Таяммум
С: Дәрет немесе ғұсыл алуға су таппаған кісі намазын қалай оқиды?
Ж: Таяммум алып оқиды.
С: Таяммумды қалай алады?
Ж: Таяммум алып намаз оқуға ниет етеді. Кейін екі қолының саусақтары арасын ашып, таза жерге ұрып, қолымен жүзіне мәсіх тартады. Одан соң қайтадан жерге соғып, сол алақанымен оң қолын білегіне дейін және оң алақанымен сол қолының білегіне дейін мәсіх тартады. Дәрет алғанда су тиюі шарт жерлердің бәріне мәсіх тартылуы керек.
С: Таяммумнан бұрын истинжа істеу шарт па?
Ж: Әуреті нәжіс болса, бір нәрсемен нәжісті кетіру ләзім.
С: Дәрет пен ғұсылдың орнына алынатын таяммум бірдей бола ма?
Ж: Бірдей алынады.
С: Таяммумның парызы нешеу?
Ж: Төртеу: 1) таяммуммен намаз оқуға ниет ету; 2) қолымен соғатын нәрсенің жер жынысынан болуы; 3) жер жынысына қолын ұрып, бетін сипау; 4) жер жынысына қолын ұрып, екі қолын шынтағына дейін сипау.
С: Таяммум сүннеттері нешеу?
Ж: Алтау: 1) бәсмәләмен бастау; 2) қолды ұрғанда саусақтарының арасын ашып, алақандарының іш жағымен ұру; 3) қолды ұрған соң, сәл ғана уақыт жоғары көтеріп тұру; 4) топыраққа ұрған соң қолды бір сілку; 5) кезек бойынша алу, яғни әуелі бетін, сосын қолдарын; 6) таяммумды алғанда арасына басқа ешбір амал қоспау.
С: Таяммум қандай жағдайларда бұзылады?
Ж: Екі амал бұзады: 1) дәретті бұзатын нәрселер орын алған жағдайда; 2) су табылған жағдайда.
С: Таяммумды қандай жағдайларда алады?
Ж: Мына сегіз жағдайда таяммум алады: 1) су екі шақырымнан алыста болса; 2) су тисе асқынып кетуі мүмкін ауруы болса; 3) су қатты суық болса; 4) су бар, бірақ оны пайдаланса өзіне немесе малына зиян тию қаупі болса; 5) су бар, бірақ оны пайдалануға мүмкіндік болмаса; 6) сапарда жүргенде, су болса, бірақ ол тек ішуге ғана жетсе; 7) су қолдана алмайтын басқа бір үзірі болса; 8) жаназа және айт намазына үлгермей қалатындай асығыс болса.
С: Дәрет алған жағдайда бес уақыт намаздың бірін өткізіп алу немесе жұма намазына үлгермей қалу қаупі туындаса, таяммум алу дұрыс болады ма?
Ж: Дұрыс болмайды. Себебі, бес уақыт намаздың уақыты шықса да, қазасын өтеу мүмкіндігі бар. Жұма намазы қаза болса, оның орнына бесін намазын оқуға болады. Ал, жаназа намазы мен айт намазы оқылғаннан кейін, қазасы өтелмейді және олардың орнына еш намаз оқылмайды.
С: Қандай нәрселер жер жынысы болып саналады? Ж: Отқа жанбайтын және ерімейтін, қатты нәрселер. С: Мысалы қандай нәрселер?
Ж: Топырақ, шаң, құм, тас секілді жыныстар.
С: Тақыр тасқа таяммум алуға бола ма?
Ж: Болады.
С: Киімнің шаңы болса, соған таяммум алуға рұқсат етіледі ме?
Ж: Иә, бірақ ұрғанда шаңы шықса.
С: Жер жынысына жатпайтын нәрселерге таяммум алу дұрыс па?
Ж: Дұрыс емес.
С: Әуелі нәжіс болып, кейін құрғап қалған жер жынысына таяммум алуға бола
ма?
Ж: Болмайды. Себебі, таяммум алу үшін таза жер жынысы болуы шарт. С: Бір намаз үшін алған таяммуммен келесі намазды оқуға болады ма? Ж: Бір таяммуммен қалағанша намаз оқуға болады.
С: Жолаушы кісі таяммум алып, намаз оқығаннан кейін сол намаздың уақыты шықпай тұрып алдынан су кездесіп қалса, намазын қайта оқиды ма?
Ж: Қайта оқымайды.