ЖАҚЫП АҚБАЙДЫҢ СЕРІГІ- ӨСКЕНБАЙ

ЖАҚЫП АҚБАЙДЫҢ СЕРІГІ- ӨСКЕНБАЙ

 

“…кімде – кім ішінен керекті сөз тапса,

жазып алсын, оқысын…. ”

Абай Құнанбайұлы

 

Біздің зерттеуге арқау болып отырған Өскенбай — қазақтың кіші жүзі, Жетіру тайпасының Тама руынан тарайды, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тұрғыны болған.

Қытай еліндегі қазақ тарихшылары «Жалын» баспасынан жарық көрген «Қазақтың көне тарихы» атты еңбектерінде (40- бет) Жетіру тайпасын «Қарт қазақ» деп атап: кердері, жағалбайлы, керейт, телеу, табын, тама, рамадан деп 7 ірі ру-тайпаға жіктейді. Сондықтан да кейбір тарихшылар Тама руының шығу тегін Дешті Қыпшақтармен байланыстырып, қазақтың ең көне руларының бірі деп қарайды.

Тамалардың ұраны Қарабура, таңбасы «Қос əліп» (||) жəне бұл таңбаның қыпшақ руларының таңбасынан еш айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар тамалардың көне мекені оңтүстік Орал, Жайық, Тобыл өзенінің жоғарғы арнасы екен. ХІҮ-ХҮІ ғасырларда Шора батыр басшылығымен Дешті қыпшақта, Қазақ хандығының, Ноғай ордасының саяси өмірінде зор роль атқарды.

Тамалардың ата жұрты Тама-Тархан, яғни Таман қаласы дейді, тарихшылар.

 

Қарқаралы ауданымыздың Құрметті азаматы, Ұлы Отан Соғысының ардагері Мұсатаев Жақия ақсақалдың айтуынша, біздің бабаларымыз яғни Қарқаралыдағы тамалар 1824-1827 жыл- дардан қоныс тебе бастаған екен.

Тəшен Тəкіман деген атадан Жексембай, Бөгенбай одан Өскенбайлар тарайды. Олардан Қарқаралы тарихында аты аталып, ізі қалған Сағындық би, Өскенбай шешендерді атап айтуға бола- ды- дейді.

Шежіреші Ахметбек Әрінұлы «Сағындық  Кіші  жүзден,  Жеті рудың Тама бұтағынан ертеден орын тепкен адам, өте ше- шен, алғыр, «айыр көмей, жез таңдай» дейтін қазақтың бағалы азаматтарының бірі болған. Осы тіл байлығына қызыққан Жаман- тай өзінің дипломаты — елшісі есебінде пайдаланып, дау-дамай шешуге сенім артқан адамның бірі»- деп жазған («Атақоныс- Арқадағы, шежірелі Қарқаралы». Алматы: РПБК «Дәуір», 2003. 46- 47- беттер).

 

«Мүйіз ауыз» атанған- Өскенбайдың өнегесі

 

Шежіреші Ахметбек Әрінұлы «Атақоныс- Арқадағы, шежірелі Қарқаралы» атты (Алматы: РПБК «Дәуір», 2003. 146- 147 беттер) еңбегінде: Біздің аталарымыз Өскенбай туралы тағы да былай деп жазған: «Мүйіз ауыз»- Өскенбай дейтін халық. Бұл кісі кіші жүздің Тама деген руынан елге сіңісті болып кеткен алғыр адамы еді.

Қазіргі аудандық оқу департаментінің бастығы Тілек деген азаматтың үлкен əкесі.

Ақпайдың Жақыбы 1925 жылдары өзіне серік қып,  жаны- нан тастамай ертіп жүрген. Жақыптың өкпе ауруына шалдығып, таза ауаға дем алып, қымыз ішіп, дертіне шипа іздеп жүрген кезі. Ақпайдың үш ұлы- Мажит, Ыбырай, Жақып өздеріне елден киіз үй алдырып, Қоянды жəрмеңкесіне апарып тігеді. Жəрмеңкенің қызған кезі.

Жақып халықтың қалың жиналған ортасын аралып жүргенде киім-кешегі жұтаған қайыршыларға кездеседі. Жаны ашып, оларға көмектесу керек екен, сауап болар деп ойлайды. Қалтасындағы ақшасын туысы Ыбырай қарызға алған. Үйге келген соң туысқан үшеуі отырғанда Жақып Ыбырайдан қарыз ақшасын қайтаруды

 

талап етеді. Ыбырай:- Айдап келген малымды əлі өткізе алмай жа- тырмын, берермін- деп сөзбұйдаға салады.

  • Біреуден қарыз алсаң да бер деген соң бер, бер деген соң бер! – деп екі-үш қайталап Жақып ашуға басады. Оған ағалары Мажит те: — Берер, шыдай тұрсаңшы- деп басалқы айтқандай бо- лады.
  • Мені күтіп отыра бере ме, көшедегі ғарыптар, бер деген соң бер- деп зіркілдесіп, үшеуі əжептəуір сөзге келіседі.

Анандай жерде отырған Өскенбай от жаққан ошақтағы күлге келіп: — Әй, бар қылмаған, бай қылмаған құдай-ай, неңді алдым сенің!- деп қолындағы қамшысын екі бүктеп алып оттағы күлді бұрқыратып сабалай бастайды.

  • Ой, жынды сен бар болғанда не істер едің, бай болғанда кімді жарылқар едің- депті, Жақып.

Сонда Өскенбай:- Бай болсам, Ақпайдың үлкенісің ғой деп, бір-екі қараның ақшасын Мажит саған бере едім. Ыбырай, кеше болыс болғанда алған параңның қоры үзіліп қалған шығар деп, біраз ақшаны саған бере едім. Жақып, қала-қалаға жолаушылап көп жүресің, қалтаңнан қорың үзілмесін деп біраз ақшаны саған берер ем, көрші отырға үйлердің адамы Ақпайдың үш баласы ақша үшін қырқысып жатыр деп елге таратса, Қоянды жəрмеңкесі ұрыс-керіссіз тарар ма еді-ау!» депті.

Жақып:- Ақшасы құрысын, ақшасы құрысын! – деп екі қайталап, ашуын басса керек.

Иə, ұлы əкеміз Өскенбайдың қазақтың тұңғыз заңгер- магистрі, Алаштың ардақты ұлдарының бірі Жақып Ақбаевтың сенімді серігі болуы əуелі оның тума қабылетті, тілмар, шындықты шырқыратып бетің-жүзің деп маймөңкелемей кесіп айтатындығынан болса ке- рек. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген, халық даны- шпандары. Шындықты айта білу, оны тыңдай білу бабаларымдан қалған қадірлі қасиеттердің бірі. Сондықтан да «пышақ қынға, сөз шынға тоқтайды» дейді.

 

Жақып Ақбаевтың адвокаты, қимас досы — Өскенбай

 

Ауданымыздан шыққан, еңбегі сіңген, ұлтжанды, ізденімпаз азамат Жұмажан Қасымұлы Ақбайұлы Жақып туралы «Қарқаралы»

 

журналының тарихи тұлғалар айдарына «Алты Алаш ардақтаған ақиық азамат» атты көлемді зерттеулер жазған-ды.

Сол еңбегінде: «…Ақбайұлы Жақып мырзаның əрі  жаны-  нан қалдырмайтын серігі, əрі əр кез ақылдасып жүретін досы, қысылып, қиын жағдайға тап болғанда (ал, Жақып мырзаның мұндай жағдайға тым жиі тап болып отырғаны жақсы мәлім) қол ұшын беретін жəне қандай да бір көмекті де аяқ астынан, қас қакқанша-ақ ретімен ыңғайластыра қоятын көмекші-құтқарушы тама Өскенбайды бір кездегі Қарқаралы-Семей өңірінде білмейтін адам кемде-кем-ақ болған шығар.

Өскенбай сөзге алдына жан салмайтын шешен, тапқыр ойлы, ұтымды, тауып сөйлейтін адам болыпты. «Қажымайтын бір жол- дас жиылып тұрған топпен тең, қажымалы көп жолдас жаныңда адам жоқпен тең. Мен осы Өскенбаймен бірге жүргенде құдайға аян өзімнің төрт құбыламды түгел, еш алаңсыз, уайым-қайғысыз сезінемін дейді екен, Жақып мырза»,-депті.

Демек, өзі оқымаған, биік мансабы мен қолында билігі неме- се мыңғырған малы бар шонжар болмаса да, өмірден оқып емес тоқып үйренген Өскенбайдың қазақтың тұңғыш заңгері Ақбайұлы Жақыптың қазіргі тілмен айтқанда адвокаты (қорғаушысы), қимас досы болғандығын жоғарыдағы Жұмекең марқұм жазған деректер- мен қоса, жазушы-журналист Сапыкең (Сапарғали) Лəмбекұлының

«Арыстар» атты дилогиясының екінші кітабынан да кездестіреміз

(Астана: Елорда, 2004 ж, 245-бет).

Жақып Ақбаев əл үстінде жатып:- Жақсы келдің, Нығметжан, көп рақмет. Елдің жайы қалай?- деп сұрады.

  • Әлгі Өскенбай қайда, халі нешік?
  • Қалың Қаракесектің жартысынан астамы қырылып, көбісі басы ауған жаққа босып кеткенде тамшыдай таманың тамтығы қала ма? Қарасудың екі жағындағы қыстаулар түгел қаңырап қалды, ділмар досыңның өлі-тірісін білмеймін, ол үшін ғафу ет, тақсыр.

Жақыптың тамырын ұстаған қожа тықыр таянғанын сезді, оны қасында отырғандардан жасырмады, қам жасауды ескертті» депті. Өзі өлім аузында жатып Жақып Ақбаев Өскенбай атамыздың халін біліп, хабарын алғысы келуі қимас достықтың белгісі екені

сөзсіз.

 

Сонымен қатар, қызылдардың «Кіші революциясы» Қазақ жерінде қайта жүргізіліп, аштық нəубетіне қарқаралылықтарды да ұшыратқан кез еді, бұл. Қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұлов дəл осы уақытта Сталинге хат жазып, Қарқаралы қаласында күніне 50 адам аштан өліп жатқандығын хабарлағанын жазушы-журналист Мақсым еңбегінен байқауға болады. Олай болса, сол зұлматты біздің аталарымыз Өскенбай, оның ұрпақтары да бастарынан өткізгені даусыз.

Жерлесіміз Өсекеңнің туған, өмірден өткен жылы жайлы дере- ктер таппағанбыз. Жоғарыдағы Жақып Ақбаевтың өмірден өткен күні жайлы оқи отырып, ол қай мезгіл екен дегенді қызықтап қарасам «Қарағанды облысы» атты энцеклопедиясында «Жақып Ақбаев 1876 жылы туып., 1934 жылғы 4-шілде күні өмірден өтіпті»- деп белгілепті. Дəл осы күні Жақып Ақбаев «Әлгі Өскенбай қайда, халі нешік?»- деп сұрапты ғой.

Егер осы күнге дейін, атамыз Өскенбай қайтыс болған болса, Жақып Ақбаевқа қаралы хабар қалай да жеткен болар еді. Демек, осы күнге дейін атамыз Өсекең тірі болған, ашаршылықтың аза- бын қанша тартқаны, тағдырының соңы немен аяқталғаны жұмбақ тəрізді?!..

Сонымен Жақып Ақбаев 1876 жылы туған екен, əр түрлі əңгіме, тарихи деректерде Жақаң атамыз Өскенбайды «Өскен, Өскен»- деп құрбысынша атауына қарағанда олардың жас шама- сы тым алшақ болмаған, егер Өскенбай атамыз Жақып Ақбаевтан жасы егде болса білімді азамат Жақып Ақбаев «Өскен, Өскен»- деп емес, «Өсекең, Өсекең»- деп айтар еді ғой.

Қазақтың үлкенді сыйлаған дəстүріміз, сол кездегі маңдай алды азаматтарымыздың сыйластығы сынды дəстүрімізге құрметпен қарай отырып, атамыз Өскенбай-дың туған жылын «1872 — 1876 жылдар» шамасында- ау деп болжап қойдым.

Мен бұл жерде тарихи оқиғаларды текке таразылап отырған жоқпын одан тағлым алу үшін еріксіз екшеу қажеті туады.

Өйткені, өткенді білмей, келешекке болжам жасау мүмкін емес. Әркім тегін, аузын аққа қолын таққа жеткізген ана-анасы мен өнеге көрсеткен ұстазын білуі, еңбегін бағалауы, олардан үлгі- өнеге алуы тиіс емес пе?!.

 

Өскенбай — шешен

 

Шешендік қазақ халқының ұлттық қасиеттерінің бірі. Халқымыз: «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен бол- ды»- дейді. Бірақ, екінің бірі шешен болмайды. Көп сөйлеген ше- шен болудан гөрі мылжың болып кетеді, көп жүрген кезбе болып, кезеген аяқ боқ басады. Бұл қазақы философия. Өсекең рас шешен болған ба?- деген сұраққа жауап іздеп көрейін.

Тағы да Жұмажан Қасымұлының алдыңғы аталған еңбегінде:

«…Жаз айының бір кешінде Жақып мырза мен тама Өскенбай екеуі əңгімелесіп отырады.

  • Әй, Өскен, Өскен-ау!- дейді кенеттен Жақып мырза иегімен көше жақты меңзеп. Өскенбай шешен жалт қараса, көше бойымен əңгімелесіп келе жатқан бес-алты адамды көреді. Өскенбай де- реу орынан атып тұрып, Жақкеме тіл қатпастан далаға шығады. (Сол кездері Ақбайұлы Жақыптың үстінен жалған арыздар түсіп жатқан кез екен де әлгі келе жатқандар соны тексеріп тектеу, факт жинау үшін жүрген болса керек). Содан жаңағы көше бой- лап (Жақыптың үйіне қарай) келе жатқан адамдардың алдынан шығып, сəлем береді.
  • Дат, ағайын!- дейді Өсекең сəлем-саулықтан кейін.

Айтыңыз!- дейді жігіттердің ортасында келе жатқан құндыз бөрік пен құндыз жағалы шапан киген, орта жастағы қою мұрт, шоқша сақалдысы. Өсекең сөйлей жөнеледі: — Онда сіздерге бір сұрағым бар еді. Кей ит алыстағы дыбысты естіген беті көрмей- ақ үреді, кей ит көрген соң ғана үреді деуші еді. Осы сіздер солардың қайсысына жатасыздар?.. құндыз бөрікті мырзаның жанындағы елтірі тымақ құлақтарының ұштарын ішке жымқыра киген екі жігіт қамшыларын үйіріп, «мынау не деп тұр, ей?!»- деп Өсекеңе тұра ұмтылыпты. Оларды əлгі басшы мырза жекіп тоқтатыпты да: «Жақып мырзаның Өскембай деген шешені бар деуші еді, сен екенсің ғой…Онда мырзаңа сəлем айтып барарсың, біздер əлгі айтқандарыңның көрмей үретіндеріне жатады екенбіз- депті де жігіттерін ертіп, келген ізімен еліне қайтыпты»- дейді. Сөйтіп Өскең Жақып Ақбайұлына жабылған жаладан құтқарып қалыпты. Бұл Өскенбайдың шешендігі, Жақаңның адвокаты болғаны емес пе?!

 

Міне, Өскенбай атамыздың жабылған жалаға дерек жинауға келгендерді екі ауыз сөзімен-ақ кері қайтаруын қазақта ұрмай- соқпай, «мақтамен бауыздау»- деп айтады.

 

Өскенбайдың жеңісі

 

Сонымен бірге Өскенбай өзінің аты ғана аталатын жеке тұлға емес, барша Тамалардың атын шығарып, абыройын асқақтатқан ел ағасы болып өтіпті. Өйткені бізге жеткен ел аузындағы əңгіме, жазба деректерде Өскенбай атамызды атағандар «Тама Өскенбай» дейді, олай болса Өскембай тек ата баласы ғана емес, ел баласы, ру-жұрағаттың бетке ұстар азаматы болғаны.

Сонымен Өскенбай атамыздың тауып айтқан ұтқыр сөздері мен шешендігі арқылы жеткен жеңістері жайлы бірер мысалды келтіргеніміз жоғарыдағы сөзімізді нанымды етеді…

…Жақып мырза қыстың бір жаймашуақ күнінде жанында тама Өскенбай бар Қарқаралы көшесінде бір топ адамдармен əңгіме дүкен құрып тұрады

— Өскен, Өскен!- дейді Жақып мырза көк ат жеккен қара кашевкадағы адамдарды иегімен нұсқапты. Бұл Қарқаралы өңіріндегі шіріген бай Ақайдың ені екен.

Хасенге сəлем беріп, амандық-саулық сұрасып болған соң, ат шанаға қарап тұрып əңгіме басапты:

  • Ертеде Ескендір Зұлқарнайын деген патша өлер алдында өсиет айтыпты деседі ғой. «Жан тапсырған соң, оң қолым жоғары көтеріліп, алақаным жаюлы күйінде қалар. Менің мəйітімді арна- улы көлікке салып, ел аралатыңдар. Қай жерде көтерулі оң қолым жерге түссе, сол жерге жерлеңдер» депті ғой. Әрине, Ескіндірдей патшаның мəйітінің не екенін бір құдай біледі ғой, əйтеуір аса үлкен көлікке салып, ерекше салтанатпен алып жүреді емес пе. Содан біраз ел аралағанда, бұл жұмбақ жайды ешкім түсіндіріп бере алмайды. Салтанатты қаралы керуен жолшыбай жайлауға енді қонып жатқан ауылға кездесіпті деседі.
  • Ой-й, ананы қара! Арбада жатқан адамның қолы көтеріліп қалыпты!- деп тамашалаған кəрі-жасқа уық шаншып жатқан бір бойжеткен былай депті дейді:
  • Уа, халайық! Бұл арбада жатқан өз кезінде дүниені дүр сілкіндірген Ескендір Зұлқарнайын патшаның денесі ғой. Оң

 

қолының көтеріліп қалу себебі мынада: «Мен бүкіл дүние жүзін жаулап алуға əрекет жасадым. Бірсыпыра елді бағындырдым да. Содан өлгенде маған бұйырғаны ахирет ғана. Өзіммен бірге алып бара жатқан түгім жоқ қой, міне!»- деп, қолын көтеріп, алақанын жазып жатқаны сол- деген екен.

Қыз осылай айтып үлгеруі мұң екен, патшаның оң қолы сылқ етіп жанына түсіпті.

  • Сонан соң- деп жымиыпты Хасен бай. , Өскенбайдың мұнан тынбай, тағы бірдеңе айтарын сезіп.
  • Сонан соң айтарым: «мырза, көк алалы көп жылқыны ай- дап отырсыз. Боз, күрең, қара, сұр, қарагер, құла, көк, торы де- гендей, айғырын түстеп салған үйір-үйір сансыз көп жылқыңыз бар. Қарқаралыға келіп алып, көшесін аралауға картадан байыған Әубəкірдің көк шолағына жармаспай-ақ қойсаң етті»- депті.

Тама Өскенбайдың дер кезінде тауып айтқан мысалды сөзінен ұтылған Хасен мырза оған сый-сыяпат көрсетіп тынған екен- деп жазған Жұмажан Қасымұлы. «Хасен баймен бəсекелес Ақбайдың Ыбырайы мен Жақыбының еңсесін бір көтеріп тастаған»- деген Жұмекеңнің сөзінің жаны бар.

…Арасында Жақып мырза мен тама Өскенбай бар бір топ адам Қарқаралы қаласының ақсақалдары кешкілікте бас қосатын үйреншікті орыны Бəйгетөбеде əңгімелесіп отырады. Кенет Жақып мырзаның көзі алдарынан біраз жерде кесе-көлденең өтіп бара жатқан үш адамға түседі.

Ортасындағы адамның киім киісі ерекше екен: үстінде ақ жібектен əсем тігілген костюм, басында алшысынан түскен шляпа, қолында күміс бедерлері күнге шағылысып жарқыраған ерекше таяқ, көзінде күн шығырмағынан қорғайтын алтынмен қапталған қара-қоңыр көзілідірік.

Осындайда баяғы əдетімен Жақып мырза бұларға кесе- көлделеңдеп өтіп бара жатқан иегімен нұсқап:- Өскен, Өскен!- деп қалады ғой. Өскенбай болса дереу орынынан атып тұрып, етегін қағып əлгілердің алдына түсе жөнеледі де біраз озып ба- рып, бұрылып келіп асқан ізетпен сəлем беріп, жөн сұрасқан соң ортадағы əсем киінген Хасенге:

«Уа, Хасен мырза! Мына үстіңіздегі киім тым əсем екен, ине- жіптен жаңа шыққан, əрі өзіңізге аса жарасады екен, қайырлы

 

болсын! Сəн-салтанатыңыз, жүріс-тұрысыңыз, сырт порымыңыз Петербордағы орыс княздерінен бір де кем емес екен, артық бол- маса. Осыған орай бір сұрағым болып тұрғны сізден» — дегенде, Хасен:

«Е-е-е, сұра, айта бер»- депті. «Айтсам, егер де сіз қазақ жерінің шекарасынан аттап өтіп, орыс деревнясының бірінің шетіне ілік- кенде, алыңыздан орыстың бір мəтүшкесі шыға келіп «здравствуй- те!» дегендей болса, сіз оған не деп жауап бере едіңіз?»- дейді.

Сонда Хасен: «Тіліңе шоқ түссін сенің, сені жіберіп отырған Жақып қой» — депті де, бұрылып алып өз жайына жүріп кетіпті»- деседі. Сөйтсе тама Өскенбайдың əлгі сөзінің төркіні Хасеннің оқымағанды-ғын тұспалдаған екен ғой- депті, Жұмекең.

Осы орайда бірнеше толықтыру қосқан жөн.

Біріншіден: Өскенбай оқымысты болмаса да орысша жақсы білген жəне мүмкін Жақып Ақбайұлымен бірге орыс жерінде, атап айтқанда Петерборда да болған. Егер Петерборда болмаған болса орыс князының қаншалықты сəн-салтанатпен жүретіндігінен ха- бары болмас еді, өзі орысша білмесе Хасенге соншалықты сөзі де өтпейді ғой.

Екіншіден: Қанша бай болса да қазақтың тұңғыш оқымыстысы, заңгері, алаштың ардақты ұлдарының бірі Жақып Ақбайұлына сəлем бермей өтіп кеткен Ақайдың Хасенінің қатесін дер кезінде бетіне басуы, шешендігі мен көрегендігі, бай Хасеннен тіксінбей ақиқатты айтуы Өскенбай атамыздың жүректілігі деп білген дұрыс. Үшінші:                        Жақып                   Ақбайұлының            саяси-қоғамдық         күресі жайлы өмірдеректерінен оның атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі, патша мен оның отарлаушыларына қарсы күрестің бел ортасында болғандығын ескерсек, Өскенбай атамыз да бұл күрестерден шет  қалмаған.  Тіпті  14  мың  адам қол қойғанда, Жақып жанталасып басқыншылар мен олардың қолшоқпарларымен айқасып жүргенде Жақып Ақбайұлының үнемі қасында болған Өскенбай қарап қалыпты, не білмей қалыпты, əлде əрекетсіз болыпты десек қисынсыз емес пе?!. Жақып Ақбайұлының ең сенімді серігі, ел мойындаған шешені Өскембай атамызды «тек алып кел, шауып келге» ғана жұмсап отырған оның қолбаласындай көруге, түсінуге болмайды, расында оған қол қойғандар тізімінен

табылды.

 

Төртінші: Өскенбай атамыз Жақып Ақбай мен қатар Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов, оның серіктерімен де дəмдес, пікірлес болған екен.

Қарқаралының қарымды қаламгері, Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрмет орденінің иегері, жазушы- журналист Сапарғали Лəмбекұлы «Арыстар» атты тарихи рома- нында (Астана: Елорда, 2000. 250- бет):

  • Ассалаумағалейкум! Әлеке!- деп əуелі жасы кіші Жақып Мырза қос қолын көкірегіне қойып сəлем берді.
  • Уағалейкум, сəр Гарин!- деді оны көңілдене қарсы алған ел ағасы дауысын көтере. Мұны көрген Өскенбай «оқығандардың кездесіп, сəлемдескені де қызық-ау»- деп іштей таң-тамаша боп, екеуіне алма-кезек қарай берді.

Алайда жолсоқты болып жеткендер сусынның дəміне қараған жоқ, алғашқы тостағанды тез босатысты.

Сол кезде көмейін ақырын қырнап алған Өскенбай төр иесіне қарап тіл қатты.

  • Әй, Әлихан, мен білетін төрелердің ішінде қазақтың арғы- бергі сөзіне өзіңе жетігі жоқ шығар деп жүруші едім. Әлгінде Жақып досыңмен амандасқанда «сары қарын» дегенді қыстырып жібергенің қалай? Әлде тоқтасқан əйелге айтылатын сөзді қалжыңға орай жұмсап жатырмысың?- деп қалды.

Мұны естіген үлкен азамат ұзын мұртын бір сипап, мол де- несін селкілдете күліп жіберді. Санын бір салып қап, оған Жақып та қосылды. Бұған өзгелер аң-таң.

  • Пəлі, қаймақ ауызым-ай, онда да мұнша шалдырмай жүріп, шатасқан жерің осы болды-ау,- деді артынша Әлихан сабасына түсіп.

Біріншіден, жаңағы сөзді жаңылыс естігенсің, «сары қарын» емес, сəр Гарин.

Екіншіден, оның мағынасын түсінбепсің. Оның мəнісі былай, мына Жақыптың арғы аталарының бірі Қара сері аталады ғой.

  • Иə, білем, асқан əнші болған.
  • Ендеше бұл досыңыз Петерборда оқып жүргенде ағылшындарға еліктеп, «Қара» мен «серінің» орынын ауыстырып, өзіне «сэр Гарин» деп ат қойып алған. Ағылшынша «сэр» деген сөз қазақша «мырза» деген мағынаны білдіреді. Тіпті, осыны

 

заңдастыру үшін кезінде болыс əкесі Ақбай марқұмның Қара сері жөнінде анықтама да сұратып алдырған болатын. Осы рас қой, Жақып?- деп Әлихан əлгі айтқанын дəлелдеу үшін досына қарады- деп суреттеген жəне маған осы кітабында қалдырған.

Тарихшы ағамыз «Арыстардың, олардың қатарында болған аталарың Өскембай…»- деп бекер жазбаса керек. Олардың қатарында депті ғой…Олай болса Өскембай атамызды атқосшы деңгейінде емес, Алаш арыстарының да қимас, қарулас достары болған деген лəзім.

Өскембай атамыз қолына қару ұстап қарсы тұрмағанымен қоғамдағы керағар қылықтармен шешен тілі арқылы күресіп өткені жоғарыдағы мысалдардан көрініп тұр. Сол кездегі қазақ қоғамындағы байлардың үстемдігі, ала ауыздық, байлыққа масаю т.т жат мінез-қылықтарды жер жебіріне жеткізіп сынау арқылы Өсекем əділ де, тура жолды ұстап, тауып айтатын тама Өскенбай аталуы да сондықтан. Өскенбай атамыздан өнеге алу үшін əлі де жинақтап, хаттап шоттайтын іс баршылық.

Таптық тартыс қызған жылдары Әлихан Бөкейханов «Алашо- рада» үкіметінің мүшелерін құпия түрде Тоқырауынға жинағанда атамыз Өсекең де қатысыпты. Сол жиынға барар алдында Жақып Ақбаев:

«Тоқырауынға, Әлекең ауылына барамыз. Есіңде болсын, онда естігендерің туралы ешкімге тіс жармайсың»- дегенде Өскенбай үнсіз бас изеді» — деп Сапыкең «Арыстар» романында бекер жаза салмаған, тарихи оқиға, деректерге сүйенген.

Сондықтан да мен Өскенбай атамызды сол кездегі қоғамның са- яси ахуалына өзіндік көзқарасымен араласа, арпалыса білгендердің қатарына қоямын. Бұл, ол Өсекең туралы айтылған аңыз əңгіме, шежіре, жазылған тарихи деректердің бір парағы.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Бəкен Бахтияров,ҚР еңбегі сіңген ұстаз естелігі, «15» мау- сым 2012 жыл, Көктас ауылы.
  2. Ж.Ақбай туралы Қасымов Жұмажан жазбалары.
  3. Қарқаралы жəне Алаш қозғалысы, Қарқаралының 190 жылдығына арналған ғылыми- практикалық конференция матери- алдары, Қарқаралы,

 

  1. Қарқаралының қарымды қаламгері, Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрмет орденінің иегері, жазушы- журналист Сапарғали Лəмбекұлы «Арыстар» атты тарихи романы (Астана: Елорда, 2000. 250- бет):
  2. «Қарағанды облысы» атты энцеклопиядасы.
  3. Шежіреші Ахметбек Әрінұлы «Атақоныс- Арқадағы, ше- жірелі Қарқаралы» атты (Алматы: РПБК «Дəуір», 2003. 146- 147 беттер)
  4. Қарқаралы ауданымыздың Құрметті азаматы, Ұлы Отан Соғысының ардагері Мұсатаев Жақия ақсақал естелігі, 2013 ж.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *