Әбу Ханифаның ғибратқа толы ғұмырынан сыр шерткен кейбір тұлғалар
Фудайл ибн Ияз ат-Тамими – Хижаз аймағының белгілі ғалымы, үлкен тасаууф шейхтарының бірі. Құшайридың «Рисәлә» атты еңбегінде оның өнегелі өмірі мен ғибратты сөздері туралы бірқатар мәліметтер бар. Фудайл фиқһ ілімін имам Ағзамнан үйренген. Ал, өз кезінде имам әш-Шафиғи Фудайлдан хадис тыңдап, риуаят еткен. 187 (803) жылы 80 жасқа қараған шағында Меккеде дүние салған.
Абдулла ибн Мүбарак әл-Маруәзи – имам Ағзамның белгілі шәкірттерінің бірі. Хорасан аймағында діни ілімнің жандануына үлкен үлес қосқан хадис хафиздарының бірі әрі ел ардақтысы атанған танымал тұлға. Басра хадисшілерінің беделді өкілі Әбу Сағид әл-Маһди ол туралы былай дейді: «Ибн Мүбарактің білімі Суфян әс-Сәуриден де терең болатын. Оның көптеген адамгершілік пен ізгі қасиеттерін айтпағанда, дін дұшпандарына қарсы аянбай жанын сала күресетін қайсарлығын да ерекше атауға болады», – десе, имам аз-Заһаби: «Зуһд пен тақуалықта, ғибадат пен ілімде, әдебиетте және көркем сөзділікте алдына жан салмаған ол имам Ағзамнан ілім алып, ол туралы үлкен мінберлерде үнемі құрметпен еске алатын», – дейді.
Ибн Мүбарактың сырға тұнған деректерін оқып, одан нәр алғысы келген адам оның «Табақат ат-Тамими» атты еңбегіне үңілгені дұрыс. Аталған еңбекте Фудайл ибн Ияздың (Алла одан разы болсын) да ізгіліктеріне керемет тоқталған.
Надр ибн Шамил әл-Мазани – араб тілі мен әдебиетінің майталманы. Халил ибн Ахмадтың танымал шәкірттерінің бірі. Арғы тегі Хорасандық болғанымен Басрада білім алып, сол жерді мекендеп қалған. Сол кезеңдегі таңдаулы ғалымдардың бірі болса да Басрада оны өз деңгейінде бағалаған ешкім болмаған соң, Мервке қоныс аударады. Халифа Мамун да осы қалада болғандықтан тығыз қарым-қатынаста болып, араларында талай маңызды жүздесулер болғандығы тарихи әдебиеттерде көптеп кездеседі.
Хадистерде орын алған бір ғана сөзді түсіндіру мақсатында күрделі тілдік мәселенің шешімін тапқаны үшін Халифа Мамуннан 50 мың күміс дирһам сыйлық алғандығы айтылады. Бұл оқиға әл-Хариридің «Дурра әл-ғауас» атты еңбегінде келген. Оның ғылыми еңбектері де көп болғандығы туралы «Тарих Ибн Халликан» атты кітапта егжей-тегжейлі көрсетілген. Ол 204 (820) жылы Мервте қайтыс болған.