ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН БАЙЛАНЫСТЫРА ОҚЫТУДЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН БАЙЛАНЫСТЫРА ОҚЫТУДЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ

 

Бенке Ә.Ә.

(Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты жалпы білім беру пәндері кафедрасының магистрі подполковник)

 

Тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің жетістігі зор күш-жігер мен ортақ еңбекті талап еткенін әр қазақстандық түсінеді. Қаншама азаматтарымыз жалынға шарпылды, елім деп еңіреді, қаншама ұрпақ зар жылады, жапа шекті. Асынған бес қаруын айлап шешпеген еліміз төрт жүздей шабуылды басынан кешірген екен.

Тәуелсіздік алғаннан бері тарихымыз қайта жанданып, қайта зерттелуде, жаңаша қырынан танылуда. Ал қазақ әдебиетінде қазақ тарихында болған тарихи оқиғалар көркемдікпен суреттелген.

Жас ұрпақ тарихымызды терең зерделеумен қатар, тарихи көркем шығармаларды оқып, ойларына түйіп, бойларына дарытса ғана зор мақсатқа жетуге болады. Егер оны қазақ әдебиеті арқылы таныта алсақ, курсанттардың тіл мәдениетінің жоғары болып қана қоймай, тарих туралы білімдері тереңдейтіні айқын. Жұмыстың өзектілігі осында жатыр.

Қазақстан тарихын қазақ әдебиеті арқылы таныту көзделгендіктен, оқытудың мынадай мақсат-міндеті қойылды: қазақ халқының көпжылғы тарихын зерттеу, сол кездегі саяси ахуалды саралау, қазақ тарихындағы батыр, би, ақын-жыраулар, хан мен сұлтандардың қазақ әдебиетіндегі көрінісін таныту, қазақтың көркемсөз өнерін насихаттау, көркем шығарма оқуға баулу.

Осыған байланысты мынадай міндеттерді шешу көзделді:

  • қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлғалар жайлы көркем шығарма оқу;
  • көркемсөз қадірін тарихты зерттеу арқылы тану;
  • тарихи тұлғалардың даралығын қарастыру;
  • дәуір ерекшелігін саралау;
  • әдеби шығармалардың көркемдік ерекшелігіне тоқталу.

Халықтың зердесін айшықтайтын рухани қазыналарында ел тарихының ізі сайрап жатқаны белгілі. Бұлардың берер мағлұматтары шынайы болуы әбден мүмкін. Ал, бұл тұрғыдан келгенде осы ортада өмір сүрген, оның қуанышы мен күйінішіне ең алдымен қуанатын да, уайымға салынатын да жыраулар мен ақындар шығармасында сөз болар оқиғалар мен тарихи мағлұматтардың қадірі мен қасиеті тіптен ерекше. Әр дәуір жыршысының өз заманының тарихи кескінін бейнелеуге әрекет еткен шығармасы, әрі белгілі бір ұлт әдебиетінің жасын межелеуге, әрі сол әдебиеттегі тарихи мәселелердің жүріп өткен жолын бағдарлауға қызмет көрсетіп қана қоймай, сол халықтың ұлт ретінде қалыптасу, ер жетіп, есею кезеңдеріне де куәлік бола алады.

ХХ ғасырдың аса көрнекті ақыл ой иесі, белгілі мемлекет басшысы Джавахарлал Неру өзінің «Взгляд на всемирную историю» атты еңбегінде: «Самые великие и гордые короли и императоры лишь краткий миг выступают на сцене мира. А цивилизации живут долго» — дегеніндей, шындығында да небір есімімен елді дүрліктірген атақты билеушілердің дүниеге келіп-кетіп жататын адам ретіндегі өмірдің қысқа, ал өркениет, әдебиет пен мәдениеттің ұлы ескерткіштерінің оларға қарағанда әлдеқайда ғұмырлы болатыны даусыз [1,50]. Осыған орай, қазақ халқында «Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Осындай өмірлік мұралар қатарына жыраулар мен ақындардың толғаулары мен жырлары да жататыны анық. Өйткені осы мұра арқылы ғұмыры қысқа, бірақ тірлігінде елеулі істерге мұрындық болған тарихи тұлғалардың атқарған қызметі ел санасында жаңғыртылып, ұрпақтан ұрпаққа ұласады. Бұл шығармалар олардың өмір сүрген ортасы, табиғат жағдайы, ел тұрмысы, рулардың қарым- қатынасы, сол кездегі тарихи жағдай мен саяси оқиғаларға қатысты материалдар беретіні

 

айқын. Осылайша, ақын-жыраулар әр заманда өз халқына қорған болып, өз заманының үніне айналған.

Қазақ тарихын өз шығармалары арқылы келер ұрпаққа жеткізуде ақын-жыраулар, жазушылардың еңбегі өте зор. Біздің дәуірімізге жеткен ғажайып сөз зергерлері ХV және ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген Асан, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар, Көтеш, Шал сияқты ақын-жыраулар. Осы уақытта екі ұлы империя Ресей мен Қытай ортасындағы ұсақ елдерді күйретті. Екі империя айлалы саясат құрып, ұлан байтақ қазақ даласына көз салды. Қазақ елі өзінің сан ғасырлық тарихында қаншама асулардан, тар жол, тайғақ кешуден өтті. Сондай өткелдерде қаншама халқына адал қызмет еткен дана, батыр, көсем болған азаматтар тарихтың ауыр жүгін арқалап, халқымызға қорған бола білді. Батырларымыз қару күшімен сырт жауларға төтеп беріп қорған болса, ақын-жыраулар өз жырларымен халықты жігерлендіріп, бағыт беруден жалыққан емес.

Дана, батыр, билердің халқының игілігі үшін жасаған әрекеттерін өз өлеңдерімен даралап отырды. Солардың бірі – Бұқар жырау. Халық есінде сақталған Бұқар жырлары ұмытылмай атадан балаға беріліп, саналы ой-өрнегін құрағаны жыршыға деген ілтипат деп танимыз. Сол өткен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы жайында жазатын жырау, ақын, тарихшы, Бұқар мұрасына соқпай, соған жүгінбей өте алмайды. Өйткені олар Бұқар жырларындағы тарихи оқиғаларды өз шығармаларына, ғылыми зерттеулеріне өзек етеді.

Бұқар жырау поэзиясы арқылы бізге Абылай дәуірінің болмыс бітімі, Абылайдың іс- әрекеті нақтылы өмір шындығымен, тарихи ерекшелігімен жетті. М.Мағауин: «Көне қазақ әдебиеті өкілдерінің ешқайсысының творчествосында өзі өмір сүрген заман келбеті дәл Бұқардағыдай бар бедерімен суретке түсірілмеген» — деп ой түйеді [2, 138].

Жалпы Бұқар өлең-толғауларының басты кейіпкері Абылай болуында үлкен мән бар. Өйткені қазақ халқының басынан қасірет бұлтын төндірген «Ақтабан шұбырынды»  кезінде тентіреп кеткен елдің басын қосып, жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күреске жұмылдыру тек Абылайдай қайраткердің қолынан ғана келді. Осы жайында тарих ғылымының көшбасшысы М.Қозыбаев: «Аңырақай халқымызға рух берді, оның жер бетінде ұлт болып қалуын түбегейлі шешті. Аңырақай – қазақ тарихының асқар белі, қазақ рухының ту тігіп, ұлттық болмысын мәңгілік бойына дарытқан құбылыс. Аңырақай соғысында жауды аңыратып қана қоймай, қазақ қалмақтың сағын сындырды, бағын қайтарды» — деп ерекше тебіренеді [3,250]. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан- 2050» стратегиясында Аңырақай шайқасы жайлы былай дейді: «Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген. Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген қаны деп білемін» [4,87]. Шынында да, ата-бабамыз қаншама ғасырлар бойы жаулар соққысына мойымай қарсы тұрып, байтақ елді келер ұрпаққа мұра етті.

Кезінде Кетбұғы, Қазтуған, Доспамбет, Марғасқа сияқты ақын-жыраулар әрі қолбасшы, батыр, хан кеңесшілері болған. Міне, Абылай хандық билігі тұсында Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара тағы басқа ақын-жыраулардың кейбіреуі хан-сұлтандармен жорықтарда бірге жүрген, мемлекеттік істерге араласқан, хан кеңесіне, билер алқасына қатысқан. Сондықтан да олардың өлең-толғауларының маңыздылығы – тарихи оқиғаларды, дәуір шындығын жырлауы.

 

Бұқар жырау Абылайдың абыройын асқақтатып, беделін биіктетті. Даналығымен, көрегендігімен ел мәселесін шешуге ат салысты, мемлекеттің нығаюына зор ықпал етті. Толғауларында маңызды тарихи оқиғаларды жырлады. Жырау мұраларындағы Абылай жайлы өлеңдерінде ел көсемінің болмысы, арманы мен мақсаты, қуанышы мен күйініші, ерліктері мен қолбасшылық, қайраткерлік, саясаткерлік істері шынайы көрініс тапқан.

Тарихымызға рухани қорған болған даналарымыздың мұралары өлшеусіз. Ендігі мәселе, олардың асыл қазыналарын ұрпақ санасына жеткізу, бабалардың ерлігін, қазіргі заманның ұлы тұлғаларын таныту. Сонымен қатар, рухани мұраға қорған болу зор міндет деп білеміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы жайында «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз

«Мәңгілік ел» боламыз» — деп баса айтады [4,88]. Сол үшін де бабаларымыздың тарихын терең зерделеп, бүгінгі тұлғалардың ерен істерін айшықтап, жас ұрпаққа қазақ әдебиеті арқылы таныту құнды жұмыс болмақ.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Абылай хан. Алматы, 1993, 416 б.
  2. Әбсадықов А. Абылай хан және Бұқар жырау: түркілік фольклорға тән ортақ сарын.

//Ақиқат//2003 ж. №3 наурыз. 56 б.

  1. Қозыбаев М.Қ. Өркениет және ұлт. Алматы: 2001. – 369 бет.
  2. ««Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ҚР Президентінің Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жыл.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *