Әбу Ханифаның сабақ бере бастауы және шәкірт тәрбиелеуі
Әбу Ханифа жиырма екі жасынан бастап, он сегіз жыл бойы Хаммадқа шәкірт болды. Ол қырыққа аяқ басқанда ұстазы, Куфа елінің атақты ғалымы Хаммад дүниеден озды. Оның жолдастары ұстаздыққа ұлы Исмаилді өткізуді ұйғарды. Шәкірттерінің арасында Әбу Ханифадан басқа да үміткерлер бар еді. Алайда, сол кезге дейінгі Әбу Ханифаның өзін көрсетуі мен дарындылығына қанық достары бұл ойларынан бас тартып, ұстаздыққа Хаммадтың ең қабілетті шәкірті имам Ағзамды бір ауыздан лайық деп тапты. Имам Ағзам да ілімнің абыройын бәрінен жоғары қойып: «Мен ілімнің жоғалып кеткенін қаламаймын» деп, ол ұсынысты қабыл алды76. Шын мәнінде, ол ұстазының ілімін терең меңгерген, ұстаздық етуге нағыз лайық тұлға еді. Уақыт өте келе оның атағы шартарапқа жайыла бастады. Шәкірттерінің саны көбейіп, мешіттегі дәріс алқасы сол кездегі ең үлкен алқаға айналды77.
Әбу Ханифаның сабақ беру тәсілінің ең негізгі ерекшелігі – кез-келген мәселені шәкірттерімен терең талқылап, көзқарастарын ашық айтуына мүмкіндік беруінде еді. Муаффақ әл-Мекки бұл жайлы: «Әбу Ханифа мәзһабын шәкірттерімен кеңесуге негіздеген. Олармен ақылдаспай, өз бетімен діни ижтихад жасамаған. Алла үшін, пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үшін және мұсылмандар үшін насихат айтқан кезде шектен шықпайтын. Ол кез келген мәселені әуелі ортаға салып, шәкірттерін тыңдайтын. Мәселенің түйінін шешу үшін кейде бір ай, тіпті одан да ұзақ уақыт өзара ой бөлісетін. Осы мәселелерге қатысты қай көзқарас басым бола бастаса, Әбу Юсуф оны бір негіз ретінде белгілейтін. Мәзһаб осы негіздерге сүйене отырып құрылды. Ең дұрысы және шындыққа ең жақыны да осы тәсіл болса керек. Бұл – адамдар үшін қанағаттанарлық жол. Жалғыз өзі ижтихад жасап, тек өз көзқарасын ғана дұрыс деушілердің мәзһабынан әлдеқайда абзал»78 деген.
Әбу Ханифаның шәкірттерінің бірі Әли (Алла рақымына бөлесін) бір оқиғаны былай еске алады: Мәжілісте отыр едік Абдулла ибн Мүбарак(Алла рақымына бөлесін) имам нан: «Ет асылған қазанға бір құс келіп түсіп өлсе, етті жеуге бола ма?» – деп сұрады. Имам шәкірттеріне бұрылып: «Сіздер қалай жауап бересіздер», – деді. Шәкірттері: «Бұл мәселені Ибн Аббастың көзқарасы бойынша қарастырсақ, қазандағы суды төгіп, етті жуып жеуге болады», – деп жауап берді. Имам :
«Дұрыс, бірақ мынаны ескеру керек, егер қазан қайнағаннан кейін түсіп өлген болса, сорпасын төгіп, жуғанмен тазармайды. Өйткені, құстың денесіндегі нәжіс етке тарап кетеді. Ал, қазан қайнамай тұрып түскен болса, сіздер айтқандай сорпасын төгіп, етті жуып қайта қайнатып жесе болады», – деді.79 Әбу Ханифа
75 Нуайм әл-Исфахани, Хилятул-әулия./Ибнул Жәузи, Сыфатус-сафуә, түрік тіліне аударып, толықтырғандар: (С. Айкут, У. Гүненч, Я. Атак т.б.) Сахабеден гүнүмүзе Алла достлары, Шуле баспасы, Стамбул, 1996, 4-т., 274-275-б.
76 Сәймиәри, 7-б.
77 Бұл да сонда, 21-22-б.
78 Мекки, 391-б., И. Х. Үнал, 21-б.
79 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 202-203-бет.
шәкірттерін осылай еркін пікір алмасуға баулып, бұрыс кетіп, жаңылған жерлері болса, түзетіп отыратын. Кейде өзінің ойына келмей қалған нәрселерді шәкірттері ескеріп, есіне салып отыратын. Осылайша көптеген түйткілді мәселелер бірінен соң бірі нақты шешімін тауып жататын. Келісіп пішкен тон келте болмайды деп осыны айтса керек.
