Құқықтық білім берудің қажеттілігі

Құқықтық білім берудің қажеттілігі.
Жоспары:
Құқықтық мемлекет және құқықтық білім.
Құқықтық білім берудің мақсаттары.
Құқықтық білім берудің міндеттері.

Негізгі түсініктер: жалпыға құқықтық білім беру, құқықтық мемлекет, құқықтық мәдениет, құқықтық сана.

Қазақстан Республикасының Конституциясында — Қазақстан Республикасы өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп баян етілген.
Заң және оның алдында азаматтардың теңдігі ең маңызды міндет етіп қойылатын құқықтық мемлекет жағдайында құқықтық мәдениет пен сауаттылықтың ролі артады. Республикада өтіп жатқан құқықтық реформалардан басқа құқықтық мемлекетті құрудың ерекше белгілерінің бірі болып тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасының жоғары деңгейі табылатын толыққанды азаматтық қоғамды қалыптастыруды қажет етеді.
Жалпыға құқықтық білім беру әрбір азаматқа кәсіби және қоғамдық міндеттерін орындау үшін өз құқықтарын қорғай алуды үйрету үшін қажетті білім алуға бағытталған. Оның мақсаты – азаматтарға құқықтық тәрбие беру, құқықтық білімді насихаттау.
Тәуелсіз, егеменді, демократиялық елімізде құқықтық мемлекет құрудың негізі мектеп табалдырығынан басталады. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі азаматтық қоғамды құру үшін қоғам азаматтарының парасаттылық, әділеттілік қасиеттерімен қатар, санасы мен мәдениетін дамыту негізінде құқықтық тәрбие беру бірден бір өзекті мәселе болып табылады. Оқушы жастардың құқықтық тәртібін дамыту үшін олардың құқықтық сауатын ашқан дұрыс.
Бүкіл әлемнің белгілі бір заңдылықтарымен өмір сүретінін қазіргі заман ғылымы жан-жақты дәлелдеп отырғаны мәлім. Соның ішінде бұл заңдылықтар жастарға құқықтық тәрбие беруде адамзаттың жан дүниесі мен рухани ішкі өмірін де қамтиды.
Қазіргі уақытта құқықтық мемлекет құру мақсатында азаматтық қоғамды жоғары дәрежеде дамыту, жастардың құқықтық сана-сезімі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру құқықтық тәрбиенің әдіс-тәсілдерімен жүзеге асырылады. Ал тұлғаның құқықтық санасы мен мәдениеті мектеп табалдырығынан бастау алатын құқықтық тәрбие үдерісінің өтілу сапасына байланысты дамиды [2].
ҚР Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық құжатында «Қазақстан құқығы» инновациялық курсын енгізуді қарастыратын білім мен тәрбие берудің модернизациясын енгізу қажеттілігі атап көрсетілген.
Мемлекет басшысы «оқу орындарында «Қазақстан құқығы» сияқты пәннің болмауы құқықтық нигилизмге және жастардың сауатсыздығына», оның ішінде тұрғындардың барлығының сауатсыздығына әкеп соқтырады деп атап көрсетті. Қазақстандағы білім беру жүйесі ескірген әдістемелерге негізделген, оны тездетіп жаңарту қажет, дейді Нұрсұлтан Назарбаев. «Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жастардың құқықтық нигилизмі мен сауатсыздығына соқтырады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отаншылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда?», дейді елбасы. Оның ойынша, олардың болмауы салдарынан жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да келеңсіздіктерге ұрындырады. Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Мұның бәрінің басты себебі – әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік. Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды.», — деп атап өтті президент.
Жеке тұлғаны жан-жақты дамытатын тәрбие саласының бірі — құқықтық тәрбие. Әрбір азамат өз мемлекетінің заңына жауапкершілікпен қарап, оны орындауды өз міндеті деп есептеуі тиіс. Ол сан қырлы күрделі процесс. Жастық шақта адамның қоғамдық белсенділігі артады, сана-сезімі өседі, психикасы шыңдалып нығая түседі. Ол қоғамнан өз орнын табуға тырысады, өзін қоршаған ортаға сын көзбен қарай бастайды.
Жастарға құқықтық тәрбие беру — ол жастардың қоғамдық, саяси және мәдени жағынан өсіп-жетілуін, олардың санасында жоғары адамгершілік қағидаларының орнығуын, әлеуметтік белсенділігінің артуын және рухани жағынан бай, жан-жақты қалыптасуын көздейді. Құқықтық тәрбие жалпыға бірдей заңдылықты белгілі мақсатпен және принциппен жүргізуді көздейді. Оның заңдылықтары мен мәнін ұғыну үшін тек теорияға көңіл бөліп қана қоймай, оның саяси, еңбек, адамгершілік тәрбиемен бірлесе жүргізілуі қажеттіліктерін ескеру керек.
