Аллаһ тағала Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) дүние есігін ашқаннан бастап ақтық деміне дейінгі асыл ғұмырының әрбір сәтінде қамқорлығында ұстаған. Әрине, періште емес, адам болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.с.) да ауырған, ашыққан, шөлдеген, майдан даласында жараланып қиындықтарға да кезіккен. Ары-беріден соң, барша тірі жанның маңдайына жазылған өлім дәмін де татқан. Бұл оның әрі қарапайым құл екенін көрсетеді. Ал көзі тірісінде жасаған мұғжизалары мен Аллаһтың ерекше қамқорлығы пайғамбар екеніне бұлтартпас дәлел. Бұл турасында бастан кешкен бірнеше оқиғаға тоқталайық:
Христиандардан қорғалуы . Бала күнінде сүт анасы Халима Меккедегі туған анасы Әминаға алып бармақ болып жолға шығады. Сирар шоқысының жанындағы соқпақ жолмен келе жатқанда, қарсы алдынан бір топ эфиопиялық христиандар ұшыраса кетеді. Олар Пайғамбарымызға (с.а.с.) анықтап ұзақ қарайды. Оның соңғы елші екеніне көз жеткізіп, Халима анамызға: «Біз сәбиді патшаға алып кетеміз. Оның ерекше белгілері бар», – дейді. Жолаушылар зорлықпен Пайғамбарымызды (с.а.с.) алып кетпекке ұмтылды, бірақ Құдайдың құдіретімен, бірнеше христиан жабылып әупірімге салғанымен, қорғансыз әйелдің қолынан кішкене сәбиді алып кете алмады.
Әбу Ләһабтің әйелінен қорғалуы . Ислам жасырын жайылып жатқанда,
«Алдымен ең жақын туыстарыңа жеткіз» («Шуара» сүресі, 214) деген әмір түседі. Расулаллаһ (с.а.с.) дүйім жұртты Сафа төбесіне жинап өзінің пайғамбарлығын жариялайды. Сол жерде тұрған ағасы Әбу Ләһаб қаһарына мініп, былапыттап айтпаған сөзі қалмайды. Кейін Әбу Ләһабқа әйелі қосылып, екеуінің дұшпандығы айтарлықтай өрши түсті. Күндердің күнінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әбу Бәкір Қағбаның жанында сұхбаттасып отырғанда, Әбу Ләһабтың әйелі, қолында кесек тасы бар, бұлардың жанына келеді де, Әбу Бәкірге: «Қайда сенің досың? Мені жамандайды екен ғой өзі? Айта бар, көрген жерімде оңдырмаймын оны», – деп бұрылып кетіп қалады. Сөйтсе, әйел көз алдындағы Аллаһ елшісін аңдамай тұр екен. Бұл оқиға аятта: «Сен Құран оқыған кезде ақиретке сенбейтіндер мен сенің араңа перде қоямыз» («Исра» сүресі, 45) делініп, Пайғамбарымыздың имансыз адамдардан қорғалғаны мәлім етілген.
Әбу Жәһилден қорғалуы . Пайғамбарымызға (с.а.с.) өшіккендердің көш басында Әбу Жәһил тұрды. Бір риуаятта Әбу Жәһил оның сәждеге барғанын
«Мұхаммед әлі жүзін топыраққа үйкеп жүр ме?» – деп кекетіп: «Лат пен Уззаға ант етейін, енді соның сәждеде жатқанын көрсем, басынан теуіп,
топыраққа өз қолыммен көміп тастаймын», – дейді. Айтқандай-ақ бірде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) намаз оқып тұрғанын байқап қалады да, арам пиғылын іске асырмақ боп, ту сыртынан жақындай түседі. Бір кезде қолымен әлденеден қорғаншақтап, кері қарай қаша жөнеледі. Мұны көрген жұрт түсінбей, не болғанын сұрайды. Үрейі ұшып, өңі сұрланып кеткен Әбу Жәһил: «Мұхаммедке жақындай бергенім сол еді, алдымнан жалыны көкке шапшыған от, түрі қорқынышты қанатты бірдеңелер пайда болды», – дейді. Аллаһ елшісі бұл туралы: «Сол күні Әбу Жәһил маған жақындай түскенде періштелер оның қолын қол, бұтын бұт қылып бөлшектеп тастайтын еді» деген. Осы сынды басқа да қастықтардан тікелей Аллаһтың көмегімен аман қалып отырған. Әбу Жәһилден басқа Ұқба ибн Әбу Муайт, Надр ибн Харис деген кәпірлер де өлтіруге тырысты, бірақ неше жерден қаныпезер болса да айла асыра алмасы белгілі емес пе?
Мәдинаға һижрет еткенде дұшпандарының оны көрмей қалуы.
Расулаллаһ (с.а.с.) сахабаларына Меккеден Мәдинаға көшуге рұқсат беріп, өзі бірнеше күн осында аялдап қалды. Мұны естіген мүшріктер дереу бір- біріне хабар жіберіп, қайтсе де сол түннен қалдырмай өлтірмекке бел буады. Мәдинаға барып, күндердің күнінде күшейіп өш алады деп қауіптенгендіктен, қас қарая Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйінің жанына қару асынған бірнеше адамын жұмсайды. Ғаламның рақым нұры есікті ашып сыртқа беттегенде бәрі бірдей ту сыртынан тап бермек. Аллаһ елшісі (с.а.с.) Алиді (с.а.с.) өзінің төсегіне жатқызып, үйінен шығады. Табалдырықтан аттар-аттамас жерден бір уыс топырақ алды да, күзетші қаныпезерлерге шашып жіберіп, «Йасин» сүресіндегі «Біз олардың алдарына және арттарына бір-бір перде тараттық. Олар сені көрмейді» деген аятты оқыды. Екі көзі төрт боп түні бойы пайғамбардың үйін торуылдағандардың бірде-біреуі оны көре алмады. Аллаһтың құдіретімен әлгі кәпірлердің көзі байланып, қара басып Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шыққанын көрмей қалады. Осылайша Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһтың қорғауымен Мәдинаға һижрет етті.
Мүшріктерден тығылып үңгірде жатқанда да Аллаһ тағала үңгір аузына құс ұясы мен өрмекшінің торын құрып қорғап қалған.
Мәдина кезеңіндегі қорғалуы . Мәдинаға келгеннен кейін де қастандықтар толастаған жоқ. «Бөрі жоқ деме бөрік астында, жау жоқ деме жар астында» дейтін аумалы-төкпелі заман мұнда да оң қабақ таныта қоймады. Қастандық табан астынан келетін еді. Дұшпандары күн сайын күшіне мініп, кәпірлерге қосылған мұнафықтардың қай уақытта, қай жерде қақпан құрып отырғанын болжау мүмкін емес еді. Әсіресе, бастары қосыла қалса Исламға қарсы қастандық ұйымдастыруды көздейтін Мәдина айналасындағы яһудилердің қарасы өз алдына бір төбе. Іштен шыққан жау мен сырттан келген жаудың қысымына аз ғана мұсылмандар төтеп бере алмай тығырыққа тірелген кездер көп болды. Тіпті Пайғамбарымызға (с.а.с.) у да берілгені белгілі, бірақ мұның бәрінен Аллаһ тағаланың қамқорлығымен аман қалып отырған.
Жабир ибн Абдуллаһ риуаят етуде: «Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге Нәжид жақтан соғыстан келе жатқанбыз. Жолда бір тоғайдың жанына барып ат шалдырып, тынығып алмаққа тоқтадық. Әр жерге топ-топ күйде жата кеттік. Ұйқыға бас қойғанымыз сол еді, кенет Пайғамбарымыздың бізді шақырған даусын естіп өре түрегелдік. Енді байқадық, өзі бір мүшрікке қылышын кезеп тұр. Соңынан білдік, әлгі мүшрік Пайғамбарымызды өлтіру үшін аңдып жүрген екен. Ұйықтап жатқанын пайдаланып, ағашта ілініп тұрған Пайғамбарымыздың қылышын алып жақындай түседі. Аллаһтың елшісі оянып кеткенде, қылышын ыңғайлап тұрған мүшрікті көреді. Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарап миығынан күліп: «Енді сені кім құтқарады?»
– дейді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оның қолындағы қылышына қарамай «Аллаһ!» – дейді. Кәпірдің өті жарылып, қатты қорыққаны сонша – қолындағы қылышын жерге түсіріп алады. Осы сәтте қылышты Аллаһ елшісі қолына алады да: «Ал енді сені кім құтқарады? – деп сұрайды». Әлгі адамның зәре- құты қашып, қалшылдап кетеді.
Жағдайды бағаласақ, өлтіруге барлық жағдай жасалған, бір ғана қимылмен о дүниеге аттандыра салатындай көрінгенімен, «Аллаһ сені адамдардан қорғайды» («Мәида» сүресі 67) деген аяттың шындығы байқалған. Жаратушы Иенің сүйікті елшіге қамқорлығы кез келген мүшрік үшін алынбас қамал іспетті.
Яһуди әйелдің у беруінен аман қалуы .
Мұсылмандар Хайбарды алғаннан кейін бір яһуди әйел қой сойып Пайғамбарымызға (с.а.с.) дастарқан жайып, төріне шығарып қонақ қылады. Ас ортаға әкелінген соң етті алып аузына апара бергенде, Құдайдың құдіретімен еттің уланғанын біледі. Осы уақытта етті жұрттан бұрын жеп үлгерген Бишр деген кісі сол жерде тіл тартпай кетеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) етті пісірген әйелді алдырады. Сонда әйел қасқая қарап тұрып былай дейді: «Егер сен шын пайғамбар болсаң, бұл удың зияны тимесін білдім. Ал егер өтірік айтып жүрсең, қулығыңнан жұртты құтқарғым келді» (Бұхари, Хиба 28) . Расулаллаһ әйелді қоя береді.
Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дінді жаю барысында дұшпандарымен сан мәрте қақтығысты, бірақ ешкім кесірін тигізе алмады, өйткені Аллаһтың қорғауында еді.