Иман-ислам анықтамасы

Иман-ислам анықтамасы

«әл-Фиқһул-акбарда» және басқа да еңбектерде келтірілген деректерге орай, Әбу Ханифаның қөзқарасында «Иман тілмен айтып, жүрекпен бекітуден тұрады»411. Иман толық саналу үшін бұл айтылғандардың біреуін елеусіз қалдыруға болмайды. Мәселен, құр тілімен ғана кәлима келтіріп, ділімен иланбаған екіжүзділердің және хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шын пайғамбар екендігін біле тұра пайғамбарлығын мойындамаған әхлі-кітапты мүмин деп қабылдау керек еді. Анығында, Құранда ақиқатты мойындамауда табандап тұрып алған екіжүзділер мен әхлі-кітап кәпір ретінде қабылданған412. Бұған қоса, Құранда шындықты тілімен мойындаудың бір өтеуі ретінде, әхлі- кітаптан кейбіреулерінің жаннатпен сүйіншіленгендігінің білдірілуі413 тілмен айтудың иманға қажетті талаптардың бірі екендігін көрсетуде414.
Адамдар мақұлдау-мойындау тұрғысынан 3 дәрежеге бөлінеді: 1. Алла Тағаланы әрі Одан келген нәрселерді һәм тілімен һәм жүрегімен мойындайды;
2. Жүрегімен қабылдап, тілмен айтпайды; 3. Тілімен мойындайды, бірақ жүрегімен бекітпейді. Кім һәм жүрек һәм тілімен мойындаса, ол Алла Тағаланың әрі адамдардың алдында мүмин. Жүрегімен мойындап, тілімен айтпағандар Алланың алдында мүмин, адамдардың алдында кәпір. Бұл кісінің жүрегімен иланғанына қарамастан, тақия жасау арқылы, яғни өзіне келетін зияннан сақтану үшін иманын жасырып, тілімен күпірлікті айту жағдайына қатысты415. Жұрт иманын жасырғандықтан, оны кәпір санағанымен Алланың алдында мүмин болып табылады. Ал тілімен айтып, жүрегімен бекітпегендер мұсылмандардың алдында мумин саналдғанымен, Алла Тағаланың алдында кәпір416.
Әбу Ханифа «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында «Иман жүрекпен бекіту, мағрифат (дәлелмен білу) және оны тілмен айтудан тұрады. Ал Ислам – пенденің Алланы Жаратушы Ие деп танып, тілмен айтуы, Оған терең иманмен илануы. Бұлар сөздік тұрғыдан әр түрлі болғанымен, екеуінің мағынасы бір. Оның мағынасы – иман. Өз кезегінде Ислам «берілу» және Ұлық Алланың бұйрықтарына мойынсұнуды білдіреді»417, – дейді. «әл-Фиқһул-акбарда» сөздік тұрғыдан иман мен Ислам бір-бірінен бөлек дегенімен, имансыз Исламның, ал Исламсыз иманның мәні жоқ. Ал дін – иман, Ислам мен шариғаттардың барлығына берілген ортақ атау418.
Осы мәселені анығырақ түсінуіміз үшін Әбу Ханифаның Жәхм ибн Сафуанмен әңгімесіне зер салайық.
Бірде Жәхм Ибн Сафуан Әбу Ханифаға былай дейді:
– Уа, Әбу Ханифа, сенімен сөйлесетін бір-екі мәселелерім бар еді.

411 Фиқһул-акбар, Хайдарабад, 10-б.
412 «Мұнафиқун» сүресі, 1-аят, «Бақара» сүресі, 146-аят, «Әнғам» сүресі, 20-аят.
413 «Маида» сүресі, 85-аят.
414 Бәззәзи, Манақиб, 2-т., 201-202-б.
415 Бұған Аммар ибн Ясирдің мысалын беруге болады. Өйткені оны мүшріктер қинаған кезде тілімен күпірлікті айтқан болатын. Пайғамбарымыз оның жүрегіндегі иманының беріктігін білгендіктен бетіне басып, сөккен жоқ.
416 Беязизаде, имам ы Азам Ебу Ханифенин итикади гөрүшлери, 119-122-б.
417 Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мұтааллим. 11-б.; Ибн Хазм, әл-Фасл фил-миләл уәл- ахуа уән-нихал (баспаға дайындаған Мұхаммед Ибраһим Наср-Абдуррахман Ұмайра), Жидда 1982, 3-т., 227-б.
418 Фиқһул-акбар, 11-б.

– Уақытымды босқа өткізгім келмейді. Сенімен айтысу өз еркіңмен отқа түсумен тең, – дейді оған Әбу Ханифа. Сонда Жәхм:
– Айтар сөзімді тыңдамастан, неге мен жайлы бұлай үкім бересің? – дейді.
– Сен жайлы небір сөздерді есіттім. Меніңше, мұсылман адам бұлай сөйлемес болар.
– Ел не демейді, жұрттың сырттай мен туралы айтқанына сеніп шешім қабылдауға бола ма екен?
– Сен жайлы айтылғандардың ел ішіне тарағаны сонша, халықтың білімдісі де, білімсізі де түгел естіген. Мен осыған қарап үкім беріп отырмын.
– Уа, Әбу Ханифа, мен сенен көп нәре сұрамаймын, тек иман жайында ғана сұраймын.
– Осы уақытқа дейін иманның не екенін білмеуші ме едің?
– Білуін білдім ғой, бірақ аздаған күмәнім бар.
– Байқа, иманда күмән күпірлік болып саналады.
– Күпірліктің маған қай жақтан келгенін айтуың керек.
– Сұра, айтайын.
– Біреу Алланы біледі. Оның бір екенін, серігі мен теңі болмағанынан хабардар. Сипаттарын таниды. Бірақ, тілімен айтпастан қайтыс болады. Бұл адам мұсылман болып қайтыс болды ма, жоқ әлде кәпір болып қайтыс болды ма?
– Кәпір болды, жүрегімен білген нәрсені тілімен айтпаған адам тозақтық болады.
– Алланы сипатымен біле тұра неге мұсылманға жатпайды?
– Оныңа да жауап берейін. Егер Құранға сенетін болсаң, Құранмен жауап берейін, ал егер Құранға сенбесең, оны дәлел ретінде санамайтын болсаң, мұсылман еместерге бергенімдей жауап берейін.
– Құранға сенемін, оны дәлел ретінде қабылдаймын.
– Олай болса, тыңда. Алла Тағала Кітабында жүректегі иманды тілмен де қатар мойындау қажеттігін мына аяттарда білдірген: «Олар пайғамбарға түсірілгенді тыңдағанда шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: «Уа, Раббымыз! Иман келтірдік, бізді куә болушылардан жаза көр»
– дейді. Аллаға, әрі өзімізге келген шындыққа неге иман келтірмейміз? Өйткені, Раббымыздың игі елдермен бірге етуінен үміт етеміз. Сонда Алла оларға бұл айтқан сөздері үшін астарынан өзен ағатын, сол жерде мәңгі болатын бақшаларды бағыштады. Жақсылықтың бодауы осы»419.
Бұл аятта Алланы тану мен қатар тілдерімен де айтқандықтары үшін адамдардың жаннатқа кіргендіктері айтылған. Жүректерімен сеніп, тілдерімен растап отырғандары үшін мұсылмандардың қатарынан саналған.
Тағы бір жерде Алла Тағала: «Біз Аллаға, бізге түсірілген Құранға, әрі Ибраһим, Исмайл, Ысқақ, Жақып және ұрпақтарына, Мұса мен Исаға берілген нәрселерге, сондай-ақ, Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтірдік. Әрі олардың араларын бөлмейміз және біз Аллаға бойсұнғандарданбыз» деп айтыңдар. Егер олар сендер секілді сенсе, онда рас тура жол табар еді»420 деген.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Лә иләһә иллаллаһ» деп
айтып, екі дүниеде де табысқа жетіңдер» дейді. Олай болса, табысқа жету жолы, тек Алланың сипаттарын танып қана қою емес, осы сөзді айтуда жатыр. Тағы бір хадисінде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ» десе, және жүрегінде де осындай сезім болса, тозақтан құтылады» 419 «Маида» сүресі, 83-84
420 «Әли Имран» сүресі, 84

дейді. Яғни, Алланы таныған тозақтан шығады демейді, тілмен айтқан шығады дейді.
Егер тілмен айту керегі жоқ болып, тек Алланы танып білу жеткілікті болғанда, тілімен Алланы жоққа шығарғандар мен Аллаға қарсы шыққандар жүрегімен Алланы танығаны үшін мұсылман болып саналар еді. Тіпті, Ібіліс шайтан да мұсылмандар қатарынан саналар еді. Өйткені, ол Алланың жаратушы, жан алушы, қайта жан беруші Раббысы екенін жақсы білетін. «Мені оттан жаратқансың, ал оны (адамды) балшықтан жараттың» деп оның жаратушы екенін мойындаған.
Кәпірлер Алланы танығанымен, тілдерімен Оны жоққа шығарды, міне, сондықтан олар мұсылман болып саналмайды.
Бұл жайлы Алла Тағала: «Нәпсілері бұларды мойындағандарына қарамастан, оны мойындамады»421 деген.
Алла Тағаланы танығандарына қарамастан, тілдерімен оны мойындамағандықтарынан оларды мұсылмандардан санамаған. Және Алла Тағала былай дейді: «Олар Алланың бергендерін біледі, сонда да мойындамайды. Олардың көпшілігі кәпірлер»422.
«Айт: Жер мен көкте рызық беруші кім? Есту мен көруге кім ие? Өліден тіріні, тіріден өліні шығарушы кім? Барлық істі жүргізуші кім? Күмәнсіз олар «Алла» дейді»423.
Мойындамағандықтан олардың танып білгендері өздеріне пайда бермейді.
«Өз ұлдарын қалай таныған болса, оны да тап солай таниды»424.
Бірақ, Алланы мойындамағандықтан, олардың Алланы танып білгендіктері ешқандай пайда бермеді.
Бұларды тыңдап ұғып алған Жәхм: «Маған көп нәрсе түсіндірдің, кейін саған тағы да келіп көкейімдегі сауалдарымды қоямын»,– дейді425.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *