Пайғамбарлар неге періштелерден таңдалмаған?

2. Пайғамбарлар неге періштелерден таңдалмаған?

Расул міндетін кімге беру керектігінҰлыРахманның өзі ғана белгілейді. Бұл жайында Құранда: «Аллаһ пайғамбарлықты кімге беретінін өте жақсы біледі» («Әнғам» сүресі,124)деген. Қаласа елші ретінде періштелерді де жібере алатын еді, бірақ Жаратқанға сенбейтіндер сол кезде «Біз періштенің істегенін істей алмаймыз », – деп сылтау айтары анық, сондықтан өздері сияқты мұқтаждығы бар адам баласын таңдады. Жаратушының бұл ісіндегі хикмет: өз ортасынан таңдалған пайғамбар оларды толықтай танып, қауыммен бірге тұрып, бірге жүріп, қиыншылықты да, қуанышты да бөлісе отырып, адами шыңды бірге бағындыру. Пайғамбарды өздеріне үлгі етіп соған қарап бой түзеуі, Аллаһ тағаланың әмір еткен парыздарын елшілер түсінікті тілде жеткізуі, адамдар олардың адами өмірін көріп, соны үлгі тұтуы еді, сондықтан пайғамбардың періштеден емес қарапайым адамдардың бірі болып дүние есігін ашып, жоғары шыңға өрлеуі өте маңызды. Құранда: «Расында, Аллаһқа және ақирет күніне үміт еткендер мен көп еске алған кісілер үшін Аллаһтың елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзаб» сүресі, 21) деп үлгі-өнегені пайғамбардан алуды бұйырды. Егер періште болғанда оны үлгі ету болмысы бөтен жаратылысты үлгі еткендей болар еді, сондықтан болса керек Құранда пайғамбарлардың адам екендігіне тоқталған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Шындығында, біз де сендер секілді адамбыз»( «Ибраһим» сүресі,11; «Һуд» сүресі, 31.) деп, өзінің қанша күнәдан пәк болса да адам баласы екендігін айтып, халықты өзіне жақын тартқан.
Кезінде нәбиден қалыптан тыс құдірет күтіп, өздері сияқты адамзат екенін қабылдағысы келмей, тіпті құдайға теңегендері шыққан. Ал енді біреулері жай адам есебінде қабылдап, күнә істейтіндіктерін алға тартып, дәрежелерін төмендетуге тырысқан.
Сыртқы келбетіне қарап кісінің тылсым әлемдермен байланыс құру қабілетін, басқа да ерекше қасиеттерін мойындамау тек пендеге ғана тән емес. Дәл осындай қарсылықты Адам атамыз (а.с.) жаратылған кезде Ібіліс малғұнның істегені де белгілі. Адамның (а.с.) топырақтан жаратылған болмысын өзінен төмен санап, Аллаһтың әміріне қарсы келген болатын, сондықтан мәңгілік қарғысқа ұшырап, тозаққа лайықты болды. Олай болса, бұл малғұн шайтан да адам баласына өзінің ойын салып, адастыруы өте оңай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *