Құран кәрімде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кейбір іс-әрекеттеріне байланысты ескертулердің түскені рас. Мұның бірі Бәдір соғысына қатысты. Соғыста мұсылмандардың мерейі үстем болып бірнеше мүшрікті қолға түсіреді. Бұрын-соңды мұндай ірі жеңіске қол жеткізіп көрмеген мұсылмандар тұтқындарға қандай шара қолданарын білмейді, өйткені бұған дейін ол туралы уахи түспеген еді. Ақырында, Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабалармен ақылдасып шешпек болады. Алдымен Әбу Бәкірден (р.а.) сұрағанда ол кешіріммен қарау керектігін айтады. Ал хазірет Омар (р.а.) тұтқындардың Меккедегі ең беделді адамдар екенін айтып, бұлардың көзін жойса, күпірліктің түбіне балта шабылатынын алға тартады. Ең жақын деген достарының пікірін тыңдаған Пайғамбарымыз : «Әбу Бәкір, сен атам Ибраһим мен Исаға ұқсайсың. Олар өздеріне қарсы шыққан қауым үшін Аллаһтан кешірім тілеген. Омар, сен Нұхқа тартқансың. Ол ақиқатқа қарсышыққан қауымды иман еткендерге кедергі етпеуі үшін Аллаһтан жойып жіберуін сұраған», – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.с.) барлығына кешірім етеді. Міне, осы оқиғадан кейін арада бір күн өтісімен Хазірет Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.с.) келеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Әбу Бәкірмен бірге жылап отырғанын көреді. Омар (р.а.) жаны қалмай:
«Аллаһтың елшісі, неге жылап отырсың? Егер жылайтын нәрсе болса, айтыңдар, мен де жылайын, болмаса мен сендер жылағандарың үшін жылаймын», – деді. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.) Омарға (р.а.) қарап:
«Омардың шешіміне мән бермегендігімізден үлкен азапқа душар бола жаздадық. Егер ол азап келгенде одан тек Омар ғана құтылатын еді! Бұл жайлы аят мына ағаштың түбінде маған түсті», – дейді.
Сөйтсе Жәбірейіл періште Бәдір тұтқындарына құн төлеттіріп, оларды азат еткендіктері үшін Пайғамбарымызға (с.а.с.) ескертіп: «Ешбір пайғамбарға жауды толық жеңбейінше, тұтқын ұстап, олардан бодау алу арқылы оларды азат ету дұрыс емес. Сендер дүниенің пайдасын ойлайсыңдар, Аллаһ сендерге ақиретті қалайды. Аллаһ өте үстем, хикмет иесі. Егер Аллаһтан алдын-ала беріліп қойған үкім болмағанда, (тұтқындардан бодау) алғандарың үшін үлкен азапқа душар болар едіңдер» («Әнфал» сүресі, 67) , – деген аят түседі.
Егер бұрын-соңды бұл туралы үкім түскенде, ойланбастан Аллаһтың әмірін Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұлжытпай орындайтын еді. Жоғарыдағы Пайғамбарымыздың тоқтаған шешімі түгелдей қате болмаған. Әйтпесе Жаратушы Ие артынша оны жоққа шығаратын бір үкім түсірер еді. Одан кейін соғыстан тапқан олжаны бөлісуге рұқсат етіп: «Осыдан бастап бодау алу мен олжа сіздерге адал етілді», – деген аят түсті.
Аллаһ тағала дұшпандарымен алғаш рет бетпе-бет келген мұсылмандарды бұрын үкімі берілмеген жағдаймен сынап, бұдан былай абайлау керек екенін көрсетті. Осы бір ескертуден кейін мыналарды тұжырымдай аламыз:
1) Бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да құл екені ескертіліп, христиандар сияқты тым асыра сілтеп (пайғамбарды құдай деп) жіберудің алдын алған. Сахабаларға және барша үмбетке осыны ескерткен.
2) Алда-жалда Пайғамбарымыз (с.а.с.) уахидың бірін жасырып қалар болса, осы сынды өзіне ескерту жасалған аяттарды айтпас еді. Осы оқиға арқылы да Аллаһ тағала мұсылмандар мен барша әлемге Пайғамбарымыздың (с.а.с.) адал елші екенін дәлелдеді.
3) Мұнымен қоса үмбетке үкімі беймәлім жағдайға ұшырасқанда өзара ақылдасудың маңызды екендігін көрсеткен.