Құқықтық тәрбиенің негізгі мақсаты – жеке тұлғаның қалыптасуына, оның жан-жақты толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Бұл міндеттер оң шешімін табу үшін жеке адамның дамуы қалай өтетінін және қалыптасуына қандай жағдайлар ықпал ететінін білу қажет.
Құқықтық білімнің жастардың санасын қалыптастырудағы орны ерекше. Сондықтан да олар құқықтық ақпараттармен қамтамасыз етіліп отырылуы қажет. Жастарға қатысты құқықтық бағдарлама, түрлі кездесулер, пікір-талас, олимпиада, кештер, сайыстар, семинар- тренингтер, жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі көркемдік, хроникалық-құжаттық, ғылыми фильмдер, көрсетуге болады.
Балалардың бос уақытын ұтымды да пайдалы өткізуі үшін оларға жағдай жасалғаны жөн. Олар өздері қызығатын спорт секцияларына, әртүрлі курстарға қатысып, сауықтыру орындарында демала алады. Сонымен қатар кітапханаларда өз білімдерін жетілдіре отырып, ақпарат алудағы жаңа технологияның жетістіктерін пайдалана алады. Құқықтық білім, тәрбие беруде мектептің, отбасы мен қоғамдық ұйымдардың әсері мол. Ата-аналармен байланыс неғұрлым тиімді болуы үшін оның әртүрлі жолдарын қолдану қажет. Ол үшін мектеп пен ата-ана бірлесіп жұмыс жасауы тиіс.
Құқықтық тәрбие беру баланың жеке тұлғасын қалыптастырып, олардың бойына жоғары идеялық пен қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасты дарытудың асыл міндеттерін атқарады. Мемлекетіміз жастарға құқықтың тәрбие беру ісіне үнемі маңыз беріп келеді. Қазақстан заңдарына терең құрмет сезімін қалыптастыру, оларды сөзсіз сақтау және орындау -ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі. Көбіне құқықтық сананың төмендігі, материалдық және рухани игіліктердің не екенін жөнді түсінбеушілік қоғамға жат қылықтарды туғызады. Сондықтан да әр оқушының санасына құқықтық нормаларды жеткізу, жеткізіп қана қоймай оның күнделікті мінез-құлық нормасына айналдыру үшін күресу құқықтық тәрбиенің міндеті болып табылады.
Жастар қоғамның белсенді, ұтқыр бөлігі, жаңашылдықтың, ерекше және шығармашылық шешімдердің қайнар көзі. Сонымен қатар жастар реформаларды жалғастырушы, Қазақстан Республикасының болашақтағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының кепілі ретінде қатысады. Халық арасында, әсіресе жастар арасында құқық пен құқықтық нормаларды қолдану ерекшеліктерін түсіндіру қоғам өмірінің барлық жақтарын реформалау жағдайындағы қажеттілік болып табылады.
Біз ел Конституциясында негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие, Қазақстан-2050 стратегиясы – Қазақстан-2030 стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы кезеңінде «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауаптар алынды.
Бүгінгі егемен еліміздің тірегі – білімді ұрпақ, еліміздің мәртебесін асқақтатып, экономикасын, ішкі және сыртқы саясатын дамыту жастардың қолында. Жас буынға құқықтық тәрбие беру мәселесі – қазіргі қоғамның ең негізгі маңызды міндеттерінің бірі. Олай болса, әңгіме аяғын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен бітіргім келіп отыр: «Біздің еліміз құқықтық мемлекетті орнықтырып дамытуды мақсат етіп отырған мемлекет. Сондықтан, жастардың құқықтық тәртібін, құқықтық сауатын, Ата Заңымызға деген құрметін арттыра отырып, жан-жақты тәрбиелеу керек».

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. Оқушыларға құқықтық білім берудің тиімді жолдары.
2. Құқықтық мәдениет дегеніміз не? Құқықтық мемлекеттің дамуының негізгі жолдары.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. 1.1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 2012.
2. 2.Д.Ж.Нукатаева. Қазақ хандығы тұсындағы заң жүйесі негізінде оқушыларға құқықтық тәрбие беру. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған авторефераты. Алматы, 2010.
3. 3. 2012 жылдың 9 шілдесіндегі ҚР Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік
модернизациясы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық құжаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *