Пайғамбарлар

Пайғамбарлар

С: Пайғамбарлар деген кімдер?
Ж: Пайғамбарлар да біз секілді Алла тағаланың пенделері. Олар да Адам атаның перзенттері. Бірақ олар Алла тағаланың лайықты пенделері, жас кезінен зерек әрі ерекше ақылды және туралыққа, тазалыққа табиғатынан бейім болғандар. Оларда еш уақытта нұқсан және кемшілік болмайды. Алла тағала оларды пайғамбарлыққа лайық деп тапқандықтан, пайғамбар етіп тағайындаған.
С: Оларды Алла тағала қалай пайғамбар етеді?
Ж: Жәбірейіл (ғ.с) арқылы оларға уахи (сөзін және үкімдерін) жіберу арқылы әрбірін хақ дінге жетелеген.
С: Сосын пайғамбарлар не істеген?
Ж: Алла тағаланың әмірі бойынша пенделерді хақ дінге және әрбір жақсылыққа шақырған.
С: Пенделер пайғамбарлардың сөздерін қабылдады ма?
Ж: Бірден қабылдамады. Олардың шын пайғамбар екендіктеріне қандай да бір дәлел талап етеді. Сосын пайғамбарлар Алла тағаладан «мұғжизалар» сұрайды. Мұғжиза – пенделердің қолынан келмейтін істер. Адамдар сол мұғжизаны көрген кезде дұрыс түсінген көкірек көзі ашықтары пайғамбарға сенеді, ал надандары сенбейді.
Пайғамбарларды сиқыршы деп, кейбіреулері тәкаппарлықпен ескі діндерін тастағысы келмей намыстанса, кейбіреулері ескі әдет-ғұрыптарына үйреніп қалғандықтан, пайғамбарларға сенбеген.
С: Пайғамбарлар қалай мұғжиза көрсетеді?
Ж: Кейбіреулері дұға ету арқылы тастан түйе шығарса, кейбіреулерін кәпірлер отқа салған кезде, оларға от ешқандай зиян тигізбеген. Ал, кейбірі түстерді дәл жоритын болған, енді бірінің аса таяқтары айдаһарға айналған. Бір пайғамбар өліні тірілткен, кейбір пайғамбарлар дұға жасап, Айды екіге бөлген. Басқа да мұғжизалар тарих кітаптарында баян етіледі.
С: Адам (ғ.с) заманынан бастап, дүниеге қанша пайғамбар келген?
Ж: Көп пайғамбарлар келген, бірақ нақты саны белгілі емес. Ал, бір риуаятта 224 000 пайғамбар келді деп айтылған. Анығын тек Алла Тағала ғана біледі. Олардың Құранда және хадистерде аталғандары бізге белгілі. Құранда 25 пайғамбардың есімі жазылған. Олар: Адам, Ыдырыс, Нұх, Һұд, Салих, Ибраһим, Лұт, Ысмайыл, Ысқақ, Жақып, Жүсіп, Аюп, Шұғайып, Мұса, Һарұн, Дәуіт, Сүлеймен, Жүніс, Ілияс, Алясағ, Зүлкифл, Закария, Жақия, Иса және Мұхаммед (Алла тағаланың оларға сәлемі болсын). Ал, Ұзайыр, Лұқман және Зұлқарнайнның шынайы пайғамбар болғандары анық белгілі емес. Кейбір ғалымдар пайғамбар десе, кейбіреулері оларды әулие болған дейді.
С: Құранда айтылмаған, бірақ бізге есімдері белгілі пайғамбарлар бар ма?
Ж: Бар. Олар: Шис, Юшағ, Хадыз, Бишр, Даниял, Самуел, Әшғия, Әрмия, Жиржиш, Жақуқ, Ханзала сияқты пайғамбарлар бізге хадистер мен тарих кітаптарында кездеседі.
С: Алғашқы пайғамбар кім?
Ж: Адам (ғ.с).
С: Соңғы пайғамбар кім?
Ж: Мұхаммед (с.ғ.с.).
С: Мұхаммедтен (с.ғ.с.) кейін пайғамбар келеді ме?
Ж: Жоқ. Қиямет күніне дейін ешқандай пайғамбар келмейді. Мұхаммед (с.ғ.с.) ақырзаман пайғамбары. Оның әкелген Ислам дінінің қиямет күніне дейін үкімі жойылмайды. «Қисас әл-әнбия» кітаптарында пайғамбарлардың өмірі кеңірек баян

етілген. Әрбір мұсылман пайғамбарлар жайлы кітаптарды оқып, олардың өмірлерін білуі керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *