Тәубеге кел
Тағы бір жолы мынадай бір оқиға орын алған екен. Харижиттер Сыффин оқиғасында әзірет Али мен Мұғауия (екеуіне де Алла разы болғай) арасындағы келіспеушілікке қатысты қазының берген пәтуасымен келіспейді. Ал қазының шешімін қабылдаған екі жақты да үлкен күнә істеді деп санайтын. Омеядтар заманында бас көтерген харижит Даххак ибн Қайс Куфа мешітіне шабуыл жасады. Олардың ойынша, харижиттерден басқа үкімге разы болған мұсылмандардың қанын төгу күнә саналмаса керек. Олар Әбу Ханифаның алдына барып «Тәубе ет» дейтін көрінеді. Әбу Ханифа «Не үшін тәубе етуім керек» дейді.
– Не үшіні несі? Али мен Мұғауия арасындағы оқиғаға берілген үкімге разы болғаның үшін.
– Мені өлтіресің бе, әлде менімен айтысасың ба?
– Сенімен айтысамын.
– Ал екеуміздің арамызда кім төрелік етеді?
– Қалаған адамыңды ата, – дейді харижит.
Әбу Ханифа харижиттердің бір адамын шақырып алып айтысқа төрелікке қойды да, қарсыласына қарап:
– Сен осының сөзіне тоқтайсың ба? – деп сұрады. Харижит «иә» деген еді.
Сонда Әбу Ханифа:
– Міне, сен де біз құсап төрелікке разы болып отырсың, – дегенде Даххак аузына құм құйылып, мешіттен шығып кете барған екен404.