Мәйіт және жаназа
С: Сырқат адам өлім төсегінде жатқанда оған не істелінеді?
Ж: Ол адамның аяқтары құбылаға қаратылып, шалқасынан жатқызылады. Ақырғы сөзі иман калимасы болсын деп, жанында бір адам калиманы айтып тұрады. Яғни, есіне түсіру үшін мұхтазар (өлім төсегіндегі адам) кісінің алдында дауысын шығарып айтады.
Бірақ, кәлиманы айтуға қыстап, әмір етпейді. Жаны шыққанша «Ясин» сүресі оқылады.
С: Жаны шыққаннан соң, не істелінеді?
Ж: Жаны шыққан соң, көздерін жабады, иегін басымен қоса байлайды, бір матамен бетін жабады, жақсы иіссуды мәйіттің айналасына себеді.
С: Мәйіт қалай жуылады?
Ж: Қолдарына бөз мата орап, ең әуелі екі жолынан шыққан дәретін тазалайды. Сосын қолына басқа мата орап, аузы-мұрнын жумастан дәрет алдырады. Кейін бүкіл ағзасын жуады. Мүмкіндігінше әурет жеріне көз салмауға тырысады. Мәйіттің шашы мен тырнағы және басқа да түктері алынбайды. Шашы мен сақалы таралмайды және өрілмейді. Басына, сақалына иіссу жағылады.
С: Мәйіттің кебіні қандай болады?
Ж: Мәйіт кебіні үш бөліктен тұрады: изәр, лифәфа, қамис. Мәйіт жуылғаннан соң, кебін суланбас үшін құрғатылады. Изәр мен лифафа бастан аяққа дейін ұзын болады. Лифафа ең үстінде бас пен аяқ ұштарынан буылатындақтан, изардан ұзын болады. Соңғысы қамис деп аталады, мата екі қабатталып барып, ортадағы тұйық жерде бас сиярлықтай жыртылады. Бас шығарылатын жыртық екі иыққа қарай жыртылған жөн. Ұзындығы мойынның түбінен аяққа дейін. Әйел адам үшін орамал мен кеуде жамылғысы болатындықтан, әйелдің кебіні 5 бөліктен тұрады.
С: Мәйіт үшін жаназа намазы оқылғаннан кейін имам және басқа адамдар не істейді?
Ж: Жаназа намазын бітіріп, имам тұрған жамағаттан бұл қандай кісі екенін сұрайды. Сол кезде олар оның жақсы кісі болғандығына куәлік береді. Әрқайсысы: «Алла Тағала рахмет қылып, жанын жәннаттық қылсын», – деп дұға етеді.