ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҮР-ТҮС АТАУЛАРЫНЫҢ МАҒЫНАЛЫҚ СИПАТЫ  

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҮР-ТҮС АТАУЛАРЫНЫҢ МАҒЫНАЛЫҚ СИПАТЫ

 

Кажакпарова А.Е

(Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі)

 

 

Түр-түс табиғатын әрбір халық, әрбір этностық топ өзінше танып, өзінше анықтап, өз тілінде ат қойып, айдар тағады. Бұған «дәстүрлі таным» деген ат берілген, себебі: ұзақ дәуірдің халық болып таралғаннан бергі дүниетанымның, өзін қоршаған табиғаттың түр- түсін меңгеруінің және оларды өз тілінде қалыптастыруының нәтижесі болып қалануында. Тіл білімінде түр-түс атаулары ХХ ғасырда қолға алынып жан-жақты қарастырыла бастады. Мәселен, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде қазіргі тілімізде қолданыс тапқан әр түр-түске анықтама берілген. Мысалы: Ақ-сын. қардың, сүттің, бордың, түсінде (қараға қарама-қарсы) [1,126]. Түр-түс атауларын И.В. Гётё, А. Манселл, Э.В.Брюкке, В.Оствальд, А.Зайцев,   Д.Джадд,   П.М. Мелиоранский,  И.  Дмитриев, А.Н.Кононов, қазақ тілінде І.Кеңесбаев,     Н.Сауранбаев,     А.Ысқақов,     М.Балақаев,     С.Аманжолов,     Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева сыңды ғалымдар зерттеуге үлес қосты.  Бұл дәстүр әрине әрбір халықтың рухани, мәдени өмірі, тілімен бірге дамып, кемелденіп отырады. Осының нәтижесінде әрбір түркі тілінде, соның бірі қазақ тілінде де, жүздеген түр-түс атаулары қалыптасып, мәдени өміріміздің әр саласында қолданыс тауып отырғаны белгілі.Түр-түс атауларын жасаудағы орыс тілінің заттық негізге сүйену принципі дәл осы тіл үшін керемет тәсіл болып саналады. Соның арқасында тек бір элементті түр-түс атаулының саны қазірде жүз елуге жетіп отыр. Мысалы, зелень –зеленый, роза-розовый, вишня-вишневый т.б. Осыған орай қазақ тіліндегі түр-түс атаулының тапшылығын сезінген жазушы Ғабит Мүсіреповтың мына бір құлаққағысы еске түседі: «Өсімдік көгі мен аспан көгі бір түстес бола алмайды. Тегінде термин комитеті зеңгір, көк, жасыл деген атаулардың аздығынан араласа бермейтінін ескеріп, осы мәселені бір қарастырса болар еді. Орыс тілінде «шие түсті», «бөтелке түсті», «кофе түсті» деген қосымшалар бар ғой. Мүмкін біз де осы маңнан бірдеңелерді табармыз»[4,36]. Қазақ тілінің өзінде бір қызыл түстің әр алуан реңктерін: ал қызыл, шиедей қызыл, жосадай қызыл, қан қызыл, алтайы

қызыл, шымқай қызыл тәрізді дәстүрге айналғын тіркестермен беруге болады.

Қазақстанның картасына көз жіберсек, оның құрамынан ақ, қара, көк, қоңыр, боз, сары, қызыл түстердің қатысуымен жасалған топонимдерді байқауға болады. Мысалы, Қарасу, Ақсу, Сарысу, Көксу атты потамонимдерді (өзен атауы), Ақбұлақ, Қарабұлақ, Сарыбұлақ атты пегонимдерді (бұлақ атауы), Ақтау, Ақшатау, Қаратау, Көктау, Көкшетау, Қоңыртау, Сарытау, Қызылтау атты оронимдерді (тау,шоқылар) Қазақстанның барлық аймақтарынан кездестіруге болады. Сол сияқты Қаратеңіз, Ақ теңіз, Қызыл теңіз бәрімізге белгілі. Балтық теңізінің аты Балтық жағалауындағы халықтың түсінігінде «ақ» деген ұғымды білдіреді екен. Көптеген топонимдердің құрамында кездесетін ақ, қара, көк, қоңыр, сары, қызыл түспен байланысты сөздер түс мағынасында қолданылама, әлде аталмыш сөздердің басқа да мағыналары бар ма? Осындай сұрақтарға ғалымдар әр түрлі

 

жауап береді. Ғалым Ғ.Қоңқашпаев түске байланысты атаулардағы сын есім сөздер тек қана түс мағынасында қолданылады деген пікірді қолдайды. Атақты тюрколог, академик А.Н.Кононов, белгілі топономист профессор Э.М.Мурзаев, қазақстандық топономист Е.Қойшыбаев, қырғыз топономисі Д.Исаев түске байланысты айтылатын сөздер көп мағынаға ие дей келіп, сол түске байланысты емес мағыналарды ашып көрсетеді. Мысалы, қара түске қатысты географиялық атауларды алайық. Қаратау, Қаратөбе, Қарашоқы, Қарадөң т.б. Бұл атаулар екі бөлімнен тұрады. Сөздің бірінші бөлімі «қара» түс мағынасын білдіреді. Қара деген сөз Қазақстан жерінде кездесетін кейбір атауларда, мысалы Берікқара, Аманқара, Қылышқара деген оронимдерде екінші бөлімінде тұр. Ал қазақ тілінің заңдылығы бойынша сын есім зат есімнің алдында бірінші бөлімінде тұруы керек болатын. Сонда Берікқара, Аманқара, Қылышқарадағы «қара» сын есім болмай түс мағынасынан басқа мағынаны білдіретін болады. Ғ.Қоңқашпаевтың байқауынша географиялық атаулардың екінші бөлімінде кездесетін қара – «қара түсті шоқы, үлкен төбе» деген мағынаға ие. Сонда Берікқара қазіргі тілімізде Берікшоқы немесе Беріктөбе болып шығады [3,89]. Ғалымдардың пікірін қорытындылай келе, жер-су атауларының құрамында тұрған түс атаулары өздерінің бастапқы лексикалық мағынасында жұмсалмай,ауыс мағынада қолданылатын тілдік деректер дәлелдейді. Мысалы: Ақсу, Қарасу деген атауларды алсақ, судың түсі ақ немесе қара болмайтындығын көреміз. Ақ түс кіршіксіз таза, мөлдір,тұнық және ағынды, ағыны қатты тау суы деген мағыналарды да қоса танытады. Сонда Ақсу өзен атауының уәжі таза әрі ағынды су болу қасиеті негізге алынған деген ойдамыз. Қара түстің негізінде жердің астынан тегіс жерден шығатын су, шөп өспейтін, қуаң жер, қалың, қою, жиі деген сияқты белгілер танылған. Сондықтан қара түске қатысты атаулардың негізінде осы белгілердің бірі жатуы әбден мүмкін.

Қазақ халқы ертеден-ақ мал бағумен күнелтіп келе жатқан халықтардың қатарына жатады. Сондықтан да оның өткендегі мәдени-рухани өмірі мен дүниетанымы, салт – санасы мен әдет-ғұрпы мал шаруашылығы мен байланысты. Байқап отырсақ, қазақтар төрт түлік малдың төртеуінің де түр-түсін анықтауға зор мән берген. Осыған байланысты тілімізде жылқының да, түйенің де, сиырдың да, қой-ешкінің де өздеріне лайықты түр-түс атаулары баршылық.

Қазақ дәстүрінде гиппонимдердің (жылқы малының) түр-түсін үш топқа бөліп қарау бар. Олар: қылаң, баран және ала түстер. Мәселен, этнограф-ғалым Х.Арғынбаев қылаңға

ақ боз, боз, бурыл, көк бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құла кер, нар қызыл, қызыл, сары қызыл түстерді, баранға торы,қара көк, қара сұр, қоңыр, жирен, күрең түстерді, алаға сары ала, сұр ала, көк ала, кер ала, қара ала, қоңыр ала, күрең ала түстерді жатқызады [4,90].

Шынында да, жылқы малы – үй хайуанаттарының ішіндегі ең сұлуы. Оның сырт тұлғасы мен түр-түсін сұлу әйелге балау халық дәстүріне жат емес. Атақты Құлагерді

«Атығай-Қарауылға олжа салған, Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім» деп сипаттаудың да мәнісі осыған байланысты болса керек.

Түйе малы – төрт түлік малдың ішінде жалқыдан кейінгі тіршілік үшін мәні зор, көшуге де мінуге қолайлы, еті мен сүті жұғымды азық жүні киім, бұйым жасауға таптырмайтын шикізат болып саналатын қастерлі де қасиетті мал. Мәселен, камеллонимдер (түйе аттары) ақ түйе (ақ атан, ақ нар, ақ інген, ақ бота, ақ тайлақ ) дегенде қазақтар сырт түгі бірыңғай ақшыл болып келетін түйе түсін атаған. Қара түйе (қара бура, қара нар, қара тайлақ, қара інген), Ш.Жанәбіловтің пікірінше, түгі қара қошқыл болып келген түйе; демек ол нағыз шымқай қара емес. Қызыл нар – «таза қанды лөкті таза тұқымды аруанаға, не біртуардың інгеніне шегергеннен туған түйе». Қараша түйе

 

қылшық жүні қараға айналған қос өркешті түйелердің түсі. Көк түйе деп аталатын түйе шын мәнісіндегі шымқай көк түсті түйе емес, ақшыл көк, бозалаңға жақын түстегі түйелер. Боз інген дегендегі боз шымқай ақ емес, ақшыл көкке жақын түс. Сары түйе — түгінің түстері біріңғай сары, сарығыш болып келетін түйе түсі. Ақ сары атан мен сары аттың, не сары ешкінің түсі сары болса да бірдей болмайтын көрінеді.

Төрт түліктің ішінен уақ малға жататын қой мен ешкілерді де түр-түсіне қарай ажырату дәстүрі бар. Қой ешкіге қарағанда ала-құлалығы аз мал; ол ең көп дегенде он шақты түстен аспайтын сияқты. Мәселен, қой малына боз, қара, көк, ала, ақ, сары бас, қара қасқа,қоңыр түстер болса, ешкі малына: ақ, боз, көк, сары, жағал(сағал), бөрте, тарғыл, ала, қасқа, шұбар, теңбіл түстер тән. Қой малына тән жалпы түс дегенде халқымыз негізінен үш – ақ, боз, қоңыр түсті аузына алады: «ақтылы қой», «қойдай қоңыр», «боз жусандай боз қойлар». Халқымыз «Ала қойды бөлек қырыққан жүнге жарымайды» деген аталы сөз, «Көк, ала қойдай, көк шымшықтай» деген тұрақта тіркесті жайдан-жай айтпаса керек. Ешкі малының өзіне ғана тән, қойдан ала бөтен түстері де жоқ емес. Мәселен: шұбар туша, бөрте шыбыш, тарғыл теке, сағал-жағал ешкі, ақ сұр ешкі, сары лақ. Ешкі арасынан да қой сияқты, сары қасқасы, ақ төбелі, теңбіл қарасы, қара шұбары, ақ бастысы, ақ қаптал, ақ ауызы кездесіп отырады.

Төртінші түлік – сиыр малының да өзіне тән түр-түстері бар. Олар: ақ тана, қара өгіз, көк бұқа, тарғыл сиыр, ала тайынша, қызыл құнажын, қоңыр бұзау, шұбар торпақ түрінде қолданылады. Мал түсін анықтаудағы алғашқы тәжірибе ретінде бұл жерде де Ш.Жанәбіловтың сиыр малының түр-түсіне берілген анықтамаларына сүйене отырып, негізгілерін атап шығайық: қара сиыр – сыртқы түгі біріңғай қара болып келетін сиыр; қара қоңыр сиыр – жүні аса қара емес, қоңыр түс аралас болып келген сиыр; қызыл сиыр – сырт жүндері біріңғай қызғылт болып келетін сиыр; ала сиыр – сырт жүні бір тектес қоңыр не басқа түсте болып, оның әр жеріне (арқа-жоңына, қапталына, сауырына) ақ сары түстер араласып келетін сиыр; көк сиыр — сырт жүні шымқай көк, немесе бурыл болып келетін сиыр; тарғыл сиыр – негізгі сырт жүндері сарғыш болып, оның үстіне жолақ-жолақ, бүртік-бүртік қара қоңырлау түк өскен сиыр; сондықтан халқымызда «сиыр алсаң танып ал, танымасаң тарғыл ал» деген мақал қалыптасқан.

Қазақ халқының құрамындағы ру-тайпа мен адам аттарына назар аударсақ, бұл салада да түр-түстердің өте жиі қолданылатындығын көреміз. Бұл мәселе антропонимдер мен этнонимдерді зерттеуші ғалымдарды көптен бері-ақ қызықтырған. Шынында да қолдағы бар этномикалық, антропонимикалық материалдарға назар аударсақ, оларды ақ, қара, қызыл, сары сияқты түр-түстермен өзара дифференциялау негізінен екі түрлі жағдайға; 1) бір ру не тайпаға енетін тармақтардың,ұрпақтардың өздерін өзара бөліп- бөлшектеу принципі олардың генетикалық ерекшеліктеріне, түр-түсіне емес, географиялық жағдайына, мекен-жайына байланысты болса, 2) бір атаның балаларына қойылған аттардың өзара ұқсастығы мен ұйқастығын сақтауға, сөйтіп олардың генетикалық туыстығын, жақындығын көрсетуге байланысты екен. Мәселен, тарихтан жақсы белгілі Қаңлы руын қазақ шежірелерінде осы қаңлыларды Қара қаңлы, Сары қаңлы, Ақ қаңлы, Қызыл қаңлы деп төрт топқа бөліп қарау дәстүрі кездеседі. Қаңлылардың осылайша бөлінуінің себебі, әрине, олардың түр-түсіне байланысты емес. Бұл жерде, әдетте айтылып жүрген Сары қаңлы Келдібектің бірінші әйелі – сары бәйбішеден туған да, екінші әйелі – хан қызынан Қара қаңлы туған деген жобалардан гөрі, олардың бір орталыққа сәйкес батыс, шығыс, оңтүстік және солтүстік аймақтарды мекен етуіне байланысты аталған деген тұжырым дәлірек сияқты. Ал енді, екінші принципке келетін болсақ, оған, мәселен, Ақ наймандардан тарайтын Жебел-Меңдінің Байсары, Қойсары,

 

Тойсары, Бисары деп аталатын алты ұлдың төртеуін жатқызуға болатын сияқты.  Мұнда  да біз жалпы «сары» деп аталған этностық тармаққа, не есімдердің өзара ұқсастығына байланысты топтастыруды байқап отырмыз. Бұл тәсіл қазақ этнонимдері мен антропонимдерінде жиі кездеседі [4,113].

Тілімізде түр-түсі уәж болған өсімдік атаулары да кездеседі : ақбас (бидайық тәріздес үлпілдек басты ащы шөп; кейде мұны тауықбас деп те атайды), ақгүл хош иісті, ақ гүлді бұта, жасмин), ақшатай (сабағы қатпай тұрғанда малдың барлық түлігі сүйсініп жейтін, құмды шөлдерде жиі кездесетін, бұршақ тұқымдасына жататын бұта), аққайың (басының гүлі жоқ, ұзындығы 20-25 см, шытырға ұқсас, мал жейтін шөп),  ақмамық (малға құнарлы, құрғақшылыққа төзімді, тамырынан дәрі жасалатын астық тұқымдасына жататын өсімдік), ақтікен (жемісіне жабайы шошқа, қоян, қырғауыл үйір келетін, жапырақтары мен сабақтары ақшыл түсті тоғай өсімдігі).

Тілімізде түр-түс атауларының қатысымен жасалған фразеологизмдер де біршама. Фразеологизмдердің сөз табына қатысты сындық мағыналы, заттық мағыналы фразеологизмдер деп бөліп қарауға болады. Мысалы, қара қылды қақ жарған – әділ, турашыл, қара бет –арсыз, ұятсыз, қара шаңырақ – үлкен үй, шыққан ұя, шұбар төс –  бай, манап, шонжар [2,22]. Мәселен, «ақ»дегені — алғыс, «қара» дегені — қарғыс фразиологизмін байқап қарасақ, бұл жерде ақ пен қара түр-түс мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Мұндағы ақ – «айыпсыз, күнәсіз», қара – «айыпты, күнәлі» деген мәнде айтылып тұр. «Ақ, қарасын ажырату» да – осы мәндес фразиологизм. Ал енді: «көздің  ағы мен қарасындай» деген фразиологизм де көздің түсін айтып тұрған жоқ, мәселен бұл жерде бірінен бірін бөліп қарауға әсте болмайтын, ең жақыт екі адам жайында болып  отыр. Табиғаттағы түр-түстің барлығы әрқашанда бір заттың, құбылыстың түрін, түсін, өң- реңкін, сыртқы сипатын ғана анықтаумен шектелмейді екен. Сонымен қатар түр-түс атаулары мүлдем түр-түске қатысы жоқ, не одан бүгінде тым алыстап кеткен ұғым түсініктерді, мән-мағыналарды, жөн-жосықтарды білдіретін де қасиеттерге ие. Солардың бірі – түстердің символикалық қасиеті. Қазақта «әр елдің заңы басқа, иттері- қара қасқа» деген мәтел бар. Оны жеке адамдар мен қауымның түр –түске әр түрлі көзбен қарайтындығына байланысты айтуға да болатын сияқты. Ол орыс тіліндегі «на  вкус и  цвет товарища нет» деген мақал мен де астарлас. «Талғам мен түр-түс таңдауға жолдастық жоқ» деген сөз. Өмірден алынған бұл нақылдан «Әр елдің, әркімнің сөз талғамы, өзі ұнататын түрі мен түсі бар» дегенді аңғаруға болады.

Қорыта келе, қазақ тіліндегі түр-түс атауларының мағыналық сипаты, өзіндік ерекшелігі бар екендігін байқадық. Тілімізде қолданыс тапқан түр-түс атауларының бастапқа лексикалық мағынада жұмсалмай, ауыс мағынада да жұмсалады. Оған жоғарыда келтірілген тілдік деректер дәлел болады. Тіліміздегі мыңдаған түр-түс атауы тіл байлығымыздың сүбелі саласы, көркем сөз шеберлігін шыңдай түсуге, тілдік мүмкіншіліктердің өрісін кеңейте түсуге қажетті, әсерлі де әсем, бейнелі де айшықты сөз өрнегі болып саналады.

 

 

 

Әдебиет:

  1. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі. – Алтматы : Қазақ ССР-аның «Ғылым» баспасы, 1974. — 126 б.
  2. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі (он мыңнан астам сөз қамтылған). – Алматы: Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы,
  3. Керімбаев Е. Атаулар сыры. – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1984. – 89 б.

 

  1. Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. – Алматы: «Ана тілі» баспасы 1992. – 36 – 113 б.
  2. Жұмағұлова Ө.А. Өсімдік атауларының экстралингвистикалық уәждері. – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшктау мемлекеттік униветситетінің хабаршысы, № 1,2, 2013 жыл филилогия сериясы 64 б.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *