- Құқық қорғау қызметтерінің басты бағыттары Өзінің мазмұны бойынша құқық қорғау қызметі алуан түрлі екеніне көзіміз жетті. Алуан түрлі болуына құқық қорғау қызметтерінің көптігі әсер етеді. Сондықтан, құқық қорғау қызметінің бағыттары мыналар:
а) сот төрелігі;
б) сот қызметтерін қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
в) прокурорлық қадағалау;
г) қылмыстарды анықтау мен тергеу;
ғ) заң көмектерін көрсету.
Аталған әрбір құқық қорғау бағыты өзінің мақсатына жетуге бағытталады. Мысалы;
а) сот төрелігі — іс бойынша әділ, заңды үкім не шешім шығару;
б) сот қызметтерін қамтамасыз етуді ұйымдастыру — сот билігі қалыпты деңгейде жұмыс жасауы;
в) прокурорлық қадағалау — заңдардың дәл әрі бірыңғай орындалуы;
г) қылмыстарды анықтау мен тергеу — қылмыстарға сапалы тергеу жүргізу;
ғ) заң көмегін көрсету — азаматтардың құқықтарын қорғау.
Осы аталған мақсаттарды тиімді орындау арқылы ғана құқық қорғау қызметтерінің жалпы міндеттері орындалады. Аталған құқық қорғау қызметінің әрбір бағытының өзіндік маңызы бар. Сондықтан, мына құқық қорғау қызметінің бағытының маңызы төмен немесе жоғары деп айта алмаймыз.
Дегенмен, аталаған бағыттардың ішінде сот төрелігі басты орын алады. Енді түсінікті болуы үшін сот төрелігін ашып қарастырайық.
ҚР-сы Конституциясы мен сот жүйесі туралы заңға сәйкес сот билігінің басты әрі маңызды нысаны ол сот төрелігі.
Сот төрелігін дұрыс түсіну үшін біз оның белгілерін жақсы білуіміз қажет. ҚР-сы Конситуциясының 75, 78 баптары мен сот жүйесі туралы заңының нормаларын талдай отырып, сот төрелігінің мынадай белгілерін шығара аламыз: сот төрелігін мемлекет атынан мемлекеттік биліктің арнайы органы — сот ғана жүзеге асырады. Соттардың нақты тізімі ҚР-сы Конституциясында және сот жүйесі туралы заңда белгіленеді. Соттар мәртебелерінің ерекшелігі олардың ұйымдастыру тәртіптерімен байланысты. Аудандық (қалалық) соттарды уәкілетті органның ҚР-сы Жоғарғы сот төрағасымен келісілген ұсынысы бойынша ҚР-ның Президенті құрады, қайта құрады және таратады. Облыстық және оларға теңестірілген соттарды уәкілетті органның ҚР-сы Жоғарғы сот төрағасымен келісілген ұсынысы бойынша ҚР-сы Президенті құрады, қайта құрады және таратады.
ҚР-сы судьялар корпусы екі тәсілмен жасақталады:
а) Жоғарғы сот төрағасын, Жоғарғы сот алқаларының төрағаларын, Жоғарғы сот судьяларын — ҚР-сы Жоғарғы сот кеңесінің кепілдемесі негізінде ҚР-сы Президентінің ұсынуымен ҚР-сы Парламенті Сенаты сайлайды.
б) Облыстық және оларға теңестірілген сот төрағаларын, облыстық сот алқалары төрағаларын, облыстық сот судьяларын — ҚР-сы Жоғарғы сот кеңесінің кепілдемесі негізінде ҚР-сы Президенті тағайындайды.
в) аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын, судьяларын — ҚР-сы Әділет біліктілік алқасының кепілдемесі негізінде ҚР-сы Әділет Министрі ұсынуымен ҚР-сы Президенті тағайындайды.
Сот төрелігі міндетті түрде іс жүргізушілік заңдылықтарға сәйкес жүзеге асырылады (ҚР-сы Қылмыстық істер жүргізу кодексі, ҚР-сы Азаматтық істер жүргізу кодексі, ҚР-сы Әкімшілік істер жүргізу кодексі). Сондықтан, іс жүргізушілік заңдылықтармен жүзеге асыру екі жолмен анықталынады:
а) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау арқылы (яғни, аталған істердің мән-жайларын анықтау мақсатында дәлелдемелерді зерттеу арқылы);
б) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді шешу арқылы (яғни, аталған істер бойынша үкім, шешім шығару арқылы).
Қылмыстық, азаматтық істер әрқашанда сот мәжілісінде қаралады. Оның өзі мына жолдармен анықталынады:
а) сот мәжілісіне әрқашанда тараптардың қатысуы қажет — айыптау тарабы мен қорғау тарабы;
б) айыптау тарабы мен қорғау тарабы сот мәжілісінде дәлелдемелерді зерттеу кезінде тең құқықтарға ие болады.
Заңды күшіне енген шешімдер мен үкімдер заң күшіне ие болады, сөйтіп үкім және шешімді барлығы орындау міндетті болады. Ал, заңды күшіне енген шешімдер мен үкімдерді орындамау заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Сот актілерін тек ғана тұрған сот арқылы ғана өзгертіледі немесе жойылады.Сот төрелігі әрқашанда Конституцияда, сот жүйесі туралы заңда және тағы басқада заңдарда белгіленген принциптерге сүйенеді. Сот төрелігінің басты принциптері ҚР-сы Конституциясында белгіленгендіктен, олардың жоғары заң күші болады.
Сот төрелігі құқық қорғау қызметі болғандықтан, ҚР-нда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік органдарының және қоғамдық ұйымдарының мүдделерін сақтауға бағытталады.
Сонымен, қорытынды жасасақ, онда сот төрелігі — бұл соттың қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарау мен шешу бойынша жүзеге асыратын құқық қорғау қызметі.