АЛАШ ПЬЕСА- ЛАРЫ Құрастырушылар түсініктемесі.  

АЛАШ

ПЬЕСА- ЛАРЫ

 

Құрастырушылар түсініктемесі.

 

Кітапқа біздің былтырғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» (Астана — 2014) ғылыми жинағымызға бір бөлігі енгізілген «Мұрат үшін майдан» пьесасының биыл толық мәтінін енгіздік. Оны «Ақ жол» партиясының тапсырысымен жазушы-драматург Өтен Ахмет Мұқтызар Титақовтың 1937 жылы саяси қуғын- сүргінге ұшырап, аяқтай ала алмаған пьесасын жан- дандырып, толыққанды пьеса етіп шығарды. Оның тұсаукесері Еуразия ұлттық университетінде жа- салып, оған ғылыми, әдеби ортаның өкілдері жоғары баға берді. Қазіргі таңда осы пьесаны оның басты кейіпкерлерінің бірі — Әлихан Бөкейханның 2016 жылдың наурызына дейін — 150 жылдық туған күні қарсаңында сахналауға бағытталған әрекеттер жасалуда. Мұны Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен оның төрағасы Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арнаған зор тарту деп санасақ артық емес. Сондай-ақ осы автордың «Алек- сандра — Бәдрисафа» атты екі бөлімді драмалық эле- гиясын да кітапқа енгіздік. Ондағы мақсат Алаштың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынның жары Бәдрисафаның, біздің пікірімізше, сәтті жасалған образы театр режиссерлерінің назарына ілігіп, Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында сахналанып жатса, бұл да саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлерінің әруақтарын ырза етер тірлік болар еді деген тілектен туындады.

 

МҰРАТ ҮШІН МАЙДАН

 

(Екі бөлімді оптимистік трагедия)

 

Қатысатындар:

Әлихан Бөкейхан, Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Қазы Нұрмұхамедов,

Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шəкəрім Құдайбердиев, Хамит Тоқтамысов,

Казак атаманы Афонов,

Қисық – Косой – большевиктер жансызы, Мұсатай бай,

Қаршыға – гимназист,

Нұрбибі – Қаршығаның шешесі, Қытай шенеунігі,

Кеңсе күзетші, Дауыстар, Көпшілік.

 

Спектакльдің музыкалық өзегіне Ж.Аймауытұлының «Алаш маршы» алынды.

 

Бірінші бөлім Бірінші көрініс

 

Әлихан Бөкейхановты күткен Семейліктер. Нұрбике, оның қасында гимназист баласы Қаршыға. Ол ақын Сұлтанмахмұтты айналшықтап жүр. Қылыш асынған казак атаманы Афонов, боль- шевик жансызы Қисық — Косой, Мұсатай бай, милиция бастығы Қазы Нұрмұхамедов.

Қаршыға. Ағасы, мен сізді таныдым.

Сұлтанмахмұт (ақырын жөтеліп қойып). Танысаң, мені бұрын бір жерден көрген шығарсың, балақай.

 

Қаршыға. Көрдім. Суретіңізді. Сіз əйдік ақынсыз.

Сұлтанмахмұт. Өйдөйт дегенің!

Қаршыға.                        Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың кегіне – Күн болмағанда, кім болам!

Сұлтанмахмұт. Ой, пəлі! Бұл менің жасымнан қиялымды тербеткен, жаныма қанат бітірген мұратты ойым, асыл арманым, балақай. Сол күннің таңы міне, жаңа туып келеді.

Қаршыға. Алақай! Жарқырай түс, арайлы жаңа күн!

Сұлтанмахмұт. Жеңеше! Алаш туы астында,

Күн сөнгенше, сөнбейміз. Енді ешкімнің Алашты Қорлығына бермейміз.

Өлер жерден өттік, біз,

Бұл заманға жеттік, біз. (Жөтеледі).

Нұрбике. Аллаға шүкір! Тек қуаныш арты баянды болғай, қайным.

Афонов. Көксау… «Өлер жерден өттік біз», дейді еще.

Қисық-Косой. Не дедің?

Афонов. Пшол, вон!

Қисық-Косой. Жынданба, шелтеңбай козак. Мыналарды меңзеген болсаң, шұрқ етпе, дымың ішіңде болсын.

Афонов. Сен не, большевик? Байқа, голодранец, ана қауақ басың менің мына қылышыма тап келіп жүрмесін…

Қисық-Косой. Тсс… Алаш десе, менің де қаным қайнап ке- теді. Ух… Бəрін бір жерге жинап қойып, пулеметтің астына алып, тра-та-та, та-та-та…

Қаршыға. Өй, мыналар… не пəле ойласып жүр өздері?

Нұрбике. Тиыш. Ұрынарға қара таппай тұрған кəпірлер сияқты.

Сұлтанмахмұт. Қорықпаңыз, жеңеше, дəурені біткен құр міскіндер.

Нұрбике. Әй, білмеймін. Бұларға сенім жоқ…

Қаршыға. Апа-ау, қарашы өзің дұрыстап. Бұрын осындай жұрт жиналған жерде, қазақты былай тұр деп қамшы астына алып сабайтын пристав, стражник дегендерді көремісің қазір?

 

Нұрбике. Қарасы өшкен бе, шынымен…

Сұлтанмахмұт. Бұлар енді алжыған кəрі қасқырдай қыржалаңдаса да, бұрынғыдай қан шығарып қаба алмайды, тіс жоқ.

Қаршыға. Әне, біздің милиция. Тиісіп көрсін.

Нұрбике. Иншалла, айтқандарың келсін, айналайындарым.

Ысылдап-пысылдап пойыз келіп тоқтағаны естіледі. Кейбіре- улер алға қарай ентелесіп, жұрт толқи бастайды.

Қазы. Халайық, ентелемеңдер, сабыр сақтаңдар. (Афонов пен Қисық-Косойды кеуделерінен итеріп, кейін шегіндіреді).

Афонов. Ух… Жабайы жаман қазақтың кір қолы жағама ти- генін қарашы…

Қисық-Косой. Миың қайнап, аузыңа құйылып кеткен жоқ па?

Афонов. Кетші əрі… Қолымда күш билігім бар деп жүр-ау өзінше.

Қазы. Сен маған бірдеңе дедің бе?

Афонов. Жо-жоқ, жəй… Міне, аузым жабылды, командир мырза.

Қазы. Сүйт. Жап. Шыбжыңдай берсең, көрген жұрт, мынаның артынан тышқағы келіп тұр екен деп ойлап қалар…

Қисық-Косой. Тағы алдың ба сыбағаңды, шелтеңбай козак?

Тойған шығарсың?

Афонов. Ну, погоди, калбит…

Әлихан, қасында Міржақып пен Мағжан, өзін қарсы алып тұрғандардың ортасына келеді.

Дауыстар:           — Қош келдіңіз!

— Аяғың асты ақ жол болсын!

Нұрбике. Сүйікті басшымыз, еңбегің жанды. Міне, көрдіңіз, ұлтымыз жандана бастады.

Міржақып. Уа, əлеумет! Әлихан Бөкейханұлы тағдыр басқа салған бар тауқыметті халқымен бірге көріп, көптен бері тайғақ та тар жолдың үстінде ел көшін бастап жүрген ардақты көсеміміз. 1905 жылы сіздердің аттарыңыздан Ресейдің бірінші думасына депутат боп сайланғаны естеріңізде шығар. Содан бері көргені қуғын-сүргін. Павлодар мен Семей түрмелеріне қамалды. Сібірге де жер аударылды…

Нұрбике. Әй, ерім-ай, əй, сабазым-ай, соның бəріне шыдай білген, қара нардай қасқайып.

 

Әлихан. Әлеумет! Қуғын көрген, тар қапаста отырып қорлық көрген жалғыз мен бе екенмін. Біз көппіз. Халқымыз бытыраңқы, жеріміз шалғай болғандықтан Алаш қайраткерлері қазір бірі баты- ста, бірі теріскейде, енді бірі Түркістан жағында дегендей, қазақты дербес автономиялы ел қылу қамына кірісіп жатыр.

Дауыстар:           -Білеміз.

-Алла жар болсын бəріңе де!

Әлихан. Әлеумет, біз көрген тауқымет  бостандық  жолын-  да жүздеген жылдар бойы арпалысып қан төгіп, атылып-асылып кеткен алдымыздағы аталарымыз бен əкелеріміздің көргенінің қасында түкке де тұрмайды. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын деген едім. Сол уəдем – уəде, ардақты халқым.

Мұсатай бай. Уəде артында тіреп тұрған күшің бар ма? Бол- маса…

Қазы. Күш неге жоқ, бар. Милиция жасақталып жатыр.

Әлихан. Милицияны қолға алған Қазы батыр сіз екенсіз ғой…

Іске сəт, жас ноян.

Қазы. Айтсын, аға. Алаш мұраты жолында керек болса, жа- ным құрбан.

Мұсатай бай. Жамиғат! Елде болса, ерінге тиеді демей ме. Мен айтсам, жиған-терген мал-мүлкіміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-таражға түсе ме, оны кім қорғайды деп қауіп қылған соң айтып тұрмын.

Әлихан. Мұсекең сөзінің жаны бар. Орыстың жері кең, бір шеті мен бір шетінің арасы 12 мың шақырым. Бұл кең жердің əр тұсында 105 тілде сөйлейтін халық тұрады. Олардың əр қайсының күн көрісі, ойлауы, дүниеге, шаруаға қарасы əр түрлі. Мен сіздерге бір қарапайым мысал айтайын… Қазақпен қоныстас мұжық егіні- не қазақ малы аяқ басса, онан үлкен кінə жоқ деп ұғады, сол үшін қазақтың басын қағып тастауға дейін барады. Ал қазақтың жеріне мал түссе, оны үлкен кінə деп мұжық ұққандай ұқпайды.

Мұсатай бай. Тура айтасыз, Әлеке, біз, қазақтар, баяғыша жер Құдайдікі, ортақ қазына деп əлі жүрміз сандалып.

Әлихан. Бұл тіршілік үлкен талас, бір бəйге: жүйрік озады, еріншек езге сыбаға, мүше жоқ. Қазіргі жағдайда малды да, жан- ды да өзіміз қорғай алатындай болуымыз керек. Алдымен басты

 

құралымыз — милиция мен əскер жасақтап, оны күшейткенде ғана аталарымыз армандаған шын тəуелсіздік күнге қолымыз жетеді, ағайын.

Афонов. Қарайгөр, бұларға да тіл бітейін депті.

Қисық-Косой. Шұрқ етпе. Үрген қауақтай біраз ісіне тұрсын.

Жаруын біз жарамыз. Пыш дегізіп.

Афонов. Сол күнді жақындатуымыз керек… Мына қылыш не үшін?

Қисық-Косой. Ну, да. На войне, как на войне.

Қазы. Сендер… бірдеңе дедіңдер ме?

Қисық-Косой. Иə, сұрағым бар. (Әлиханға). Сізді мырза де- генім дұрыс шығар. Мырза, орыс мұжығы қазаққа күн бермей келген болса, большевиктер бəріңді теңестіріп, бірдей ұстаймыз деп жатқан жоқ па?

Әлихан. Бостандық, теңдік, туысқандық қай құлаққа да жағымды естілетін саф алтындай таза пікір. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыты мен махаббатына басқа жол жоқ.

Қисық-Косой. Демек, мырза, большевиктердің айтып жүргендері ақылға қонымды сөз болды ғой.

Әлихан. Жоқ. Бəлшебектер революция берген бостандық, теңдік деген қасиетті сөздердің өңін айналдырып жіберді. Бəріңді бір шыбықпен айдап, бір ізге саламыз деп барлық жерде бүлік шығарып жатыр. Тіршілік шаруасын күйттеген қарапайым əлсіз жандарды қырғын талауға түсіріп, өштік пен дұшпандықты күшейтіп жатыр.

Нұрбике. Сонда қалай болғаны, жаңағы 105 тілде сөйлейтін жұрттар қол қусырып қарадан қарап отыратын болса, аштан өлмей ме?

Әлихан. Жоқ! Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып жалпая бергеннен түк өнбейтінін түсінген жұрттар күш жинап, дербес ел болу қамына кірісіп те кетті, ағайын.

Қаршыға. Айтыңызшы, аға, олар қай жұрттар?

Әлихан. Олар украиндар, беларустар. Балтық теңізі жағалауын жайлайтын фин, литва, латвия, эстон дейтін халықтар, Кавказ жұрты. Өзімізбен көршілес башқұрттар, қоқандықтар. Біз, қазақтар да, осы бүліншілік лаңынан аман өту үшін өткен жылғы желтоқсанның 13 күні қазақтың байырғы қаласы Орынборда Алаш Орда үкіметін құрдық.

 

Міржақып. Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жеті- су, Сырдария, Ферғана, Самарқанд облыстары, Амудария, Закас- пий облыстарындағы қазақ уездері жəне Алтай губерниясындағы қазақтар қазақ автономиясына кіреді деп шештік.

Дауыс: — Пай-пай, жер дүнияны түгел алып жатыр екенбіз ғой!

Әлихан. Алаш Орданың орны – Семей қаласы болсын деп ше- штік.

Қаршыға. Е, бəсе! Біз сонша тоқалдан туыппыз ба, ұлы көш бəсекеден құр қалатындай. Баяғы Ер Түріктің ұрпағы емеспіз бе біз деген?!

Мағжан. Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? Көкте – бұлыт, жерде желмен гулеген, Жел еркесі – желдің жөнін кім сұрар?!

Нұрбике. Ой, дүние-ай! Кешегі аузы апандай арамза Николайдың құлдығынан құтылдық деп, «əулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып», еркіндік келді деп, тап бұлай бөркімізді аспанға ата қуанармыз деп кім ойлаған. О, Жаратқан ием, құдыретіңнен айналдым.

Әлихан. Уа, əлеумет! Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бəйге алмайды. Сондықтан қазіргі уақыт бəріміздің тастүйін боп бірігіп, бір кісідей қимылдайтын кезіміз. Мақсатымыз – жерсізге жер, аштарға нан, сауатсызға білім, білімдіге қайрат, ықтыярынан айрылған қазақ халқына ерік пен теңдік алып беру.

Дауыс. Қолдау бізден, жол бастау сізден.

Афонов. Автономия алмаққа жармасады. Надо же.

Қазы. Әй, сендер… Кəне, жолдан былай тұрыңдар!

Қазы Әлиханның алдынан жол ашып, олар кетеді. Жиналған жұрт тарқай бастайды.

 

Екінші көрініс

Әлдебір қағазға үңілген Халел жалғыз. Әлихан, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт келеді.

Әлихан. Милиция жасақтауға қызу кірісіпсіздер. Бəрекелде.

Халел. Командирі қызба мінезді тым жастау. Байқаған шығарсыз.

 

Әлихан. Иə, жігерлі көрінді. Құлшынып-ақ тұр. Мағжан.  Жер жүзіне ер атағым жайылған, Жан емеспін оттан, судан тайынған.

Қайраты мол, қандыбалақ қыранмын,

Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған…

Тəуекелшіл һəм жүректі болмаса, Абылай хан он сегіз жа- сында қалмақ батыры Шарышты найза ұшына ілер ме еді, сасық күзендей шыңғыртып.

Әлихан. Ой, жарықтық-ай десейші… Алайда адам өмірі қазіргідей жалғыз оққа байланған ессіз есер уақытта алды-артты бажайлап, сақ болғанымыз да жөн, мырзалар.

Халел. Иə, дүниеде бар болу мен жоқ болу жұмбағының ал- дында тұрғандаймыз.

Әлихан. Күрес жаңа қызғалы жатқанда, бүйтіп тым ерте жасымаңыз,

Халел мырза. Бұл дүниеге Алаш ұрпағы жоғалу үшін келген жоқ.

Сұлтанмахмұт. Алаш туы астында,

Күн сөнгенше, сөнбейміз!

Әлихан. Міне! Ол үшін бізге қазір керегі, мырзалар, фабрика, зауыттар, темір жолдар, игілік шаруа қожалықтары. Осы аталған орындардың бəріне қазақтан оқыған кісілерді тауып орналастыру керек. Тездетіп.

Халел. Әй, бірақ халқымыз əлі де марғау, өз басының пайдасы болмаса, ұлт пайдасы дегеннен хабары жоқ.

Әлихан. Бүгін мені қарсы алғандар ішінен ер адамға бер- гісіз бір жүректі əйел затын көрдім. Айтқан сөзінен байқағаным, қырдағы ел империяның жүздеген жылға созылған қатал езгісі- нен шошып, жасып қалса да, дербес жұрт болу үмітін бір сəтке де үзбепті. Ер жетіп қалған гимназист баланы көрдім. «Тəуелсіздік келді» деп, риясыз қуанып жүр. Қабағынан қар жауған казак ата- манын көрдім, ішінде ит өліп жатқандай, кəпірдің. Халық де- геніміз күткені де, түсінігі де, үміті де міне осындай ала-құла ел. Сондықтан бізге керек қазіргі екінші нəрсе, оқу жағы. Оқымай мəдениет жоқ. Мəдениетсіз алға қарай қадам басып жылжу да жоқ. Міржақып. Жəне осындай жер-суға, ел-жұртқа қатер таянып тұрғанда серпіліп атқа мініп, адам қатарына кірмесек, ерленбесек,

 

ширамасақ, шаң жұтпасақ, қазақ еріншек, ез, керенау жұрт, жуыр- да ел қатарына кіре алмайды, өнер таба алмайды деген дұшпан та- басына қаларымыз да хақ.

Халел. Шаруа жағында жүруге қабылетті маман қазақтарды жарияға жар салып, іздестіріп-ақ жатырмыз. Бірақ олар саусақпен санарлықтай тым аз. Ал жат жұрттан жалдаған қызметкер… ішіп кетер, жеп кетер…

Мағжан. Орысты неміс солай қып, оңдырмай келген. Тіпті Ленин немістің шпионы, Ресейді былықтырсын деп көп ақша- қаражат беріп, əдейі дайындаған адамы деген де сөз бар.

Әлихан. Ондай масқара қорлық пен мазақты қайталамас үшін Ахаң, өзіміздің кемеңгер Ахаң не дейді? «Біз бай, білімді һəм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кəсіп ке- рек! Күшті болуға – бірлік керек!» – дейді.

Халел. Сол керектерді жуық арада іске асыра алсақ… Әлихан. Күмəніңіз тым көп екен, тегі… Уайым айта бересіз. Халел. Сіз ше, күмəнданбайсыз ба?

Әлихан. Бəлі дегенің, осы күні көңілінде күдік-күмəні, уайым-қайғысы жоқ адам бар ма екен, сірə… Мұсатай байда да бар. Байлығымды қайтсем сақтап қалам деп, кімге сенерін білмей, оның да ойы он саққа қашып жүрген болар… Уайым менде де бар.

Халел. Алаш мұратын айтамысыз?

Әлихан. Алаш мұраты – тағдырым. Сонымен бірге, қарапайым адами өмірді де аңсаймын. Жорға мініп сардаланың төсінде таза ауа жұтып жортып келсем деймін. Үйімнің төрінде еркін отырып, ақырын толғап домбырада күй шертсем деймін… Есіңізде ме, Мықа?

Міржақып. А, иə, 1916 жылдың жазы еді ғой. Сіз, Әлеке, Самара түрмесінен босап, Орынборға келдіңіз. Жайықтың арғы бетіндегі Қарасу деген жерге екі үй тіктірдік. Бірінде «Қазақ» газетінің редакциясы орналасты. Екіншісінде отбасымызбен бірге өзіміз тұрдық.

Әлихан. Менің Лизам он үште, Сергейім – Үгітайым он бірде, сенің Гүлнарың əлі кішкентай, əпіл-тəпіл аяғына жаңа ғана тұрған кезі.

Міржақып. Сергей мен Үгітай тəй-тəйлатып Гүлнарды қастарынан бір елі тастамайды. Жайыққа шомылуға барғанда ке-

 

зектесіп, арқалап алып кетеді. Мына жақта шешелері жүрер еді шыр-пыр боп, суға кетіп қалмаса деп қорқып.

Әлихан. Иə, ол күндерде жас бала үшін қауіпті аққан судың қорқыншы болмаса, дүниеден бəле-жəле атаулы жоғалып, құдды бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнап қалғандай боп та тұрушы еді-ау айналамыз.

Міржақып. Қазір көбіміздің отбасымыз қасымызда жоқ. Бұл уайым емес пе, Халеке?

Әлихан. Дүниеде адам баласы айналып өтпес екі-ақ көпір бар: бірі – өлім, бірі-махаббат. Біз ұлтқа қызмет қылуды таңдадық. Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа ие бола алады. Бұл күрес өлу үшін емес, жеңу үшін. Алайда бұдан жеке бастың адами қызығын кейінге ығыстырып қойдық деген сөз тумаса керек. Махаббатымы- зды əрқайсымыз өз түсінігімізше өз жүрегімізге бөлеп алып жүрген болармыз. Сондықтан дəл қазір көп жалтақтайтын кез емес. Елеулі ел боламыз десек, өз сыбағамызды аламыз десек, алатын уақыт. Алғанда да белдесіп, теңдесіп отырып алатын уақыт.

Халел. Бір сенгеніміз Колчак еді… Қайыр жоқ.

Міржақып. Олай демеңіз. Колчак атаман Анненковқа генерал атағын беріп, Жетісуды большевиктерден тазарт деп тапсырды. Біздің Анненковпен бірге болуымыздың басты себебі міне осы, өзіңіз де жақсы білесіз.

Әлихан. Халел мырза, көп уайымды қойып, Мəскеуге, бəлшебектердің орталық үкіметіне Алаш автономиясын мойындаңдар деп телеграмма дайындаңыз. Сөздің тоқ етері, енді бізге алған беттен кері қайтар жол жоқ.

Үстеріне шелек, түйіншек көтеріп, Қаршыға кіреді. Қаршыға. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайлар. Міржақып. Өй, мына пысық бала…

Қаршыға. Шелекте – көже. Ал мынау шеке. (Шекені Әлихан алдына қойып, шелектегі көжеден кеселерге құйып, кісілерге та- рата бастайды).

Әлихан. Мына құлақты…

Халел. Маған беріңіз. Ауылда тұрған күндерін сағына ма, біздің үйде қашан қой сойылады, қашан құлақ жейміз деп інім де, ұлым да жарыса қыңқылдап қоймаушы еді. Екеуіне бөліп беріп, ауыздарын жаба қояиын.

 

Әлихан. Әне, бұл да сіздің бір уайымыңыз (бәрі күледі).

Мағжан. Наурыз көженің мəніне менің біраз көңіл бөлгенім бар еді. Қысқаша былай: Сүт қосқан көже келе жатқан жазбен ұшырасып, адамдардың ас ішу ретінің аққа көшкендігін біл- діреді. Ал көжеге шеке, бас салып асып жеу, қыс тамағы қызылмен қоштасуды білдіреді.

Әлихан. Қазақтың жаңа жылы… Ойдағы, қырдағы ел бір-бірі- мен көрісіп, амандықта кездескендеріне қуанысып, шат-шады- ман… Бұл күнді ұлт болып бұрынғыша жаппай тойлайтын да күн туар əлі-ақ. Жастарың құтты болсын, ағайын.

Мағжан. Мен милиция жасағы алдында өлең оқушы едім.(Ке- теді).

Басқалар да тарқай бастайды. Сұлтанмахмұт қозғала беріп, қатты жөтеледі.

Әлихан. Ақын інім, күйің онша болмай жүр-ау деймін.

Сұлтанмахмұт. Ештеңе етпес, Әлеке. Әлихан. Бірер күн күтінсең қайтеді? Сұлтанмахмұт. Әлеке… Кешіріңіз. (Кетеді).

Әлихан. Қайсар. Әй, бірақ… Жоқ, болмас, еліне қайтару ке- рек. Ақын өлмесін. Ақын деген елінің қараңғыда жол көрсетер сөнбейтін шымшырағы. (Ойланып тұрып қалады).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *