Үшінші көрініс  

Үшінші көрініс

 

Алаң. Қазы милиция құрамын жаттықтыруда. Өзі көрінгенмен, жасақ көрінбейді. Қазының «оңға», «солға»,

«тік тұр», «мылтық кезе», «ат» деген бұйрықтарына сәйкес жасақтың тарпылдатып аяқ басқан қимылдары естіледі.

Мағжан мен Қаршыға келеді.

Қаршыға. Аға, аға деймін, мені милицияға алшы. Оллаһи- биллаһи, мынауский деген жауынгер болам. Алшы, аға, алшы дей- мін.

Қазы. Қоя тұршы! Мағжан ағамыздың бір керемет өлеңі бар деп естігем. Соны тыңдайық, оқып берсе.

Қаршыға. Ой, оны менен сұрамайсың ба? Мен-ақ айтып бе- рейін.

Мағжан. Әуелі Қазыға деп əкелген Наурыз көжеңді бермейсің бе, пысығым?

 

Қаршыға. Кешір, аға. Есілдертім басқада болып… (Қазыға көже құйып ұсынады).

Қазы. Піссіміллə, ауызды ақтан жарылқасын (тартып жібе- реді).

Қаршыға. Сүй, жан сəулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тəтті у тарады қаныма,

Бұл лəззаттың бір минутын бермеймін Патша тағы, бүкіл дүние малына…

Мағжан.    Неге    тоқтадың?..   Жарайды,    қысылып    тұрған шығарсың…

Шашың –қара, денең – ақ бұлт, жүзің – Ай. Тісің – меруерт, көзің, сəулем, құралай.

Лəззат, рақат, бақыт – бəрі қойныңда Сұрамаймын енді ұжымақ – жақсы жай!

Қазы. Менің де жарым… Тұңғыш кішкентайымыз бар. Бірақ мен қанша толғансам да… Сіз сияқты… Қатты сүйген екенсіз.

Мағжан. Әрине, күйіп-жанған соң… Жұбайым аты – Зейнеп.

Ауылда қалдырдым. Аяғы ауыр еді.

Қазы. Сағынатын шығарсыз?

Мағжан. Айтпаңыз… Қой, босаңсымайық. Мұндайымызды көрсе, əлекеңдер құптай қоймас.

Қаршыға. Аға, мылтық бермесең де, қасыңда қолбала болуға жараймын ғой. Аға, деймін…

Қазы. Тағы бастадың ба? Бойың сырықтай болғанмен, қару ұстауға саған əлі ертерек, балақай.

Қаршыға. Жасым он үште. Жасы он үшке толғанды отау иесі дейді атам қазақ. Қыз құшақтап, отау иесі болуға жарағанда, қару ұстауға жарамаймын ба…

Қазы. Қап, тілінің шақпасын-ай мынаның…

Мағжан. Қазеке, жауынгерлерге оқысам деп арнап əкелген өлеңімді өзгертсем, қарсы болмассыз. Қаршығаның қайсарлығына сүйсініп, көкейімде басқа өлең туып кеткені.

Қазы. Еркіңіз білсін, ақын аға.

Мағжан (Оқиды):           Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті, қанатты – Мен жастарға сенемін!

 

Мен сенемін жастарға; Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!

Жасақ. Жасасын, Отанның адал ұлдары!

Қаршыға. Мағжан аға, Қазы ағама айтыңызшы. Мені жасағына алсыншы. Сізді тыңдайды ғой.

Мағжан. Аяқ-қолың балғадай… Жауынгер таңдау жағын Қазы ағаң өзі біледі де (кетеді).

Қазы. Жасақ! Бүгінгі жаттығу бітті. Жатын орындарыңа қайтып, демалыңдар ертеңге шейін. (Жасақтың аяқ басқан дыбы- сы біртіндеп баяулап ұзай береді).

Қаршыға. Мағжан ағам айтты ғой жаңа, аяқ-қолың балғадай деді ғой.

Қазы. Түһ, шешең не дейді. Әуелі шешеңмен келісіп алу керек шығар…

Тасадан Афонов пен Қисық-Косой шыға келеді.

Афонов (қол шапаттап). Пах! Пах! Әскерінің түрін-ай!.. Осындайлардан жиналған жасақсымағыңа қазақ тілінде бұйрық бересің еще, ə?

Қазы. Бергенде қандай! Мысалы, мына сен «қазақ» едің,

«казак» болдың. Біздің «жасауыл» деген сөзімізді «есаул» деп алдыңдар. Біздің жасы да, орны да үлкен кісімізге айтатын «ата» деген сөзімізді «атаман» деп өзгерттіңдер. Сондықтан таңғалма, тамыр.

Қаршыға. Сендер əскер тəртібін, əскерге бұйрық беруді əу ба- ста кімнен үйренгендеріңді білесіңдер ме?.. Алтын Ордадан.

Қисық-Косой. Қолдарын қалай-қалай сермейді-əй мыналар.

Афонов. Боқмұрын баланы қойшы. Мына командирді көрмеймісің. Тіпті маған ақыл айтпақ өзінше.

Қазы. Әй, сендермен мылжыңдасып тұрар жайым жоқ.

Қаршыға. Әйда, марш! Пашол атсуда!

Қисық-Косой. Сен не, командир, бізбен сөйлескеніңді міндет- сіп тұрмысың?

Қазы. Афонов өзіміздің семейлік, ал сен біреуге жөн айтқандай кімсің өзі, кімнің итаршы құлысың?!

Қисық-Косой. Біліп қайтесің. Көп білсең, өз басыңа зиян деген.

 

Қаршыға. Сендерге өзі не керек, ə? Не керек?!

Афонов. Әй, бала, қыс артыңды.

Қисық-Косой. Кет былай, аяққа оратылмай! (Итеріп жібе- реді).

Афонов (Қазыға). Сен… кір қолыңмен жағамнан ұстап, кеу- демнен итердің. Мына мені, казак атаманын?

Қисық-Косой. Өзіңнен даражасы үлкендерге қол көтергенің дұрыс болмады, командир.

Қазы. Жоғалыңдар! (Қарманып бойынан қару іздейді). (Афонов жарқ еткізіп қылышын суырып алады, екеуі алыса

кетеді. Қазыға көмектеспек болған Қаршығаны Қисық-Косой әдіс қолданып ұрып, есінен тандырып тастайды. Бұл кезде Қазы Афо- новты жеңе бастаған. Жығып салып, төсіне мініп, жерден оның түсіп қалған қылышын ала бергенде, Қисық-Косой наганымен тез көздеп, атып жібереді. Қазы құлап түседі).

Қисық-Косой.    Бога нет, царя не надо, И без них мы проживем.

У нас есть товарищ Ленин, Защищать его пойдем.

Олар тайып тұрады. Мағжан мен Сұлтанмахмұт келеді.

Мағжан. Тарап кеткен бе…

Сұлтанмахмұт. Күні бойы бір тыным жоқ, «Алға», «оңға»,

«солға», «тік тұр» деп… Шаршаған шығар.

Қаршыға (басын көтеріп). Ағайлар…

Мағжан. Қаршыға, батырым-ау… Мына түрің не?

Қаршыға. Жасағын демалуға жіберген еді, Қазы ағам…

Мағжан. Әй, тəжірибесіз аңқау жастық-ай… Қап, əттеген-ай…

Сен жарақаттан амансың ба?

Қаршыға. Аман сияқтымын. Ал Қазы ағам…

Сұлтанмахмұт. Бəлшебектердің алдауға ерген қандыкөз жал- дамалы құлдары. Шетінен надан, тас кеуде, шаш ал десе, бас ала- тын содырлар…

Қаршыға құлап жатқан Қазыны көріп, жүгіріп барып құшақтай алады.

Қаршыға. Ағатайым-ай… Демі жоқ. Атып кетіпті.

Мағжан. Қапыда қалған-ау жас боздақ.

 

Қаршыға. Ағатайым-ай… Мен сорлы саған араша түсуге де жа- рамадым… Ант етемін. Осыны істемесем, жер басып тірі жүрмейін. Қара жер, сен куə бол. Көк аспан, сен куə бол. Қайтарамын аға, кегіңді, қайтсем де қайтарамын.

Сұлтанмахмұт. Болды. Сүрт көзіңді.

Олар Қазыны иықтарына көтеріп, сахнаны бір айналып өтіп, алаң ортасына әкеліп қояды.

 

Төртінші көрініс

 

Қаралы жиын. Әлихан. Міржақып, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім.

Әлихан. Әлеумет! Бəлшебектің содыры тимеген ел, таланбаған дүние, талқан болмаған қала қалған жоқ. Міне, бізге де жетті.

Сұлтанмахмұт (алға шығып, тық-тық жөтеліп қойып). Мына телеграмманы Қызылорда қаласынан Алаш қайраткерлері жіберіпті. (Оқиды):

  • «От жанды, ұлт қанды, есіл қыршын жас Қазының арманы жоқ! Ұлт жолында тұңғыш құрбан болды. Біздер Қазының жəне оның үлгілі жолын ұмытпасқа Құдай алдында, ар алдында уəде бердік».

«Бірлік» ұйымы атынан Смағұл Сəдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Асхат Сайдалыұлы.

Шəкəрім. Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы, мұны өлді демеңдер, бұл күнгі һəм мұнан соңғы ұлтым деген азаматтар мына мен сияқты болып ұлтым деңдер деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы – би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті…

Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Құдай алдында да, жұрт ал- дында да орның бөлек… Қабірің нұрлы болсын.

Міржақып. Қош, бауырым, жолдасым!

Армансыз сенің өз басың. Қабыл болып құрбаның – Алашты құдай қолдасын…

Жұрт толқып көздеріне жас алады. Шәкәрім қажы құран қайырады.

Қаралы жиын тарқап, Әлихан, Шәкәрім, Қаршыға қалады.

 

Әлихан. Қажыеке, қайғыдан қабырғамыз қайысып тұрғанда жанымыздан табылып, көңіл білдіріп, демеу жасағаныңыз үшін сізге шексіз ризамын.

Шəкəрім. Жас болсам, Алаш мұраты жолында мен де ойлан- бастан қолыма қару алар едім. Әттең…

Әлихан. Сіз онсыз да қызу майдан ішіндесіз. Ешқашан жеңілуді білмейтін ажалсыз əскеріңіз бар.

Қаршыға. Қарумен қанша қатты ұрса да,

Сөзіме жанның əлі келмейді.

Бұл дүние шыр айналып тұрса да, Ғаскерім қартаймайды, өлмейді.

Алмаймын патшалықты берсең де, Қайтейін, өлім тартып алады.

Мен-дағы ажал жетіп, өлсем де, Ғаскерім ақ қағазда қалады.

Шəкəрім. Бəрекелде, балам…

Әлихан. Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт-жұрт боп тіршілік қылып жүрмек емес. Мына бірбеткей өжет бала да, жұрт ісін түс көрмей, жаяу жүріп іздеу керегін білген екен. Қандай ғанибет. Жаттап алып, жақсылардың сөзіне ағып тұр. Абайды да білетін шығарсың, пысығым?

Қаршыға. Білемін. Айтайын ба?

Әлихан. Рахмет, қалқам. Басқа бір орайы келген жерде айтарсың.

Шəкəрім. Әлеке, Абайға ерекше құрметпен қарайды екен- сіз. Ол кісі дүниеден өткенде «Абай Құнанбаев» деп таңбалап казитке қазанама жаздыңыз… Әнеубір жылы Семей түрмесіне қамаларыңызда ел азаматтарына тапсырған аманатыңыз туралы да естігенмін.

Әлихан. Иə, менің портфелімде Абай шығармаларының қолжазбасы бар, соны сақтауға тырысыңдар, оның құны бес мың рубль деп айтқан болатынмын.

Шəкəрім. Жарықтық, хакім Абайдың орны бөлек қой.

Әлихан. Абай поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы. Жақында оқуға жүрерінде, ұрпақ үшін, Мұхтаржан, Абайды жаз деп нықтап тұрып тапсырдым мен оған.

 

Шəкəрім. Омархан молданың Мұхтары ма? Одан шығады. Әріден ойлап, құлашты кеңге сермеп жүрген талапты жастың бірі. Әлихан. Иə, Абай айтқан «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» əр қазаққа ең басты керек қасиет. Сондай асыл рухқа жет- кен күні қазақты шеттен келер ешбір жау ала алмас еді, дариға- ай… Сондықтан, қажыеке, ажалсыз əскеріңізді баптай да, бастай

да беріңіз.

Шəкəрім. Қаруың – қаламың десеңіз, аянып қалмаспын… Өлеңімді қасиеттеп жатқа айтатын мынадай жалындап тұрған жас қырандар барында.

Әлихан. Ал онда қайыр қош, қажыеке.

Шəкəрім. Алла не жақсылық тілесек, сол тілекке жеткізсін бəрімізді де.

Екеуі төс түйістіріп қоштасады.

 

Бесінші көрініс

 

Халел. Қолында жедел хат. Әлихан, Міржақып келеді.

Халел (Күбірлеп оқиды. Үнтаспа). «Қазақ-орыс қалалары һəм ауылдарын бəлшебектер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да талқандалды. Бір мыңдай қазақты өлтірді. Бəлшебектер қолы он мың əскер. Бізде қару-жарақ жоқ…»

Әлихан Қайран момын халқым-ай, əбден қиналдың-ау…

Әскердің дайындығы қалай боп жатыр?

Міржақып. Иншалла, жаман емес. Командирі Хамит Тоқтамысов тəжірибелі офицер. Омбы қазағы. Капитан шенін пат- ша заманында алған.

Әлихан. Қазыны өлтіргендер… ұсталды ма?

Міржақып. Басшылары орыс-казак атаманы Афонов жəне бəлшебектер жансызы Қисық-Косой деген біреу екен.

Әлихан. Иə?

Міржақып. Қашып, із жасырып үлгеріпті иттер… Қалған- дарының біразы…

Әлихан. Бұл іспен кім еді айналысқан?

Міржақып. Полковник Тоқтамысов.

Осы кезде Тоқтамысов бастаған Алаш жауынгерлері тұтқындарды топырлатып ортаға алып келеді.

 

Әлихан. Баянда.

Полковник Тоқтамысов. Милиция бастығы Қазы Нұрмұхамедовтың қапыда қыршынын қиған арамза жауыздардың бір тобы міне, осылар, мəртебелі Бас қолбасшы.

Халел. Қанға — қан, жанға – жан!

Әлихан. Қоя тұрыңыз, аптықпай… Ашық сот өкізуіміз керек.

Алаш қаласының азаматтары да көрсін, естісін үкімді.

Жұрт тез жинала бастайды. Қаршыға мен Нұрбике де бар.

Әлихан. Құрметті ағызалар, бауырларым… Ойдан-қырдан құралған бəлшебек бұзақылары Еділ-Жайықты жаншып өтіп, ке- шегі күні Омбыны да алды… Я, көбің олардың алдарына қойған мақсатын түсінбеген де боларсыңдар. Олардың көздегені меншікті жою, жер мен суды, малды, жанды ортаға салу…

Халел. Керек десеңдер өз əйелдеріңе ие бола алмай қалуларың да мүмкін…

Нұрбике. Астапыралла, естімеген елде көп деген осы екен-ау.

Әлихан. Ардақты ағызылар, сол большевик жауыздар арамы- зда жоқ емес, бар. Олар Қазыдай ұлты үшін туған жас қыранның жауыздықпен мезгілсіз өмірін қиды… Бұлардың ішінде араңнан шыққан қазақ доңыздар да бар. Тасболатов, Кедейшин, Қарманов… Ерін сатқан, елін сатқан бұларға не істеу керек?

Халел. Бұлар қара басының қамы үшін ел намысынан безген- дер. Бұларға аяушылық жоқ.

Міржақып. Ел бостандығына қарсы тұрып, еркіндігін көздеп, іргелі жұрттығын көксеген қаны бірге қазағын қаралы күнге сатқандары үшін… атылсын!

Нұрбике. Бұлар атылса, алты Алашта алты қатын буаз болар.

Полковник Тоқтамысов. Біз əскерміз, соғыс адамымыз. Біздің тəрбиеміз – жауды жеңсек, жеңісіміз. Өлсек, өлу біздің жо- лымыз – қанды жол. Біздің жалпы тілектес-серіктеріміз Колчак, Дутов дейтіндер бордай тозып, бытырай бастады. Үміт күткеніміз тек Жетісу фронты, атаман Анненков. Полкімді бастап, Жетісу фронтына мен де аттанбақпын. Алдымдағы жау беттегі кезеңде жолымызды аңдып большевиктер жүр. Олай болса, мына алты жа- уыз большевикті артыма тастап кете алмаймын. Жазасы – өлім!

Мұсатай бай. Маған сөз бересіз бе?

Әлихан. Сөйлеңіз, Мұсеке.

 

Мұсатай бай. Бұлар менің таяуда дүкеніме баса-көктеп кіріп, үш қап ұнымды, екі қап күрішімді, бір қап қантымды тартып алған. Бұларың не десем, експопрация дей ме, мылтықтарын кезеп, қарқ- қарқ күліп, өзімді мазақ еткені, доңыздар.

Міржақып. Байдың қолындағыны кедей ұрықсатсыз алып жей береді, бəрі ортақ болады дегеннің бір мысалы осы ендеше, əлеумет.

Мұсатай бай. Бəлшебегі не, Алашы не — бəрі де керегін бай- лардан алады деп басым қатып екіойлы боп жүрген ем… Бұларды аямау керек.

Әлихан. Әлеумет, заман қалай өзгерсе, пікірі солай өзгеріп оты- ратын, аласапыранда атқа мінген шолақ ойлы арамзалар ел ішінде аз емес. Бұлар сол топтан. Бұлар жəне орыс етегінен жем жегенді зор өнер көретіндер. Өтіріксіз, зорлықсыз бұл сорлылардың арам жемі тыйылмақ емес. Иə, қазір идея жолында əкесі баласына, бала- сы əкесіне бұрылмайды. Бірақ біз таптық жіктелуді де, ұлтшылдық томаға тұйықтықты да мансұқ еткенбіз. Біздің қалауымыз иман мен тазалық, ой мен істегі бірлік, ағайын…

Полковник Тоқтамысов. Мəртебелі Бас қолбасшы, жауды аяған – жаралы деуші еді… Қазының құнын…

Әлихан. Өлтіру… Әр адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, бұл жұртта береке бола ма?! Мен диктатор емеспін. Зорлықпен жəне мейірімсіздікпен əрекет еткенді қаламаймын. Бұларды өлтірсек, біздің қанішер бəлшебектерден айырмамыз қайсы болмақ? Жоқ, атпаймыз. Дарға да аспаймыз. Бізден сауға… Ал ар жазасын, əлеумет, өздеріңе тапсырдық.

Әлихандар кетеді. Алаңдағы адамдар тұтқындағы алтауды қаумалап алады.

Мұсатай бай. Қайсың едің, менің қызымды əжуа-мазаққа пайдаланбақ боп жүргенің? (Біреуінің шашынан ұстап, басын көтеріп) А, сен екенсің ғой, тексіз хайуан. Енді сен бұл Алаштың қаласында қалай ғана жүрер екенсің жер басып, алшаңдап. Малғұн! Қаршыға.   Шіркін,           қолымда         қылышым                      болғанда  ғой, бастарыңды бір – бірлеп шауып тастар едім, допша домалатып. Қазы ағамның кегі үшін. Ал əзірге түйе тəкібай. (Бастарынан бір-

бірлеп түйе тәкібай алады).

 

Нұрбике. Өңшең қарабет! Мына көпшіліктен ұялып тұрғаным- ай. Әйтпесе дамбалымның ауын иіскетіп, бастарыңа сиіп тастасам сауап болар ма еді, қаннан безген арсыздар… Сендерден өлім де жиіркенді, тірі өлік боп масқарасы шығып жүрсін деп. Тіпə, сен- дерге! Тіпə!

Басқалар да беттеріне бір-бір түкіріп өтеді, қара күйе жағады.

 

Бірінші бөлімнің соңы

 

Екінші бөлім Алтыншы көрініс

 

Майданға әскер аттандыру. Нұрбике, Қаршыға, Әлихан, Ха- лел, Мағжан, Қытай жандаралы.

Халел. Ойда да, қырда да бəлшебектер. Жазықсыз жандардың қанын қанша төгіп ішсе де, тояр түрлері жоқ…

Әлихан. Торғайда Міржақып… Әлгі Степнов – Жангелдин деген қаңғыбас, Лениннен алған мандатқа сүйеніп, Амангелдіден қызыл командир жасамақшы…

Халел. Дүние қанды жарадай əбден ұшығып тұр. Бірдеңені болжап айту қиын қазір…

Мағжан. Халеке, туымыз жығылған жоқ. Қаруымыз мұқалған жоқ.

Еркін ырғып шыққам асқар Алтайға, Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға. Талай тайғақ, тар кешуде таймаған, Батыр жүрек, қайрат енді алдай ма?!

Әлихан. Бəрекелде. Еңсе түсіретіндей əзірге еш себеп жоқ. Әскеріміз дайын. Соны білгендей Сарысүмбіден қытай жандара- лы да келе қалыпты.

Халел. Тамырымызды басып көріп, əу-жайымызды байқап кетпек қой, сірə.

Мағжан. Несі бар, байқаса, байқасын. Бес қаруын асынған сақадай сай айбынды əскерімізді көрсін…

Қытай жандаралы.

Әлихан. Қош келдіңіз, жандарал мырза. Жайлы кабинетте кең отырып қарсы алмағаныма ренжи қоймассыз.

 

Қытай жандаралы. О, не дегеніңіз. Қарбалас шақ. Түсінемін.

Әлихан. Сарсүмбіде отырып, Қытайдың Алтай округін билей- тін жоғары мəртебеңізге сырттай жақсы қанықпын. Өздеріңізде қалай, еліңіз тыныш па?

Қытай жандаралы. Тыныш. Бірақ бəле əдеттегідей Ресей жақтан келе ме деп алаңдап отырамыз.

Әлихан. Халықтар түрмесі атанған алпауыт Ресей бере- кесіздікке ұрынғасын, біз де міне, өз үлесімізді алып қалу үшін майданға түстік, жандарал мырза.

Қытай жандаралы. Иə, қан кешпей оңай келер тəуелсіздік жоқ… А, иə, көрші отырсақ та бұрын өзара қарым-қатынасымызды жөнді дамыта алмай келдік.

Әлихан. Солай болғанына бізді кінəлай қоймассыз… Ал не- гізінде сіздің патшалықта біздің қазақ аз емес. Мұсылман халқы да көп.

Қытай жандаралы. Сондықтан сіздің халық пен біздің мем- лекет жұртының достығы алдағы уақытта жанданып, жаңа сипат алар деп үміттенеміз. Тəуелсіздіктеріңді бекіте алсаңыздар, əрине. Әлихан. Қазір Алаш ғаскері Жетісу майданына аттанбақ.

Қаласаңыз…

Қытай жандаралы. О, бұл мен үшін үлкен құрмет. Әлбетте, əлбетте…

Нұрбике баласы Қаршығамен қоштасуда.