Оның өзі ұстаздарына қандайда бір мәселеге қатысты ойын ашық айтып, басқа үкім шығарған кездері аз болмағаны секілді, өзінің шәкірттерінің де оның пікірлеріне қарсы ой айтқан кездері аз емес. Имам Ағзамның дәрісін өзі ғана сөйлеп, оқушылары тыңдау түрінде емес, қазіргі заманда үйретудің ең тиімді тәсілдерінің бірі саналған интерактивті тәсілде жүргізетін. Осылайша, шәкірттерінің білім көкжиегін кеңейтіп, өз ойларын еркін айтып, дәлелдей алатын дәрежеге көтеруді мақсат ететін. Осының арқасында көптеген шәкірттері мүжтәхид деңгейіне жетті. Негізінде, бұл тәсіл алғашқы кезеңдегі мұсылман ғалымдарына тән ортақ ерекшелік болғанымен, Әбу Ханифа бұл салада оқ бойы алда тұрды.
Әбу Ханифаның тағы бір ерекшелігі, бір пікірде алған бетінен қайтпай қоймай, өзінікінен де шынайы дәлел табылса, ойынан бас тарта алатындығы еді. Кез келген адамнан ондай батылдықты күту қиын. Әсіресе, ғылым мен технология шарықтап дамыған, ілімнен келген тәкәппарлық жайлаған қазіргі заманда өзін маманмын деген ғалым әлде бір пікір білдіре қалса, сонысын өзгелерге мойындатқанша асығады. Ал, өзгелер оның пікірінің қате екенін айтса, оны жау көріп, жағасына жармасады. Әбу Ханифа мұндай жат әдеттен аулақ еді. Осының барлығы имам Ағзамның еркін ойшылдығы мен парасат-пайымының қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді.
Әбу Ханифа ғылымға терең мән берумен қатар, барлық ынта-ықыласын ғылымға арнасын деп шәкірттерінің қажеттіліктерін өтеуді де ұмытпайтын мейірімді ұстаз еді. Ол мұқтаж шәкірттеріне ақшалай жәрдем беріп тұратын. Үйленетін жасқа келгендердің жағдайлары төмен болса, қаржылай көмектесіп, кейде қалың малды да өзі көтеретін. Бұл туралы Шурайх былай дейді: «Білім үйреткен шәкіртіне, тіпті, оның жанұясына көмектесетін. Шәкіртіне ілім үйреткеннен кейін: «Сен халал мен харамды үйренумен ең үлкен байлыққа жеттің» деп жылы сөздермен қуантатын.
Бірде Ибаһим ибн Үйәйнә төрт мың дирхамнан астам қарызға батады. Ибраһимнің достары бұл ақшаны ел арасынан жинап Ибраһимді құтқарып алмақ болады. Мұны естіген Әбу Ханифа елден жиналған ақшаны кері таратып, қарызды толығымен өзі өтеген екен.
Шәкірттерінің жан дүниесіне ерекше көңіл бөлетін. Оларға әрдайым жақсылық қалайтын. Олардың арасынан тәкәппарлыққа, өркөкіректікке, нәпсінің қармауына түсе бастағандарды сезсе, дереу ескерту жасап, әрдайым ұстаздан сабақ алу керектігін түсіндіретін.
Осыған байланысты мына бір оқиғаны айта кетуге болады. «Болдым-толдым» деп ойлаған шәкірті Әбу Юсуф бір күні, енді өзім шәкірт тәрбиелей берсем болады деген оймен өзге шәкірттерден бөлініп, мешіттің бір бұрышында өзгелерге дәріс оқыта бас-тайды. Әбу Ханифа оның сабақ беруге білімінің әлі де жеткіліксіздігін түсіндіру мақсатымен жанындағы біреуге Әбу Юсуфтың сабақ алқасына қатысып, одан әлдебір сауалдың жауабын біліп келуді тапсырып: «Әлдебір адам екі дирхамға киімін тазалату үшін тазалаушыға береді. Киімін алуға барғанда тазалаушы киімді алғанын мойындамайды. Арада біраз күн өткеннен кейін қайта соғады. Тазалаушы киімін таза қып қайтарады. Осы жағдайда тазалаушының
ақысын беру керек пе, жоқ па? Егер ол ақысын беру керек десе, немесе бермеу керек десе, оның осы екі жауабының да дұрыс еместігін айт», – дейді.
Осылайша, Әбу Ханифаның адамы айтылған мәселенің жай-жапсарын Әбу Юсуфтан сұрайды. Сонда Әбу Юсуф:
– Иә, ол ақысын алуға лайықты, – дейді. Сонда ол:
– Дұрыс емес, – дейді. Әбу Юсуф сәл ойланып:
– Жоқ, ол ақысын алуға лайықты емес, – деп алдыңғы жауабына кереғар жауап береді. Ол бұл жауаптың да дұрыс еместігін айтады. Сонда ақылды да, тапқыр шәкірт бұл сұрақтың түп-төркінінің қайдан шыққанын сезіп, орнынан тұрып, Әбу Ханифаның дәріс алқасына келеді. Әбу Ханифа Әбу Юсуфқа:
– Сенің келу себебің, тазалаушының ақысына байланысты ма? – дейді.
