Ораза пидиясы
С: Денсаулығы жоқ қарт адамның ораза тұтуға шамасы келмесе, не істейді? Ж: Әр күнгі оразасы үшін бір міскінге пітір садақа көлемінде пидия беруі керек. С: Егер Рамазаннан кейін ораза тұта алатынын білсе, не істейді?
Ж: Пидия бермейді, ораза тұтпаған күндерінің қазасын ұстайды.
С: Жүкті немесе бала емізетін әйелдер ораза тұтқан кезде өзіне немесе баласына зиян келуден қорықса, ораза ұстамауына болады ма?
Ж: Болады. Бірақ мүмкіндігі болған кезде оразаларының қазасын өтейді.
С: Сырқат кісі ораза ұстасам, ауруым асқынады деп ойласа немесе бір сенімді дәрігер ораза ұстау зиян болады деп айтса, оның ораза ұстамауына бола ма?
Ж: Ұстамаса болады, бірақ денсаулығы түзелгенде оразасының қазасын өтейді.
С: Жолаушы кісінің ораза ұстауы дұрыс па?
Ж: Жолы көп қиындық тудырмаса, ораза ұстағаны абзал. Бірақ, ұстамаса да болады, Рамазаннан кейін қазасын өтейді.
С: Жолға шыққан күнгі оразасын не істейді?
Ж: Егер сол күнгі оразасын бұзса, қазасын өтеуі шарт, кәффарат міндет емес.
С: Бір жолаушы кісі ораза ұстауды ниет етпей, таңертең тамақ жесе, сосын үйіне қайтып келсе, не істейді?
Ж: Сол күні күн батқанға дейін жеп-ішуден өзін тоқтатып тұрады. Егер жеп-ішсе, сол күннің қазасын өтейді, кәффарат міндет емес.
С: Қаза қылған ораза күндерін жедел түрде өтеу керек пе?
Ж: Әлбетте, мүмкіндігінше уақытын жібермей, тезірек қазасын өтеуі абзал.
С: Бір кісі қаза оразаларын өтеуге уақыты бола тұрып өтемесе және ауырып, ажалы жақындағанын сезсе, не істейді?
Ж: Қаза оразаларының пидиясын беруді перзенттеріне өсиет қылуы уәжіп. С: Ол кісі қаза болса, балалары оның оразаларының пидиясын қалай береді? Ж: Сол мәйіттің малының үштен бір бөлігі есебінен пидия береді.