Таза, тәртіпті киінуге қатты мән беретін. Жаңа киім кигенде, Аллаһқа мадақ айтып, қайырлы іске киілуін тілеп, сол киім жабатын мүшелерден келетін жамандықтардан сақтанатын. Елдің көзін тартатын киім кимей, ысырап етіп тым қымбатын алудан тартынатын. Өзін ел ішінде қарапайым ұстап, орта таптың киінгеніндей киінетін.
Киім кигенде де қарапайымдылықтан ауытқымаған. Мақтаншақтық пен ел көзіне түсуге әуелден жаны қас, бірақ анда-санда әдемі киімді де киіп тұрудан бас тартпайтын. Кей елдің патшалары беріп жіберген тартуларының ішінде қымбат киімдер де болатын. «Ақ түс – түстердің ішіндегі ең әдемісі» деп ақ түсті ұнататын. Қызыл киімді суқаны сүймейтін. Бір күні Ибн Омар қызыл түсті киім киіп келгенде, жақтырмағанын байқатқан.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) киім мен әшекейлер алып беруде әйелдеріне керегінше жағдай жасауға тырысқан. Құран кәрімде: «Жас ет (балық) жеулерің әрі тағынатын әсемдік зейнет бұйымдарды (моншақтарды) шығаруларың үшін Аллаһ сендерге теңіздерді бағындырды» («Нахл» сүресі, 14) десе, тағы бір аятта: «(Ей, Мұхаммед!) Былай деп айт: Аллаһ тағаланың пенделер үшін жаратқан әшекейлері мен таза ризықтарын кім харам ете алады? Оларға айт, ол несібелер дүниеде, әсіресе ақиретте мүміндердікі болмақ. Білетін қауымға аяттарымызды осылайша баяндаймыз» («Ағраф» сүресі, 32. ) – дейді. Өздеріңізге белгілі, Құранда әшекей бұйымдар мен әсем киімдерді пайдалануға тыйым жоқ.
Ибн Сағд бір риуаятында «Сахабалар әйелдерінің көрікті болуы үшін киім мәселесінде жомарттық танытатын», – дейді. Бұған мысал ретінде Осман (р.а.) Найла деген әйеліне 200 дирхамға жібек мата сатып алып,
«Әйеліме киім тіктіріп қуантайын», – деген екен (Ибн Сағыд, Табақат 3/58. ) . Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы мәселедегі үгіт-насихатынан болса керек, сахабалар әйелдерін киіндіруге жомарттық танытты. Дініміз әйелдердің киім киініп, әшекей бұйымдар тағынуына рұқсат еткен. Бұл жайында Құран
кәрімде бірнеше аятта айтылады («Нахл», 16; «Фатыр», 12. «Ағраф» 32;
«Нұр»сүрелері 31,60. ) .
Айша анамыз бірнеше алтын жүзік, алқа таққан (Ибн Хажар, Шихабуддин Әбу Фадл Ахмад ибн Али әл- Асқалани, 12/1449) . Нажаши сыйға жіберген уд, анбар, зебад секілді иіс суларды Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әйелдері өзара бөліскен. Үммі Хабиба бұлардан өз үлесін алып қолданғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) қарсылық білдірмеген (Мустадрак ала Сахихайн 4, 21) . Алайда әйел затының жадында ұстайтын бір мәселе: әйел тек күйеуі үшін иіс су себініп, әсемдігін барынша көрсете алады. Өзге жұрт үшін бұлай істеу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) балдызы Әсманың Айша анамыздың жанында иіс су себінгенін көргенде: «Әйел заты күйеуінен басқаға иіс су себінбеуі керек» (Хайсами 4,314) деп, бөгде адамдар бар жерде иіс су себінбеу керектігін ескертеді. Күйеуінен басқа адамдар көретіндей етіп алтын мен күмісті тағынып әшекейлену харам екендігі, ер кісілердің құмарлығын оятатындай етіп иіс су себіну күнә саналатындығы жайлы риуаяттарда айтылған (Сүнәнү Дарими, Каир, 1387. 4/236) . Құранда:
«Жабық денесін (әшекейлерін) көрсетпек болып, аяқтарын ұрып жүрмесін» деп өздерін күйеуінен басқа ер кісілерге көрсету үшін иіс су себініп күнәға бой алдырмасын деуде.