Алла тағалаға иман келтіру (сену)
С: Алла тағалаға қандай жолмен иман келтіру керек?
Ж: Алла тағаланың бар әрі жалғыз екендігіне және ұлық есім-сипаттарына иман келтіру арқылы.
С: Алла тағаланы толықтай танып білу мүмкін бе?
Ж: Алланы толықтай танып білу мүмкін емес, оған пенденің ақылы жетпейді.
С: Біз Алла тағаланы қалай тани аламыз?
Ж: Алла тағаланың есім-сипаттары арқылы.
С: Алла тағаланың қандай есім-сипаттары бар?
Ж: Мәужүд, Қадим, Бақи, Ахад, Хайи, Алим, Самиғ, Басир, Мүтәкәллим, Қадир, Мурид, Халиқ, Мухтар, Азим, Жәмил, Хамид, Құддыс, Рабб, Рахмән, Рахим, Шакур, Қаһһар, Әділ, Сабур, Тәууәб, Ғафур, Мужиб, Насир, Хаким, Ғани, Кәрим, Раззақ, Мағбуд, Һәди.
С: Алла деген кім?
Ж: Барлық дүниені жаратушы, сыйынуға лайық хақ Жаратушының аты. Парсыша аты – Құдай, түрікше аты – Тәңір.
С: Алла тағаланың бұдан басқа есім-сипаттары бар ма?
Ж: Бар. Басқа кітаптарда Алла тағаланың 99 есім-сипаттары бар деп баян етілген.
Бұл кітапта 35 есім-сипаты жазылған.
С: «Мәужүд» мағынасы қандай?
Ж: Бар болушы деген мағына. Алла тағала бар, бар болуында ешкімге мұқтаж емес, біз ол сияқты емеспіз, керісінше бар болуда оған мұқтажбыз.
С: «Қадим» мағынасы қандай?
Ж: Бар болуының басы жоқ деген мағынада. Алла тағаланың бар болуының басы жоқ, басқалар сияқты бұрын жоқ болып, кейін пайда болған емес, әрдайым болған.
С: «Бақи» мағынасы қандай?
Ж: Бар болуының ақыры жоқ деген мағынада. Алла тағала мәңгі. Дүниедегі жаратылыстар сияқты жоқ болып кетпейді. Алла тағаланың ақыры жоқ, яғни әрдайым бар.
С: «Ахад» мағынасы қандай?
Ж: Жалғыз деген мағынада. Алла тағала жалғыз және ешбір серігі жоқ.
С: «Хайи» мағынасы қандай?
Ж: Тірі деген мағынада. Алла тағала біз сияқты жан және тәнмен тірі болмайды, Ол Өзінің Хайи сипатымен болады.
С: «Алим» мағынасы қандай?
Ж: Білуші деген мағынада. Алла тағала барлық нәрсені біледі. Болған, болып жатқан және болатын нәрселер Алла тағалаға мәлім. Алла тағаланың білмей қалатын нәрсесі жоқ. Алайда Оның білімі біздікі секілді пікір және ойлаумен емес, Өзінің Алим сипатымен біледі.
С: «Самиғ» мағынасы қандай?
Ж: Естуші деген мағынада. Алла тағала әр нәрсені естиді. Естуі біздікі секілді құлақпен емес, Өзінің Самиғ сипатымен болады.
С: «Басир» мағынасы қандай?
Ж: Көруші деген мағынада. Алла тағала әр нәрсені көреді. Алайда, көруі біздікі секілді көзбен емес, Өзінің Басир сипатымен болады.
С: «Мүтәкәллим» мағынасы қандай?
Ж: Сөйлеуші деген мағынада. Алла тағала сөйлеуші, мысалы, Құранда жазылған әр нәрсе – Алла тағаланың сөзі. Алланың сөйлеуі біздікі секілді ауыз, тіл, дауыс және әріппен емес, Өзінің Каләм сипатымен болады.
С: «Қадир» мағынасы қандай?
Ж: Күшті және күші жетуші деген мағынада. Алла тағаланың әрбір нәрсені жасауға күші жетеді. Оның күші жетпейтін нәрсе жоқ. Күшті болуы біздікі секілді ағзамен емес, Өзінің Құдірет сипатымен болады.
С: «Мурид» мағынасы қандай?
Ж: Алла тағала Қалаушы. Ол қаламаған нәрсе болмайды және Ол қаламаған іс ешқашан болмайды. Қалауы Өзінің Ирада сипатымен болады.
С: «Халиқ» мағынасы қандай?
Ж: Бар қылушы және бар болдырушы деген мағынада. Дүниедегі әрбір нәрсені жасайтын және болдыратын Алла тағала ғана. Өзінің Халиқ сипатымен жаратады.
С: «Мухтар» мағынасы қалай?
Ж: Қалау деген мағынада. Алла тағала әрбір істі Өзінің қалауымен жасайды, әр нәрсені Өзінің қалауынсыз жасамайды.
С: «Азим» мағынасы қандай?
Ж: Ұлық және жоғары деген мағынада. Алла тағала өте Ұлық, шексіз Құдірет иесі. Алла тағаладан ұлық зат жоқ, бірақ Оның ұлықтығы дене немесе бір суретпен емес, Өзінің мәртебесімен ұлық.
С: «Жәмил» мағынасы қандай?
Ж: Кәміл деген мағынада. Алла тағаланың затында және әрбір сипатында шексіз кәмілдік бар.
С: «Хамид мағынасы қандай?
Ж: Мақталған деген мағынада. Алла тағаланың заты, әрбір сипаты, жасаған істері өте ғажайып.
С: «Құддыс» мағынасы қандай?
Ж: Қандай да бір нұқсан және кемшіліктен пәк деген мағынада. Алла тағаланың затында және әрбір сипатында еш кемшілік жоқ.
С: «Рабб» мағынасы қандай?
Ж: Тәрбиелеуші, Патша және Қожа деген мағынада. Барша ғаламды тәрбиелеуші және бүтін дүниенің Патшасы және Қожасы – Алла тағала.
С: «Рахмән» мағынасы қандай?
Ж: Бұл дүниеде Рахмет етуші, яғни нығмет және жақсылық беруші деген мағынада. Алла тағала дүниеде барлық жануарға, барлық адамдарға: мүміндерге, кәпірлерге, күнәһар кісілерге және күнәсіз кісілерге рахмет етеді. Адамның күпірлігіне, күнәһарлығына қарап ризықтың кем болуы мүмкін емес. Пенденің мұсылмандығына және жақсылығына қарап, ризықтың көп болуы мүмкін емес. Дүние және байлықта әр құл Алланың алдында бірдей, қаласа, күнәһар адамға ризықты көп береді, қаласа, еш күнәсіз адамға және жақсы адамға көп нығмет береді.
С: «Рахим» мағынасы қандай?
Ж: Ақыретте рақым етуші деген мағынада. Алла тағала ақыретте мүмін пенделерге мейірімділік етіп, оларды жәннатқа кіргізеді. Имансыз пенделерге ақыретте мейірім жоқ, олар тозаққа кіріп, мәңгі азапталады.
С: «Шакур» мағынасы қандай?
Ж: Мүмін пенделердің жасаған ғибадаттарына сауап беруші деген мағынада. Алла тағала өзінің пазылы және қалауымен жақсы амал жасаған иманды пенделердің әрқайсысына ақыретте әжір-сауап береді.
С: «Қаһһар» мағынасы қандай?
Ж: Қаһарын төгіп, жазалаушы деген мағынада. Алла тағала имансыз және дінсіз пенделерді немесе күнәһар пенделерді ашуланып азаптайды. Күнәһар және мүмін пенделердің кейбірін кешіреді.
С: «Әділ» сөзінің мағынасы қандай?
Ж: Әрбір істі және үкімді шынайылықпен және туралықпен жасаушы деген мағынада. Алла тағала тура үкім беруші, ешкімге зұлымдық қылмайды. Ақыретте пенделерінің кейбірін мейірімімен жәннат нығметтерімен құрмет етеді. Ал, кейбір күнәһарларды от азабына салады. Осы істердің әрқайсысы туралық және кәміл әділдікпен орындалады.
С: «Сабур» мағынасы қандай?
Ж: Сабыр етуші деген мағынада. Алла тағала күнәһар пенделерінің күнә жасағанына сабыр етеді. Көп күнәһарлардың жазаларын дүниеде бермей, ақыретке қалдырады.
С: «Тәууәб» мағынасы қандай?
Ж: Тәубелерді қабыл етуші деген мағынада. Егер бір күнәһар мұсылман пенде өкініп, тәубе жасаса және оларды кейін жасамауға ниет етсе, Алла тағала оның күнәсін кешіруге уәде береді.
С: «Ғафур» мағынасы қандай?
Ж: Күнәларды кешіруші деген мағынада. Алла тағала кейбір пенделердің күнәларын кешіреді. Тәубе жасаған немесе тәубе жасамаған пенделердің күнәларын кешіру Өзінің еркінде.
С: «Мужиб» мағынасы қандай?
Ж: Дұғалар мен тілектерді қабыл етуші деген мағынада. Алла тағала жасалған дұғаларды ықыласына қарай қабыл етеді. Өзінің мейірімі және рахметімен кез келген пенделердің сұраған қажеттерін береді.
С: «Насир» мағынасы қандай?
Ж: Жәрдем беруші деген мағынада. Алла тағала қаласа, әр істе пенделерге жәрдем
береді.
С: «Хаким» мағынасы қандай?
Ж: Әрбір істі пенденің ақылына және пайдасына сәйкес етуші деген мағынада.
Алла тағаланың әр жасаған істерінде пайда және ғажайып хикметтер бар, бірақ бұл істерде бар хикметке біздің ақылымыз жетпейді.
С: «Ғани» мағынасы қандай?
Ж: Шексіз бай және қай жағынан болмасын еш нәрсеге мұқтаж емес деген мағынада.
С: «Кәрим» мағынасы қандай?
Ж: Жомарттық жасаушы деген мағынада. Алла тағала Өзі қалаған пендесіне байлық пен жақсылық беруші.
С: «Раззақ» мағынасы қандай?
Ж: Ризық беруші және тойдырушы деген мағынада. Жер жүзіндегі әрбір жан Алла тағала жаратқан ризық пен нығметтерден өзінің ішіп-жемін алып тұрады.
С: «Мағбуд» мағынасы қандай?
Ж: Ғибадат, яғни құлшылық жасалынатын деген мағынада. Барлық пенделер тек қана Алла тағалаға құлшылық ету керек. Басқа нәрсеге ғибадат жасауға болмайды.
С: «Һәди» мағынасы қандай?
Ж: Тура жолға салушы деген мағынада. Алла тағала тура жолға және хақ дінге салу үшін көптеген пайғамбарларды жіберген.
С: Алла тағала басқа бір жаратылысқа ұқсайды ма?
Ж: Алла тағала адамзатқа немесе басқа бір нәрсеге ешбір жағынан да ұқсамайды. Алла тағала мақлұқат секілді бейнесі яки денесі бар зат емес. Алла тағала қандай да бір мекенге не орынға, ешбір тарапқа: жоғары яки төмен, алды яки арты, оң яки сол жақтардың ешбіріне мұқтаж емес. Алла тағалада ішу, жеу, ұйықтау сияқты пенделерге тән қажеттіліктер жоқ. Ол ешкімнен туылған емес. Және де бір нәрсені туған да емес.
Раббымыздың ешқандай баласы жоқ. Өйткені, бұл нәрселер анығында кемшілікке жатады. Алла тағала – қай жағынан болмасын кәміл.