Әбу Ханифа және мүржия мәселесі
Кейбір деректерден Әбу Ханифаға сын айтқандардың бірі – Бұхари екенін көреміз. «әл-Жамиус-сахих» атты еңбегінің тақырыптарында «Кейбіреулер былай депті» деген тұспалмен атын атамастан, Әбу Ханифа және оның жақтастарын сынап отырған. Тағы бір еңбектерінде Әбу Ханифаның Ислам дініне кесір тигізуге тырысқан мүржияға тән адам екендігі жайлы мәліметтер келтірген442. Хадисшілерден Ибн Хиббан Әбу Ханифа жайлы әлсіз риуаяттар жеткізгеннен кейін сол жайлы адамның түсіне енген жағымсыз көріністерді тілге тиек етіп, оны сенімі дұрыс емес етіп көрсетуге тырысқан443. Басқа да хадисшілердің осы тектес сөздер айтқаны мәлім.
Негізінен, хадисшілердің өтірікші деп танылған рауилардың риуаяттарына сүйеніп, Әбу Ханифаны жамандауы өз ұстанымдарына қайшы. Бұл тұста түске сүйенуі де ғылыми негізге жатпайды. Кәусәри бұл риуаятты Әбу Ханифаға қарсы бидғатшылардың ойлап тапқанын, солардың әрекетімен жайылғанын айтады444.
Хадисшілердің оған сын айтуына аят-хадиспен қоса ақылға да жиі жүгінуі көбірек ықпал жасауымен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей, иман түсінігінің де ықпалы аз емес. Әбул-Хасан әл-Әшғари Әбу Ханифаны мүржияның тоғызыншы тармағының құрушысы ретінде көрсетіп, Нәубахти мен Әбу Хатим әр-Рази де оны мүржияның Амр ибн Қайс әл-Масыр (немесе Мазыр) негізін қалаған Масырия (немесе әл-Мазырия) тармағына тән адам ретінде танытқан445. Әбу Ханифаның мүржияға қатысы барын сол мәзһабтың адамы Ғассан әл- Куфидің айтқан риуаятына апарып тірегені секілді, мұны Әбу Ханифаның иман көзқарасымен байланыстырғандар да болған. Екінші топ бойынша Әбу Ханифа күнә істегендердің мүмин екендігін қорғап, нәтижесін ақыретке қалдырғандықтан немесе Алланың қалауына қалдырғаны (иржа) себепті, алғаш рет Нафи ибн әл- Әзрақ атты харижи, кейінірек, мұғтазила ғалымдары тарапынан мүржия ретінде аталып, осы себепті мәзһаб тарихшылары да оларға еріп, оны мүржия деп көрсеткен.
Шәхристани Әбу Ханифаны ерте кездегі мәзһабтар тарихын жазушылардың мүржия деп танытуының 2 себебін атап көрсетеді: «1. Әбу Ханифа алғашқы кезеңде шыққан қадария мен мұғтазилиттерге қарсы еді. Мұғтазилиттер өз кезегінде
440 «Исра» сүресі, 19-аят.
441 әл-Алим уәл-мутааллим
442 Бұхари, әт-Тарихул-кәбир (баспаға дайындаған: Абдуррахман ибн Яхья әл-Ямани және т.б.) Хайдарабад, 1941-1960, VІІІ, 81;
443 Ибн Хиббан, Китабул-мәжрухин минәл-мұхаддисин уәд-дуафа уәл-мәтрукин
(баспаға дайындаған Махмұд Ибраһим Зайеди), Халаб, 1975-1976, 3-т, 63-72-б.
444 З. әл-Кәусәри, әт-Тәрхиб би нақдит-тәниб, Бейрут, 1981, 299-б.
445 Нәубахти, Фирақуш-Шиа, 7-б.; Әбу Хатым әр-Рази, Китабуз-зина (баспаға дайындаған Абдуллаһ Сәллум әс-Самерраи әл-Ғулуу уәл-фирақул-ғалия), Бағдат, 1982, 269-б.
тағдыр мәселесінде өздеріне қарсы шыққандардың барлығын мүржия дейтін. Міне, имам Ағзам мен оның ізбасарларына қатысты мүржия деу осылардан келіп шыққан. 2. Имам Ағзамның көзқарасы бойынша иман тілмен айтып, жүрекпен бекіту әрі иманның артуы немесе кемуі деген болмайды. Міне, сондықтан кейбіреулер имам Ағзам амалды иманнан кейінге ысырып қойды деп жаңсақ ойлаған. Өйткені, имам Ағзамның тән арқылы жүзеге асатын құлшылықтарға қаншалықты жауапкершілкпен қарағандығы әмбеге аян. Құлшылықтарды орындауға қатысты ерекше ыждағаттылығы да кітаптарда жазылған. Олай болса, бұл жала мұғтазилиттер мен харижиттерден шығуы бек мүмкін»446.
Анығында, Әбу Ханифаның ақидаға қатысты рисалелерінде иржа термині күнә істегендердің ақыреттегі жағдайын иләхи қалауға қалдыруы мағынасында қолданылған447. Алайда, бұның мәзһабтар тарихы кітаптарында ұғымы берілген әрі иман еткен кісіге күнә істеудің еш кесір тигізбейтіндігін негізгі көзқарас ретінде ұстанатын мүржиямен үш қайнаса сорпасы қосылмасы ақиқат. Егер солай болған болса, ондай көзқарасты шәкірттері де жақтар еді. Шындығында, олар керісінше, мүржияны сынға алған. Әбу Ханифаның күнә істегеннің діннен шықпайтындығын, мүмин болып қалатындығы жайлы көзқарасы сәлафтарды да қосқанда бүкіл әхлі-сүннеттің көзқарасына айналғанын назарға алсақ, оны мүржияға тән деп қарау ол дәуірде мәзһабтарға қатысты ұғымдардың әлі қалыптаса қоймауынан болса керек. Негізінде, Әбу Ханифа кезеңінде жаңа қалыптаса бастаған әхлі-сүннет үшін бұл атау әлі қолданыла қоймағандықтан, ақида мәселелерінің әрбіріне қатысты әхлі-сүннет ғалымдарына түрлі атаулар берілгені белгілі. Мәселен, мұғтазила ғалымдары иләһи сипаттар жайындағы көзқарастарына орай әхлі-сүннет ғалымдарын мүшәббиха, адамдардың іс әрекеті мен тағдырға қатысты пікірлері себепті мұжбира немесе жәбрия деп атаған448. Матуриди де адамның дербес қалауы мен іс-қимылға, өзіндік қарым-қабілеті жоқ деп санап, адамдардың бүкіл әрекетін иләхи қалау мен құдіретке қалдырғандарды мүржия деп атаған449. Әбу Ханифаның иман түсінігін сынға алған Ибн Хазм оны мүржияның ішіндегі әхлі-сүннетке ең жақындардың бірі ретінде қабылдаған450.
Шахристани да Әбу Ханифаның күнә істеу мүминге кесірін тигізбейді деген,
иман етудің жеткілікті екендігін алға тартқан мүржиядан еместігін, қайта күнә істеген кісінің Алланың азабынан қорқуы керектігін жақтағандықтан оны әхлі- сүннет мұржиясынан деп санаған451.
446 Шахристани, әл-Миләл уән-нихал (баспаға дайындаған М. Сәйид Килани), Каир, 1961, 1-т., 141-146; Ибн Әбулизз өзінің «Шарх әт-Тахауия» атты кітабында мүржияның мағынасының тереңдігін, оны қалай түсіну керектігіне қатысты бір-біріне қайшы түрлі көзқарастың бар екенін айта отырып, Әбу Ханифаны мүржия деуге болмайтындығын тілге тиек етеді. Өйткені, Әбу Ханифаның сөздері амал етудің де маңыздылығына, мұсылман кісінің ізгі амалдар жасуы қажеттігіне, үлкен күнәлардың харам екендігіне, оларды жасаушылардың күнәһар саналып, ақыреттегі жағдайларының Алла тағаланың еркіне қалдырылатындығына қатысты мәселелерде әхлус-суннаның тұжырымдарына қайшы емес. Сондықтан, Әбу Ханифа мен оның ізбасарларын өзге мүржиялардан, әсіресе, олардың арасындағы шектен шығушы ғұлат пен жахмиядан ажырату үшін «муржиятул-фуқаха» деп атаған. Қараңыз: http://www.islamweb.net/ver2/…; Қ. Құрманбаев, Хадис ілімі, 113-116-б. 447 Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мутәаллим, 24 б.
448 Қады Абдулжәббар, Шәрхул-усулил-хамса (баспаға дайындаған: Абдулкарим Осман), Каир, 1965, 75 б.
449 Матуриди, Тәуилату әхлі сүннә (баспаға дайындаған: М. Мұстафизуррахман), Бағдат, 1983, 98-б.
450 Ибн Хазм, әл-Фасл, ІІ, 228, 265.
451 Шахристани, әл-Миләл уән-нихал, 1-т., 141-146-б..
Әбу Захра ғалымдардың Әбу Ханифаның мүржияға қатысты көзқарастарын қорытындылай келе: «Менің ойымша, Әбу Ханифаны мүржия деуге келмейді. Әйтпесе, пасықты (күнәхар) мумин қатарына қосқандардың бәрі қаласаңыз да, қаламасаңыз да мүржиядан саналатын болады. Алла Тағала күнәһарлардың кейбіреуін кешіреді. Оның кешірімін «шектеуге» болмайды. Олай болса, тек Әбу Ханифа ғана емес, мұғтазиланың тысындағы барлық фиқһ ғалымдары мен хадисшілер мүржияның санатына кіріп кетеді. Бұл мүмкін емес», – дейді452.
Әбу Ханифаны мүржияға таңғанындай, оны жәхмияға таңу да дұрыс емес. Өйткені, мүшәббиха мен хашуияға қарасты ғалымдардың иләһи сипат мәселесінде тәнзихті жақтайтындардың барлығын жәхмияға қосақтайтыны белгілі. Анығында, Әбу Ханифа жәхмияны қатты сынға алғаны анық деректермен мәлім453. Алайда, Әбу Ханифаны кейбір сунниттік кәламшылар мен салафияға тән хадис ғалымдарының сынға алған бидғатшылықпен кінәлауы оның рационалды мәліметтерге көңіл бөлетін, сенім мәселелерінде осы мәліметтерді қолданып настарға рационалдық көзқарастар білдірген Исламның ерте кезеңдеріндегі жаңашыл ойшылдардың алғашқыларынан болғанын көрсетуде. Соған қарата айтылған сындарды басқаша жорамалдау қиын. Неге десеңіз, сенім көзқарастарының кейіннен қалыптасқан сунни кәлам саласынан матуридияға бағыт беріп, әхлі-сүннет түсінігімен үйлесетіндігі белгілі.
Мүржияға қатысты Әбу Ханифаның өзі әл-Фиқһул-әкбарда: «Мүржиялар секілді «Жақсылықтарымыз қабылданған, жамандықтарымыз кешірілген» деп айтпаймыз. Керісінше, басы ашық мәселе болғандықтан, «Кімде-кім іс- әрекеттерін дін үкімдеріне сай, ізгі амалын бұзатын кемшіліктерден сақтана отырып жасаса, өз кезегінде оны күпірлік пен діннен шығу арқылы жойып алмай, дүниеден мүмин ретінде өтсе, Алла Тағала оның амалдарын зая кетірмейді. Оны қабыл алып, сауабын береді» дейміз»454 деген. Өзіне мүржия деп жала жапқандарға жауап беру үшін Осман әл-Баттиге жазған хатында «Әлгі мүржия сөзіне келер болсақ, бидғатшылардың оларға бұл атты танатындай шындықты айтқан адамдардың не жазығы бар? Олар – әділ және әхлі-сүннет. Бұл атауды оларға көреалмаушылар таңған»455, – деп жауап беруі ұстанымының жағымсыз мағынада қолданылған мүржиядан емес екенін анық көрсетеді.