Пайғамбарымыз әйелдеріне қаншалықты тең қараған?

Аллаһ елшісі некеде тұрған барлық әйелдеріне тең қараған. Хадисінде
«Кімде-кімнің екі әйелі болып, біреуімен жақсы қарым-қатынас жасап, екіншісіне әділетсіздік етсе, ақиретте денесінің бір жағы қисайған күйде келеді» (Әбу Дәуіт, Тирмизи) – деп ескерткен, сондықтан ер кісі әйелдеріне барлық мәселеде әділдік көрсетіп, таразы басын тең ұстауы керек. Ал жақсы көру жүрегінің қалауында болғандықтан, бұл турасында әділдікті шарт етпеген, өйткені бұған көпшілік адамның шамасы жетпейді, сондықтан Аллаһ тағала: «Қанша тырыссаңдар да әйелдеріңнің арасында әділдік ете алмайсыңдар» («Ниса» сүресі, 129) деп, жүрек пен сезім қалауында әділдік жасаудың қиындығын ескерткен. Аллаһ елшісі (с.а.с.) жұбайларымен қарым- қатынасында көркем өнеге көрсеткен. Сөйте тұра «Уа, Аллаһ тағалам! Барлық күш-жігерім осы ғана. Сенің иелік еткеніңе (жүрек қалауына, шынайы сезімге) мен қанша тырыссам да еш нәрсе істей алмаймын», – деп дұға етеді. Жалпы әйелдерінің арасынан Айшаны (р.анһа) қатты жақсы көретін. Мұны басқа жарлары да жақсы білетін.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) сырқаттанып жүрген кезінде де әрбір жұбайының үйіне кезекпен түнеп жүрді. Бірде әйелдерінің көзінше: «Ертең кімнің үйіне барамын?» – деп сұрайды. Сонда әйелдерінің бірі дереу мәселені түсініп басқаларына: «Айшамен бірге болатын күнді сұрауда», – дейді. Сосын жұбайлары өзара келісіп: «Уа, Аллаһтың елшісі, осы күнді Айшамен өткізуіңе рұқсат етеміз», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендер разысыңдар ма?» – деп сұрағанда, барлығы бірауыздан: «Иә, разымыз», – деп жауап береді. Сырқаттанып жүрсе де әйелдерінің ақысын кемітпеуге

асқан жауапкершілікпен қараған. Ал Айша анамызды ерекше жақсы көруіне келсек, оны Аллаһтың жүрекке салған сезімі деп түсінеміз.
Ардақты елші (с.а.с.) Ұлы Рахманның құзырына аттанар алдында қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Күн өткен сайын, дерті меңдеп, басы ауырып, қатты қиналды. Осы қиын шақта да жарларына деген ыстық ықыласы мен әдептілігінен жаңылған жоқ. Әйелдерін кезекпен аралап шығуға шамасы жоқтығын сезгенде бір бөлмеде қалуды жөн көріп, рұқсат сұрады. Барлық жары бұл тілекті бірауыздан мақұлдады. Аллаһ елшісі ақырғы күндерін хазірет Айшаның (р.анһа) бөлмесінде өткізді (Ибн Сағыд, Табақат, 2/231; Ибн Хишам, Сира, 4/298.) . Ең ауыр шақта да жарларының құқықтарын құрметтеп, әрдайым ұлағатты әрекет етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *