Әбу Ханифа жайында танымал ғалымдардың көзқарасы
Имам Мәлік, Әузағи, Абдуллаһ ибн Мубарак және т.б. ғалымдардан Әбу Ханифа жайында айтылған сөз − «атылған оқ» боп, бізге, біздің дәуірімзе жетті. Алайда, әл-Хатиб әл-Бағдадидің «Тарихында» осы ғалымдардың бірде Әбу Ханифаны жерден алып, жерге салып жатып кеп жамандаса, басқа бір жерде мақтағандықтары жазылған. Осынау пікір қайшылығының түп төркіні неде? Біріншіден, Әбу Ханифаны кейде даттап, кейде мақтап ол туралы пікірін өзгертуі ақылға сыймайды. Олай болса, бұл еңбектегі сенімсіз адамдардың аттары аталатындықтан, ұлы тұлға жайындағы жағымсыз пікірлердің дені солардың аузынан шықты дегенге кім сенеді? Екіншіден, жоғарыда келтірілген мысалдардан байқағанымыздай, Әузағи секілді кейбір ғалымдар имам ның әдіснамасын дұрыс түсінбегендіктен, әуелі қарсы шығуын шыққанмен, оны жақыннан танығаннан кейін көзқарастарын өзгерткен болуы кәдік.
Ең бастысы, оны қарапайым халық емес, заманының хадис пен фиқһта танымал болған ғалымдар мақтап, өз лебіздерін білдірген болатын. Әбу Ханифа
263 Әбу Заһра, 66-бет.
55 мәрте қажылық жасаған, Меккеде, Мәдинада және Басра мен Бағдатта қаншама ғалымдармен жолығып, оларға өз ойын айтып, ижтихадының негізгі қағидаларын түсіндірген. Осының арқасында ғалымдар Әбу Ханифаның ижтихадындағы әдістерін және кейбір хадистерді алмау себептерін ұғып білді. Осылайша, оның фиқһының өзінен бұрынғы ғалымдардың жолынан өзгеше емес екендігін көптеген ғалымдар мойындаған болатын.
Қади Иад «әл-Мадарик» атты еңбегінде мына бір оқиғаны келтіреді.
«Әбу Ханифа мен имам Мәлік бір күні Мәдина қаласында жолығып, бірнеше мәселелерді талқылайды. Содан соң имам Мәлік ол жерден үсті малмандай болып, терлеп шығады. Ләйс ибн Сағыд имам Мәлікке: «Қара терге түсетіндей не жағдай болды?» – деп сұрағанда, имам Мәлік: «Әй, мысырлық! Әбу Ханифамен тілдескендіктен осындай күйге түстім. Күмәнсіз, ол – нағыз фиқһ ғалымы» деп, Әбу Ханифаның фиқһтағы терең ілімін мойындаған екен.
Имам Мәлік Әбу Ханифаның кітаптарын (шәкірттері арқылы жеткен еңбектерін) оқығандығы жайында Ибн Әбил Ауам әс-Сағди, Әби Абдуллаһ ибн Али әс-Саймиари, әл-Муаффақ әл-Харезми және басқалары сахих тізбекпен жеткізген. Имам Мәлік Әбу Ханифаның егжей-тегжейлі зерттеген алпыс мыңға жуық мәселелерін жинаған екен. Олай болса, хадисте танымал, фиқһ ілімін терең меңгерген ғалым имам Мәлік Әбу Ханифаның еңбектерін оқып, біліміне таңырқап бас шайқаса, былайғы жұрттың ол туралы жағымсыз пікір қалыптастырды дегенге кім сенеді?
Мәзһаб имам ы Ахмед ибн Ханбәл да Әбу Ханифаның көзін көрмеген, бірақ, Әбу Ханифаның өзінен болмаса да, оның шәкірті Әбу Юсуф арқылы еңбектерін оқып, ижтихад жасаған мәселелерінен көп нәрсе үйренген. Бұны имам Ахмедтің өзі: «Үш жыл ішінде Әбу Юсуфтан үш кітап толы еңбек жаздым» деп, оның ілімінің мол екендігін тілге тиек еткен. Сонымен қатар, Әбу Ханифаның тағы бір шәкірті имам Мұхаммедтің де еңбектерін оқыған. Имам Ахмедтен мұндай егжей-тегжейлі мәселелерді қайдан алғандығын сұрағанда: «Имам Мұхаммедтің кітаптарынан»264 деп жауап берген.
Әбу Мұғауя ад-Дарир имам Ағзамның ғұламалар арасындағы орны туралы былай дейді: «Үлкен ғалымдарымыз имам ды ерекше құрметтейтін. Бір жағынан одан (ілімінен) именетін. Берген пәтуалары имам Ағзамның пәтуасымен бірдей болып шықса, жандары-жай тауып, ерекше қуанатын. Олардың бірі Ағмаш болатын».265
Имам Жарир Ағмаштың былай дегенін естіген: «Менен қандай да бір мәселені сұрап келгендерге имам Ағзамның дәріс алқасына барып қосылуға нұсқау беретінмін. Өйткені, оның ғылым мәжілісінде шешілмейтін мәселе болмайтын».266