, қастандық, тазалықтан жұрдай. Өсекшіліктің үлкен апат екенін білген жақсы. Оның себебінен нақақтан қан төгіледі. Мысалы, біреу құл сатып аларда «Мұның қандай айыбы бар?» деп сатушыдан сұрағанда: «Өсекшіліктен басқа айыбы жоқ» депті. Сатып алушы «Айыбы ауыр екен» деп қабылдайды. Келген соң құл қожасының әйеліне «Қожайынның саған деген махаббаты кем екен және бір сұлуды алғысы келетінін байқадым. Қожайын ұйықтап жатқанда сақалының астынан ақырын ұстарамен қыл кесіп алып берсең, мен оған жады дуасын оқып, саған ғашық етіп қояр едім» дейді де, қожайынына барып «Қатыныңыз бір кісіге ғашық болыпты, сізді өлтірмекші ниетте, егер сөзіме күмәндансаңыз, ұйықтаған адам сияқты жатыңыз, өзіңіз байқайсыз» депті. Қожайын жалған ұйықтаған кісі болып жатады. Сөйтсе, әйелі ұстара алып келіп, қожайынының сақалынан ұстай береді. Осы кезде «Мені өлтірмекші екен» деп ойлаған қожайын орнынан секіріп тұрып, әйелін табанда мерт етеді. Сөйтіп, бір өсекшінің жала сөзінен соң жазықсыз кісі қаза табады.
Имам Ғаззали