ЖАСТАРДЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
«Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан!»-деп айтқан Хакім Абайдың бұл сөзі тоқсан пайыз қазаққа таныс. Абай ең алдымен, əр адамның қоғамда белгілі бір мөлшерде орны болатындығын, өзінің айналысатын ісі, жұмысы болу керектігін алға тартады. Өзіңді тану арқылы қай салада татымды қызмет жасай алатындығыңды, кімге қалай керекті бола алатындығыңды білу – үлкен білім. Мырзагелді Кемел ағамыз «Ақыл қалта» еңбегінде: «Кім өз шамасын білсе, сол адам ақылды» дегенді айта- ды. Бұл да соған саяды. Әркімнің бұл өмірде өз орнын таба білген- дігі ақылдылықтың, саналылықтың бір белгісі болса керек. Соны- мен, қайта айтар болсақ, қазіргі заманда «кірпіш болып қаланар» орныңды анықтау, əсіресе, жастар арасында үлкен жетістік болып тұр. Сөзіміз дəйекті болу үшін санмен сөйлеп көрелік. Мəселен, Қазақстандағы жүргізілген соңғы əлеуметтік зерттеу- лерге жүгінсек, мектеп бітіруші оқушылардың 70 пайызы мектеп бітіргенде қандай мамандыққа барарын біле алмай дал болады екен. Ал, мемлекеттік грантқа бітіріп шыққан жас мамандардың 50 пайызы өз саласы бойынша жұмыс істемейтіндігін көрсеткен. ( life.enu.kz) Бұдан біз оқушылардың да, студенттердің де өз ике- мін, өзінің өмірдегі «кетігін» таба алмай жатқандығын байқаймыз. Енді, «біздің балалардың қабілетсіз, жұмысқа икемі жоқ болғандығы ма?» деген ой келеді. Оған Алаш зиялысы, қазақтан шыққан алғашқы психолог Жүсіпбек Аймауытов өз еңбектерінің бірінде былай деп жауап береді: «..Кісі іштен туғаннан-ақ, белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет, яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады.
Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады, ең болма- са өтірік айтуға зерек болып жаралады. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай, өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек», — деп өзіндік «диагнозын» қойып береді.
Адамдардың табиғаты əртүрлі болу себепті, олар əртүрлі қалыпта қабылдайды, түрлі деңгейде тəрбиеленіп, түрлі орын- дарда тұрақтайды. Өзінің қандай екенін анықтауға байланысты, қай мамандыққа, қай салаға икемі бар екендігін анықтау үшін Ж.Аймауытов былай дейді: «Кемелдікке жету үшін ірі адамдар- да келешектегі игілікке зор үміт, өзінің күніне зор сенім болған. Бір нәрсені іздей, соңына түскен адам, егер ынтасы, қабілеті, таланты болса, түптің түбінде мақсатына жетпей қоймайды» [1], — дейді. Мұндағы: тұтқиылдан өмір, іс, үлкендерден өнеге, тəжірибе алу үшін, ынтасы, қабілеті болу үшін барлығын жал- пылай келгенде белгілі орта керек екендігін түсінеміз жəне оны өздерінің өмірлерінен көреміз. Тағы да Абайға оралайық. «Балаң жаман болса, замандасының бəрі виноват», — дейді ақылман Абай. Біздің көтеріп отырған тақырыбымыз да жастардың ұжымы (ұйымы) жайында, Алаш идеясы астында еңбек етер ұйымдары жайында. Әуелі ұжым жайлы қаузайық. Ұжым – бұл педагогика са- ласында өзін-өзі тəрбиелеу процесінде екі қызметі қарастырылады: Біріншісі, ұжымның өзі балалардың өзін-өзі тəрбиелеу процесін ұйымдастыруға жалпы жағдайлар туғызады (ұжым балалар бойын- да жағымды әлеуметтік іс-әрекеттерге деген оң көзқарастарын, ұжымдық іс-әрекетке қатысуға деген қызығушылықтарын,
қоғамдық борыш, белсенділік т.б. қасиеттерді дамытады).
Екіншісі, ұжым осы процесті тікелей ұйымдастырады (балалардың санасын қалыптастырады, өз-өзімен жұмыс істе- уге ынталандырады, өз талаптарының нәтижелерін жоспарлап бағалауға көмектеседі) [2].
Сол секілді, енді үкіметтік дəрежеде тіркелген ұжымдар бар. Ол – ұйым. Ұжымның бұл түрі қазіргі қоғамда да өз белсенділігі- мен ерекшеленуде. Тілдік-танымдық тұрғыдан белгілі бір ортақ мақсаттағы ортақ қызығушылығы бар адамдар тобын көбіне-көп ұйым ретінде атайды.
Ұйым дегеніміз – белгілі бір ниеттер мен мақсаттарды орын- дау үшін кұрылған жəне ережелердің ресми құрылымымен, билік- тік қатынастармен, еңбек бөлінісімен, шектеулі қабылдаумен сипатталатын ұжым түрі. Термин қазіргі қоғамның əлеуметтік өмірінің барлық аспектілеріне енетін ірі көлемді немесе «күрделі» ұйымдарға қатысты қолданылады. Өзара байланысты ерекше мақсаттарға жетуге жəне жоғары формалданған құрылымдардың қалыптастырылуына бағытталған əлеуметтік топ [3].
Қазақ тарихында ұйымдар, қозғалыстар, клубтар қоғамда про- гресс тудырушы ең басты факторы болған. Оларға ең басты Алаш партиясының əуелде «Алаш» қозғалысы болғандығы, Меркідегі
«Жастардың ревалюцияшыл одағын», «Жас Азамат» ұйымын т.б. мысалға келтірсе болады. Ұйым мəселесіне келгенде қызықты əрі адамды ойландыратын екі жағдайды байқауға болады.
- Ұйымдардың түбінде бір идеяның жатқандығы;
- Кеңес үкіметі орнағаннан соң да өз қызметтерін атқарғандығы;
Бірінші пікір бойынша айтатын болсақ, онда сол кездегі аталған ұйымдардың барлығының артында Алаш зиялыларының тұрғандығын байқауға болады. Мəселен, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, С.Сейфуллин, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, А.Кенжин, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, С.Садуақасов, А.Жанталин, М.Әуезов, Б.Серкебаев, А.Сейітов, М.Сейітов, М.Жұмабаев, С.Сəдуақасов, А.Баржақсин, Ш.Әлжанов, Б.Байділдин, К.Кемеңгеров, Ғ.Тоғжанов, Д.Әділов, О.Темірбеков т.б. осы аталғандардың қай- қайсысы да сол кездегі ұйымдардың бірінің белді мүшесі болған. Мысалы, «Алашшыл жас» еңбегінде: «Қазақ жастарының тұңғыш ұйымы 1915 жылы құрылған «Бірлік» мəдени-ағарту ұйымы болып табылады. Бағыты қазақ ұлтын сақтап, халықтың ұлтжандылық сезімін оятып, мəдени-əдеби жағынан алғы елдердің қатарына қосылуды көздеген əрі аты айтып тұрғандай, бүкіл жастарды бір- лікке шақырған «Бірлік» ұйымы Омбының ойлы қазақ жастарының табандылығымен дүниеге келген болатын» [4].
Құрамындағы кісілер мен ұйым қызметі туралы аз-кем сөз:
«БІРЛІК» — 1914 жылы Омбы қаласынданда құрылған қазақ жастарының ұйымы. Оның мүшелері қатарында А.Сейітов, М.Сейітов, М.Жұмабаев, С.Сəдуақасов, А.Баржақсин, Ш.Әлжанов,
Б.Байділдин, К.Кемеңгеров, Ғ.Тоғжанов, Д.Әділов, О.Темірбеков т.б. болды. «Бірлік» ұйымы өзінің алдына қазақ халқының мəдениетін, өнерін, əдебиетін көтеру арқылы оның ұлттық санасы мен сезімін оятуды мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жету үшін ауыз əдебиеті үлгілерін жинап, оларды бастырып шығаруды, ауыл мектептерін оқулықтармен қамтамасыз етуді, қаражатқа мұқтаж оқушыларға көмек ұйымдастыруды қолға алды. 1916 ж. «Балапан» атты қолжазба журнал шығарды. 1917 жылы 1-4 қазан аралығында ұйымның кеңейтілген жиналысы өтіп, онда ұйым мүшелері Алаш партиясына қолдау көрсететіндіктерін білдіріп, халық арасында оның бағдарламасын насихаттауды өз мойнына алды [4;121 б].
Алайда, 1918 жылы төңкерістен кейін ұйымның кейбір мүшелері райларынан қайта бастағанда, ұстанымдарына берік бо- лып қалған С.Сəдуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ғ.Досымбек сынды арыстар қазақ жастарының басын қосып, жоғарыда айтып кеткен
«Жас азамат» ұйымын құрды. Осылайша, «Бірліктің» бастапқы бағытын, оның жұмысын, дəстүрін одан əрі жалғастырған «Жас азамат» ұйымы дүниеге келеді. Басты мақсат – қазақ ұлтының тəуелсіздігі мен теңдігі. Бұл аталған ұйымдар сол кездегі қазақ жастарының ұлт мүддесі тұрғысында біріге қимылдай алғандығы мен олардың қоғамдық белсенділігінің жоғары болғандығын көрсетсе керек. (Алашшыл жастар ағалар ісін жалғады).
Кейіннен «Жас азамат» өзінің газетін шығара бастады. Редакторлық қызметті Қ.Кемеңгеров пен Б.Малдыбаев кезек- тесе атқарған. Мақала жазушылар, негізінен, Қ.Кемеңгеров, С.Сəдуақасов, А.Жанталин, М.Әуезов, Б.Серкебаев жəне т.б.
Сол секілді, «Талап» ұйымын да атаса болады. «Талап» – 1917 жылғы Ақпан ревалюциясынан кейін Петропавлда құрылған қазақ жастарының ұйымы. Бұл ұйым Петропавлда қазақ комитетінің О.Қуанышев, А.Рамазанов жəне Б.Малдыбай секілді мүшелерінің атсалысуымсн құрылды. Ұйымның 12 адамнан тұратын басқармасына Малдыбаев төрағалық етті. Атқарылатын істерге бағыт-бағдар көрсетеді деген максатпен ұйымға өзге зиялы аза- маттар да тартылып, олар кұрметті мүше аталды. «Талап» ұйымы халықты Уакытша үкіметтің қаулы-қарарларымен таныстыру, де- мократия жолына демеу болу, қазақтарды земство басқармаларын
ашуға даярлау, бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау кезінде жол басшылық қылу, қазақ балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз ету, қазақ əдебиетінің өркендеуіне қолғабыс көрсету, халық арасынан ауыз əдебиеті үлгілерін жəне шежірелер жинау, ел арасында зиянды деп сыналған саяси партиялардың ықпалына тосқауыл қою, қазақ кедейлеріне қамқор болу, əйел теңдігін камта- масыз ету, мұқтаж оқушыларға жəрдем көрсету, бірінші жалпықазақ съезінің шешімдерін насихаттау, қазақтар арасында театр өнерінің қанат жаюына ықпал ету, қазақ тілінде газет- журнал шығарып, халық арасына тарату секілді міндеттерді жүзеге асыруды мақсат етті. Алаш партиясына қолдау көрсетті. «Талап» ұйымы 1918 ж. 5-13 мамыр аралығында Омбыда өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына өз өкілдерін жіберді.
Осы съезде құрылған «Жас азамат» ұйымына «Талап» ұйымы мүшелері толықтай енетіндігін білдірді.
Белгілі ақын, «Қазақ» газетінде редактор көмекшісі қызметін атқарған М.Дулатов «Оян, қазақ!» кітабынан кейін Орынборда
«Азамат» деген атпен өлеңдер жинағын шығарған болатын (1913 жыл). «Азамат» жəне «Жас азамат» – екеуі де бір жердің өнімі екендігін байқатса керек.
Ал оған ең басты дəйек ретінде М.Дулатовтың мақаласынан мынадай дəйекті келтірсе болады: «Бостандық туғаннан бері жаңа қауымдар ашылды: Орынборда «Еркін дала», Омбыда «Бірлік», Қызылжарда «Талап», Ақтөбеде «Бірлік», Повладарда «Ғылым», Енібаста «Ұйым», тағы пәлен қалада пәлен қауым, түген қалада түген қауым. Бұлардың бәрінің мақсаты бір халықтың көзін ашпақ, ғылым таратпақ. Бірақ бұл қауымдар көп сома жи- нап, біржола зор қызмет көрсетуді өз алдына қоя тұрып, қазір оқуға кірісіп, қолы қысқалықтан, қыстай оқып шыға алмайтын мұқтаж шәкірттерге қолдарындағы ақшаларын берсе, шығып тұрған қазақ газеттері басшылық етіп, өз тараптарынан һәм жәрдем жинаса, елдегі ер көңілді азаматтар тартыншақтық қылмай көмегіне кірсе, бір жылдың ішінде қазақтың қанша ба- ласын тарықтырмай оқытып шығаруға болады. Біз білгендегі Орынбордағы «Еркін даланың» 8 мың, Ақтөбедегі «Бірліктің» 4 мыңдай ақшасы бар, «Қазақ» басқармасының 2 мыңнан артық. Міне 14 мыңдай сом даяр» [10].
Осы арқылы басқа да ұйымдардың астында Алаш зиялы- ларының қолтаңбасы жатқанын байқауға болады. Жоғарыда келтірілген қауымдардың (ұйымдардың) мақсаты да айқын көрсетілген. Яғни, бұлардың бәрінің мақсаты бір халықтың көзін ашпақ, ғылым таратпақ. Бұл сөз сол кездегі қазақ жеріндегі ұйымдардың айнасы.
Екіншіден, бұл ұйымдар Совет үкіметі орнаған соң да қызметтерін жалғастырды.
«Жас азамат» – қазақ жастарына арналған басылым. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент каласында жарық көрген. Ұйымдастырушысы əрі тұңғыш редакторы – Ғ.Мұратбаев. Онда оқу бөлімінен, Орынбордағы газет-журнал басқармасынан т.б. ғылыми орталардан А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, С.Сейфуллин, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, А.Кенжин, Е.Омаров. т.б. көрнекті коғам қайраткерлері қатысқан қазақ жастарының мақалалары жа- рияланып тұрған». [4] Осында айта кету керек, академияны үздік тəмамдаған Х.Досмұхамедов оқу кезінде мақала жариялап тұрғаны анықталған. Ол өзінің мамандығына сай медициналық тақырыпта
«Тамыр дəрі хақында», «Сары кезік-сүзек» атты мақалаларын жариялады. Осы арқылы сол кездегі өте қауіпті аурулар туралы халықты сауаттандырып отырған.
«ТАЛАП» – 1922 жылы желтоқсанда Ташкентте құрылған мəдени-ағартушылық санаттағы қоғамдық ұйым. Оның жұмысына Х.Досмұхамедов, А.Э. Шмидт, И.Тоқтыбаев, М.Есболов, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Қ.Тыныстанов т.б. белсене араласты. Ұйымға Түркістан АКСР-і басшыларынын бірі Т.Рыскұлов қолдау көрсетті. «Талап» ұйымының өзіндік жарғысы болды. Онда қазақ халқының тарихы мен дəстүр-салтын зерттеп, мектептер- де оқыту мəселесін реттеу, қазақ пен қырғыз өнер кайраткерлері- не жəрдемдесу, қазақ əдеби тілі мен өнерінің өркендеуіне демеу болу секілді міндеттер қойылатындығы атап көрсетілді. Бірақ көп ұзамай Талап ұйымы «ұлтшылдыкқ сипатта» деген айыппен жабы- лып қалды» [4;167 б].
Бұл деректерден ұйым құрамы кеңес үкіметі жəне алаш зиялыларының қосындысы ретінде шыққанын байқаймыз. Бұл де- ректер арқылы көптеген қорытынды шығаруға болады. Бірақ, ең бастысы, алаш зиялыларының жеңілістен кейін де халыққа қызмет етуін тоқтатпағандығын байқауға болады.
Ұйымдар өз кезегінде көбіне-көп ағартушылықпен, газет шығарумен айналысқанын дəлелдейді. Бұл да өз кезегінде ұжымдық іс-əрекет болып табылады. Жəне аталған қоғамдық іс түрлі ақын- жазушыларды тəрбиелеп шығарды. Мəселен, «Бірлік» ұйымынан Қ.Кемеңгерұлы, С.Сəдуақасов сынды қайраткерлер, «Талап» ұйымынан М.Әуезов секілді классик жазушы түлеп ұшты. Түрлі қауымдар ішінде қазақ балалары əрқайсысы өз қарым-қабілетін ашуға, икемділігіне сай амал-əрекет жасауға мүмкіншілік алған болатын. Сəйкесінше, бұл жастардың өз орнын таба білуіне көп көмектесті.
«Дəстүрлі мектептердегі оқуды бітіргеннен кейін қазақтар өз балаларын шəкірттерді жаңа əдіспен оқытатын Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусаиния», Троицкідегі «Расулия», «Уазифа» сияқты ірі медреселерге оқуын жалғастыруға жіберетін.
«Ғалия» медресесі. Бұл медресенің қабырғасында 300-ден астам қазақ баласы білім алды. Олардың арасында қазақтың бел- гілі зиялылары, жазушылар – Б. Майлин, М. Жұмабаев, педагог- ақын Т.Жомартбаев, М.Оразаев, Н. Манаев, Ж. Тілепбергенов, М. Тұрғанбаев, Ғ. Қайыров, Ә. Сұлтанов жəне басқалар бар.
Шəкірттер арасында ұлтты түлету, өз елінің тарихын, əдебиеті мен тілін окып-үйрену, зерттеу идеялары кең таралды.
«Ғалия» медресесінің қазақ шəкірттері жастарды əдебиетке тарту мақсатымен 1916 жылдан қолжазба «Садақ» журналын шығарып тұрды. «Садақ» журналы апта сайын шығарылды, оның редак- торлары сол жылдары медреседе оқып жүрген Б.Майлин мен Ж.Тілепбергенов болатын. «Садақ» журналы елді жаңғыртуды казақ əдеби тілін дамыту, ұлттық əліпбиді калыптастыру, ана тілінде оқулықтар шығару проблемасымен ұштастырды. [6;718 б] .
«Садақ» журналы жастардың өздерінің бірігуімен шыққанын жəне дербес жұмыс істегенін ескерсек, оны да өзіндік ұйым ретінде қарастыруға болады. Бұдан жастар ұйымдарының, клубтарының сол кездің өзінде халық ағарту жолында, əдебиеттің, мəдениеттің дамуына үлкен еңбек сіңіргенін байқаймыз. Мұнда М.Жұмабаев, Б.Майлин, Т.Жомартбаев сынды қазақ əдебиетінің алыптары қаламгер ретінде қалыптасты.
Ендігі бір ақын – «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған Сұлтанмахмұт Торайғыров, Оның өмірбаяны
ерекше айтуға болады. Білім алуынан бастайық. 1906-1907 жылда- ры Ақындық талабын анықтаған ол Мұқан молдадан оқиды.
1908-1910 жылы Баянауыл қаласындағы медреседе білім ала- ды. 1911жылы Нұрғали молдадан білім алады. Жалпы, 1913 жылға дейін білім жетегінде жүреді. Өзінің аз ғана өмірінің 11 жылын білім алуға арнаған екен.
Троицкіге Сұлтанмахмұт барған кезде жастарға ұйытқы болған үш қоғам бар еді.
- Мейірімділік қоғамы;
- Музыка жəне драма;
- Білім тарату қоғамы;
Қазан, Уфа зиялыларынан ұйымдастырылған «Шарқ кеші» (Васточный вечер) ұйымы болды. Мұнда ауызекі басшылықпен шектелмей, қаржылай да көмек көрсеткен. Шəкірттік өмірге арала- су, шəһарлі жердегі түрлі мəдени ұйымдардың жұмысына қатысу, ең бастысы «Айқап» журналының редакциясымен тығыз байланыс орнату жас таланттың жігерін жанып, ынталы шығармашылық жі- герге жетелейді. Бұл Сұлтанмахмұт өмірінде үлкен тəжірибе кезеңі болып қалды [7].
Оқуды аяқтаған соң С.Торайғыров «Шоң серіктігі» деген ағарту ұйымын ашады. Ондағы мақсат – елдегі жастарды оятпақ, көзін ашпақ. Қалада көргенін ауылда да ашқаны. Оған байланысты С.Торайғыров «Шоң» серіктігі туралы көпке істеген баяндаманың басы» деген өлеңінде: «Мынау жол, Шоң баласы, адамдыққа!» деп ұйымға мүше болуға, жəрдемші болуға шақырды.
Осындағы істен, бастамадан көптеген тəлім-тəрбие алуға бо- лады. Мəселен, «Шарқ кешіне» мүше болуы оның мəдениетін, білімін өсірді. Көптеген адамдармен араласуға жол ашылды. Тіпті, жас болса да «Айқап» секілді үлкен-үлкен баспасөз құралдарына жақындай түсті. Жəне көрген тəжірибесіне сəйкес сондай ағарту ұйымын ашуға тырысты.
Бірақ өкінішке орай оның ойы іске аспаса да, қолынан келгенін жүзеге асыруға тырысты. Бұдан оның ұйымды басқаруға деген қабілетінің болуы, жүргізе алу ойының бар болғанынан хабар бе- реді. Қаржылық жағынан жетіспеушілік болғандықтан ойы жүзеге аспаған Сұлтанмахмұт қайта келіп, «Айқап» журналында еңбек етеді. Ол да бұрынғы «Шарқ кешінің» мүшелігінде болған кезін-
де туған қарым-қатынастан болса керек. Осыдан-ақ студенттік (жастық) шағындағы ұйымдардың оған қаншалықты дəрежеде əсер еткенін байқауға болады.
Кезектегі ұлт зиялысы – Мұстафа Шоқай. Оның федератив- ті республика жасап, бүкіл түркі халықтарының басын қосуға ұмтылуы – өз заманының ерлігі іспеттес. Мұстафа Шоқай Ресейді заңгерлік білім алды. Өмір жолына көз салғанда оның да рухани жетілуіне студенттік кездегі ұйымдардың ерекше əсер еткендігін бірден байқаймыз. Атақты ғалымдармен қоян-қолтық араласып- ты. Оны «Қазақ-қырғыз фольклоры бойынша жас қырғыз (қазақ.
– К.Е.) этнограф Шоқаев (Орта жүз, Сырдария облысы, Пе- ровск уезінің 1 родеков болысынан) жинақтаған материалдарды баспаға əзірлеу барысында мен М.Шоқайдың айтқандарынан осы мақаламда келтіріп отырған кейбір тыйым сөздерді жазып алдым» деген Л. Самойловичтің жазбасынан байқауға болады.
1917 жылы «Живая старина» журналында оның «М. Шоқайдың қазақ-қырғыз материалдарынан» деген мақаласы жарық көреді.
Өз халқының ауыз əдебиетіне, əдет-ғұрпы мен салт-дəстүріне қызығушылығы М. Шоқайды Ташкент гимназиясында оқып жүрген шағында «Түркістан археология əуесқойларының» жиындарына əкеледі. Ол жерде этнограф, түркі халықтары ауыз əдебиетінің білгірі О. Диваевпен, кейін оның еңбектерімен танысады. Оны та- лантты ғалым ретінде жұртшылыққа алғаш таныстырғандардың бірі де Мұстафа болатын. 1915 жылы «Қазақ» газетінің бетінде ол: «Біздің қазақ халқын шын көңілмен жақсы көріп, қолынан келген қадарынша қалам өнерімен қызмет қылғандардың алдыңғы қатарында Әбубəкір Диваевтың аты аталса керек», — деп жазды.
«Түркістан археология əуесқойларының» жиындары М.Шоқайдың студенттік шағындағы мүше болған алғашқы студенттік өзін- өзі басқару ұйымдарының бірі еді. Бұл білікті ғалымдарға өзінің халқының мол мұрасына байланысты үлкен еңбек жасауына көмектесті.
Алайда, қазақ ақын-жырауларының бай мұрасынан сусындап өсуі оның болашақта көсемсөз шебері ретінде көрінуіне игі ықпал жасайды. Шоқайдың ұлтжанды кайраткер ретінде қалыптасуында патша өкіметінің орыстан өзге халықтар жөнінде жүргізіп отырған отарлық саясаты үлкен рөл атқарады.
Мұндай жағдайда Ресейдің ірі қалаларында оқып жатқан түркі- мұсылман жастарының саяси өмірге тартылуы заңдылық еді. Әуел баста «қайырымдылық қорлары», «жерлестіктер» ретінде ұйымдастырылған түрлі қоғамдар өздерінің жарғы талаптарының шеңберлерінен шығып, ұлттық талап-тілектер қоя бастайды [8].
Мұстафаның келесі мүше болған ұйымдары – «Қайырымдылық қорлары» мен «жерлестіктер». Осы ұйымдар арқылы ол ұлтына қызмет ету керектігін түсінді деуге болады. Педагогика ілімін- де адамның тəрбиесіне үш нəрсе əсер етеді дейді. Олар: 1) Тұқымқуалаушылық; 2) Ата-ана; 3) Ортасы. Мұстафаға бұл кезеңде өзінің ортасы əсер ете бастаған шақ.
«Петербургте Мұстафа алғашқы күндерден-ақ түркі- мұсылман жастарының ортасына түседі. Мұнда XIX ғасырдың аяғында əзірбайжан қайраткері Ә. Топчибашы мен қазақ кай- раткері С. Жантөриннің көмегімен «Мұсылман қайырымдылық қоры» кұрылады. Кейін, XX ғасырдың басында, түркі-мұсылман қозғалысы жетекшілерінің қолдауымен «Мұсылман студенттерінің орталық комитеті» ұйымдастырылады жəне өзіндік талаптар қоя бастайды.
1906 жылы Түркістаннан барған жастар өз алдына жерлестік қоғамын ұйымдастырады, М. Шоқай Петербургте оқыған кезін- де оның басқарма төрағасы Н.П. Архангельский болды. 1911 жылдың 28 қаңтарынан М.Шоқай Түркістан жерлестігі қоғамы басқармасының хаттамаларына хатшы міндетін уақытша аткарушы ретінде қол койып жүрсе, сол жылдың 2 қазанындағы басқарма отырысында Н.П. Архангельскийдің, Н.Д. Граменицкий, А. Его- ров, В.А. Кислицына, Степанянц пен Тамбовцевтің қатысуымен ресми түрде хатшысы болып сайланады [8].
«Жерлестіктің» өз кассасы, кітапханасы, «Көмек көрсету қоғамымен» қатар Түркістанның қалаларында өкілдері болатын. Оның мүшелері Петербургте ғана емес, Түркістан қалаларында да кештер-концерттер ұйымдастырады, бұл жағдай М. Шоқайға халықтың көңіл күйімен, елдегі саяси жағдаймен танысуға, тəжірибе жинақтауға мол мүмкіндік берді.
Сол кезеңде Петербургте түркістандық 26 жас (Т. Нарбута- беков, А.Н. Новиков, Шкапский, Н.Д. Граменицкий, С. Боголюбов, Т.Колпаков, Т.Кириченко т.б) оқитын. Олардың жалпы жиналы-
сында университет əкімшілігімен қарым-қатынас мəселелері,
«Еңбек бюросының» қызметін қалпына келтіру жұмыстарын Са- ратов, Воронеж, Вятка жəне басқа «жерлестіктерінің» қызметімен байланыстыра жүргізу, Ташкент, Верный, Қоқан, Түркістан жəне басқа да қалаларға экспедициялар ұйымдастыру жөнінде шешім- дер алынады [8]. Ол осы «жерлестіктер» арқылы ел, жер көреді. Бұл оның танымдық жағынан өсуіне өз септігін тигізеді.
«1912 жылы 9 мамырдағы отырыста жазғы кештер өткізу үшін Мұстафаға Перовскіге мандат беріледі.
Сол жылы жазғы каникул кезінде түрлі ойын-сауық кештерін ұйымдастыру, халықпен кездесулер үшін Самарқандқа, Скобе- левке, Ашхабад, Ош, Пішпек, Шымкент, Чарджуй, Мерв, Бұхара, Қазалы, Лепсі, Жаркент, Пржевальск, Түркістан, Әндижан, Қатта- Қорғанға баруға – барлығы 27 мандат беріледі.
«Жерлестік» Мəскеудегі жəне империяның басқа қалала- рындағы да студенттік ұйымдармен байланыс жасап тұрады. Бұл жағдай М. Шоқайға көп кешікпей елдің саяси сахнасына шыққалы тұрған сан алуан ұлттардың қайраткерлерімен студенттік жылдары- ақ танысып-білісуін қамтамасыз етеді. Елдің түкпір-түкпіріндегі оқиғалар, саяси партиялар мен ағымдар жайлы мағлұматтар алуы- на, ой өрісінің кеңеюіне əкеледі [8]. М. Шоқай «Ресейдегі түрік шəкірттерінің өмірінен» деген мақаласында орыс мектептері мен студенттері прогресшіл еді, оқушылары жастайынан саясатқа ара- ласатын, мен 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүргенімде, университеттік полиция бақылауында болатынмын деп еске алады.
«Түркістан студенттері жерлестігінің» мандаты М. Шоқайдын осы полицейлік бақылаудан сытылып шығуына, түрлі саяси ағымдар мен үйірмелердің жиындарына қатысуына жол ашады [8].
«Түркістан студенттері жерлестігінің» т.б ұйымдарының ша- раларына қатыса жүріп М.Шоқай бойында салыстыру, талдау, əр нəрсеге өзіндік пікір білдіру деген секілді қабілеттер қалыптасты. Аз ғұмыр сүрсе де, Түркістан автономиясын құру міндетін қолына алған М.Шоқайдың саяси-көшбасшылық қасиетінің да- муына да түрлі ұйымдарға мүше болуы аз əсер етпесе керек. Өзіндік көзқарасы, өзіндік ойы бар тұлғаның өмірінен кішкене үзінді. Осы кішкене үзінділер адамның өмірінде адам айтқысыз
ғажайыптар жасауына сеп болары анық.
Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханды ерекше атауға тиіспіз. Ә.Бөкейханның екі оқу орнын бітіргендігі белгілі. Ол оқу барысында немен айналысқаны туралы мына деректі келтірсе бо- лады. «В юности А.Букейхан был радикальным ревалюционерам, социолистом и членом антирусской литературной группы «Зар- заман» (Время горестей) пишется во современых исследованиях общества изучения средней Азии при Оксфордском университе- те, изданных в 1985 году под обшем названием «Казахи о русских до 1917г». В бытность студентам Лесного института принимал
участие во всех студентческих делах….
Активно участвовал также в деятельности общественных ор- ганизации, и объединений, например, в работе Заподно-сибир- ского отдела императорского Русского геогрофического общества (И.Р.Г.О) и был одним из организаторов Омского отдела Москов- ского общества сельского хозяевства (ООМОСХ)»[11]
Әлихан Бөкейханның əдебиет, география, социология, сая- саттану саласында өзіндік қолтаңбасы бары айқын. Айтпағымыз, Әлихан Нұрмұхамедұлы жас кезінен-ақ «Зарзаман» секілді ұйымдарға мүше болумен қазаққа «Абай» секілді ақынның таны- луына көмектесті. Түрлі қоғамдарға мүше болу арқылы қазақтың санын, олардың малын, түрін, ерекшелігін т.б керекті дүниелердің барлығын хатқа түсіріп кеткен.
Екі дəуір арасын белгілі бір кезеңдер, жылдар, ғасырлар араны бөліп жатқанымен, екі дəуірдің басындағы жастарды салыстырып көруге болады.
Әлбетте қазіргі кездегі ұйымдарды, өзін-өзі басқару орган- дарын нəтижесіз, сапасыз деп атауға келмес. Егер есептеу керек болса да ол уақыт еншісінде. Бірақ екі заманның екі жастарының жағдайларын айта отыра алдыңғы толқыннан белгілі бір тəрбие алуға болады. Олардың істеріне, ойларына қарап бағыт-бағдар жасауға болады. Оларды тізіп өтсек:
- «Өзін-өзі басқару ұйымдары» атауына сай болуы. Бұл атау кейінгі кезде пайда болғанымен бұлар расында да өз-өздерін басқаратын дəрежеде болды. Себебі «Қазақ жастарының ревалюци- яшыл одағы», «Бірлік», «Талап» ұйымдары болсын мұның барлығы дерлік жастардың өзінің еркімен құрылған еді. Тағы сол секілді Ә.Бөкейхановтың «Зарзаман» ұйымын, М.Шоқайдың «Жерлестік- тер» ұйымын, С.Торайғыровтың «Шарқ кешін» жатқызуға болады.
- Ол ұйымдарда өзіндік мақсаты болды. Ол мақсат көбіне көп ортақ болды, бөлінушілікке қарағанда. Мақсат – халықта ағарту болатын. Сол себепті де газет шығару, оқу үйрету жүзеге асырыл- ды. Мақсаты мəдениетті сақтау болатын. Мысалы «Түркістан ар- хеология əуесқойларының жиыны», «жерлестіктермен» іс-шара ұйымдастыру т.б.
- Олардың өзіндік ісі. Өзіндік ісі оларда елдің жыртығына жамау болу. Себебі халықтың қай жерінде не жетіспесе, сол жерге баруға тырысты. «Қайырымдылық қорлар», «Мұсылман студенттерінің орталық комитеті» т.б
- Аға буын өкілдерінің көмектесуі. Мəселен, «Жас Азаматтықтарды» «Қазақ» газетінің қолдауы. «Шарық кешін- де» студенттерге қаржылық жағынан болсын көмектесуі. Бұған М.Сералиндер атсалысқан.
- Дəл қазіргі заманда өз актуалдылығын жоймаған М.Шоқай секілді түрлі ұйымдарда болып түрлі адамдармен қарым-қатынаста болу. Бұл адамға өз серіктестерін табуға, мүдделестерімен бірге жұмыс жасауға жол ашады.
- Жер, ел аралау. М.Шоқай жастық шағын байқап көрсек біраз елді аралағанын, танысқанын байқаймыз. Бұл жоғарыда айтқандай өзінің дүниетанымын қалыптастыруға, елдің жайынан хабардар болуға жол ашты.
- Тұлға болып қалыптасуға жол ашты. Сол кездегі қауымдастықтар, ұйымдар, қоғамдар қазіргі біз үлгі тұтып жүрген қазақ зиялыларының қалыптасуында үлкен рөл атқарғанын байқауға болады.
- Өзін-өзі табуға көмектесті. Бұл туралы Жүсіпбек Аймауы- тов айтқан болатын. Ол: «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Қайғы сол: өз жолын шүу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы бере- кесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан, өмірге, тағдырға налып, зарланып, бақсыз жан болып күнелтеді.
Ұжымның, ұйымның осындай қызметтерін байқай келе, сарап- тай келе олардың қазіргі қазақ қоғамында да рөлі ерекше екендігін байқаймыз. Қазіргі əлеумет, қауым дəл сол зиялылардай жанға зəру. Тарих өзінің айтарын айтты, енді неге іс-əрекет жасамасқа!?
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Әлемдік саясаттану онтологиясы 10 томдық. Алматы,
«Қазақстан» 2008 жыл. 400бет
- А.Е.Берикханова. Педагогикалық мамандыққа кіріспе. Кəсіби құзіретті ұстаздарды даярлау негіздері. Алматы. – 2009жыл.,
– 241 бет.
- Уикипедия материалдары.
- Алаш. Алашорда энциклопедия. Алматы «Арыс»2009жыл., 536бет
- Төлепбергенов.Б. Мəңгі жас-Алаш идеясы. Алматы., «Ал- маты» баспасы 2008 жыл барлығы 302бет
- Қазақстан тарихы. 5 томдық, 3-ші том. Алматы: «Атамұра» баспасы, 2002 жыл. – 740 бет
- Аңыз адам журналы. 2013жыл.
- Мұстафа Шоқай шығармаларының толық жинағы. І том 12 томдық. Алматы., Дайк-Пресс 2012 жыл. – 544 бет.
- Әбиев.Ж. Педагогика тарихы. Алматы: «Шұғыла» баспасы, 2006 жыл. –400 бет.
- Алаш көсемсөзі 9 том. 232бет. Өнер баспсы. 2011жыл. Жалпы 315бет.
- Әлихан Бөкейханов. Таңдамалы. 1-кітап. «Өлке», – 248бет. 248бет.