Аллаһ расулының (с.а.с.) адамдармен байланысы ақиретте де жалғасын таппақ. Осы дүниеде қамқор болғаны секілді үмбетін ақиретте де қамқорлығына алмақ. Тіпті үмбетіне ғана емес, барша адамзатқа, тіпті пайғамбарларға да куәлік етеді.
Құрандағы «Әй, дәрежелі пайғамбар, Біз сені адамдарға куәгер, сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік» («Ахзаб» сүресі, 45) деген аятқа қарасақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы дүниеде Аллаһтың жалғыздығын айтып, құлшылыққа міндетті екенімізді ескерткеніне күні ертең ақиретте өзі куә болмақ. Бұл жайлы мына аяттан көреміз: «Әй, расулым, әр үмбетке бір-
бірден куәгер пайғамбарларды жібергенде және сені барлығына куә еткенімізде олардың жағдайы не болар екен? Сол күні дінді жоққа шығарып, пайғамбарға қарсы шыққандар жерге кіріп кеткісі келеді. Олар ешбір арсыз істерін Аллаһтан жасыра алмайды» («Ниса» сүресі, 41-
42) , « Әр үмбетке өзінің куәгерлерін әкелетін күн келеді. Сені де үмбетіңе куә етеміз…» («Нахл» сүресі, 89)
Ақиретте өзге үмбеттің бәрі өздеріне жіберілген пайғамбарларының тәблиғын жоққа шығарады. Аллаһ тағала сол пайғамбарлардан тәблиғ еткеніне куә сұрайды. Соңында мұны Мұхаммед (с.а.с.) үмбетінен де сұрайды. Мұсылмандар басқа үмбеттердің пайғамбарларына және сүйікті Елшіміздің (с.а.с.) пайғамбарлық міндетін атқарғанына куәлік етеді. Басқа үмбеттер «Мұны қайдан білесіңдер?» – деп сұрайды. Сонда мұсылмандар:
«Мұны бізге Аллаһ Құранмен, өзінің жіберген пайғамбарының тілімен жеткізді», – дейді. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) шығып, үмбетінің дұрыс айтқанына куәлік етеді. «Осылайша сендерді артық-кемсіз орташа үмбет қылдық. Адамдарға куә болуларың және пайғамбарларыңның сендерге куә болуы үшін…» (349 «Бақара» сүресі, 143) деген аят осыны құптайды.
Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.с.) ақиретте ететін осы куәлігін есіне алғанда, мұңға шоматын. Ибн Мәсғуд (р.а.) мына бір оқиғаны әңгімелейді:
«Бір күні Аллаһ расулы (с.а.с.) маған: «Құран оқы», – деді. «Құран сізге түспеп пе еді? Оны өзіңізге қалай оқып беремін?» – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен басқалардан тыңдағанды ұнатамын», – деді. Мен «Ниса» сүресін оқи жөнелдім. «Әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә еткенде, олардың жағдайы қалай болар екен?» («Ниса» сүресі,
41) деген аятқа келгенде, «Жетер, жетер», – деді. Қарасам, Пайғамбарымыз (с.а.с.) жылап отыр екен (Бұхари, Тәпсір 4/9)