Перзент тәрбиесі

Перзент тәрбиесі
Жақсы перзент – ата-ана қолындағы аманат. Діл гауһары сияқты сап таза, момақан, әртүрлі өрнектегі жаңалықты қабылдауға құштар, лайық және жерден өнім өндіргендей әр нәрсені үйренуге бейім болады. Әр нәрсенің ұрығын сепсең, оның дақылы егерде ұрықтың асылын тапса, дүниенің де, ақыреттің де шарапатын табады. Ата-анасы ұстаз ретінде оған серік болады. Перзент тәрбиелеп, оған ілім, әдебиет үйрету – жақсы тағлым берумен қатар, жаман сұхбаттан сақтандыру қажет. Барлық жамандық – жаман мінез-құлықты адамдармен сұхбаттас болудан пайда болады. Перзентті тәтті тағам, жақсы киімге үйір қылмаған жөн. Ондайға үйренген перзент бар өмірінде жақсы киім, тәтті тағамды таңдап, босқа уақытын өткізеді. О бастан баланың жан-дүниесін рухани пәктікке тәрбиелеген абзал. Сондықтан баланың тәрбиешісі сыпайы да адал болуы шарт. Сонда ол дәйім жаман қылықтардан аулақ ұсталады. Артық ет – арам сүттен пайда болар, арамдық – бұзықшылық, күнәкәрліктің анасы деуге болады. Мұндай апаттар тағамды тоя жеуден пайда болады. Тамақты аз-аздап жеуді үйреткен жөн. Сонымен қатар тағамды оң қолымен «Бисмилла» деп алып, балдырап сөйлемей, артығымен тоя жемесін. Біреудің алдындағыға көзін тікпей, қолына алғанын жеп болмағанша, басқа кесеге қол ұзатпау, еңсесін асқа қарай түсіріп жібермей, нанды халықтан артық жемеу сияқтылардан көңілін суытқан жөн. Қалыптан артық тоя жеу – хайуандар мен надандардың ісі деп түсіндіру керек. Перзентіңді бейәдеп балаларға үйір қылмай, аулақ ұстап, әдепті балалардан үлгі-өнеге алуды үйрету керек. Тек жібекпен ғана киіндіруден сақтан. Жаман балалармен сұхбаттас болуға тыйым сал. Әрбір баланы жаман, бейбас балалармен бірге жүргізсең, өтірік айтуды үйреніп, жаман жолға түсіп кетуге душар болады.
Егер бала қателессе, екі-үш рет көрмегенсіп, білмегенсіп қоя салғын. Оған жауап беретін дәлелі болмауы да мүмкін. Оқтын-оқтын жаман іске үйір болып әдеттенсе, кемшілігін бетіне басып ұялтқын, түсіндіргін. «Егер бұл ниеттен, бұл бағыттан тез қайтпасаң, адамгершіліктен шығасың да халық арасында масқара боласың» деу қажет. Әкесі өзінің перзентіне сабыр, шыдамдылық пен айбаттылығын өнеге ете білсін. Күндіз ұйықтаудан сақтандырса жақсы болады. Түнде жұмсақ төсекке жатқызуға әдеттенбесе денесі қуатты болып өседі. Әр күні бір сағаттан ойнатып, болмашыға алаңдаушылық, жаман қылық, қара көңілділікке салындырмау қажет. Жас балаларға біреулерден тілеп алу лажы жоқ қайыршының ісі екенін ескертіп, біреуден бір нәрсе дәме қылмауын ескерту керек. Көпшілік арасында ісіп-кеуіп мақтанбасын, отырғанда кісіге арқасын беріп отырмасын. Қолын жерге таянбасын. Лепіріп сөйлеп, сұрамағанға жауап бермесін. Өзінен үлкенді құрметтеп, тілін қылжақы мазақ сөзден сақтай білсін. Әрдайым ыждаһатпен тәрбиеленсе, тасқа қашап жазған жазудай баланың көңілінде өрнектеліп, берік орналасып қалады. Егер әдепсіз, дөң мінезді болса, үйге топырақ шашқандай, бұл сөздер жандүниесіне жайлана алмайды.

Имам Ғаззали

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *