«Құран кәрім Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығына дәлел» дегенді қалай түсінуге болады?

 

Аллаһтың қалауынсыз ешбір мұғжиза жүзеге аспайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сүннеті мен үмбеті қияметке дейін жалғасатын ақырғы пайғамбар болғандықтан, оған уахи етілген қасиетті Құран мәңгілік мұғжиза,өйткені Құран екі дүниенің бақытына жетелейтін қасиеті мен өсиеті дара кітап қана емес, мына күллі тіршіліктің мәңгілік мағынасы. Көзге көрінетін және көрінбейтін әлемнің анықтамасы. Мына айқын әлемнің пердесі артынан келген мәңгілік рахмани ілтипаттардың және ежелгі субхандық үндеудің сарқылмас қазынасы. Жаратылыстың жол көрсетушісі. Адамзат өмір деңгейінің ең жоғарғы дәрежесі Исламның өмір негізі. Барлық адам баласының ұстануы тиіс ақиқат сөзі. Адамға әрі құқық, әрі дұға, әрі зікір мен ғибадат, әрі даналық, әрі хикмет, әрі әмір мен тәблиғ кітабы. Негізінен, барлық адамзаттың әртүрлі рухани әрі пікір мұқтаждықтарына ем болатын бірнеше шығарманың қайнар көзі болған құтты кітап.
Құран өмірдің барлық бұлтарыстарын қамтитын ашық әдістеме ұсынуда. Ол әдістеменің ерекшелігі сол: адам баласы бұған дейін ондай

кереметті көрмеген еді. Дәл Ислам дініндей адам баласына материалдық және рухани бақытты бұрын-соңды ешбір жүйе бере алған емес.
Пайғамбарымыз мақтаулы Мұхаммедтің (с.а.с.) мұғжизасын көзімен көрген ізгілер сол жерде еріксіз «Аллаһтан басқа құдай жоқ» дей берді. Ал тастай қатты жүректеріне Аллаһ тағала иман нәсіп етпеген бақытсыздар теріс айналды. Арада қарт тарихтың қанша парағы аударылып жатса да мұсылмандар үшін ұлы мұғжиза Құран кәрім күні кеше ғана Пайғамбар (с.а.с.) аузынан шыққандай өміршең қалпын сақтауда. Ал пайғамбар Мұхаммедті (с.а.с.) саясаткер, философ деп санайтын дүниеқоңыздар үшін, Құран сөзі баяғылардың ертегісі ғана. Құдай ондай ойдың бетін ары қылсын!
Араб әдебиеті шарықтау шегіне жеткен тұста түскен аяттарды тыңдаған адамзат баласының аузынан суы құрыды. Аузымен құс тістеген ақындар Құранды естігеннен кейін көбі қолдарына қалам алмай кетті. Сол уақытта кейбіреулер Құранға жала жабудан да тайсалмады, бірақ жапқан жалаларына өздері де сенбес еді. Құран тілі өздерінің ана тілі болғанымен, олардың әлімсақтан бері қолданып келе жатқан сөз қолданысы мен сөйлем құрылымынан мүлде бөлек, өзіне ғана тән көркемдік пен тапқырлығы жұртты тегіс таң қалдырған. Ойы жүйрік сөз дүлдүлдерінің өзі ұлы Құранның алдында бас игеннен басқа шарасы қалмады.
Құран Аллаһтың сөзі екені және бұл туралы күдігі барларды күреске шақырып: «Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де осыған ұқсаған бір сүре әкеліңдер. Егер сөздерің рас болса, Аллаһтан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар. Егер оны істемесеңдер, қазір әкелмесеңдер, келешекте әсте істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар мен тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!» («Бақара» сүресі, 2/23-24) деген болатын. Алайда қаншама ғасырлар өтті, ешкім де бір сүресіне ұқсас өлең жаза алмады. Бұл да Құранның Аллаһтың кітабы екендігі, Аллаһ елшісі (с.а.с.) оны жеткізуші пайғамбар екендігін растай түсуде.
Құран жиырма үш жылдық уақытта сұралған сұрақ, күн тәртібіндегі мәселе, істелген қисық істің түзетілуі сияқты түрлі оқиғалар негізінде түсті. Соған қарамастан Құраннан ешқандай да қарама-қайшылық, жүйесіздік таба алмаймыз. Ешкім де Құранға қатысты «мына сөздің орнына мына сөзді қолданғанда, мына жерін былай жазғанда» деп айта алмаған. Тілдік жағынан да, стильдік жағынан да мінсіз. Оның үстіне күн санап жаңарып жатқан ғылыми-техникалық прогреске ешбір жері қайшы келмей, ғылымның жаңа салаларын толықтыра түскендей. Пайғамбар мұғжизасы екенінің дәлелі сонда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһтың ұлы сөзін айна-қатесіз адамзатқа жеткізді.
Қарапайым ғана зерттеулердің өзі Құранның тіл мен ойды жеткізу жағынан ешбір кітапқа ұқсамағанын дәлелдеп беруге жетіп артылады. Құран кітапта бүгінге дейін жазылған барлық кітаптардың ішінен бірде-бір ой көшірілмеген. Демек, Құран кісі сөзі емес. Ол өзінің сарқылмас қазынаға толы мазмұнды мәңгілік мұғжиза екенін қияметке дейін дәлелдей бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *