Мұхаммед (с.ғ.с.)

Мұхаммед (с.ғ.с.)

С: Біздің пайғамбарымыз кім?
Ж: Мұхаммед (с.ғ.с.). Біз бәріміз сол кісінің үмбетіміз.
С: Мұхаммед (с.ғ.с.) қай кезде дүниеге келген?
Ж: Миләди (григориандық) жыл санау бойынша 570 жылы 27 сәуірде (мұсылманша 12 рабиғул әууәлға сәйкес келеді) дүйсенбі күні дүниеге келген.
С: Мұхаммед (с.ғ.с.) қай елде және қай қалада дүниеге келді?
Ж: Қазіргі Сауд Арабиясы мемлекеті, Мекке қаласында дүниеге келген.
С: Қай қалада өмір сүрді?
Ж: Елу үш жасқа дейін Меккеде тұрған, кейін Мәдина қаласына хижрет етеді, яғни көшеді.
С: Қанша жасында пайғамбар болды?
Ж: Қырық жасында.
С: Пайғамбар болмастан бұрын қандай адам еді?
Ж: Жас кезінен өте ақылдылығымен және жақсы қасиеттерімен белгілі болды. Бүкіл Мекке тұрғындары оның мінез-құлқын және табиғатын жақсы көріп ұнататын. Кәміл туралығына байланысты оны «Мұхаммед әмин» дейтін еді. Маңызды істерде барлық адам одан кеңес сұрайтын. Жоғары мәртебелі ұлы кісі болуы жас шағынан байқалған.
С: Пайғамбар болғанға дейін қандай істермен шұғылданды?
Ж: Хадиша есімді бір әйелдің саудагерлік істерін басқару үшін уәкіл болған еді.
С: Қанша жасында және кімге үйленді?
Ж: Жиырма бес жасында үйленді. Жоғарыда аталған Хадиша есімді әйел өзін әйелдікке алуын сұраған еді, Мұхаммед (с.ғ.с.) өтінішін қабыл етті.
С: Хадиша ол кезде неше жаста болатын?
Ж: Қырық жаста.
С: Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар болғанға дейін Мекке және Арабстан қай дінде болды?
Ж: Халқының көбі пұтқа табынушы және мәжуси (отқа сыйынатын) еді. Ал, кейбіреулері яхуди және насара (христиан) дінінде болатын. Десе де, көбі біз Ибраһимнің (ғ.с.) дініндеміз деп айтатын.
С: Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы қалай басталды?
Ж: Мұхаммед (с.ғ.с.) қырық жасында дүние істерін тастады. Өз пікірі және ақылымен Алла тағаланың бар екенін білді және Оған құлшылық жасай бастады. Көбінесе Меккенің маңындағы Хира атты таудағы үңгірге барып, Алла тағалаға жалбарынып және Оған ғибадат ете бастады. Бір күні сол тауда отырған кезде Жәбірейіл (ғ.с.) періште келіп,

«Иқра» сүресінің басын оқыды және екінші рет келіп, Алла тағаланың оны пайғамбар еткенін және халықты Ислам дініне шақыруын және сол үшін елші еткенін айтты.
С: Осыдан кейін Мұхаммед (с.ғ.с.) не істеді?
Ж: Алла тағала бұйырған жолмен біртіндеп халықты Ислам дініне шақыра бастады және бірнеше кісіні мұсылман етті.
С: Ең бірінші кім иман келтіріп, мұсылман болды?
Ж: Ер кісілерден Әбу Бәкір Сыддық және әйелдерден Хадиша, ал жас балалардан Әли (р.а.) иман келтіріп, мұсылман болды.
С: Пайғамбар болғаннан кейін Меккеде неше жыл тұрды?
Ж: Он үш жыл.
С: Одан соң қай жерге хижрет етті, яғни көшті?
Ж: Одан кейін Алла тағаланың әмірімен Мәдина қаласына хижрет етті. Мұхаммед (с.ғ.с.) хижрет еткен кезде оған еріп Меккеде мұсылман болған кісілер де Мәдинаға көшті.
С: Біз, әһли сүннет жолындағы мұсылмандар Ислам тарихын, яғни жыл есебін қай кезден бастаймыз?
Ж: Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға хижрет еткен жылдан бастап есептейміз.
С: Осы тарихты не деп атайды?
Ж: Хижра тарихы деп аталады.
С: Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдина қаласында болған кезде не істеді?
Ж: Мұсылмандар қатарын көбейтті және баршасына басшы болып, имансызсыз халықтарды Ислам дініне кіргізді, Ислам мемлекетін құру үшін кәпірлерге қарсы сахабалардан әскер құрап, жорықтарға шықты. Хижраның сегізінші жылында Меккені алды. Оныншы жылында Меккеге барып, барша мұсылмандармен бірге қажылық жасады және осы қажылық кезінде Алла тағаладан Құран кәрімнің ең соңғы аяттары келеді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) сол аяттарды оқып, Алла тағаланың сөзі түсіп біткенін, Ислам дінінің үкімдері толығымен баяндалғанын мәлімдейді және өзінің ажалы жақындағанын аңғартып, барша халыққа уағыз-насихаттар айтады. Өзі дүниеден өткенге дейін сахабаларына Алла тағала бұйырған Ислам дінінің әрбір үкімін баяндап, түсіндірді.
С: Мұхаммед (с.ғ.с.) қанша жасында дүниеден өтті?
Ж: Мәдина қаласында он жыл тұрғаннан кейін алпыс үш жасында, миләди (григориан) жыл санауы бойынша 632 жылы, хижра жыл санауы бойынша 11 жылы, 12 рәбиғул әууәл айында дүйсенбі күні дүниеден өтті.
С: Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қабірі қайда?
Ж: Мәдина қаласындағы пайғамбар мешітінің ішіндегі арнайы бір күмбезде. Бұл жерге әр жылы көптеген қажылар келіп, қабірді зиярат етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *