Махаббат бірін-бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан-жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды.
Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі…
Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрбиесін жұрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдасып, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел-белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен-бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату-тәтті тамаша өмір сүреді. Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз.
Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры»