Әбу Ханифа қалай үкім шығаратын еді?
Әбу Ханифа өзінің үкім шығарудағы ұстанымына қатысты «Мен алдымен Алланың кітабындағы үкімді аламын. Одан таппасам, пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетінен іздеймін. Егер бұл екеуінен де таппасам, сахабалардың сөздеріне үңілемін. Сахабалардың сөздерінен таңдағанымды аламын. Сондай-ақ, Ибраһим ән-Нәхәи, Шағби, Ибн Сирин, Хасан Басри, Ата,
218 әз-Зәбиди, Уқудул-жәуәхирил-мунифә фи әдилләти мәзһаби имам Әби Ханифа, Стамбул, һ. 1309, 1-т., 45-б. Әбу Ханифаның ахад хабарларды қабылдау шарттарына келесі тарауда кеңірек тоқталдық. Қараңыз: 263-б.
219 Бағдади, Тарих ,13-т., 348-б.
220 Бағдади, Тарих, 13-т., 348-б.; М. әс-Сыбаи, әс-Сүннету уа маканатуһа фи ташриғил исламиати, 440-б.
Сайд ибн Мусайяб секілді мүжтәхидтер қалай ижтихад жасаған болса, мен де тап солай ижтихад жасаймын»221 дегені көпшілікке мәлім. Әбу Ханифаның бұл сөздерінен алдымен Құран мен сүннетке жүгінгенін, егер іздеген жауабын бұл екеуінен таппаса, сахабалардың көзқарастарынан (фиқһта негіз ретінде белгілеген шартына сай) таңдап алғанын, ал егер бұлардан да таппаса, кейінгі ғалымдардың көзқарастары мен өзінің әдіс-тәсілімен салыстыра отырып, ижтихад жасағанын ұғамыз. Ижтихад жасауының негізсіз еместігін мына дәлелден көреміз. әл- Бағауидің Мұғаз ибн Жәбалдан риуаят еткен хадисінде: пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мұғазды Йеменге аттандырған уақытта былай деген:
– Егер қандай да бір мәселенің шешімі жайлы сұраса, қалай үкім шығарасың? Мұғаз (р.а.):
– Алланың кітабына сүйене отырып, – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Егер Құраннан таба алмасаң ше?
– Алланың елшісінің сүннетінен іздеймін.
– Сүннеттен таппасаң ше?
– Өз көзқарасыммен ижтихад жасаймын, кешіктірмеймін (Яғни, аят- хадисте белгілі үкім кездеспесе, қол қусырып отырмай мәселені өз бетімше шешуге тырысамын), деді. Сонда РасулАлла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мұғаздың (р.а) арқасынан қағып:
– «Алланың пайғамбарының елшісіне, Алла пен расулының көңілінен шығатын жауапқа (іске) қол жеткізуді нәсіп еткен Аллаға мадақ!»222 – деді. Олай болса, ижтихад жасауға, ижтихад деңгейінде білімі бар адамға рұқсат берілгендігін түсінеміз. Шындығында, Әбу Ханифаның әдіснамасын зерттеген кезде осы мәселелерге ерекше мән бергені анық байқалады.
Жоғарыда айтылғандай, бірінші имам Ағзам кітап, сүннеттен дәлел іздейтін. Егер бұл екеуінен таппаса, сахабалар ижма жасаған ба, соған қарайтын. Бұл турасында Мекки: «Әбу Ханифа насих пен мансух223 болған оқиғаларды егжей- тегжейлі қарастырған. Қандай да бір хадистің пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп жеткендігі растала қалса, сонымен амал қылатын. Куфалықтардың риуаят еткен хадистерін жақсы білетін. Көпшілік ғалымдардың бірауыздан келіскен пікірін құптайтын»224 – деп, көпшілік ғалымдардың тоқтамына да келісетіндігін айтқан. Әбу Ханифа сенімді ой-пікірді таңдап, күмәнділерінен бойын аулақ ұстайтын. Амалдардың дұрыс және пайдалы болуына мән беретін. Мәселелерді қияспен өлшейтін, егер қиясқа сай келмесе, истихсанға жүгінетін. Егер истихсанға сай келмесе, ғұрыпқа (мұсылмандардың амалдарына) қарап, соған сай шешім қабылдайтын. Сәһіл: «Әбу Ханифаның дәлелі де, көпшіліктің дәлелі де осы» деген225.
Міне, қысқаша Әбу Ханифаның фиқһтағы әдіснамасы: 1.Кітап, 2. Сүннет,
3. Сахабалардың сөздері, 4. Ижма, 5. Қияс, 6. Истихсан, 7. Әдет-ғұрып секілді қағидаларға негізделеді.
221 Бағдади, Тарих, 13-т., 368-б.
222 Әбу Дәуіт, Ақдия, 11; Тирмизи, Ахкам, 3; Ибн Мажә, Мәнәсик, 38
223 Насих – үкім жойушы, мансух – үкімі жойылған.
224 Мекки, Манақиб, 89-б.
225 Бұл да сонда, 82-б.