Пайғамбарымыздың мұнафықтармен ара қатынасы қандай еді?

 

Араб тіліндегі мұнафық сөзі «нәфақ» түбірінен шыққан. Оның мағынасы «көртышқанның іні» дегенді білдіреді. Қалайша көртышқан інінің бір тесігінен кіріп, екінші тесігінен шығатын болса, мұнафық та Исламның бір жағынан кіріп, екінші жағынан шықпақ. Олар – күпірін жұрттан жасырып, өзін мұсылманмын деп айтатын адамдар.
Кез келген идеология, пікір мен көзқарас немесе саясат заманға үстемдік құра бастаған кезде, екіжүзділік шығады. Бұл қалыпты да. Екіжүзділік Меккеде қорлық пен азап көріп жүрген күндерде емес, мұсылмандардың күшейе түскен кезі Мәдинада алғаш көрініс бере бастады. Меккеде, керісінше, иман еткендер иманын жасырын ұстауға тырысатын, өйткені ол кезде мұсылман мүшріктер тарапынан таяқ пен жұдырыққа көнуі бір басқа, қоғамнан шеттетіліп, адамдармен жөнді араласа да алмас еді. Оған тарихта Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарсы жасалған тығырыққа тіреу (байкот) мысал.
Ал Мәдинада жағдай мүлде басқаша сипат алды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) һижрет етпей тұрып Мәдинадан Әус пен Хазраж сынды одақтас тайпалар жауапкершілікті мойындарына алып, Исламның таралуына жағдай жасап, мұсылмандарға қорған болды. Осы жерде Исламның жаңа бір асуды бағындырғанын көз көрді, бірақ мұнафықтар мұһажирлер мен ансарлардың қалың күшінен ығып, ашық жаулық ете алмады. Ақырында, қырғи-қабақ жасырын жаулыққа көшті. Сырттай мұсылман көрініп, пиғылдары мүлдем кереғар еді. Пайда болған мұнафықтар мұсылмандарды біріне- бірін айдап салып, араларына от тастауды көздеді. Мұсылмандардың күшейгенін көрген дұшпандарының ойлап тауып жүрген амалы – жансыз жіберу арқылы іштей құрту болды.
Мұнафықтар сырттай мұсылманның істегенін істеп, солардың жүріс- тұрысын қайталап жүргендіктен шеттетілмей, Ұлы Хакимнің хикметімен дүниеде мұсылман болып санала берді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да оларды

біле тұра бөліп-жармады. Мұнафықтар мұсылмандармен жүргенде өздерін иман еткен адамша ұстап, кәпірлермен жолыққанда бет-перделері түріліп, шын бейнелері көрінетін. Құранда «Олар иман еткендерді көргенде «біз де иман келтірдік» дейді, бірақ шайтандарымен оңаша қалғанда «Біз сендермен біргеміз », – дейді» («Бақара» сүресі, 14) делінген мұнафықтар ешқашан екіжүзділіктен танбады. Сырт көзбен қарағанда құдды Аллаһ үшін отқа салсаң да қыңқ етпейтіндей сыңай байқататын. Құранда мұнафықтар жайлы «Кей адамдардың дүние тіршілігі турасында сөйлеген сөзі сені таңдандырады. Бөтен ниетте емес екенін айтып, оған Аллаһты куә етеді. Шындығында, олар барып тұрған өтірікшілер» («Бақара» сүресі, 204-206) деп сипаттаған. Мұнафықтардың қаупінің үлкендігі болса керек, Құранда арнайы
«Мұнафиқун» деген атпен сүре түскен.
Екіжүзділердің Пайғамбарымызға (с.а.с.) құрған тұзақтарының бірі һижрет кезінде салған мешіттерінің жанынан тағы бір мешіт салуы еді. Осыдан-ақ мұсылмандардың арасына іріткі салу мақсаттары менмұндалап көрінеді. Олар мешітті бітіргеннен кейін Расулаллаһтың (с.а.с.) сол жерге келіп намаз оқуын сұрады. Ондағы ойы – Пайғамбарымызды (с.а.с.) осы жерде намаз оқыта отырып мешітті үлкен мәнге ие қылу. Пайғамбарымыз бұл ұсынысты кейінге қалдырады. Сөйтіп жүргенде уахи келіп, бұл мешіттің иманды жою үшін салынғаны ашық айтылды. Аллаһ елшісі (с.а.с.) бірнеше сахабаны жіберіп мұнафықтардың мешітін бұздырып тастады.
Олардың бәріне ортақ бір қасиеті – бейбіт күндері Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жанында жүріп жиһадқа шығуға дайын екенін айтып, ал шешуші сәтте сылтау тауып сұрана бастайтын. Өздері бармағанымен қоймай, жиһадқа шыққандарды да азғыратын. Ұхұд соғысында майдан алаңын тастап тым- тырақай қашқаны тарихта жазулы және осындай істі неге істегенін сұрағанда айтатын сылтаулары да таусылмайтын.
Іштен яһудилердің, сырттан мүшріктердің қысымы артып Хандақ соғысы басталған кезде мұнафықтар тағы да баяғы әніне басып, түрлі сылтау айтып тарап- тарап кеткен еді.
Құран кәрім олардың кейбірін ашық айыптады. Аллаһ расулы (с.а.с.) оларды дінінен тайған мүртәдтардың қатарына қоспай, мұсылман деп санаған. Аллаһтың мұнафықтар жайлы айтқан үкімі жалпы үкім, белгілі бір адамдарға қатысты емес. Түсу мақсаты – оларды ескерту, тәубеге шақыру. Шынында, Құранның ескертулерінен кейін көбі тәубе етті, өйткені олар бұл аяттардың Аллаһтан екенін жақсы білетін.
Тоқсан ауыз сөзді түйіндей айтқанда, Мәдинадағы екіжүзділік сол кезде Исламның қаны сорғалап тұрған мәселелерінің бірі болған. Мұнафықтар реті келгенде мұсылмандарға тасадан тас лақтырып жатса, мұсылмандар өз араларынан орын беріп, екіжүзділігін бетіне баспай, жақсылық жасауын жалғастырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *