Көркем мінез-құлқы да пайғамбарлығына бір дәлел дегенді қалай түсінеміз?

 

Ахлақ дегеніміз – сенім мен ойлау жүйесі. Кей адамдар көзбен көрілетін заттай мұғжизалары тұрғанда мінез-құлық пен ахлақ сынды дерексіз дүниелерге мән берудің жөні жоқтығын айтады, бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Адамдарды ортақ ұстанымға біріктіріп, рухани байлап тұратын, жақындықты арттырып, сүйішпеншілікті тудыратындар – дерексіз деп аталатын сенім мен сезім. Хайуаннан басты ерекшелігі де – осы дерексіз ұғымдарға сүйенуі. Ахлақтық құндылықтар рухани байлықтың ішінде айрықша рөл ойнайды. Жақсы мінез-құлық табандылыққа, орта жолдан ауытқымауға, шектен шықпауға жетелейді. Көркем мінездің биік шыңынан пайғамбарларды, асыл тұлға Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) көреміз.
Көркем ахлақтың көрінісі: тақуалық, туралық, қызылды-жасылды дүниенің арбауына түспеу, шүкірлік, жұмсақтық, әділдік сынды кісінің қос дүниеде мерейін үстем ететін игі қасиеттер. БұлардыАллаһ елшісі (с.а.с.) өз өмірінде толық іске асырып көрсеткен. Дәлел ретінде Аллаһ оған ең ұлы ахлақ иесі екенін айтып Құранда былай дейді: «Негізінен, сен ұлы ахлаққа иесің» («Қалам» сүресі, 4) .
Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) ұлы көркем мінез иесі екенін тарих та көрсетті. Надандықтың уыты қайтпаған кезеңде ер жеткеніне қарамастан, шарап ішу, пұтқа табыну, не болмаса ел арасында жаппай етек алған жиіркенішті әдетке бой алдыру сынды шайтанның лас істерінің ешбір құрығына түспегенін көреміз. Қаншама дұшпандарының өзі ол туралы титтей де жаман ойға бармаған.
Расулаллаһ (с.а.с.) құдды бір Құранның тірі үлгісіндей еді. Ақтық демі таусылғанша кітапта Аллаһтың әмір еткенін екі етпей, тыйғанынан бойын аулақ салды. Бір кісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінезі туралы сұрағанда хазірет Айша анамыз (р.анһа): «Сен Құран оқымаушы ма едің? Ол кісінің мінезі Құран емес пе?» – деп еді. Аллаһ елшісінің (с.а.с.): « Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім », – деген хадисі бұл ойымызды бекіте түседі.
Адамзат пен жындарға жіберілген ең соңғы елшінің барлық ахлақтық құндылықтарды бойына жинақтауы ақылға қонымды да. Аллаһ құлын ең көркем түрде тәрбиеледі. Ахлағының өзі пайғамбарлығының бір дәлелі деуіміз де сондықтан. Алғаш рет уахи періштесімен кездесіп, үрейленіп үйіне жеткенде жұбайы Хадиша анамыз (р.а.) мынаны айтып еді: «Ант етейін, Аллаһ сені ешқашан жерге қаратпайды, өйткені туыстарыңа қарайласасың, әлсіздерге қол ұшын бересің, жарлы-жақыбайларға ерекше көмек көрсетесің, алдыңа келген қонақты разы қылып, жұрттан көмегіңді аямайсың» . Хазірет Хадишаға (р.а.) бұл сөздерді айтқызған себеп Расулаллаһтың (с.а.с.) пәк болмысы еді. Олай болса, мінез-құлық жағынан титтей де қателік жібермеуі оның нағыз елші екендігіне дәлел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *