Жамағат

Намазды имам және жамағатпен оқу жалғыз оқудан 27 есе артық.

С: Екі-үш адам немесе одан да көп кісі жиналса, парыз намазын қалай оқиды?
Ж: Араларынан біреуі имамдыққа шығып, қалғандары оған ұйып, жамағатпен оқу сүннет.
С: Жамағатпен намаз қалай оқылады?
Ж: Имам бас болып, қалғандары оған ереді. Барлығы әрбір амалды имамнан кейін немесе бірдей жасайды. Бірақ имамнан бұрын немесе біраз уақыт кешігіп жасау дұрыс емеС
С: Имамға ұюшы адамдар намаз ішіндегі барлық зікірлерді оқиды ма?
Ж: Жоқ, барлық зікірлерді оқымайды. Тәкбір алып қиямда тұрғанда тек «Сана» дұғасын оқиды. «тәғауз, бәсмәллә, зәм» сүрелерін оқымай үнсіз тұрады. Рүкүғтан қиямға қайтқанда имам «Сәмиаллаһу лимән хамида» сөзін өзі ғана айтады. Ал имамға ұюшылар
«Раббәнә ләкәл хамд» айтады. Қалған басқа зікірлерді имам да, ұюшы да айтады. Бірақ имам тәкбірлерді, «Сәмиаллаһу лимән хамида» және сәлемді дауыстап айтады. Ал ұюшылар барлық зікірлерді іштей айтады. Дауыстап оқылатын намаздарда ұюшылар
«Фатиха» сүресінен кейін іштей «әмин» дейді.
С: Ұюшы адам біреу болса, имамның қай жағында тұрып оқиды?
Ж: Имамның оң жағына жақын тұрады, аяғының бармақтары имамның табанының тұсында болады. Имамның сол жағында немесе артында тұрып оқуға да рұқсат, бірақ ол сүннет емес.
С: Ұюшының табаны имамның табанымен бірдей болса немесе имамның артында тұрып бірақ, отырған кезде ұюшының тізесі имамның тізесінен асып тұрса зияны бар ма?

Ж: Зияны жоқ.
С: Екі немесе одан да көп кісі имамға ұйыса имамның қай жағында тұрады?
Ж: Имамның артында бір сапта тұрады.
С: Балиғатқа толған кісілермен бірге жас балалар қосылып бір имамға ұйыса, қалай сапқа тұрады?
Ж: Жас балалар үлкен кісілермен бірге тұрмайды. Өздері олардың артында бөлек сапта тұрады.
С: Жас балалар үлкен кісілердің сапында тұрып намаз оқыса, олардың намазына зияны тие ме?
Ж: Үлкен кісілердің намазына зияны жоқ. Бірақ, бұл сүннетке қайшы.
С:Әйел адамның ер кісіге ұйып намаз оқуы дұрыс па?
Ж: Болады. Бірақ имамның әйелдерге де имам болуға ниет етуі шарт. Егер имам әйелдерге имам болуға ниет етпесе, тек ер кісілерге ғана ниет етсе, әйелдердің намазы дұрыс болмайды.
С: Әйелдер қай сапта тұрады?
Ж: Ең соңғы сапқа тұрады.
С: Егер әйел кісі ер адамдардың қатарына тұрса олардың намазына зияны бар

ма?

Ж: Мұндай жағдайда ер адамдардың намазы бұзылады.
С: Әйел адамдардың жамағат болып намаз оқу үшін мешітке барулары дұрыс па?
Ж: Қыз-келіншектердің әрбір намазды оқу үшін мешітке барулары мәкрүһ. Ал егде

әйел адамдарға тек бесін және екінті намаздары уақытында баруы мәкрүһ.
С: Балиғатқа толған кісілердің жас балаға немесе әйел кісіге ұйып намаз оқуына болады ма?
Ж: Болмайды.
С: Жасөспірім балалардың өздері секілді балаға ұйып намаз оқуларына бола ма?
Ж: Болады.
С: Әйел адамның әйел адамға ұйып намаз оқуына бола ма?
Ж: Болады, бірақ мәкрүһ.
С: Әйел кісілер жамағат болып намаз оқығанда имамдары қай жерде тұрады?
Ж: Ер адамдар секілді имамы жамағаттан бөлініп тұрмайды. Саптың ішінде, сәл ғана алға шығып тұруы керек.
С: Имамға ұюшылардың сапта қалай тұруы сүннет?
Ж: Ұюшылар сапта тығыздалып, араларында бос орын қалдырмай, бір түзудің бойында тұруы тиіс.
С: Үзірсіз кісі үзірлі кісіге ұюына болады ма?
Ж: Болмайды.
С: Парыз намазын оқитын кісіге нәпіл намаз оқитын кісінің ұюына болады ма?
Ж: Таң, екінті және ақшам намаздарынан басқа намаздарда болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *