Имам Ағзамның өміріндегі Құранның орны
Имам Ағзам Әбу Ханифа жастайынан Құран кәрімді жатқа білген. Құран кәрімге деген ықыласы терең болған. Оның өмірбаяны жайлы жазылған кітаптарда өмірінде 7000 мәрте Құранды аударып хатым еткендігі жазылады226. Ахмет Ибн Юнус былай естігендігін айтады: «Әбу Ханифамен бірге оның мешітінде құптан намазын оқыдым. Жамағат тарқады. Ол мешіттің ішінде қалғанымды байқамады. Ел тарады-ау деген уақытта мен оған өзімді толғандырған сауалымды қоймақ болып оқталып едім, Әбу Ханифа намаз оқи бастады. «Алла бізге жақсылық жасап, жалындаған тозақ отынан сақтады»227 аятына дейін оқыды. Мен намазын тәмамдайтын шығар деп ойлаған едім. Бірақ, ол бұл аятты қайта-қайта оқыды. Осылайша, таңғы намаздың уақыты кіріп, азан шақырылғанша намазда тұрды»228, – дейді.
Харижа ибн Мұсғаб Құранды бір рәкәтта толығымен оқып бітетін төрт имам бар, олар: Осман ибн Аффан, Тәмим әд-Дари, Саид ибн Жубәйр және имам Ағзам Әбу Ханифа …»229 деген.
Имам Әбу Юсуфтың айтуы бойынша имам Ағзам Әбу Ханифа жалғыз ұлы Хаммад алғаш Құран үйреніп, «Фатиха» сүресін жаттағанда оның ұстазына бес жүз мың дирһам жібереді. Ұстазы: «Мұншалықты көп ақша жіберетіндей қызмет көрсеткен жоқ едім ғой», – дегенде, имам Ағзам: «Ұлыма үйреткен Құранды аз нәрсе деп ойлайсыз ба? Қазірше жанымда бары осы болды. Әйтпесе, Құран Кәрімнің құрметіне бұдан да көп берер едім», – деген екен.230
Міне, сондықтан болар Әбу Ханифа өз сөзінде: «Шариғаттың негізі – Құран мен сүннет. Бұл екеуінен ауытқуға болмайды», – деген231.