Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін»

Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса — ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нәрсе… оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай-ау, Қасымбек менен бұрын тұрып кетіпті.

Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын — ақ нәрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің әр қадамын баққан, сумаңдаған әйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін бір тәуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім Қасымбек әскери адам, аға лейтенант.

Ал әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді. Әрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде Қасымбек менен бұрын тұратын әдет тауып алды. Мен оянып кетіп түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек»,— деп тұрғызбайды.

Бұрын дәл сондай бір әйел жанды мінезі жоқ, кәдімгідей байсалды — ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп әйелінің асты-үстіне түсіп, иіліп — созылып киіміңді әперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын.

Енді қазір тіпті өзгеріп кетті. Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды. «Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын адам жоқ»,— деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге болмайды».

Ондай ауыртпалықты әзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің айтқанына көне салған боп, оған әйелдің жұмысын істетіп қоятын бір жаман әдет тауыппын. Ондай сәттерде, үш айдан бері өлердей сағынып жүрген ел-жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем.

Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *