Аллаһ елшісінің әкесі Абдулла не себепті құрбандыққа шалынбақ еді?

4. Аллаһ елшісінің әкесі Абдулла не себепті құрбандыққа
шалынбақ еді?

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) атасы Абдулмутталиб ертеректе «Он ұлым болып, ер жеткенін көрсем, бірін құрбандыққа шалам», – деп уәде берген. Мүмкін, бұл әдет Ибраһим пайғамбардан (а.с.) қалған дәстүрдің шала жеткен бір тозығы болар, өйткені ол да еркек кіндік баласы болса құрбандыққа шалатынын айтқан. Алайда мейірімі шексіз Аллаһ тағала көктен қошқар түсіріп, бұл дәстүр тоқтатылған еді. Бұл жерде Ибраһим пайғамбардың Аллаһқа деген иманының беріктігін адам баласына көрсетті. Міне, содан аман қалған хазірет Исмайылдың (а.с.) ұрпағынан Пайғамбарымыз (с.а.с.) келіп отырған жоқ па?!
Негізінде, Абдумутталибтің бұлай уәде беруінің басты себебі артында қалар мұрагерінің жалғыз болғандығында, өйткені араб дәстүрінде ағайын- туыс ұрпағы көпті қуатты деп білетін. Бірде Абдумутталибке түсінде бірнеше жылдардан бері көміліп, орны белгісіз, жоғалуға аз қалған зәмзәм бұлағының орны көрсетіліп, соны ашу керектігі айтылады. Түс 3 күн бойы қайталанады.

Ақырында, Абдумутталиб баласы Хариспен түсінде айтылған жерді тауып зәмзәм бұлағының қайнар көзін ашады. Бұлақ ішінен көптеген алтын мен күміс және құнды заттар шығады. Мұны естіген жұрт, біздің де ақымыз бар, біз де бұл байлыққа ортақпыз деп құдықтан шыққан құнды заттарды барлығына үлестіріп беруін талап етеді, бірақ Абдумутталиб ешкімге бермейді. Оған ыза болған Адый ибн Нәуфал деген кісі: «Сенің жалғыз ұлыңнан басқа ешкімің жоқ», – деп намысына тиетін сөз айтады. Бұл Абдулмутталибтің жанына қатты батып, Қағбаның жанында тұрған күйде:
«Аллаһқа ант етейін, егер маған он ұл нәсіп етсе, солардың бірін осы Қағбаның жанында құрбандыққа шаламын», – деп айтып қалады.
Ұлы Жаратушы Абдулмутталибке он ұл нәсіп етеді. Ұлдары ер жеткенде барлығын ертіп Қағбаға барады да, сонда ғибадатпен айналысатынбір кісіге: «Ұлдарымның арасында жеребе тарт, кімге түссе, соны құрбандыққа шалайын», – дейді. Жеребе Абдуллаға түседі. Алайда Құрайыштың ақсақалдары баланың құрбандыққа шалынуына қарсы шығып:
«Оның орнына он түйені құрбан ет», – дейді. Абдулмутталиб Қағбадағы кісіге қайта келіп: «Енді он түйе мен Абдулланың арасында жеребе тарт», – дейді. Жеребе тағы да Абдуллаға түседі. Абдулмутталиб түйенің санын жиырмаға көтеріп, тағы жеребе тартқызады. Жеребе қайтадан Абдуллаға түседі. Ақырында, түйенің саны жүзге жеткенде ғана жеребе түйелерге түскен екен. Абдулмутталиб жүз түйені құрбандыққа шалып елге оралады. Абдулла осылайша пышаққа ілінбей аман қалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *