Айт намаздары
С: Қандай кісілерге айт намазын оқу уәжіп?
Ж: Айт намазы уәжіп болуының 6 шарты бар: балиғатқа толған ер адам болу; азат; дені сау; жергілікті; көзі көретін; өздігінен жүре алатын болу.
С: Әйелдерге, сәбилерге, қамаудағыларға, бостандығы жоқ кісілерге, жолаушыға, екі көзі көрмейтін және аяғы жоқ немесе жүре алмайтын адамдарға айт намазы уәжіп пе?
Ж: Уәжіп емес, себебі бұл кісілер үзірлі болып саналады.
С: Сонда да бұл кісілердің айт намазына барып қатысуына бола ма?
Ж: Болады.
С: Айт намазын оқудың неше шарты бар?
Ж: Бес шарты бар: 1) жұма намазы сияқты ірі елді-мекенде болу; 2) кез келген кісінің кіруіне рұқсат көпшілік мешітте оқылуы; 3) имам болатын кісі мемлекеттің басшысы немесе мүфтиі тарапынан айт намазын өткізуге рұқсат алған болуы; 4) имамнан басқа үш кісінің болуы; 5) айт намазының уақыты кіруі.
С: Айт намазында құтпа оқыла ма?
Ж: Құтпа оқу сүннет.
С: Айт намазы қай уақытта оқылады?
Ж: Күн шығып, арқан бойы біраз көтерілгеннен бастап, күн тас төбеге барғанға
дейін.
С: Бір үзірлі себеппен айт намазын кешіктіріп оқуға бола ма?
Ж: Үзірлі жағдайда айт намазын кешіктіруге рұқсат. Ораза айт намазын тек бір
күн, ал құрбан айт намазын үш күннің ішінде оқу керек.