ТҮР-ТҰЛҒАСЫ МЕН ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТТЕРІ
Әбу Ханифа көрген кісінің көзі тойғандай көрікті, ұстамды, киген киімі жарасымды, әр ісінде ұқыпты болатын. Басынан қара түсті «қалансуасын»110 тастамайтын. Бірде Куфа қаласында Әбу Ханифаның киім киісі мен үстінен аңқыған әтірдің хош иісінен көңілі жадыраған Ибн Мұғир: «Куфа мешітінде адамдарға пәтуа беріп отырған, басында қалансуасы бар шейхті көріп, айналамдағылардан «Бұл кім?» деп сұрадым. Олар «Имам Әбу Ханифа» деп жауап қатты. Мен Әбу Ханифаны осылай таныған едім», – дейді .
Бәкир ибн Мағруф былай дейді: «Кімде-кім имам ды көрсе ер азаматтың тұр- тұлғасы қандай болуы керек екендігін көргені. Ілімінің тереңдігін айтып жеткізу мүмкін емес. Іс-әрекетіндегі сақтығы мен қырағылығында шек жоқ болатын. Ижтиһады (үкім шығару қабілеті) соншалықты қуатты еді. Имам ды бір көрген адам оның ерекше ізгілік үшін жаратылғандығын байқайтыны сөзсіз».111
Әбу Ханифа сапалы матадан тігілген киім киетін. Әрдайым әтір қолданатын. Алланың таза әрі халал қылған рызықтарын пайдаланатын. Ол достарының да жақсы киінгенін қалайтын. Адамның өңін ашатын сапалы сәнді киім таңдауына көмектесетін. Намаз оқитын кезде Алланың құзырында тұрғанын терең сезініп, әрдайым ең әдемі киімдерін киіп, жұпар аңқыған иіссу себетін.
Баласы Хаммад әкесін былайша сипаттайды: «Әкемнің түр-тұлғасы келіскен сымбатты, үстінен хош иіс аңқып тұратын. Оның келе жатқанын алдымен үстіне сепкен әтірдің иісінен сезуші едік», – дейді. Әбу Ханифа Алла алдында да, адам алдында да адал еді. Бір кісідей жомарт, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Алда-жалда қолына ақша түсе қалса, алдымен білім жолында жүрген кедей шәкірттеріне беріп, барлық қажеттіліктерін өтеуге тырысатын. Бір күні шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, бұлай киінуіңіздің сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда имам Ағзам: «Барлығы маған қарап білімге талпынсын деп жақсы киінемін, әйтпесе, бұлар мені күнәға жетелер жүк емес пе», – деген екен.
Бір күні Әбу Ханифа үсті-басы алқам-салқам біреуді көреді. Оның қолына мың дирхам ақша беріп тұрып: «Үсті-басыңды дұрыста, жөні түзу киім ал» деп құлағына сыбырлайды. Бірақ, әлгі адам: «Маған бұл ақшаның қажеті жоқ, мен онсыз да баймын» деп ақшаны алмай қояды. Сонда Әбу Ханифа: «Сен пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Алла берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді»112 дегенін естімеп пе едің?» деп таза, жинақы киініп, халыққа үлгі болардай мұсылман болуға насихаттаған.
Аңқылдаған ақ көңіл еді. Аз сөйлейтін, аз күлетін, көп ойланатын. Сөйлескенде орта жолды ұстанатын. Өзіне сауал тастамайынша, тіл қатпайтын Әбу Ханифа әрбір істі тиянақты істейтін. Біреулермен пікір таластыра қалса, қарсыласы оған ауыр сөздер айтса да, сабырлы қалпынан айнымайтын парасатты ғалым еді. Бір күні халифа Харун әр-Рашид жанындағылардың Әбу Ханифаны сөз етіп отырғандарын естіп: «Алла Әбу Ханифаға мейірімін төксін. Басқаларының көздерімен көре алмағандарын ол ақыл көзімен көреді»113 – деп Әбу Ханифаның парасатын айтып өткен екен.
110 Бас киім, тақия
111 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 224-бет
112 Бағдади, Тарихул-Бағдат, 13-т., 361-б.
113 Курт, Ауни, имам Ағзам Әбу Ханифа хайаты, Анкара, 32-б.
Әбу Ханифаның дәулетті болуы да оның өмірінде маңызды рөл атқарған. Дін мен білім жолында шәкірттерінің басына қандай да бір іс түссе ешқашан аянып қалмайтын. Шәкірті имам Мұхаммед осы Әбу Ханифаның мектебінен тәлім алып, кейіннен әйгілі ғалым, мүжтәхид болды емес пе? Алланың берген байлығын дін жолында жұмсап, білімнің мәртебесін үстем еткен ғалымдардың бірі еді.
Көркем мінезі
Ибн Абдул Мажид Микаил әл-Баратқини (736-793) имам Ибн Мүбарактан былай риуаят етеді: «Сөз арасында Суфян ас-Сауриге: «Имамның біреу туралы сыртынан сөйлегенін көрген емеспін. Ол тіпті дұшпандарын да ешкімге жамандаған емес», – деген едім. Суфян: «Әрине, имам өте кемеңгер адам. Сауаптарын текке кетіретін істерге қалай жол берсін», – деді».114
Имам Ағзамның ең танымал шәкіртінің бірі Әбу Юсуф: «Имам Ағзамды Алла Тағала ғылым, амал, жомарттық, адамгершілік және қайырымдылықпен көркейтіп, мінез-құлқын Құранмен әсемдеп қойған», – дейтін.115
Әбу Ханифаның салмақтылығы мен сыпайылығы да ерекше болатын. Ол өзіне қаншалықты дөрекі сөздер айтылса да байсалды бейнесінен ауытқымайтын. Бір пікірталас кезінде сөзге шыдамаған біреу оған «Ей, бүлікші, дін бұзар! Ей, дінінен тайып, жолдан адасқан пенде!» – деп өте ауыр сөз айтты. Сонда ол: «Сені Алла кешірсін! Менің ондай емес екенімді Алла біледі. Өйткені, мен Алламды таныған күнімнен бастап одан бір сәт алыстамадым. Тек Алладан кешірім тілеп, соңымды қайырлы етуін тілеймін», – деген. «Соңымды» деген сөзді айтқанда көзі жасқа толып кеткен. Әлгі адам қателігін түсініп: «Артық кеткенім үшін мені кешірңізші!» – деп жалбарынады. Әбу Ханифа: «Білместікпен мен туралы жаман сөз айтқандардың бәрін кешірдім. Бірақ, ғалымдардың бірі мені жамандаған болса оның жағдайы қиын. Себебі, ғалымның ғайбаты артында із болып қалып кетеді», – депті.116
Бір кісі Әбу Ханифаға: «Суфян әс-Сәури сізді жамандап жатыр», – дегенде, ол: «Жамандағаны рас болса, Алла кешірсін. Мен оның жақсылығын білгенім үшін, оны мақтап, дәріптеуге мәжбүрмін», – деген екен.
Имам Ағзам достарымен, жора-жолдастарымен жақсы қарым қатынаста болуға да көбірек көңіл бөлетін. Тіпті олардың үсітіне келіп қонған шыбыннан өзі мазасызданып отыратын. Бір күні шәкірттерінің бірі дуалдан құлап қалады. Мұны естіген имам ның көңілі босап, жанашырлығын жасыра алмай үйіне барып көңілін сұрап отырып: «Әттең, сенің жаныңа батқан жараны өзіме ала алсам етті!» – деген болатын. Ол осылайша әлгі шәкірті жазылғанға дейін, әр күні таңертең кеште көңілін сұрап тұрған еді117.
Бір күні дәріс беріп отырған имам ға бір кісі әдепсіз сөздер айтып, орынсыз айыптай бастады. Имам оның сөзіне мән бермей дәрісін жалғастыра берді. Шәкірттерінің шыдамы таусылып әлгі адамға бір нәрсе демекші болып еді. Ол бұған да рұқсат етпеді. Дәріс аяқталды. Әлгі бейәдеп соңынан ере сөйлеп, әлі де тіл тигізуін қоймады. Имам Ағзам үйіне де таяп қалған болатын. Имам сонда да ашу шақырмай оған бұрылып: «Мен енді үйіме кіріп кетем. Айтарың болса айтып
114 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 218-бет 115 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 257-бет. 116 Әбу Заһра, 77-бет.
117 Мауаһиб ар-рахман, 242-бет.
ал, ішіңде қалмасын», – депті. Имам нан мұндай сабырлылықты күтпеген әлгі адам өзінің ітеген ісінен қатты ұялып,үн-түнсіз тұрып қалды118.
Көршісімен қарым-қатынасы
Имам Ағзамның ән айтып жүретін өнерпаздау келген бір көршісі болатын. Ол ымырт жабыла ішімдікке масайып алып үнемі айқайлап тұрып мына өлеңді айтатын:
Соғыста үш қабат қамал боларлық жігітті, Жоғалтып алды олар, жоғалтып алды.
Олардың арасында мен бір тексіз сияқтымын, Менің тегім Омарға баратынын білмейтіндей.
Әбу Ханифа оны тыңдап үндемей отырып қалатын. Ол Әбу Ханифадан қорыққандықтан бақырып-шақырып өлең айтпайтын. Оның осылай өзінен қымсынып жүргенін білетіндіктен оған көп ашуланбайтын. Әбу Ханифа алыстап кеткеннен кейін әнге басатын. Бір ара екі-үш күн оның дауысы шықпай қалады. Сұрастырса оны тәртіп сақшылары апарып қамап қойыпты. Әбу Ханифа абақтыға өзі барды. Қызметкерлер оны жақсы қарсы алып, асты-үстіне түсіп құрметтейді. Ол көршісі үшін кешірім сұрап оны шығаруды өтінді. Олар өтінішін жерге тастамайды. Тәртіп сақтаушы оған: «Уа, Мұсылмандардың имам ы! Шәкірттеріңіздің бірін жіберген болсаңыз да болар еді, өзіңіз әуре болып шаршамай», – деді. Шығып келе жатып, көршісі де оған рахыметін айтып, ризашылығын білдіріп жатты. Әбу Ханифа: «Қане! Сені жоғалттық па?» – деп еді. Ол өзінің әндерін Әбу Ханифаның естігенін біліп қатты ұялды. Істеген істеріне тәубе келтіріп, Әбу Ханифаның шәкірттерінің қатарына қосылды.119
Тақуалығы
Әбу Ханифа тақуалықты ту етіп өмір сүрді. Мұхаммед ибн Хаммад ибн Мүбәрак «Әбу Ханифаның өмірбаяны» атты кітабында Иазид ибн Кумайттың мына бір әңгімесін келтірген. «Әбу Ханифаға бір кісі келіп, «Алладан қорық» дейді. Сол-ақ екен, Әбу Ханифаның өңі боп-боз болып кетеді. Жел өтінде қалған күзгі жапырақтай қалтырап үнсіз тұрады да: «Алла саған разы болсын. Бұл сөз адамдарды қалай тәубесіне келтіретінін білсең ғой!» деп ризашылығын білдіріп, рахметін айтқан екен».
Әбу Ханифа таза мұсылман отбасынан тәрбие алған. Кішкентай кезінен Құран жаттап өскен. Бұрын-соңды өткен мұсылмандардың арасында Құранды ең көп оқығандардың бірі десек, қателеспеген болар едік. Кейбір адамдардан бұл кісінің Ораза айында Құранды алпыс мәрте хатым еткені риуаят етіледі120.
Оның тақуалығына мына оқиға дәлел болса керек. Бірде Куфа қаласының маңындағы әлдебір ауылды қарақшылар шауып, қораларына түсіп, қойларын алдына салып айдап әкетеді. Болған жайды имам Ағзам Әбу Ханифа естіп, қатты налиды. Қолды қылған қойларды қарақшылар қалаға алып келіп сатып, пайда көруі мүмкін, егер мен оны байқаусызда сатып алсам, біріншіден, оларға жәрдем берген боламын, екіншіден, харам малдың еті өңешімнен өтіп кетіп жүрер деп бір қойдың орташа өмір сүру жылын есептеп, жеті жыл бойы қой етін аузына алмаған екен121.
118 Мауаһиб ар-рахман, 243-бет.
119 Кердерлік Ханафи ғұлама, 96-бет.
120 әз-Зәхәби, Манақиб, 22-б.
121 Хәйсами, Хайратул-хисан, 152-б.
Мәкки ибн Ибраһим, Хасан ибн Салих, Надр ибн Мұхаммед және Язид ибн Һарун секілді ғалымдардан жеткен деректерге қарап отырсақ, Олар имам Ағзамның өмір бойы барлық күманды нәрселерден бойын алыс ұстағандығын дәріптеп отырған. Бұл сол кезеңдегі мыңдаған ғалымдардың арасында тақуалықта алдына жан салмағандығын көрсетсе керек.122
имам Ағзамның белгілі шәкірттерінің бірі әрі хадис ғалымы Хафс ибн Ғияс (қ. 812) былай дейді: «Имамның мәжілісінде отыз жыл болсам да ешуақытта оның ішкі жан дүниесіне теріс іс істегенін көрмедім. Көңіліне ұялаған бір күдікті сейілту үшін керек болса, бар мал-мүлкін садаға етуге дайын тұратын. Саудадағы серіктесіне бір тауардың айыбын көрсетіп сатуды ескерткенде, серіктесі біреуінің ғана мінін жасырып сатқаны үшін сол саудадан түскен ақша араласқан 30 мың дирһамын түгелдей садақаға беріп, серіктесімен сол күннен бастап келісім- шартын тоқтатқан еді».123
Ибн Һарун (Алла рақымына бөлесін) Әбу Ханифаның тақуалығы мен сақтығына таңданысын былай білдіреді: «Бір кісінің есігінің алдында шыжыған күннің астында тұрған Әбу Ханифаны көріп бұрылып барып сәлем бердім. Есіктің алдындағы көлеңкені нұсқап, «Күннің астында тұрмай мына көлеңкелікке неге отырмадыңыз?» – деп едім. Ол: «Бұл үйдің иесінен алатын қарызым бар еді. Сондықтан оған міндетсінгендей болып көлеңкелігін пайдаланғанды жөн көрмедім. Бұл оның мүлкінен пайдалануға жататын болса, рибаға (өсімге) жатуы мүмкін ғой. Негізінде адамдардың бәрі осыншалықты тым сақтықшыл болуы керек деп есептемеймін, десе де халыққа жөн көрсететін ғалымдар қарапайым адамдарға қарағанда әлдеқайда сақтыққа мән беріп, осы тұрғыда ұстамды болуы керек деп ойлаймын», – деген еді». Бұл оқиғаны шафиғи мәзһабының үлкен имам дарының бірі Әбул-Қасым әл-Құшайри үмбеттің ізгі жандарын сөз ететін «әр- Рисәлә» атты құнды еңбегінде де жазған.124
Тақуалығына қатысты Язид ибн Харун «Бір күні Әбу Ханифаны біреудің есігінің алдында, күннің астында отырғанын көрдім. «Әй, Әбу Ханифа! Көлеңкеге барып отырмайсың ба?» дедім. Ол «Үйдің иесінен алашағым бар еді. Сондықтан, оның ауласындағы көлеңкеге отырмауды жөн деп таптым» десе, екінші бір риуаятта өзінің берген қарызынан бір пайда табуды ойлағандай болмайын деп үйдің дуалының көлеңкесін саялауды жөн көрмегендігі айтылады. Негізінен, ол осыншалықты тақуа болғанымен, өзгелерден де дәл сондай тақуалықты талап етпейтін. «Ғалым кісі адамдарға пәтуа бергенде өзгелерден бұрын өзі үлкен жауапкершілікті мойнына алуы қажет» деп, ғалым кісінің тақуалыққа айрықша ден қою қажеттігінің үлгісін көрсеткен болатын125. Оның тақуалығы пәтуасынан асып түсетін. «Егер қарайып қаламын-ау деп қорықпағанда ешкімге пәтуа бермес едім. Пәтуа адамдарға пайдалы, тура жолға бастауы тиіс. Оның жауапкершілігі ауыр» деп пәтуаны адамдардың игілігі үшін беретінін қадап айтқан болатын126.
Бірде имам Ағзам байқаусызда бір баланың аяғын басып кетеді. Бала: «Оу, ақсақал! Қиямет күні жауабын берем деп қорықпайсың ба?» – дегені сол-ақ екен, имам біраз есеңгіреп барып, өзіне келді. Жанында тұрғандар: «Баланың бір ауыз сөзі не үшін сізге соншалықты ауыр тиді?» – деп сұрап еді, ол: «Бұл сөзді Алла Тағала айтқызып тұр ма деп қатты қорқып кеттім», – деген екен.127
122 Мауаһиб ар-Рахман 185-бет.
123 Мауаһиб ар-Рахман 187-188 бет.
124 Мауаһиб ар-Рахман 190- бет.
125 Мекки, Манақиб, 85-б.
126 Самиәри, Ахбару Әби Ханифа уа асхабиһи, 34-б.
127 Мауаһиб ар-Рахман 166-бет.
Өзіне ұсынылған қазылық пен қазына басшылығын қабылдамауының негізгі себебі де осы терең тақуалығынан туындаған-ды. Өйткені, басшылардың заңсыз әрекеттерін көріп, оған көз жұма алмады. Ақыретте берілетін жазадан гөрі, осы дүниенің жазасын артық санап, ақыры жәбір-жапаның нәтижесінде шейіттіктің шәрбатын ішкен-ді.
Ол өте жұмсақ мінезді еді. Иазид ибн Харун былай дейді: «Әбу Ханифадан асқан биязы адамды көрмедім. Мыңдаған ғалымнан білім алдым, ілім үйрендім. Алланың атымен ант етейін, Әбу Ханифадан асқан тақуа, тілін жамандықтан қорғай алған ешкімді көрмедім»128.
Тәубем қабыл болған шығар
Али ибн Мұхаммед ибн Хасан әл-Карабиси имам Әбул-Хасаннан естуі бойынша былай дейді: «Имам күрмеуі қиын мәселелерге тап болғанда шәкірттеріне: «Мәселенің қиындауы – күнәнің көбейгендігінің белгісі», – деп, Алладан көмек сұрап, кешірім тілейтін. Кейде дереу орнынан тұра салып намаз оқуға кірісетін. Сонда әлгі қиын мәселелер өздігінен шешіле кететін. Имам бұған қуанып: «Мүмкін, тәубем қабыл болған шығар», –дейтін. Мұны естіген Фудайл ибн Ғияз көзіне жас алып: «Бұл имам Ағзамның күнәсінің аздығын көрсетеді. Имам нан басқа ешкімде мұндай қырағылық жоқ шығар сірә!» – деген екен».129 Ибн Ғияз сол кездегі құлшылыққа беріктігімен, аса тақуалығы мен ел аузында аңызға айналған адам болатын. Имам Ағзам бұл ісі құрандағы «Кімде-кім Алладан қорықса, (Алла) оған шығар жол тауып береді»130, – деген аятына сай келгендей.
Язид ибн Кумайт131: «Имамның тақуалығы, Алладан қорқуы ерекше болатын. Бір күні құптан намазында Әли ибн Хасан «Зілзала» сүресін оқыған болатын. Жамағат шығып кеткенде мешітте имам жалғыз отыр екен. Әлде бір нәрсені ойлап, қамығып отырғанын байқадым. Ыңғайсызданып қалмасын деп менде мешіттен шығып кеттім. Шамда да аз май қалған болатын. Таң ағарғанда келсем, имам әлі мешітте екен. Ол сақалын ұстап тұрып: «Зәредей жақсылық жасағанға сый беріп, зәредей жамандық жасағанға өз жазасын беруші Раббым. Нұғман құлыңды азаптан құтқара гөр, тозақ отына жақындата көрме, қиямет күні өз рақымшылығыңа бөлей гөр!» – деп дұға тілеп тұр екен. Мені көріп: «Шамды алуға келдің бе?» – деп сұрады. Мен: «Таң намазының азанын шақыруға келдім»,
– дедім. Таң атқанын сонда барып білген ол: «Көргеніңді ешкімге тіс жарып айтушы болма, бұл менің сырым соны сақта», – деді. Сөйтіп екі ракағат сүннет оқып, құптан намазындағы дәретімен бізбен бірге таң намазын оқыды».
Ол осылай құптанда оқылған «Зілзала» сүресінің мағынасына терең бойлап, Алладан кешірім тілеп таң атырған.132
Бір күні Харун әр-Рашидтің алдына Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф келеді. Халифа Әбу Юсуфтан ұстазын сипаттап беруін сұрайды. Сонда Әбу Юсуф: «Алланың атымен айтайын, харамнан аулақ, дүниеден алыс, көбіне үнсіз, ой үстінде жүреді. Егер әлдебіреу өзін толғандырған мәселеге қатысты одан кеңес сұрай қалса, білгенінше жауабын беретін еді», – деп былай жалғастырады,
128 Бұл да сонда, 23-б.
129 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 214-бет
130 Талақ сүресі, 2-аят.
131 Куфада көп жылдар бойы имам Ағзамның муаззины болған, хадисші ғалым.
132 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 243-бет.
– Ей, мұсылмандардың әміршісі, мен Әбу Ханифаны танығалы бері нәпсісі мен дініне өте сақ екеніне куә болып келемін. Егер біреу жайлы айтар болса, тек жақсы жағын қозғайтын». Мұны естіген Харун әр-Рашид: «Бұл ізгі адамдардың бойынан табылатын қасиет» деп сүйсінген екен133.
Күндердің бірінде бір кісі Әбу Ханифаға келіп «Әй, бидғатшы, зындық» деп дүрсе қоя берді. Әбу Ханифа сол адамға қарап:
– Алла сені кешірсін. Менің бидғатшы да, зындық та емес екенім бір Аллаға аян. Өйткені, мен Алла Тағаланы танығалы бір сәт болса да онымен байланысымды үзген емеспін. Тек қана Алланың кешірімін тілеймін. Тек қана содан қорқамын» деді де, көзіне жас алды. Кіршіксіз көңілден бастау алған мына сөздерден кейін әлгі адам қатесін түсініп, кешірім сұрады. Сонда Әбу Ханифаның айтқаны мынау еді:
– Надандардың мен туралы білмей айтқан барлық сөздерін кешірдім. Ал ілім иелерінің қайсысы болса да, жоқ нәрсені маған таңып жала жапса, олардың күні қараң болсын. Өйткені, ғалымдардың ғайбаты артынан өшпес із қалдырады134.
Мұхаммед ибн Мулиһ ибн Уакиғ Иазид ибн Кумайттың былай дегенін айтады: «Бір адам Әбу Ханифаға тіл тигізіп, ол туралы жағымсыз сөздер айтып
«Әй, кәпір, дінсіз!» дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Алла сені кешірсін, сен айтқандай емес екенімді Алла біледі» деп сыпайы жауаппен ғана шектелді».
Ахмет ибн Мансұрдан естігенін Абдур Раззақ былай деп әңгімелейді: «Әбу Ханифа өте жұмсақ мінезді адам еді. Бірде мешітте бірге отырған едік. Бір адам келіп әлдебір мәселе жайында Әбу Ханифадан пәтуа сұрайды. Әбу Ханифа оған түсіндіріп береді. Сонда әлгі адам: «Хасан Басри былай деген еді» деп, Хасан Басридің көзқарасын айта жөнеледі. Сонда Әбу Ханифа: «Хасан Басри бұл жерде қателесті» дейді. Осы оқиғадан кейін көп өтпей Әбу Ханифаға бір адам келіп:
«Әй, пәленшенің баласы, Хасан қателесті деп жүрген сен бе?» деп ай-шайға қарамай айқайға басады. Сонда Әбу Ханифа сабырлы қалпын сақтай отырып
«Хасан Басри қателесті, ал Ибн Мәсғуд дөп басты» деп әлгі кісінің сұрап келген мәселесін дәлелдерімен, тәптіштеп түсіндіріп береді. Иә, Әбу Ханифа көзі өткір зергердей ғалымдардың көзқарастарын салыстыра отырып, дұрыс шешім қабылдай алатын, талғамы биік, тағлымы мол ғалым еді.
Тығырыққа тірелмейтін
Пайғамбар ұрпақтарына деген сүйіспеншілігі мен жақындығына байланысты Халифа Мансұр Әбу Ханифаның басқан-тұрғанын аңдып, ізіне адам салатын. Халифаның айналасындағылар да оған тісін қайрап жүретін. Бірақ, ақиқаттың ақ жолынан жаза баспайтын Әбу Ханифаның істеген ісінен кемшілік, бойынан мін таппай жүретін. Әлгі тіс қайрап жүргендер халифа мен арадағы қайшылығын пайдаланып, халифаның алдында сүріндіруге тырысса да оларынан ешнәрсе шықпайтын. Бір күні Халифа Мансур Әбу Ханифаның шақырады. Әбу Ханифаны аяғынан шалғысы келетіндердің бірі халифаның қабылдау ісіне жауапты Рабиғ деген адам сөз арасында:
– Мүміндердің әміршісі! Айтарым бар еді. Әбу Ханифа сіздің атаңыздың сөзін жоққа шығарады. Абдулла ибн Аббас (Аббаси әулетінен): «Бір мәселеге байланысты ант етіп, бір немесе екі күн ішінде бір нәрсені антының ішінен ерекшелеп алуына болады», – деген. Ал, Әбу Ханифа ондай ерекшелеу ант кезінде айтылса ғана ескеріледі дейді. Сонда Әбу Ханифа:
133 әз-Зәхәби, Манақибу ибн Әби Ханифа, 17-б.
134 Мекки, Хайратул-хисан, 40-б., Әбу Захра, 53-б.
– Уа, мүминдердің әміршісі! Рабиғ бұл сөзімен сіздің билігіңізді қабылдап ант еткен сарбаздарыңыздың антын жарамсыз деп есептеуде, – деді.
– Ол қалай болғаны?
– Өйткені сіздің көзіңізше ант қабылдайды, үйіне қайтып барғаннан кейін мен ант еттім бірақ халифаның билігін мойындамаймын деп анттарын бұзуына болады деген сөз. Мансұр күліп: – Рабиғ, есіңді жи! Әбу Ханифаға тисуші болма!
– деді. Халифа шығып кеткеннен кейін, Рабиғ терең күрсініп Әбу Ханифаға:
– Менің қанымды төгуге шақ қалдың ғой! – деді. Әбу Ханифа: – жоқ ондай ниетім болған жоқ. Керісінше, сен менің қанымды төккің келді. Мен сені күнәдан, өзімді өлімнен сақтадым, – деп жауап берді.135
Хатиб әл-Бағдади өз еңбегінде тағы бір қызықты оқиғаны келтірген. Әбу Аббас ат-Тусидың Әбу Ханифамен тіл табыса алмай жүрген кезі болатын. Халифаның алдына келеген бір күні ішіней «бүгін тұзаққа оңбай түсерсің» деді де топ ішінде Әбу Ханифаға қарап:
Әбу Ханифа, мынаны айтшы, мүминдердің әміршісі арамыздағы бірімізге бір адамдардың басын алуды бұйырады. Ол адам себебін білмесе, әлгі ададардың басын алуына бола ма? – деп сұрайды. Әбу Ханифа ойланбай-ақ:
– Мүминдердің әміршісі әділдікпен бұйырық бере ме, әділетсіз бұйырық бере ме? – деп сұрайды. Ат-Туси шарасыз:
– Әділдікке бұйырады, – деді. Әбу Ханифа: олай болса, әділдікті жүзеге асырған болады. Оның несін сұрайсың? – деп жауап береді де жанындағы кісіге: ол мені торға түсіргісі келді, бірақ мен оны жіпсіз байлап қойдым, – деді136. Ол осылайша көре алмайтын, патшаға жағымпазданып өзін орға жыққысы келгендердің ойын ашып салатын.
Бір күні имам Ағзам таң намазынан кейін көптеген мәселені қарастырып, оның жауаптарын айтып отыр еді. Бір кісі тұрып: «Мына уақыт Алланы зікір ететін, қайырлы сөз айтатын уақыт емес пе еді?» – деп сынай сұрақ қойды. Сонда имам: «Мынау халал, мынау харам деп діни үкімдерді айтудан артық қандай қайырлы сөз болады? Алла Тағаланы ұлықтау жолын түсіндіріп, адамдарды күнәлі істерден сақ болуға шақырудамыз. Бұл Алланы зікір етуге жатпай ма? Қоржынында азығы қалмаған елсіз жердегі жолаушының аман қалмайтыны секілді, ілімі жоқ құлшылық иесі де еңбегінің жемісін көре алмайды», – деген екен137.
Шәкіртті қабылдауы мен қоштасуы
Юсуф ибн Халид ас-Самғани өзінің имам Ағзамға шәкірт болып келген кезін былай еске алады: «Басрадағы ең фақиһ деп есептелетін Осман әл-Бәттиден дәріс алып жүретінмін. Ол Хусейн әл-Мұғтазили мен Ибн Сириннің мәзһабын ұстанатын. Куфаға барып ғалымдармен жүздесіп, пікір алмасып қайту үшін рұқсат сұрадым. Куфаға келгенде хадис саласында танымал ғалым деп Сүлеймен әл-Ағмашты көрсетті. Кейбір хадистерге байланысты ойымда жүрген біршама сұрақтар бар еді. Мұхаддис дегендердің өзінен сұрақтарыма ешкім жауап бере алмады. Мұны мен әл-Ағмаштың мәжілісінде отырғанда айтқан едім. Сөзімді әл- Ағмаш естіп мені шақыртыпты. Ағмаштың алдына бардым, ол: «Сіз, Басраның ғалымдары Куфалық ғалымдарға қарағанда әлде қайда білімді деп ойлап қалған сияқтысыз. Әсте олай емес. Біз білетін Басрадан көбінесе түс жоруға шебер,
135 ӘбуЗаһра. Әбу Ханифа, 60-бет. 136 Әбу Заһра, Әбу Ханифа, 60-бет. 137 Мауаһиб ар-рахман, 251-бет.
аңыз-әңгіме мен әдебиет майталмандары мен ірі саудагерлер көп шығады. Аллаға ант ете айтайын, Куфада басқа ғалым көп болмағанымен, бір өзі бәріне татитындай бір араб емес ғалым бар. Оның беретін ілімін Хасан әл-Мұғтазили мен Ибн Сирин де, Қатада мен Осман әл-Бәтти де білмейді», – деп қатуланғанда қолындағы аса таяғымен ұрып жіберер ме екен деп қымсынып отырдым. Ол мені нұсқап жанындағыларға: «Құдай үшін мынаны Нұғманның мәжілісіне апарыңдар. Нұғманның енді білім ала бастаған шәкірттерінің өзі әлем халқының сұрағына жауап бере алатынын өз көзімен көрсін», – деп зілденген сөзін естігенде, жүрегімде жаза бастым-ау деген қорқыныш сезім пайда болды. Бұл үрейім тек Аллаға ғана мәлім еді. Бір шәкіртімен бірге мешіттен шықтық. Ол маған: «Менің сізбен бірге имам Ағзамның отырған жеріне бара алмайтындай бір тығыз шаруам болып тұр, сұрай-сұрай тауып аларсыз», – деп жол көрсетіп жіберді. Мен сұрастыра жүріп аталған жерге де жақындап қалған болатынмын. Екінті намазының уақыты болып қалған кез, алдымнан келбеті келіскен, жарасымды киінген жанында өзіне ұқсайтын жас жігіт бар бір кісі алдымнан шыға келді. Маған сәлемдесті де, мұнараға шығып азан шақырды. Бұл кісінің имам Ағзам Әбу Ханифа екендігін бірден ішім сезді. Мұнарадан түскеннен кейін екі ракағат намаз оқыды. Намаз оқуы Хасан Басри мен Ибн Сириннің намаз оқығанына ұқсайды екен. Шәкірттері жиналғанда қамат түсіріліп, имам дыққа шықты. Имам дығы да Басра имам ына ұқсас. Намаз біткенде жамағатқа қарай бұрылып отырды. Намаздан кейін шәкірттерінің жағдайын бір-бірлеп сұрай бастады. Кезек маған келгенде ол: «Сен Басрадан келген бейтаныс қонақ екенің анық. Біздің қатарымызға қосылуға бел буып келіп отырған секілдісің, солай ма?», – деді. Мен: «Иә, дәл солай», – дедім. Менің аты-жөнімді, ата-тегімді, жөн-жағдайымды, туған жерім мен өскен ортам, қазіргі тұрып жатқан жерім туралы және айналысатын жұмыс-шаруам мен тұрмыстық жағдайыма дейін бәрін түгел сұрады. Мен сұрақтарына тегіс жауап бердім. Ол тағы: «Әл-Баттидың мәжілісінде болдың ба?» – деп сұрады. Мен оның мәжілісіне қатысқанымды айтып едім, ол:
«Әл-Батти менің алдыма келсе, көптеген көзқарастарынан бас тартар еді…
Көкейіңде не болса тартынбай бәрін айта бер. Бойыңда біраз өгейсу бар сияқты. Алдымен шәкірттерімнен бастап жақын аралас», – деді. Ал мен имам нан шешімін таба алмай жүрген сұрақтарымды сұрап, толық жауабын алдым. Осыдан кейін ақшам намазын оқыдық. Ақшамнан кейін олар құптанға дейінгі уақытты намаз оқумен және зікір-тәсбихпен өткізді. Құптан намазы да оқылды, парызынан кейін орнынан жылжып тағы екі ракағат нәпіл намаз оқығаны да назарымды аударды. Намаздан кейін далаға шығып бара жатыр едім, жанасалап келіп білегімнен ұстап тұрып: «Қай жерде тұрып жатырсың?» – деп сұрады. Мен тұрып жатқан жерімді айтып едім: «Ол жерден шығып, менің үйіме жақын жердегі тұрғындар жайына орналас. (Шәкірттеріне қарап) Тұрып жатқан жеріне бірге барыңдар. Жағдайын біліп көмектесіңдер. Бір күні біреуің, екінші күні басқа біреуің жанында болыңдар. Көршілерімен таныстырып, мен айтқан үй-жайға орналастырыңдар»,
– деп тапсырды да, бізбен қоштасып үйіне қарай беттеді. Әлгі шәкірттері менімен бірге тұрып жатқан үйіме дейін келіп, имам ның айтқандарын түгел орындады. Келесі күні кітаптарым мен керек-жарақтарымды көтерісіп, имам ның көрсеткен үйіне әкеліп орналастырды. Алғаш келген күні екінті уақытында жанынан көрген жас жігітім ұлы Хаммад екен. Ол маған бір дорба дирһам мен киім-кешек, азық- түлік әкеліпті. Хаммад үнемі осылай менің және шәкірттердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, қызмет ететін. Имам дүйсенбі, бейсенбі және жұма түндері ақшам мен құптан және таң намаздарын мешітте оқитын. Оның ерекше
қасиеттерінің бірі таң намазынан кейін түске жақындағанға дейін дәріс оқитын. Одан кейін екінтіге дейін үйінде, екінтіден кейін мешітте сабақ беретін. Бесін намазын асықтыра оқытып, құптан намазын кешіктіріңкіресе, таң намазын да әбден жерге жарық түскенде оқитын. Сенбі күні сабақ бермейтін. Өзінің жеке жұмыстарымен айналысатын. Ол күні базарға да шықпайтын. Базарға барған күндері көп отырмайтын, сәскеден бесінге дейін ғана отыратын. Әр жұмада шәкірттерін үйіне шақырып дастархан жайып қонақ қылатын. Бізге жеміс- жидектің түр-түрін әкелетін. Бізбен бірге тамақтанбайтын, тек бірге сусын ішетін. Ол: «Менен қысылып, тартынбаңдар мен бөлек отырып тамақтанайын», – дейтін. Имам ның алдында дәріс алып жүрген барлық шәкіртімен жақын дос болдым. Олар қайтыс болғаннан кейін олардың балалары да достарымадай болып кетті. Осылайша уақыт сырғып өте берді. Бір күні Басраға қайту үшін имам нан рұқсат сұрадым. Имам маған: «Саған уақыт тауып айтатын сөзім бар. соны сабырлықпен тыңдап ал. Қоғамда жоғарғы және төменгі таптағы халықтың бәрімен бірдей жақсы қарым-қатынаста бол! Ілім иелерін жете бағалап, нәпсіңді тәрбиеле. Өйткені, халықпен санаспасаң, әкең мен шешең болса да теріс айналады. Саған айтар тағы біраз сөзім бар. Тағы екі күн сабыр ете тұр», – деді. Екі күн өткеннен кейін мені оңаша шақырып алып ақыл-кеңесін айтты: «Басраға барғаннан кейін Басра ғалымдарымен пікірталасып, өзіңе абырой жинайсың. Ешкімнің ісінде шаруаң болмай, өз алдыңда бір бағыт ұстайсың. Ешкіммен сұхбаттаспай, бәрін тастап қоясың, олар да сені ысыра бастайды. Олардың қателігін аяусыз беттеріне басасың, олар да сені сынына алады. Аямай сынаудың ұяты бізге тигенде, ол жерден қашып басқа қалаға кету керек болады. Егер осылай болатын болса, қателесесің. Өйткені, көркем мінезділік көрсете алмаған адам ақымақ. Басраға барғанда сені халық күтіп алып, саған амандасып келетін болады. Сенің қаншалықты дәрежеде ілім алғаныңды бағалайтын болады. Сен де олардың ішіндегі атақ-даңқы барларын жақсы қарсы алып, ғалымдарына құрмет көрсет. Жасы үлкендерді құрметпен күтіп ал, адамдардың бәріне жақсылық жасап, сыпайы бол. Саудагер-көпестермен ынтымағың жақсы болсын, салихалы тұлғалармен көбірек жүздесіп тұр. Ешкімді кемсітіп, кінә артпа. Сыр сақтай біл. Танымайтын адамның сөзіне сенбе. Арнайы шақыруларға барма. Жан рахатын ойлайтын, ойын-сауыққа құмар адамдармен бірге отырма. Сыйлық беруші туысқаның болса да орынсыз қабылдама. Жылы шырайлы сабырлы болуға тырысып, жайлы мінезді болуды әдетке айналдыр. Өзіңнің жеке қажеттіліктеріңе уақыт шығарып отыр. Отбасыңның жағдайын сұрап, оларға әдепті болуды үйрет. Өзіңдікін жөн санап, үнемі жазғырып сөге бермей, жұмсақтық танытып, жақсы сөз сөйле. Үздіксіз намаз оқы. Бала-шағаңның ырыздығын мол ұста. Бір кісіні халық арасындағы сен туралы пікірді біліп, хабарлап тұруға тағайындап қой. Хабаршы саған көреалмаушылық туралы хабар жеткізсе, дереу жағдайды ретте. Мақтаулы хабар алып келсе, сен де қарымтасын қайтарып жақсылық жасап отырасың. Саған жамандық жасағандарға кешіріммен қара. Жақсылыққа үндеп, жамандыққа тосқауыл бола біл. Пайдасыз істерден қашық бол. Мұсылмандардың ақыларын беруге асық бол. Шынайы достарың мен науқастарының көңілін өзің барып сұра. Таспен ұрғанды аспен ұр. Қуанышқа қауышқандарды құттықтап, басына іс түскендерге басу айтып, қайғысын бөліс. Сенен көмек сұраған әр адамға шама-шарқың жеткенше қол ұшын бер. Халыққа деген сүйіспеншілігіңді білдіруге күш сал. Кімге де аман-сәлемің түзу болсын. Ғұламалармен бір кеңесте немесе бір мешітте бас қоссаң, бірден оларға қарсы сөйлеме. Тек «бұл мәселеде мынадай да көзқарас бар, өйткені дәлелі мынау» деумен шектел. Сөз қадірін білсе
саған жүгінетін болады. Айналаңа жиналғандарға өздеріне лайықты ілім үйретуге тырысып бақ. Ілімге және өзіңе құрмет көрсетуі үшін шәкірттеріңнің көңілін жадырататын сөздерді айтып, серпілтіп отыр. Кейде оларды қонаққа шақырып, шамаң келгенше қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Кейбір қателіктеріне көзжұма қара. Уайымыңды көп айта берме. Өзіңді солардың бірімін деп сана. Өзіңе нені тілесең, халқыңа да соны тіле. Ешкімге үстемдік жасап, ешкіммен жанжалдаспа. Саған зұлымдық жасап, қиянат етсе де сен ол адамға зұлымдық жасап, қиянат көрсетпе. Садақа беруде кейінге қалма. Әрдайым тақуалықтан тайма. Адамдардың жағдайына қарай мәміле жаса! Менің осы айтқандарымды орындасаң, сау-саламат боласың. Сенімен қоштасу маған оңай тиіп тұрған жоқ. Сенің ой-түйсігіңе разы болған едім. Жиі хат жазып хабарласып тұр. Бір қажеттілік туындап жатса маған хабарлас». Ол сөзін осылай қимастықпен аяқтап, маған біраз динар мен киім-кешек сыйлап, шәкірттерімен бірге атпен Фрат өзнінің бойына дейін шығарып салды. Ослыйша имам Ағзам және шәкірттерімен қош айтыстым.
Басраға келгенде имам ның айтқандарын есімнен шығармай орындап
отырдым. Көп уақыт өтпей жатып, бүкіл басралықтар менімен дос болып, бәрі менің мәжілісіме жиналды. Басқа ағымдардың мәжілістері өздігінен ығысып, жоқ болды. Имам Ағзамның мәзһабы Куфада етек жайғаны секілді, Басрада да кеңінен тарады. Хасан Басри мен Ибн Сириннің мәзһабтары осы мәзһабқа сіңіп кетті. Имам Ағзам қайтыс болғанға дейін хат-хабар мен сыйлық жолдауын тоқтатқан жоқ. Міне, Алла Тағала бізге осындай салихалы, ғұмыры ғибратқа толы ұстаз нәсіп еткен. Алла Тағала оның рухын шаттыққа бөлеп, жүзін жарқын етсін!»138
Әділдігі
Бір күні Халифа Әбу Ханифаны шақырып алып: «Бостандықтағы ер адамға неше әйел алуға рұқсат бар?» – деп сұрады. Ол: «Төртке дейін», – деді. Халифа әйеліне: «Әй, әйел алуыма қалай қарайсың?» – деп айқай салды. Сонда Әбу Ханифа ашығын айтып: «Ей, мүминдердің әміршісі! Саған тек біреуге ғана рұқсат етіледі», – деді. Халифа қатулана: «Жаңа ғана төртеу деген жоқсың ба?»
– деді. Әбу Ханифа: «Ей, мүминдердің әміршісі! Алла Тағала: «Әйелдерден екі, үш немесе төртеуге дейін некелесіңіздер, бірақ әділетті болудан қорқатын болсаңдар, біреуі де жетеді»,– деген.139 Сенің әйеліңе айтқан сөзіңнен-ақ әділетті бола алмайтындығыңды байқадым. Сондықтан біреуге ғана рұқсат етілетіндігін айттым», – деді. Әбу Ханифа кеткеннен кейін ханның әйелі оған мың дирһам жолдады. Оны мақтап, рахметін айтып хабаршы жіберді. Әбу Ханифа ол ақшаны қабылдамай қайтарып жіберді. Шабарман арқылы халифаның әйеліне: «Мен сен үшін айтқан жоқпын. Алла ризалығы үшін айттым. Менің сыйымды Алла берер»,
– деп айтуды тапсырды.140
Халифа имам Ағзамның пәтуә беруіне бір уақыттары тыйым салды. Бір күні баласы Хаммад бір мәселенің пәтуасын сұрайды. Имам жауап бермейді. Сонда Хаммад: «Халифа тыйым салды деп маған да жауап бермейсіз бе? Біз ешкім естімейтін оңашада отырмыз ғой», – дейді. Сонда имам : «Халифа мен тыйым салғаннан кейін пәтуа бердің бе деп сұраса, өтірік айтайын ба?» – деді.
138 Хафизуддин әл-Баззази әл-Кердери, «Манақиб имам Ағзам Әбу Ханифа», қолжазба 97-101 бет. «Millet genel kütüphanesi» қолжазба қоры, Carullah № 1630 139 Ниса сүресі, 3-аят.
140 Кердерлік Ханафи ғұлама, 88-бет.
Бұл оқиғаны Надр ибн Мұхаммед жеткізген.141 имам Ағзам осы ісі арқылы бір жағынан отбасындағы бала тәрбиесін көрсетсе, екінші жағынан отбасылық істерде болсын басшыға бағынудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе керек.
Халид ибн Абдулла әл-Қасридың Умауилер тарапынан Куфаға әкім болып тағайындалған кезі болатын. Шаһардың жаңа уәлиі жұма күні уақытын кітап оқумен өткізді. Ол осы қағазға үңіліп отырғанда екінті намазының уақты шығуға да таяп қалған еді. Бір кісінің «Намазға! Намазға!» деген дауысы естілді. Халид:
«Бұл дауыстаған кім?» – деп еді біреулер «Нұғман» деп жауап берді. Халид: «Оны ұстап алып келіңдер» деп бұйрық берді. (Бұл саяси биліктегі алмағайып кезең болатын. Билік басына қарсы топтың өкілі деп ойласа керек) Алдына келгенде оған: «Не себепті бұлай дауыстадың», – деді. Имам Ағзам: «Намазды күттіріп қоюға болмайды. Әрі Алла Тағала Құранда: « » –
«Намазды доғарып, нәпсісіне ерді», – деген емес пе? Басқаларға қарағанда Құранға
сіз бірінші болып ұюға тиістісіз», – деді. Халид: «Құдай үшін айтшы, шынымен намазды ойладың ба?» – деп сұрап еді, имам : «Әрине», – деп жауап берді. Жауабына мойынсал болған уәли имам ды босатты. Имам Ағзамның шәкірттері бұл жағдайды былай түсіндіреді: негізінде ғылым мен билік тұрғысынан өзінен мәртебесі жоғары адамға кез-келген адамның «намаз уақыты болды» деп ескертуі орынсыз. Әрине, бұл намаздың уақыты әлі бар болған жағдайда. Ал, намаз уақыты өтіп бара жатса, намаз оқуды ескертуі әбден орынды. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақшам намазының уақытында Арафаттан түсіп келе жатқанда, Усаманың (Алла одан разы болсын) «Намазға! Намазға!» деп дауыстағанын естіп: «Намаз уақыты әлі болған жоқ», – деді. Бірақ, оның бұл ісін айыптамаған болатын.142