Ғұсыл дәрет
С: Ғұсылдың мағынасы қандай?
Ж: Бүкіл денені жуу дегенді білдіреді.
С: Ғұсыл қалай алынады?
Ж: Ғұсыл алғысы келген адам: 1) истинжа (нәжісті тазалау) жасайды; 2) саусақтарының ұшынан бастап білезікке дейін қолын жуады; 3) одан кейін дәрет алады, бірақ аяқтарын жумайды; 4) бірінші басына, кейін оң иығына, сосын сол иығына, содан кейін басқа жерлеріне су құйып, денесінің бір жерін де қалдырмай мұқият жуады; 5) Кейін екі аяғын жуады.
С: Ғұсыл алған адамның дәреті болады ма?
Ж: Дәреті болады, себебі ғұсылда дәрет бар, намаз оқу үшін жаңа дәрет алу керек
емес.
С: Ғұсылдың парыздары қанша?
Ж: Үшеу: ауызын шаю, мұрнын шаю және барлық денесіне су тигізу.
С: Ғұсылдың сүнеттері қанша?
Ж: Он: 1) истинжа жасау; 2) денесіндегі нәжістерді тазалау; 3) саусақтарынан
бастап білектеріне дейін жуу; 4) дәрет алу, бірақ аяғын жумайды; 5) ретпен бірінші басына, екі иығына, барлық денесіне су тигізіп шығу; 6) қолы жеткен жерлерін бір мәрте ысқылап шығу; 7) әр ағзаға суды үш рет тигізу; 8) жұп мүшелерді жуғанда оң жағынан бастау; 9) суды ысырап қылмай, өз көлемінде пайдалану; 10) құбылаға алдымен қарамау.
С: Дененің барлық жеріне су тию парыз ба?
Ж: Дененің әрбір көрініп тұрған жеріне, шаш, сақал, мұрт астына, құлақ тесіктеріне, тырнақ астына, кіндігіне, көзінің шұңқырларына су жету қажет, егер су тимей қалса, ғұсыл есептелмейді.
С: Әйел адамдардың шаштарының астына су тигізуі міндет пе?
Ж: Шаштары өрілген болса, терісіне су тигізу жеткілікті. Ал өрілмеген шашты түгел жуу шарт.