Діл қалауы (Діл сезімі)
Жоғардағы айтылған сөздерден біліп алдың, ғазап және шаһуатты – жемек және ішпек, денені сақтамақ үшін жаратыпты. Солай болса, ғазап пен шаһуат дененің қызметкері болар. Дене – жоғарыда айтылған бес сезімді көтеру үшін жаралыпты. Сонда дене сезімдердің қызметкері болмақ және оның қалауы, уәзір-ақылға тыңшы болмақ үшін жаратылыпты. Анығында, ақыл сезімдер жәрдемімен Хақ тағаланың ғажайып сирек кездесетін құдіреттерін білер. Қалау сезімінің өзі ақылдың қызметкері болар, ақылды діл үшін жаратыпты, ақыл – ділдің шамшырағы болар. Сондықтан да ол шам нұрымен Әзіреті пәруердігердің нұрлы жамалын іздейді, ол – жамалы кемелденген падиша ділдің жәнаттында болар. Сондықтан да ақыл – ділдің қызметкері болар.
Ділді Әзіреті Хақ нұрлы Алла тағала кемел жамалын іздеу үшін жаратыпты. Сәті түсіп сол кемел жамал нәсіп болса, Хақ тағаланың қызметкері және пендесі екендігіне лайықты болғаны. Сондықтан, Алла тағала, Ва-з-зорият сүресінің 56-аятында: «Мен жын-періні және адамдарды мені тану және ғибадат қылу үшін жараттым» депті. Олай болса, падиша ділді сый етіп, оған мемлекет пен сарбазын сеніп тапсырыпты, дене дейтін мінетін көлігін де беріпті. Бұл мінетін көлік сарбазы, көмекшілерімен бірге ғалам топырағынан биіктің ең биігіне сапар қылар. Бұл жердегі несібе, ризықтарын тауысу үшін және пенделік шартын орнына келтірмекті қаласа діл падишаның басшысы мемлекет басында отырар. Хақ тағала жамалын көруді мақсат қылар. Ақыретті отан тұрағы – денені мінетін көлік етіп, дүниені шолақ деп түсінер. Ақылды – уәзір, қол-аяқ, басқа мүшелерді – қызметкер және шаһуатты – ақылдың көмекшісі қылғай. Ғазапты – падиша қалауының тыңшысы етіп, бұлардың әрбірін бір іске жегіп, ғалам хабарларын біліп отырғай.
Қиял-қуатының көмейін толтырарлықтай қазынамен қамтамасыз еткен жөн. Өйткені хат-хабарларды қиял жүзеге асырып, оны сақтап, өз уақытында уәзір-ақылға арыз етер. Уәзір-ақыл бұлардан хабардар болып, райына қарай мемлекет ісін жайғастырып орнына қойып, падиша ділдің сапарының керек-жарағын дайындап берер.
Кейде бұл сарбаздардың бірі, мысалы шаһуат ләззәті, ашу-ғазәбы, бұдан басқасы да падиша ділге жақын болғансып ділдің бағытынан жүз үйіріп қарақшылық жасаса, уәзір-ақыл бұлардың амалын тауып, керекті жағдайда күрес жүргізіп, жеңіп, есебін тауып жөнге салғай. Оларды өлтірмегені мақұл, өлтірсе мемлекет ісі бұларсыз ойдағыдай орындалмас, бәлкім бұларды тағат ибадатқа мойын ұсындырып, мәртебеге жеткізгені жөн. Өйткені, олар сапар шебінің алдында жүреді. Қанша қас, жолтосар қарақшылар болса да, падиша ділге дос-жаран, жолдас болады. Егер де уақытты сәтімен бұл сипатта дос-жаран болса, бақыттылық нышаны мен үлесіне ие болғаны. Егер олай болмаған жағдайда ана мен мынаның шылауында кетіп қаскөй дұшпан, қарақшылар қармағына түссе, бақытқа қолы жете алмас және оның жазаларын тартып қиыншылықтарын көрер. Ғалам иесі – Алла!
Имам Ғаззали