– Иә, – деп жауап қатады шәкірті. Сонда Әбу Ханифа:
– Осындай қарапайым мәселені шеше алмаған адам қалайша батылы барып Алланың діні жайлы фиқһтан сабақ бере алады? – деп ескертеді. Сонда Әбу Юсуф:
– Осы сауалдың жауабын білгім келеді, – дейді. Әбу Ханифа мәселенің төркінін:
– Ең бастысы, майды қылшығынан ажыратқандай ақтан қараны айыра білу керек. Егер тазалаушы киімді алғанын мойындамағаннан кейін тазалаған болса, ақысын ала алмайды. Өйткені, мойындамау арқылы ол келісімді бұзған болып саналады. Сондықтан, киімді өзі үшін тазалаған болады. Егер киімді алғанын мойындамай тұрып тазалаған болса, онда ақысын алуына болады. Өйткені, ол киімді ақы алу үшін тазалады80, – деп, айшықтап түсіндіріп береді.
Әбу Ханифа шәкірттерімен мәселелерді талқылай отырып, оларды да фиқһ іліміне етене араластырып, пәтуа беруге үйрететін. Уақыты келгенде ұстаздыққа жіберетін. Міне, осының арқасында олар тек тыңдаушы ғана емес, ханафи фиқһының құрылуына мол үлес қосқан тұлғаларға айналды.
Терең тақуалығымен қатар Ислам құқығы саласындағы мәселелерді талдаудағы ерекше сұңғылалығы мен терең пікірлерін жұмсақ тіл, жылы шыраймен түсіндіріп жеткізе алғандықтан, аз уақыттың ішінде оның дәрісіне қатысушылардың қарасы көбейіп, алды әлемнің түкпір-түкпірінен келген шәкірттерден босап көрген емес. Бір сөзбен айтқанда, ашық ілім ордасына айналды81.
Имам Ағзам шәкірттеріне: «Бір кісі дүние үшін ілім алса, ілім оның бойында рухани күшке айнала алмайды да, оның ешкімге пайдасы болмайды. Ондай ілімнің ешқандай берекеті де болмайды. Егер кімде-кім ақырет үшін ілім алса, оның ілімі кеудесіне күш болып орнап, берекетті болады әрі көптің игілігіне айналады», – деп тәлім беретін 82.
Имам Ағзам Әбу Ханифа ұстазы Хаммадтан кейін шамамен отыз жылдай Куфа секілді ілім орталықтарында сабақ берді. Оның сұхбаттары мен сабақтарына қатысып, ілім алған шәкірттерінің саны төрт мыңға жетіп жығылды. Мұндай Ұлы ұстазбен шәкірттерінің саны жағынан фиқһ саласындағы ешбір ғалым иық теңестіре алмаған83. Кейінгі дәуірде келген хадис имам дары имам Ағзамнан сабақ алып, ілімін жетілдірген 800-ге жуық шәкіртінің болғанын, қырық шәкіртінің ижтихад жасайтындай дәрежеге жеткендігін айтады.
Шәкірттерінің жартысы Куфа, Басра және Бағдаттан, ал қалғандары Ахуаз,
80 Ибн Хажар Хайсами, Хайратул-хисан, 22-б.
81 А. Өзтүрк, имам Ағзам Ебу Ханифе ве есерлери, «Шамил» баспасы, 3-басылым, Стамбул, 2010, 11-б.
82 Әл-Манақиб әл-Кердери, 2-том. 75 бет.
83 Хайсами, Хайратул-хисан, 53-б.; Әбу Захра, Әбу Ханифа, 272-б.
Исфахан, Хәмадан, Рей, Журжан, Мәру, Бұқара, Самарқанд, Хорезм секілді Ирактың шығысындағы маңызды қалалардан келсе, Мысыр, Сирия, Мәдина, Йемен, Бахрейн, Мусул секілді Ислам діні өркен жайған қалалар мен аудандардан келген шәкірттерінің саны аз еді. Тіпті, олардың аты-жөндері мен қайдан келгендері әдебиеттерде атап айтылған84.
Әбу Ханифа өз шәкірттерін де жақсы көретін. «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышысыңдар» – деп оларға жүрек жарды сөздерін арнайтын. «36 шәкіртімнің білім-білігі жоғары, 28-і қазылыққа қабілетті. Олардың арасында 6-уының пәтуа беруге білім-білігі толық жетеді, ал Әбу Юсуф пен имам Зуфар әрі қазылыққа, әрі пәтуа айтуға лайықты» деп шәкірттерін бағалаған екен85.
Әбу Ханифаның шәкірттерінің 50-ге жуығы Куфа аймағында, ал өзге көптеген шәкірттерінің көпшілігі түрлі аймақтарда қазылық лауазымын атқарған.
Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзһабын жайған, өздерінің ижтихадтары мен көзқарастары арқылы кеңінен түсіндіріп «ханафи» атты мәзһабтың қалыптасуына өте зор үлес қосқан Әбу Юсуф, имам Мұхаммед, Зуфар, ибн Зайд деген төрт шәкірті болатын. Ендігі кезекте солар жайлы сөз қозғайық.