Хазірет Мұхаммед Мұстафа(с.а.с.)пайғамбарлықтан бұрын Шам, Йемен, шығыс Арабияға жасаған саяхаттарында кейбір кітап иелерімен ұшырасқан, бірақ кездейсоқ ұшырасып қалғаны болмаса, олармен әдейілеп әңгімелесіп, дін тақырыбында ештеңе қозғамаған. Құран аяттары кітап иелерімен байланысын сөз қылғанда, олардың тәухидті қате түсінетінін айыптап, Пайғамбарымызға тәухидті түсіндіруді жүктеп, діндердің ортақ тұстарын сөз еткен, бірақ олар Пайғамбарымызға (с.а.с.) сенбегендерімен қоймай, сенген мұсылмандардың да көкейіне күмән салуға, Исламнан алыстатуға тырысатын. Яһудилер мүшріктермен ауыз жаласа отырып, Пайғамбарымызға (с.а.с.) қар астынан қақпан құрып, небір сұмпайы сұрақтар қойып, тығырыққа тіреуге тырысатын. Мұсылмандардың Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген сеніміне селкеу түсірмекке әрекеттенетін. Жұмсақ сөйлескен болып, кей кездері наразылықтарын орынды етіп көрсетпек болатын.
Мұсылмандар Мәдинаға көшкенде яһудилердің зығырданы қайнаған. Қайткен күнде де қанат жайып келе жатқан Исламды тоқтатып,
Пайғамбарымызды (с.а.с.) өлтіру олардың күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналды. Алда-жалда мұсылмандар біреулермен соғыса қалса, яһудилер дереу қарсы жаққа көмек беріп, қырғи-қабақ соғысқа көшті. Құран аян еткен осындай соғыстардың бірі Хандақ шайқасы еді. Күннен күнге өрши берген жаулықтан кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) яһудилерге барып, оларды отырған жерінен қуып шықты.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұрттың бәріне деген мейірімін кезі келгенде яһудилер де пайдаланды, бірақ жақсылыққа жамандық жасағандарды Пайғамбарымыз (с.а.с.) да лайықты жазалай білді.
Христиандарға келер болсақ, олардың кейбірі Исламды қабылдаса, кейбірі яһудилер секілді ерегісе түсті. Пайғамбарымыз (с.а.с.) христиан мемлекеттеріне де хат жолдап Исламға шақырды. Олардың кейбірі Исламды қабылдады, кейбірі қабылдамады, бірақ ақыр аяғында араб түбегі тұтастай мұсылмандықты қабылдап, Ислам діні өзінің гүлдену дәуірін бастады.