Нұрбике. Тентегім-ай, қабырғаң қатып, бұғанаң əлі бекіген де жоқ. Қой деген тілді алмадың қасарысып. Әкеңе тартыпсың. Ол да өзінше намысқой қырсық еді. Сол мінезі ақыры түбіне жетті, байғұстың.

Қаршыға. Апа-ау, əкем қайдағы бір қотыр тай үшін барымта- ласам деп жүріп өз туысының қолынан өлді. Ал мен қазақ деген ел үшін, Сарыарқадай ата қоныс жер үшін аттанамын мұратты ұлы майданға.

Нұрбике. Құлыным-ай, енді қайтейін… Қайып ием қырық шілтен, жар болагөр балама…

Қытай жандаралы. Жауынгер қатарына кірген бе?

Әлихан. Иə.

Қытай жандаралы. О, қазақ – қайсар, қайсар. Бір көтерілсе, тоқтату қиын… Қиын.

 

Полковник Тоқтамысов. Болды, жеңеше, болды.

Қаршыға сапқа тұруға кетеді. Нұрбике көпшілік ортасына шегінеді.

Полковник Тоқтамысов (Әлиханның алдына келіп). Мəртебелі Бас қолбасшы! Алаш əскері сап түзеп болды.

Әлихан (жақын келіп). Жасасын Отанның адал ұлдары!

Әскер даусы. Жасасын! Жасасын! Жасасын! (Марш әуенімен әндетеді).

Анненков – атаман Қолдайгөр, жасаған! Алашпыз жауынгер, Қорықпаймыз жауыңнан.

Біз шақар арыстан Долданса қоймайтын. Алға ұмтыл, ер Алаш, Елің бар қорғайтын! Әлихан, Әлихан – Алаштың серкесі

Ер қамын ойлайтын!

Қытай жандаралы. О, қазақтар атқа қонса, ұйпалақтатып жер дүниенің астан-кестенін шығаратын бет қаратпас қара дүлей да- уыл ғой.

Әлихан. Иə, қазақтан Тоқтамысовтай оқыған əскер басылары- мыз көп болса ғой, шіркін…

Қытай жандаралы. О, егер оқысаңыздар, өнер ұстасаңыздар, онда тіпті… Біздің жадымыз бен тарихымызда сонау көне заман- дарда батыр бабаларың қалдырған бедерлі іздер баршылық. Тасқа басып, мөрлеп, жазып қойғанбыз ұмытпас үшін. Қытай қорғанын да топан суындай қаптайтын атты əскерлеріңе тосқауыл болсын деп салдырғанбыз-ды.

Әлихан. Біздің жадымыз да, жандарал мырза, ештеңені ұмытқан жоқ. Алтын Орда болғанымыз… Керей мен Жəнібек хан- дар орнатқан қазақ хандығын… Әттең, бүгінгі соғыс қылыш пен найза ұстап, садақ асынып ат мінген жауынгердің майданы емес. Алыстан қопарып ататын от қарудың майданы.

Қытай жандаралы. Әгəрəки тəуелсіздік алсаңыздар…

 

Әлихан. Ондай күнге жетсек, жеріміз тұнып тұрған қазба байлық. Не жоқ дейсіз, қорғасын, мыс, мырыш, көмір, мұнай… Айта берсек, таусылмайды.

Қытай жандаралы. Иə, өз жер байлығының игілігін өзі көрген халық əманда бақытты болмақ. Бірақ сол мол байлықтан мен де алсам деп көз алартып кім қызықпайды дейсіз. Әрине, сауда-саттық жолымен бөлісудің жөні бір басқа. Солай емес пе, мəртебелі мырза.

Әлихан. Әлбетте. Сондықтан жерімізге, жеріміздің асты-үсті байлығына арам ойлы бөтен жұрттар көз алартпасын деп белді бе- кем будық, жандарал мырза…

Қытай жандаралы. Иə, əскерлерің жігерлі екен, сізді де əн арасына қосып жіберіпті. Қазақтар басшыларын құрметтей біледі екен. Қытайлар, біз де сондаймыз.

Әлихан. Сынықтан басқаның бəрі жұғады деген. Өздеріңіздей инабатты үлкен жақсы көршіден неге үйренбеске…

Қытай жандаралы. О, иə, жер кіндігіндегі алып ел болсақ та, момынбыз. Орыстар сияқты əлсіз елдердің жерін күштеп тартып алмаймыз. Егер игермейтін болса, сонша көп жер не үшін керек? Түсінбеймін.

Әлихан. Біздің майдан, жаңа өзіңіз айтқандай, ата-бабала- рымыз аттың жалында жүріп ақ білектің күшімен, ақ алмастың жүзімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған, артындағы ұрпағына ми- рас еткен өз жеріміз үшін болып жатқан қасиетті майдан, жандарал мырза.

Қытай жандаралы. Көріп тұрмын. Жас балаға дейін атқа қоныпты.

Тоқтамысов. Мəртебелі Бас қолбасшы! Әскер сіздерді тыңдауға дайын.

Әлихан (Қытай жандаралына). Сіз…

Қытай жандаралы. О, егер қарсы болмасаңыз…

Әлихан. Мархабат.

Халел. Құрметті бауырлар! Ресейді қызыл қырғын жайлады. Бүкіл Сібір өлкесіне «Әзіреті Ғалидай үкім жүргіземін» деген Кол- чактан да мəн кетті.

Мағжан. Бірақ үмітсіз емеспіз, ол — Жетісу фронты. Бұрын

«Сарыарқа  жеріміз  бар,  Сарыарқада  қалың  қазақ  еліміз  бар»

 

деп, теңдікті құрғақ сөзбен күтсек, енді қолдарыңа қару алып,    ел намысын көкірекке түйіп, тікелей қан майданға кіресіңдер. Бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалауға жол ашасыңдар… Жасайды жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың!

Әскер даусы. Жасасын Отанның адал ұлдары!

Полковник Тоқтамысов (әскерге). Полк тік тұр!.. (Әлиханға жақындап, әскери рәсіммен). Мəртебелі Бас қолбасшы! Алаш əскері майданға аттанып кетуге дайын.

Әлихан. Арыстандарым менің! Сендер, бабаларымыз Абылай мен Кенесарыны естеріңе түсіріңдер. Олар өз халқы үшін айқасқа шыққан батырлар. Сендерге, нағыз ер жүрек қаһармандарымызға, Алаш жолында аталарың «Абылайдың ақ туын» көтеруді сеніп тапсырдық. Егер, жауды жеңсеңдер, халқымыздың гүлденген өмірін көресіңдер. Егер, жеңілсеңдер, сендердің жандарың Құдай алдында таза. Біз сендерге ақ жол тілейміз. Жасасын біздің батыр- ларымыз! Жасасын туған халқымыз! Жасасын туған жеріміз! Жа- сасын Алаш!

Әскер даусы. Жасасын Отанның адал ұлдары!

Қаршыға. Аға, мен сөйлейінші…

Әлихан. Ал сөйлей ғой, жас батыр.

Қаршыға. Мен Мағжан ағамның өлеңін оқимын. Мағжан аға, ұрықсат па?

Мағжан. Өлеңді жастар оқысын, жаттасын деп жазамыз ғой.

Ұрықсат.

Қаршыға. Қыранымын сары сайран даланың, Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым, Еркін дала ардақтысы, еркесі –

Бетім қайтпай өскен батыр баламын. Тұлпар мініп, туды қолға алайын, Суырып қылыш, қан майданға барайын. Жердің жүзі кім екенін танысын,

Жас бөрідей біраз ойын салайын!

Әскер даусы. Жасасын Отанның адал ұлдары!

Қытай жандаралы. Иə, жастары өжет ел арман еткен ойлаған мақсатына түбі қайтсе жетпей қоймас. Жетпей қоймас…

 

Әлихан. Атты əскер! Мұрат жолындағы қасиетті майданға…

Алға!

Дүниені жаңғырықтыра тұтаса қозғалған ат тұяғының дүбіріне қалың әскердің ұранды әні қосылады.

Анненков – атаман Қолдайгөр, жасаған! Алашпыз жауынгер, Қорықпаймыз жауыңнан.

Біз шақар арыстан Долданса қоймайтын. Алға ұмтыл, ер Алаш, Елің бар қорғайтын! Әлихан, Әлихан – Алаштың серкесі

Ер қамын ойлайтын!

Ат тұяғының дүбірі, ұранды ән біртіндеп ұзап, ақырын баяулай береді.

 

Жетінші көрініс

 

Халел, қолында бір бума телеграф лентасы, күйзеле ойланып қалған.

Мұсатай бай (даусы). Шырағым, бөгеме жолымды.

Кеңсе күзетші (даусы). Тəртіп бұзбаңыз. Кім дейін?

Мұсатай бай (даусы). Мұсатай бай деңіз. О, Құдайым-ай, қайдағы бай. Болғанмын. Енді кім екенімді өзім де білмеймін.

Халел. Жібер. Кірсін.

Мұсатай бай (кіріп). Төрем-ау, мына дүние не боп кеткен өзі?

Не үйде, не түзде басымызда бір маза жоқ.

Халел. Сабыр, Мұсеке.

Мұсатай бай. Талтүсте апай-топайымды шығарып тонап кет- се, қайдағы сабыр.

Халел. Тонады… Кімдер?

Мұсатай бай. Балшабек қанішерлер. Біреуі Чоннанмын деп, алақанға сап əлпештеп отырған жас қызымды… Біреуі кедейлер комитетіненбіз деп, дүкенімді… Енді келсе, кеудемнен шыбын жа- нымды алатын шығар шырылдатып суырып…

 

Халел. Байеке, заман беті көтінен кері бұрылды. Бізден күш кетуге айналды. Сонда да көмектесіп көрейін. Әй, бірақ…

Мұсатай. Өй… Онан да ана зорлықшыл иттен өз қызымды өзім ұрлап — ап, бұл елден біржола безе қашқаным дұрыс шығар.

Халел. Қашқанда… Барлық жерде бəлшебектер.

Мұсатай. Сендердің үміт артқан ақтарың да балшабайлар- дан кем түсіп жатқан жоқ. Жазықсыз жандардың аяқ-қолын шабу, ойып көзін ағызу, қарнын жару… Адам сенбес сұмдықтар.

Халел. Кольчактың бəлшебектерді аямауға берген бұйрығы бар. Дегенмен…

Мұсатай. Өй, бүйткен мəймөңкең құрысын сенің. Шүршітке ме, сібірдің орманына ма, бір елеусіз қуыс табылар, қашамын. (Кетіп бара жатып). Жан сауға, жан сауға…

Әлихан келеді.

Әлихан. Кім анау сонша қатты күңіреніп бара жатқан?

Халел. Мұсатай бай. Қызын зорлап тартып алып, мал-мүлкін тонап кетіпті… Елден безбекші…

Әлихан. Әй, шарасыздық-ай… Баяғы қалмақ шапқыншылығындай ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама болып, тағы да жан сауғалап ел ауама деп қорқамын…

Халел. Иə, шыр айналған тұрлаусыз пəни дүние сол қауіпті межесіне тағы да таяп қалды-ау деймін…

Әлихан. Солай де. Тек қолдағы суық қару мұқалса да, рухы- мыз сынбаса екен. Рухымыз сынбаса, жерге түсіп кеткен қаруды бір айналып келіп қайта көтерерміз… Сөйлесе алдың ба?

Халел. Сол баяғы жартас бір жартас…

Әлихан. Кəне, тағы бір көрші.

Халел (селекторды қосып). Ало, Кремль ме? Кремль, Алаш Үкіметін мойындау туралы талап қойып, бұған дейін екі рет же- делхат жіберген едік. Жауап жоқ. Не себеп?

Сталиннің даусы. Сендердің «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мақалдарың бар ғой…

Халел. Түсінбедім.

Сталиннің даусы. Түсіндің. Мемлекет біреу, билік біреу, екі партияға қатар орын жоқ. Себеп осы.

Халел. Өз ұлттық партиямыздың болғаны дұрыс деп есептей-

міз.

 

Сталиннің даусы. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін больше- виктер шешеді. Бүкіл дүние жүзіне біздің билік орнағанда, сендер автономия боп қыстырылып оның қай жерінде жүрмексіңдер?.. Сендерге амнистия жарияладық. Немене, большевиктердің берген рақымын пайдаланғыларың келмей ме?!.

Әлихан. Ескерту емес, қорқытқаны ғой.

Халел. Оралда Алаш қайраткерлері дəл біздегідей атты əскер құрды. Ағайынды Досмұхаммедовтер батыстық өр мінезбен тіке- лей дігерлеп Лениннің өзіне де барды. Олардың да жігерін құм етті сауатсыз, топас бəлшебектер…

Әлихан. Дариға-ай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қай істе де тұтасқан бір қазақ болып қимылдайтын күн қашан туар екен…

Халел. Әрине, ерте ме, кеш пе, ондай күн қайтсе де туады.

Бірақ қазір…

Әлихан. Сіз математиксіз. Дерекке, нақтылыққа көбірек мəн бересіз. Халел мырза, сіздің қазіргі тоқтаған түпкі ойыңыз қандай?

Халел. Турасын айтсам, амнистияны пайдаланғаннан басқа жол қалмаған сияқты. Тек, Әлеке…

Әлихан. Күмілжімеңіз, дұрыс түсіндім.

Халел. Торғай жақтан жеткен сыбысқа қарағанда…

Әлихан. Маған сыбыс-өсектің керегі жоқ. Міржақыптың өз аузынан естігенше, басқа ештеңеге сенбеймін.

Халел. Бəлшебектер… бəріңді тең ұстап, бəріңді бірдей мол бақытқа белшелеріңнен батырамыз деп уəдені үсті-үстіне үйіп- төгіп жатыр.

Әлихан. Иə, біртіндеп елдің береке-бірлігін кетіріп, ақырында халықтың түбіне жетіп тынатын аярлық осы – бəріңді теңестіремін дейтін əзəзіл сөз.

Халел. Сендерді қанап келген байларды құртсақ, саналарыңды апиындай улап келген дінді жойсақ… Бұл дүниеден есесін ала ал- май жүрген қай сорлыға жақпайды дейсіз мұндай аярлық сөз.

Әлихан. Сұлтанмахмұтты еліне қайтарғанымды білесіз. Даланың таза ауасын жұтып, дəмді тамағын жеп, денсаулығын күтсін, бірақ қаламын қару етсін деп. Болашақ үшін.

Халел. Алла шипасын берсін.

Әлихан. Сізді де… Сонымен, сіз Алаштың идеялық бітіспес

 

жауы бəлшебектермен ымыраға келуге бел будыңыз ба шынымен?

Халел. Қарап отырып жан бере салу да оңай емес, Әлеке.

Әлихан. Солай де… Қазақ жерінің тұтастығы үшін күрестің. Милиция, əскер құруға, өндірісін қалыптастыруға күш салдың. Білім қабылетіңді аямадың. Кім біледі, бұл шешімің де дұрыс шығар. Еркіңіз білсін. Ұстамаймын.

Халел кетеді. Әлихан ойланып, оны көзімен ұзатып салады.

 

Сегізінші көрініс

 

Бұталы жыраға жасырынып, жол тосып Афонов отыр.Салы қосып нан жеп, құтысынан самогон ішеді.

Афонов. Что — то солнышко не светит, Над головушкой туман.

То ли пуля в сердце метит, То ли близок коммунар…

Тамағын жеп тояттап, сақтық жасап, қылышын ұстап отырған күйі қалғып кетеді. Осы кезде Қисық –Косой үстіне қарғып мініп, есін жиғызбай қолындағы қаруын тартып ала қояды.

Қисық-Косой. Тсс…

Афонов. Сс… сенбісің?.. Ққ… қайдан жүрсің?

Қисық-Косой. Мұны сенен əуелі мен сұрауым керек шығар (қылышын жалаңдатып қояды).

Афонов. Тт… Тоқтамысовты аңдып…

Қисық-Косой. Оу, ондай көт саған қашаннан бері бітіп жүр.

Әлде?..

Афонов. Адамдарымды тасаға қойғам. Байқа, маған тап бергеніңді көрсе, олар сені аямайды.

Қисық-Косой. Көрсе де ендігі арттарын қысып қалған болар.

Афонов. О, Тəңірім, сен екеуміздің мүддеміздің айналып кеп тағы бір тоқайласқан жерін қарашы.

Қисық-Косой. Өзіңе дұрыс көрінсе, ойлай бер солай деп, шелтеңбай козак.

Афонов. Иə, мен казакпын! Ақ патшаға адал болуға ант бер- генмін. Атаманмын!

Боже, царя храни!

 

Сильный, державный, Царствуй на славу намь!

Қисық-Косой. Әй, сен патшаң барда казак едің. Ол құлады, пшик. Қазіргі патша – большевик. Ленин!

Афонов. Большевик деген қандай халық өзі? Тілі, діні бар ма?

Мысалы, менің дінім православие.

Қисық-Косой. Большевик ол — большевик. Біз ұл-мұлт, дін-пін деп бас қатырып жатпаймыз. Бəрі тең болады.

Афонов. Орыс пен негр ше?

Қисық-Косой. Оны білмедім.

Афонов. Түріңе қарасам, қазаққа ұқсайсың. Тілін де білетін секілдісің.

Қисық-Косой. Қозы бағып жүргенде орыстар мені ұрлап əкеткен. Сосын суық суға батырып шоқындырған. Қисық деген атым- ды Косой деп өзгерткен… Қазынаның қарамағына алып оқытқан, тамақ та тегін, киім де тегін. Шпион боласың деп тəрбиелеп, қазақ арасына жұмсасақ, Қисық атыңмен жүресің деген.

Біреу келе жатқаны сезіледі.

Афонов (ақырын). Жап аузыңды…

Екеуі жым бола қалып, дыбыс шыққан жақты барлайды.

Полковник Тоқтамысов дөңестеу тұсқа көтеріліп, артына бұрыла қарап тоқтайды.

Полковник Тоқтамысов. Ерлерім! Сендер Алаштың қас жауы балшабайлармен болған шайқастарда арыстанның айба- тын, жолбарыстың қайратын көрсеттіңдер. Бірақ олар көптігін істеді… Топтанып жүрсек, көзге түсіп арандап қалуымыз мүмкін. Сондықтан бір мен үшін қапыда қан жұтқандарыңды қаламаймын. Осы жерден білдірмей тарап-тарап кетіңдер. Бұл менің соңғы бұйрығым.

Қаршыға шыға келеді.

Қаршыға. Ағатай, мен сізбен қалайыншы. Әлі де бір кəдеңізге жарармын. Ағатай…

Полковник Тоқтамысов. Ұланым, сен енді маған емес, болашақ ел кəдесіне керексің. Бұйрықты орында.

Полковник жаулары жасырынған тұсқа қарай аяңдайды. Жақындай бергенде, Афонов қылышын жалаңдатып, Қисық-

 

Косой наганын кезеп екеуі екі жағынан шыға келеді. Тоқтамысов қаруын алып үлгермейді, Қисық-Косой оны аяғынан атып жібе- реді. Ақсаңдап қалған Тоқтамысовтың беліндегі наганды Афо- нов жұлып алады. Бұл көріністі Қаршыға алыстан аңдап, бұқпантайлап қарап, байқап жүреді.

Афонов (наганның оқпанын ашып қарап). Фу, оғы жоқ.

Қисық-Косой. Черкасск түбінде атаман Анненковпен бірігіп біздің қызыл əскерді қырып салғанда, оғын аямай жұмсаған ғой қарша боратып.

Афонов. Бұл менің жеке өзімнің қас жауым. Олжа менікі.

(Қылышын сермеуге оқталады).

Қисық-Косой. Тоқта! Бұған полковник деген атағына лайық құрмет көрсетуіміз керек. (Қол бұлғап белгі береді. Жасырынып жатқандардың бірі күрек әкеліп, Тоқтамысовтың қолына ұстата қояды). Тəнім ит-құсқа жем болмасын десең, полковник мырза, өз көріңді өзің қаз.

Тоқтамысов (Күрекке сүйеніп). Мына аспанның сонша қатты түнеруін-ай… Жер бетін жайлап алған жауыздыққа қапаланып күйінгені ме екен, Жаратқанның…

Қисық-Косой. Талқаның бітіп тұрғанда, бос сөзді қайтесің.

Қаз онан да көріңді тездетіп…

Полковник Тоқтамысов. Уа, Жаратқан ием, ештеңе етпейді.

Бəрі дұрыс. Өз жерім, өз топырағым. (Көрін қаза бастайды).

Афонов. Бəрібір жазасы менен. Қылышым қан сұрағалы көп болған еді. Тек өз дінінде кəлимасын қайыруға мұрсат беремін де, содан кейін…

Қисық-Косой. Большевиктер ұлт-мұлт дегенді білмейді, құдайға сенбейді деген жоқпын ба жаңа мен саған..

Тоқтамысов. Безсең, сен шығарсың безген. Орыс діннен без- бейді.

Афонов. Дұрыс айтады. (Шоқынады) О, господи, Исусе Хри- стосе… Эх, дүниенің кеңдігіне не жеткен. Мына далаға қарашы. Ұшы-қиыры жоқ.

Қисық-Косой. Не қиялдап, не бөсіп кеттің, шелтеңбай козак? Афонов. Мынадай ұлы дала бөлінбейді деймін. Байлық бөлінбейді деймін. Дала да, байлық та күштінікі. Бұл даланың иесі

қашаннан біздер, орыс-казактармыз.

 

Қисық-Косой. Өй, мылжың… (Тоқтамысовқа жақындап). Жарайсың, полковник мырза. Жақсы соғыстың. Көріңді де жақсы қаздың… Жарайсың.

Афонов. Мен, менікі… Жазасын өзім берем. Былай тұр, бы- лай! (Қылышын оңтайлаймын дегенше, Тоқтамысов күрекпен қағып, қылышын ұшырып жібереді де, күрекпен екінші сілтеп Афоновтың басын жарып, көрге құлатады).

Полковник Тоқтамысов. Қош келдің, казак тамыр.

Қисық-Косой тез көздеп Тоқтамысовты атып салады. Ол құлайды.

Қисық-Косой (шалажансар боп ыңырсып жатқан Афоновтың үстінен төніп). Түбі осы жерде есеп айырасатыны- мызды сен де білдің, мен де білдім. Бірақ мен емес Тоқтамысов берді сазайыңды. Дүние күштінікі деген едің əлгінде. Ол сенен күшті болды… Однако, я тебя добью. (Атады).

Эх, шарабан мой, Американка,

Не будет денег, Возьму продам-ка! Омск заняли, Иркутск отняли

И с шарабаном Колчака забрали.

Осы кезде күн қатты күркіреп, найзағай жарқ-жұрқ ете қалады да, жаңбыр құйып кетеді. Қаршыға тасадан шыға келіп, жерде жатқан Афоновтың қылышымен Қисық-Косойды бастан шауып жібереді.

Қаршыға. А твою башку, шарабан, Қаршыға отняли болғанский

Қаша жөнеледі. Артынан түскен қуғыншылар дабылы ес- тіледі.

 

Тоғызыншы көрініс

 

Әлиханның қасына Қаршығаны ертіп Мағжан келеді.

Әлихан. Ә, жаужүрек жас арыстаным! Келші. (Құшақтап, маңдайынан иіскейді). Полковник Тоқтамысов… қайран ер, онан да айрылдық па…

Қаршыға. Ақсуаттың Кіндікті деген жерінде… Жастығын ала кетті, атаман Афоновтың басын жарып.

Мағжан. Ал біздің жаужүрек Қаршыға Қисық-Косойдың басын шауып, сілімтік неменің соңғы демін бітіре салыпты сол жерде.

Қаршыға. Қазы ағамның кегі үшін.

Әлихан. Қаршыға десе қаршығасың-ау, бала батыр… Қатыгез заманың ғой сені бұлай тез есейтіп жіберген.

Қаршыға. Полковник  Тоқтамысов  бастаған  əскер  кере- мет қатты соғыстық. Сарқант жерінде бірде 98 жауынгер жау қоршауында қалдық. Артымыздан көмек келгенше, бес күндей кескілестік, Осы шайқасқа Абай атамыздың баласы Тұрағұл да қатысты. Біз қарсы жақтан үш жауынгерін өлтіріп, көптеген қару- жарақ олжалап, 11 адамын тұтқынға түсірдік.

Мағжан. Тұрағұл өзі аман ба?

Қаршыға. Аман, дін аман… А, айтпақшы бірде мынадай да қызық болды. Қызылдардың тас-талқанын шығарып, Черкасск де- ген жерді алғаннан кейін, қолбасшымыз Анненков жеңіс құрметіне деп палуан күрес ұйымдастырды. Аягөздік бір сарбаз белдескенде бəрін жығып салды. Сонда Анненков «Сенде тоғыз аттың күші бар екен, мұнда бір оққа ұшып кетесің» деп, үйіне қайтарып жіберді əлгі палуан жігітті.

Әлихан. Құбылмалы мінезді, күрделі адам… Жазықсыз қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, малын талап алған кезі де аз болған жоқ… Бəрін білдік, біліп жүрдік. Хакім Абайдың досы болған орыс жазушысы Достоевский айтқандай, басымыздағы екі сордың кішілеуін таңдауымызға тура келсе, қайтерсің… Иə, аласапыран бұлғақ заманның бұл да бір бұлтартпас анық шындығы.

Сырттан дауыс естіледі.

Нұрбике (даусы). Әй, қарағым, мен Алаштың құрбанына бала берген адаммын. Жолымнан былай тұр, былай!

 

Кеңсе күзетші (даусы). Бəрібір, шешей, тəртіп бұзбаңыз.

Нұрбике (даусы). Әй, сол балам қан майданнан аман кеп, осында отырса, тəртіп-мəртібіңді қайтейін мен сенің. (Жұлқынып бері шығады).

Қаршыға. Анашым, апатайым!!!

Шеше мен бала құшақтасып көріседі.

Нұрбике. Құлыным-ай, Алаш мұраты жолында шейіт боп кетсең, қайғырмаспын деуші едім… Тілек батамды қабыл алып, Алла сені маған тірі көруді жазған екен. Мың шүкір, жаратқанға. Мың шүкір…

Әлихан. Келінжан, құтты болсын қуанышыңыз.

Мағжан. Ұзағынан сүйіндірсін, жеңеше.

Нұрбике. Жауыңды жастанып өлмей, неге тірі келдің деп ұрсып жатқан жоқсыздар ма, əйтеуір?

Әлихан. Жоқ, келінжан, балаңыз нағыз жаужүрек қаһарман екен.

Мағжан. Артымыздан осындай болат топшы жас қыран өсіп келе жатқанда Алаш мұраты ешқашан құламақ емес, жеңеше.

Нұрбике. Қайдан білейін, ел іші гу-гу… Әненкоп қытайға қашқан дей ме. Бəлшебектер біржола жеңген дей ме…

Әлихан. Иə, қазір ел ыңғайы қалай өзі, іштен келдіңіз?

Нұрбике. Ел дегенде, қашан да кім күшті, халық сорлы соның ығына қарай жығыла салады ғой. Оның үстіне біресе қызылға, біресе ақтарға таланып əбден ығыры шыққан жұрт. Әйтеуір, мына қырғын тезірек басылып, елде тыныштық болса екен дейді. Со- сын бұрынғы оқығандардың, байлар мен бектердің дəурені өтті, жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктің күні туды дегесін бе, ауылда желік күшейіп тұр. Әуелі қатындар алға түсіп, елден бұрын солар құтыра бастады.

Мағжан. Құтырғанда не дейді сонда олар?

Нұрбике. Тоқалдық жойылатын болыпты, кімді ұнатсаң, со- нымен болатын заң шығады екен десіп, топтанып, ауыл арасын шаңдатып, өлеңдетіп жүр, антұрғандар.

Мағжан. Өлеңдетіп?.. Қызық екен.

Нұрбике. «Енді шалға тимеймін, сақалына симеймін, тайра- райра-тайра- ра» деп… Жарайды, мен кетейін баламды ертіп.

 

Қаршыға. Жоқ, апа, мен осында қаламын.

Әлихан. Майдан əлі біткен жоқ. Бірақ ендігі майдан – мылтықсыз майдан болмақ. Оған басқаша дайындық, айла-тəсіл керек, жас арыстаным.

Қаршыға. Мылтықсыз майданға дайын болуым үшін не істе- уім керек, аға?

Әлихан. Ол үшін оқуың керек. Білім – алмас қылыш. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп, Абай өсиет еткен жолмен жүруің керек.

Қаршыға. Гимназияда үзіліп қалған оқуымды əрі қарай жалғастырсам болмай ма?

Нұрбике. Жоқ, балам, енді сенің бұл жерде қалуың қауіпті. Елге кетейік, тау-тас, қалың жықпылдың арасынан сені ешкім ін- детіп іздей қоймас.

Әлихан. Келінжан, саясат деген бетпе-бет тұрып соғысқаннан да жаман нағыз жексұрын бəлекет. Саясаттың құрығынан жердің жарығына тығылсаң да құтылу жоқ. Сондықтан бұл батыр бала- ны Ресейдің елеусіз ішкі қалаларының біріне оқуға жібермекпіз. Ақылдасып, солай шештік.

Мағжан. Алаштың келешегі үшін, жеңеше.

Нұрбике. Апырмай, апырмай, өз еркіммен Құдай алдында құрбандыққа байлап берген балам бір ажалдан аман келді деп қуанып жүрсем, бұларың не тағы, ардақты жайсаңдарым-ау?

Қаршыға. Апа-ау, мен мұратты жолын адаспай тура тапқан алғыр балаң емеспін бе?!

Нұрбике. Алла-ай, енді не істедім? Не істедім мен енді, а?

Әлихан. Қиналмаңыз, келінжан, онан да балаңыздың азамат болар алдағы үлкен келешегін ойлаңыз… Қаршығаның оқуға атта- нып кетуіне не керектің бəріне Мағжан ағасы көмектеседі.

Нұрбике. Апырмай, енді қайттім, ауыл үйдің босағасына емес, ел тізгінін ұстау үшін түзге жаратылған балам болды ғой, бұл тентек.

Нұрбике, Қаршыға кетеді.

 

Оныншы көрініс

 

Әлихан мен Мағжанның үстіне Міржақып келеді.

Міржақып. Әлеке… Әлихан. Қолыңыз таза ма? Міржақып. Әлеке?!

Әлихан. Жер кең. Қатынас қиын. Бас біріктіру одан да қиын.

Амангелді… Текті батыр… Қалай болды өзі?

Міржақып. Ахмет екеуміз бірге жүріп Ақтөбе, кейіннен Қостанай уездеріне барып жасақ құрамына жігіттер қабылдадық, қаржы жинадық. Біз Қостанай уезінде жүргенімізде «Алашорда» үкіметін жою туралы жарлық түсті. Әрине, біз бұл бұйрықпен келіспедік.

Әлихан. «Алашорда» үкіметі төрт құрсаудың- большевиктердің, Колчактың, Самара үкіметі казактарының, чехословак корпусының қоршауында қалды ғой, əттең… Иə, айта беріңіз.

Міржақып. Бірде қолымызға Амангелді бізді тұтқындағалы жүр деген мəлімет түсті. Соған байланысты Амангелдіні жəне оның үйінде жасырынып жатқан Таранды тұтқындадық та, өзіміз жасақтың бір бөлігін ертіп Торғайға беттеп келе жатқан отрядтың қарсы алдынан шықтық. Бұл – Таранның партизандары екен. Бет- пе-бет келдік…

Әлихан. Сосын?

Міржақып. Сосын, біз партизандарды қарусыздандырып, өз еркімен қоя бердік. Келесі күні Торғай қаласына кештетіп жеткен соң білдік, бізден бөлініп қалған жастар аласапыран кезінде Аман- гелді мен Таранды мерт етіпті.

Әлихан. Торғайдағы «Алашорда» жасағына ең басты қауіп төндірген ақтар да, қызылдар да емес, беу, жалған дүние-ай, өз ішімізден шыққан бəлшебектер — Жангелдин мен Амангелдінің əскері болды ғой…

Міржақып. Ашығын айтсақ, ағайынды қос рудың бірі қызылдар əскерін, екіншісі алашорда əскерін жасақтады. Бір ауылға бəлшебектер түстеніп кетсе, біз, алашордашылар, қоналқаға барып, орналасып жүрдік.

Әлихан. Жалғыз Торғай өңірі ме? Ойыл мен Жымпитыдағы, Қызылқоға мен Үстірттегі, Созақ пен Сарысудағы қазақ

 

бəлшебектері мен алашордашылардың арақатынасы, əттең-ай, сол рушылдыққа негізделіп құрылды емес пе…

Міржақып. Иə, бірде шоқынып, бірде мұсылманданып жүрсе де Степнов – Жангелдиннің өзі де рулық түйсігінен шығып кете алған жоқ.

Әлихан. Біздер, алаштықтар енді, сірə, тарих қойнауына ке- тетін шығармыз… Кейінгілер, уақыт өте келе, бəлкім, біз туралы да айтар, жазар.

Мағжан. Тарих деген кəрі сайқал, қашаннан күштінің ығына қарай жығыла салады қылымсып.

Міржақып. Иə, тарих деген киелі ұғым əлі талай-талай саудаға түсер. Қолдан қолға көшер. Кім ұстаса, сол өзіне қолайлы көрінген сөзді шындық осы деп шимайлай салар, ежелден бар қитұрқы ғой. Әлихан. Сол кезде біздің басымыздан өткен небір ауыр да азапты хикмет рушылдық тұрғыдан талданып, елін сатқан азғынды батыр, ал, керісінше, ел-жұртын қорғаған хас батырды сатқын де- месе болар еді кейінгілер. Рушылдық араласқан жерден шындық

қашатынын білсе ғой, кейінгілер…

Міржақып. Анненковты Қытай большевиктердің қолына бер- мекші көрінеді. Маршал Фəн Юйсян деген…

Әлихан. Солай, қарулы күрес аяқталды. Тəмам.

Мағжан. Екі түйе сүйкенсе… Ресей мен Қытай түбінде бір- бірімен қайтсе де сүйкеніспей тұрмас.

Әлихан. Бірақ біз екі түйе ортасында қалатын шыбын бола қоймаспыз… Өйткені біз жарты əлемді уысында ұстаған атақты Алтын Орданың мұрагеріміз! Алаштың рухани көсемі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөздері естеріңде шығар. Қалай еді? Иə.

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, Теңізде жүрмін қалқып, кешпесі жоқ. Жел соқса, құйын қуса жылжи беру –

Болғандай табан тіреу еш нəрсе жоқ… Бұл — бəріміздің басымыздағы ортақ тағдыр, ортақ ахуал болатын. Соған қарамастан, аспанда Алла өзі көріп тұр, жерде халық куə, қазақты жұрт қылып автономия алу үшін қолдан келгеннің бəрін жасадық. Әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып көшіп кетелік, жіп жалғап, зор мем-

 

лекет күрмеуінен құтылып-ап, Отау болып соңынан бөлінелік деп шештік. Колчак пен анненковтардың қазақ үшін емес, империяның тұтастығын сақтап қалу үшін жанталасқанын біз, əрине, жақсы білдік. Сонда да барымызды салдық, барынша қармандық.

Мағжан. Ахаң не дейді?

Әлихан. Ахаң да бəлшебектер билігін мойындаған боп, бір- лесіп жұмыс істегенді жөн санайды.

Міржақып. Сосын екен ғой Халелдің арамыздан ертерек жы- лыстап кеткені.

Әлихан. Әйел бала-шағасын ойлап, қорыққан білем. Туған жері Шаған болысы жағында қашып жүр деп естідім.

Міржақып. Ендігі қасарысу мен қарсыласуда мəн жоқ деп шешкен болар.

Әлихан. Жалғыз жүрген өз басын қорғаса, бəледен құтылады деген сөз бар. Құтыла алса, құтылсын… Ал көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып бір жүрсе ғана табылады. Біз Алаш — көппіз. Сондықтан бұдан былай мұрат жолындағы жауларымызбен басқаша қасарысып, басқаша қарсыласатын боламыз. Болашақ үшін.

Мағжан. Мен дұрыс түсінсем…

Әлихан. Дұрыс түсіндің. Әрине, бəлшебектер бізді біразға дейін алдап, алдарқатып ұстаулары мүмкін. Мылтықтарын шошаңдатқан қара тобырды былай қойғанда, көсемдері де шетінен сауатсыз. Сондықтан олар біздің біліміміз бен білігімізді пайдала- нып қалуға тырысады.

Мағжан. Ұрандатып, шулатып жазатындардың көз түрткісі болып жүрмесек…

Міржақып. Олар бірдеңені түсініп, білгенше халық санасын ағартатын, Алаш жүрегінде мөр боп қалатын жайларды ақырын- ақырын қозғай береміз ғой.

Әлихан. Солай, достар, Алаш үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымыздың кеудесі. Ұлтымыздың кеудесі ала- сармас үшін, оны ешкімге бастыртпау үшін рух майданына кіреміз.

Мағжан.              Қараңғы болса қанша түн,

Жұлдыз сонша жарқырар. Бұлт басса да Алтын күн,

 

Бір шығар, жерді жарық қылар.

Әлихан. Қазақ жұртына өз бетінше дербес ел болудың дəнін ектік. Енді сол дəннің, бəлшебектер үстінен қанша жаншып тапта- са да, жер тоңын жарып шығып көктей беруіне, қайсымыз қай жер- де жүрсек те, елге керек сөзді сорғалатып өз қанымызбен жазсақ та, осы алған бетімізден қайтпауға бекінеміз.

Міржақып. Қазақ оянды. Ояттық. Аз уақыт тұрса да Алаш Үкіметін орнаттық.

Мағжан.              Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім…

Әлихан. Иə, бəріміз бұл сұм дүниеге қонақ. Ақтық деміміз біт- кенше Қазақтың Мəңгі еркін ел болуы үшін рух майданын бастай- мыз. Серт осы болсын, мұраттастарым.

Бəрі. Серт! Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш!

«Алаш маршы» асқақтап барып бітеді.

Соңы.

 

1935 – 2014 ж.ж.

Мұқтызар Титақов – 1935 ж. Семей. Өтен Ахмет – 2014 ж. Астана

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *