Иманның артып-кемуі
Иманның артып-кемімейтіндігін, сенген адамның «Шынайы мүминмін» деуі керектігін, бүкіл мүминдердегі иманның бір-біріне ұқсас екенін айтқандығы үшін, Әбу Ханифа сәләф ақидасын ұстанатын хадис ғалымдары тарапынан қатты сынға ұшыраған. Тіпті, кейбір деректерде «Әбу Ханифа Ибн Әбу Ләйлә, Суфиян әс-Сәури т.б. секілді ғалымдар тарапынан екі рет күпірден тәуба етуге шақырылған-мыс», «Бидғатшы болғандықтан, оның пікірлеріне құлақ асу жөн емес» деген секілді риуаяттарға да орын берілген. Оны кейде жахмияға, кейде мүржияға тән әрекетке барды деп айыптаған.
Әбу Ханифаның кейбір сөздеріне қарағанда, жүрекпен қабылдау иманның негізгі талабы болғандықтан, иманның артып-кемуі турасында сөз қозғаудың өзі ақылға сыймайды. Негізінен, иманның артып-кемуі таза теориялық мәселе. Өйткені, имам Әбу Ханифа пайғамбарлар мен періштелерді де қосқанда мүминдердің иманы бір-біріне ұқсас деумен қатар араларында айырмашылық бар екенін де атап көрсетеді. Осыған байланысты «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында өз ойларын: «Иман амалдан бөлек болғандықтан артып-кемімейді.
421 «Нәхіл» сүресі, 14-аят 422 «Нәхіл» сүресі, 83-аят 423 «Юнус» сүресі, 31
424 «Бақара» сүресі, 146
425 Мекки, Манақиб, 1-т., 145-148-б.
Олай болса, біздің иманымыз періштелер мен пайғамбарлардың иманымен бірдей. Өйткені, біз Алла Тағаланың жалғыз даралығын, Оның Жаратушылығын, құдыретін, Оның жіберген барлық үкімдерін періштелер мен пайғамбарлардың бізге айтып, растағанындай растаймыз. Сондықтан, иманымыздың періштелер мен пайғамбарлардікіндей екенін айта аламыз. Өйткені, біз періштелер мен пайғамбарлардың көзбен көріп, иман келтірген, Алла Тағаланың ақылмен танып-білу қиын ақиқаттарын көрмесек те, толықтай иман келтіреміз. Бірақ, мына негіздерге орай бізге қарағанда олар Алладан тереңірек қорқып, көбірек мойынсұнады:
1. Олар пайғамбарлық сипаттарымен өзгелерден артық болғаны секілді, Алладан қорқу, Оны сүю және басқа да асыл қасиеттер тұрғысынан өзгелерден артық ерік-жігер танытқан;
2. Олар біз көрмеген, адам санасы мен періштелерді де таңқалдырған кереметтерді көрген;
3. Олар жамандық жасағандардың басына келген жазаның түрлерін өз көзімен көрді. Осы жайт оларды күналардан барынша алшақтатады. Алайда, имандары мен құлшылықтарының сауабы тұрғысынан бізден артық…» деп түйіндеген426.