Әр түрлі сүннеттер
1. Науқас адамды зиярат ету. Науқас адамды зиярат ету арқылы сіз сүннетке сай амал ете отырып, сырқат адамның жабырқау көңіліне демеу боласыз. Зиярат етіп баруға шамаңыз келмесе де, хабарласып, хал-жағдайын сұрап, қолдан келер көмегіңізді ұсынғаныңыз абзал болмақ.
2. Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу. Көршіңіз мұсылман болмаса да, оны асқа шақырып, тәтті дәміңізден ауыз тидіріп, құрметңізді көрсете біліңіз. Ислам дініндегі ілтипаттылықтың маңызын сезінсін.
3. Кедей-кепшіктер мен мұқтаж жандарға қамқор болу. Бүгінгі дамыған заманда мұқтаждарға қол ұшын созып көмектесу жақсылық пен сауапты істің салмағын айыра білетін мұсылмандар үшін қиынға соқпасы анық.
4. Туыстық қарым-қатынасты берік ұстану. Күйбің тірліктің соңына түскен кей мұсылман бауырларымыз болмашыға бола бір анадан туған бауырымен араздасып, қолдың кіріне айналған дүние құрғырды бөлісе алмай жатады. Сөйтеді де, түптің түбінде туысынан қол үзіп қалады. Шынайы мұсылман туысымен де, туысы емеспен де шарапатты болуы тиіс.
5. Үйге келген қонақты бай немесе жарлы-жақыбай деп бөлмей, бірдей ілтипат көрсетіп, күту.
6. Қонаққа құрамындағы заттары аса қымбат бағадағы асты әзірлеп, әуре болмаңыз. Әдетте бағасын қымбатсынып, өздері жеуге қимайтын асты қонағымызға ұсынып жатамыз. Бәз бір бұл әдетке айналғандай. Ал шын мәнінде, адамдардың қонақжайлық қасиетінің кему себебі – аса-төк дастархан жайып, қонақ күтуінде жатыр.
7. Өзара сыйлық сыйлау. Сіз өзге бір адамға өз ілтипат-құрметіңізді білдіріп, мейлі болмашы бір зат болсын, шын жүректен сыйлық сыйлағаңыз болсаңыз, сыйлық иесі де сізге өз алғысын білдірмек болады. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтады.
8. Маңызды сұрақтарды шешу кезінде жасы үлен адамдармен, ұстазыңыз немесе ата-анаңызбен ақылдасу. «Шура» (ақыл-кеңес сұрау) – адамның жеке өмірінде не қоғамдаболсын, маңызды орын алатын, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін белгі іспеттес. Алайда, өзгеден кеңес сұрап, жүгіну дегеніміз – айтылғанның ақылдың бәріне бірдей амал ету керек деген сөз емес. Өзгелермен ақылдасып, кеңесіңе жүгінген соң, айтылған заттың бәрін ой елегінен өткізіп, таразылай білуіңіз қажет болады, дұрыс шешім де өзіңіз қабылдайсыз.
Әбу Әли Әл-Ашари