Хайыз және нифас
С: Хайыз деген не?
Ж: Балиғатқа жеткен қыз немесе әйелдердің ай сайын жыныс мүшесінен келетін қан (етеккір).
С: Балиғатқа жетпеген яки бедеу әйелдің, не бір ауру себепті және ішінде баласы бар әйелдің жыныс мүшесінен шығатын қан хайыз қаны болады ма?
Ж: Бұлар хайыз қаны емес, истихаза қаны, яғни ауру себепті келетін қан.
С: Етеккір мерзімі неше күнге созылады?
Ж: Кемінде үш күн, ең көбі он күнге дейін келеді.
С: Екі хайыз арасындағы уақыт таза саналады ма?
Ж: Екі хайыз арасындағы таза уақыт «туһур» деп аталады. Туһурдың ең аз мерзімі – он бес күн, ал ең көбінің белгілі бір уақыты жоқ. Әр әйелде әртүрлі.
С: Үш күн толмай тоқтаған, он күннен кейін де жалғасқан және он бес күн өтпей келген қан хайыз қаны болады ма?
Ж: Хайыз қаны емес, истихаза қаны.
С: Нифас қаны – қандай қан?
Ж: Нифас – әйел адам босанғаннан кейін келетін қан.
С: Нифас қаны неше күн келеді?
Ж: Белгілі бір мерзімі жоқ, ең азы бір сағатта келіп-кетуі мүмкін, ең ұзақ мерзімі қырық күн.
С: Босанып, қырық күн өткеннен кейін қан келсе, нифас болады ма?
Ж: Ол нифас қаны емес, истихаза қаны.